Даламыздың дүлдүлі,әннің бұлбұлы

15 декабря 2023 - Administrator

 "Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек"
Мағжан ЖҰМАБАЕВ


Қазақ халқының әдебиеті мен өнерінің ең озық өкілдерінің бірі ақтангер ақын, дана композитор, үздік әнші Ақан сері Қорамсаұлының туғанына биылғы күзде 165 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстан үшін асыл мұраларымызды жаңаша көзқарастармен ұлттық тұрғыдан қарап, үлағаттай түсу ел қуанарлық дәстүрге айналды. Жан дүлдүлі Ақан серінің аты аталғанда, мал дүлдүлі Құлагерді ұмыта алмаймыз. Дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, Ақан сері "өмірін өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен де суреттей білді". Махаббат лирикасының кереметі десек артық болмайды. Құлагердің трагедиясы бір төбе, нақыл сөздері мен философиялық тебіреністері, әзіл-қалжыңдары, қағытпалары, айтыстары сол асыл аңыздай өмірдің айғағы. Ад сегіз қырлы, бір сырлы дарындылығы талай ұрпаққа сабақ болып, салт-дәстүрімізді байытты.
Осы орайда кейінге көз тастасақ, Ақан жайлы көлемді зерттеулер, арнайы мақалалар өмір озған сайын молая түсті және де ол еңбектерде қамтылған мәселелердің құндылығы, нақтылығы жағынан да шыңдала бергені қуантады. Қазақ әдебиеті мен өнері жолында ерен еңбектері бар айтулы ғалымдарымыз Есмағамбет Ысмайылов, Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Айқын Нұрқатов, тағы да басқа әдебиетшілер "Ақантану" жолында үлкен еңбек сіңірді. Алайда, ол кезде тоталитарлық идеологияның құрығынан бас көтере алмай, ескі ізбен қайталаушылық та бой көрсететін Ақанның ең ірі, ең түңғыш зерттеушісі Мағжан Жұмабаев сталиндік қырғынның жаласынан Құлагердей мерт болып, кейін пәле-жаладан ақталып, еңбектері жарық көре бастағанда ғана Ақан жайлы кей шындық (1989 ж.) көзін ашты. Мысалы, елге мәшһүр болып, ең сүйкімді өлеңдермен қатар айтылып жүрген әйгілі ән "Сырымбетті":
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктеріге қор болып барасыңба? - деп шырқап жүруші едік қой. Ал Мағжанды оқығанда "аулым" емес, "аулың", "қарағым-ай" емес, "қалқа бала", "барасың ба?" емес, "барасың да" болып шықты. Міне, өлеңнің шырайы ашылып, шырылдаған шындық шыға келгені.
Қыздың аулы, шынында да, Сырымбетті жайлаған төрелердің елі ғой, өлең Жамал қызға арналып бүкіл елге жайылса, сұлудың әкесі Жүсіп - төре тұқымының есімі елге айқын өкілі. "Қалқа бала" деуі де әсем әрі есті сөз, "қарағым-ай" - деп қолында барынан айрылып отырған жоқ, қолына түспей ұмсынтып кеткен балғын жас, бала-ғашығын айтып отыр. Ал "барасың ба?" емес, "барасың да..." деуде үлкен философиялық ұғым жатыр. Біріншіден, өле ғашық Ақанның нәзік жанын өртеген өкінішін білдірсе, екіншіден "қалқа баланың" бас бостандығы өзінде емес, әкеде, мал берген құдаларда, өз қаһары, өз дәстүрі билеп тұрған заманда. "Да" деуде жан күйзелерлік үлкен күрсініс жатыр.
Мағжан-ағаның еңбектері әлі жарық көрмей тұрғанда "Ақан сері" атты кітапты Ұлттық Ғылым Академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты әзірлеп, 1963 жылы Алматыда қазақтың көркем әдебиет баспасынан шығарғанда да "Сырымбет" ескі нұсқасымен жүр. Ол ол ма, айтылған жаңалыққа көңілдері толмай әлі де ескі үйреншікті сөзге алаңдайтындар бар. Алайда, "Ақантану" жолында аталып отырған кітап кезінде тасқа шыққан қарағайдай көз тартқан үлкен құбылыс болып қолымызға тиді. Жинақтың жалпы редакциясын басқарып, текстслогия жұмысын жүргізген қазақтың аса көрнекті ақыны Әбділдә Тәжібаев зор жұмыстың басын қайырды.
Әбекеңнің кітаптың басындағы "Ақан сері" атты алғысөзі, қатардағы алғысөз шеңберінен асып, қаны толық, жаны таза, құлшынысы мол терең мағыналы монографияға айналды. Бұл алғысөз, шын мәнінде, көптеген сындарлы мәселелердің басын ашып, Ақан серінің шығармаларын ел бауырына тарта түсті. Содан бері Ақан сері Қорамсаұлының өлеңдерін әр жылғы поэзиялық жинақтарда көріп жүрдік. Ақанның, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың ақындық толық жинақтарын шығару сараң тартқасын бұл жүмысты қолға алып, Үкілі Ыбырайдың "Гәкку" атты жинағын Астанадағы "Фолиант" баспасынан 2005 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Тайыр Мансұров мырзаның демеушілік көмегімен шығардық. Біржан сал атамыздың жинағын баспаға былтыр тапсырдым.
"Үкілі Ыбырай мен Біржан салдың еңбектерін сіз құрастырсаңыз мен Ақан серінің еңбектерін жинастырып, құрастырайын", деп Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Сәкен Жүнісов інім қолқа салып еді. Оған мен келісе қойғанмын. Себебі, Ақан сері атамыздың алдында Сәкеннің парызы толығымен өтелді, ол мәңгі жоғалмас "Ақан сері" атты қос томдық романын айдай әлемге паш етті. Әттең, қатал да қайырымсыз ажал арамыздан Сәкен серіні алып кетті. Сол күндерден бастап Ақан серінің ақындық еңбектерін жинастыра бастадым. Бала күнімнен күнделік жаңалықтарды жинап жүрген дәптерлерімді қарастырып, Ақан мен Орынбай Бертағыұлының айтысын таптым. Бұл айтыс бұрын еш жерде жарияланған жоқ еді. Тек қана Ақанның туғанына 150 жыл толу салтанатында сабада қалған сарқыттай еске түсіріп, Көкшетау қаласында бүкіл Қазақстаннан келген алқа топқа айтып бергенім бар. Бірсыпыра өлеңдерді анықтап, айқындап толықтырып жаңа жинаққа енгіздім. Ол кітаптың негізін Алматыда 1963 жылы шыққан "Ақан сері" атты жинақ құрайды. Сәкен Сейфуллиннің 1935 жылы шығарған "Ақан сері" атты кітабынан бұрын аталған жинаққа кірмей қалғандарын да үйірге қостым. Біраз текстологиялық өзгерістерді қолда бар деректерге сүйеніп толықтырулар, кішігірім түзетулер кіргіздім, Ақандікі емес шумақтарды алып та тастадым. Сонымен, 45 жылдан кейін Ақан сері шығармаларының толықтырылған нұсқасын баспаға ұсындым.
Ақан өлеңдерін жинай беру тоқталмайды, себебі әлі де қолға түспей жүрген дүниелер бар, ол болашақтың ісі. 1963 жылғы шыққан жинақтағы ХамитТлеубаев пен атақты Доскей ақынның естеліктерін жаңа жинаққа қайта кіргіздім. Өйткені, көзімен көрген бұл кісілерден қалған мұра қымбат дүние. Көп мағлұматты бала кезімізден Ақанды көрген атамыз, халық ақыны, Үкілі Ыбырайдың шәкірті Молдахмет Тырбиұлының айтқандарынан естіп едім, үлкендердің сөзі көшірмедей үйлесіп, жүрекке жылы нұр шашып тұр. Ақан сері туралы зерттеулер мен арнайы мақалаларды жинастырып, бөлек кітап етіп шығару да қасиетті іс болар деп ойлаймын, ол да баршамызға тиісті парыз.
Ақанның өмірі - атам қазаққа әр белесі аңыз болған әйгілі де әсерлі, атақты да аяулы өмір. Біздер Сырымбеттің етегіндегі Казгородок орта мектебінде оқып жүргенде Сәкен, Мағжан, Ілияс, Бейімбеттерді білмедік, ал Ақан жайлы сан түрлі хикаялы әңгімелерге қанып өстік. Өз басым жас күнімнен Ақанды пір тұттым. Атажұртым Арғын Қарауылдағы Қожым елі Ақан серінің ауылдарымен қанаттас болды. Анажұртым Үкілі Ыбырай аулы да Ақан аулынан алыс емес-ті. Ақанның зиратынан Үкілі Ыбырай аулы он шақырымдай ғана жерде. Туған ағасындай, алдында ұлы данасындай сыйлаған нағыз шәкірті Үкілі Ыбырайды Біржан салға апарып таныстырып, батасын алдырған да Ақан Ақан серінің беделі төрелерден зор, билерден биік болыпты, осы зор атағын сыйлап бүкіл ел сері бабамызды "Ақан аға" атайтын Үкілі Ыбырайдай Ақанның шәкіртіне жастай еріп, еліктеп өскен Молдахмет Тырбиұлы Ақан ағаның талай әндерін жалықпай айтса, өте қызғылықты өмір көріністерін де қазқалпынан өзгертпей біздерге ұғындыра білді.
Құдайдың бір бергені Үкілі Ыбырай аулында да, өз атамекенім Шал ақын ауданындағы "Еңбекте" де ән базары тарқамады. Молдекеңе шәкірт, менің бөле ағам Мұса Асайынов Үкілі бабамыздың немересі болатын Ол атасына тартып туған асқақ әнші, суырып салма да, жазба да жақсы ақын еді, әттең елу жасқа толмай өмірден ерте кетті. Менің ән салып, өлең жазып, домбыра тартуыма да Молдекең мен Мұса-ағам себепкер болды. Бұл екі ақын да Ақан-аға дегенде ағыл-тегіл алғыстарын айтып, арқа тұтатын Өнерпаздың ең озығын Ақан серіге, жүйріктің дес бермесін Құлагерге теңеп өстік. Біздің ұрпаққа Ақан бекзаттықтың ең тамаша үлгісіндей көрінді.
Ақан серінің туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы, Көкшетаудан 70-80 шақырым жердегі Қоскөл аулы, турасы Боқан өзегі қонысы (қазіргі Комаровка). Осы жер мен бүгінгі Ақан аулы (ескіше Кеңащымен) жерортада Көлденең-Қаратал деген жерде Ақан 1843 жылғы қыркүйекте дүниеге келіпті. Атақты "Ақан туған" деген жер осы. Ақанның Арғын ішіндегі Қарауылдағы арғы аталарының бесінші тармағындағы Құдайқұл ақын, әнші болса керек. Өз әкесі Қорамса елге белгілі бай әрі ұтымды саудагер, адамшылығы жағынан да қадірменді мінезімен жақсы атанған кісі болыпты.
Ақанның шын аты "Ақжігіт", Жаңыл атты анасының қойып алған атымен елге әйгілі Ақан деген ат бекіді. Айша деген апасы, Мұхамбет, Рамазан, Айберген атты інілерімен бір ұяда өсті. Ақан 13 жасқа дейін үй тәрбиесінде болып, ауыл молдасынан сабақ алыпты. Одан кейін Уәли Ахун деген кісінің Қызылжардағы медресесінде үш жыл оқып білімін арттырыпты.
16-17 жасында әнші, ақың домбырашы аты шығып, кешегі шәкірт жігіт серілікке бой тастайды. Ақанның өнерін таныған Қорамса ақсақал қолынан келген ақылын айтып, қаражатын аямай сері болсаң мырза бол бәйге, жүлде секілді табыстарыңды алған жерде таратып, таза бол деп әкелік ақылына көндірген
Ақан әні орман-тоғайды жаңғыртып, сексен көлді толқытып, Есіл-Көкше аймағына кең тарай бастағанда Құлагерді кездестіріп, мал да болса, адамдай достасып кетеді. Құлагерді Көбей-Қарауыл Шөкетай жылқысынан шықты деп айтудың жаны бар. Шөкетай қажы - Ақанның нағашысы. Қамсақты өзенінің кең далалы жағасындағы Шөкетай жұртында атжалындай шоқ қайың бар, оны ел "Қамал шоғы" деп атайды, Құлагер туған жер осы. Ақан ағаның: "Құлагер, құлыныңнан керім едің, нағашым, сұрағанда беріп едің", деген сөзі бұған дәлел.
Мағжан ағамыз да Ақан өмірін өлеңімен ғана емес, өзінің өмірімен суреттеп кеткен тұлға десе, соған көнеміз. Ақанның өмірі өлеңдерінде. Құлагер жайлы да дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтен артық айта алмаймыз. Ол поэма қазаққа кең тарап, Құлагер мен Ақан жайлы өлмес мұра, мәңгілік белгі болып қала берді. Ақанның Құлагердің өліміне арналған зарлы өлеңін Ерейменнен елге жеткенше айтқан сәтте жазып отырған Молдахмет Тырбиұлының Кіші атасы Ерторы әнші, Ақан әнін сөзімен қағып алғыш жаттампаз екен Ол үш қара дәптерге ұзақ жолдағы естігендерін және елге келгеннен кейін қосқандарын жазып беріпті. Бұл үш қара дәптер жайлы Есмағамбет Ысмайлов та жазып кеткен еді. Ол асыл дүние қолды болды, ауызша әр жерін білгендер Молдахмет Ержанов, Молдахмет Тырбиұлы, Қасым Бимырзаұлы, Өміржан Сақаев, Қайыржан Сұлтанмүратовтан жазып алған едім. Өз дәптерімде сақтаулы біраз жерін қостым. Сонда:
Ауылым Сырымбеттің жел жағында,
Кездесті ауыр қайғы дер шағымда.
Жер шалғай, атсыз бар деп қақсап еді-ау,
Не дермін Құлагерсіз ел алдында?-дегенін Құлагердің иесі өзі болса да, Атығай-Қарауылға олжа салған жүйріктің өліміне деген өз күйігін, өз кінәсімен қоса мойындап отыр. Бұл үлкен мінезділік, халық алдындағы кішіпейілділік тек қана Ақандай даналардан туады. Құлагерді өлтірткен Батыраш, Қотыраштардың зомбылықтарынан іші қыж-қыж қайнағанда туған Ақанның "Құлагер" атты өлеңі қазақ даласының заман трагедиясын айтып тұр. Бұл өлең арқылы Ақан серінің есімі шартарапқа ел мұңының қозғаушысы болып таралды.
Салбырап саптыаяқтай төменгі ернің,
Шыныңмен елгенің бе Құлагерім.
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Басылмас бір шырқамай менің шерім, десе, Ақан серінің поэзиясында Құлагер тақырыбы ерекше орын алып, сөзімен де, әнімен де ерекше биік дәрежеге көтерілді. Жалпы, поэзия талабында жақсы өлең келісті сурет пен тапқыр теңеуден тұрса, Ақанда соның бәрі бар. "Ауылың қонған Сырымбет саласына", "Оралдың ақ түлкісі Аралдағы", "Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы", "Ор болып қалушы еді шапқан жерің" сияқты дәлеліміз, тізе берсек, көптен де көп. Мағжан ағамыз Ақан серінің әлемдік белгілі рыцарь, трубадурлардың мінезінен туғандай далалық серіліктің ауқымын кең ашады да Батыстағы "Таң жырын" өзінше еске салады. Расында да, түнгі ләззат сырын ашық айтудың өзі де асқан шеберлік қой.
Жамылып екеуара бір шапанды,
Айқасып тар төсекте жатқан қандай.
Мойныңа ақ білекті арта тастап,
Тіл дәмін бір-бірінің татқан қандай!
Сол жерде айтылмаған сыр қалмайды,
Кілт ашып, ақ сандықты ақтарғандай.
Ойынның қызығымен білмей қалып,
Машырықтан таң сарғайып атқан қандай.
"Тұрыңыз, үйге сәуле түсіпті" деп,
Бір-біріне күліп айтқан қандай! – деп жан тылсымын көркем сөзге орап, мөлдір махаббаттың құпия сырларын осылай ашу - суреткерлік пен шыншылдықтың нағыз өзі, Абайша айтсақ, "пайғамбар сүндеті", "Алланың рахматы" емес пе?


Қазақтың серісі әлемдік серіліктің үздік түрі, оның мұңы да телегей, жан қиярлық ерлігі де жеткілікті, мейірбандығы да бір тебе. Серіліктің атасы Ақан серінің ел қамын ойлаған азаматтығы, адам баласының басындағы заманауи қасиеттерді түсіне біліп, жауап қайтаруы оның өнегелі бекзаттылығында жатыр. Бұл орайда Мағжан ағамыз: "Жамал ұзатыларындағы Ақанның шығарған "Сырымбет" әні - өліп бара жатқан құс төресі аққудың әні. "Сырымбеттей" терең зарлы ән сирек болар. Жердің жүзіндегі мұң, адам баласының барлық зары сол "Сырымбетке" жиналғандай" десе, Ақанның поэзиясы мен композиторлығына беріліп отырған үлкен баға. Әділ баға да осы. Шын мәнінде," Сырымбет" әнінің сөзіне келсек - қайталанбас үздік поэзия әрі асқақ, әрі нәзік, мұңлы да терең ойлы әніне ұласып тұрған ғаламат.
Адамның бойындағы сан алуан сезім дүниесінің гармониясын Ақан табиғатпен ұштастырады. Оның куәгері де, досы да, сенімді тірегі де - "Сырымбет. "Қарындас-ау, енді есен бол" десе, қимасынан айрылып қиналғаны, бірақ, алда өмір бар деп ауыр қоштасса, алдында берік қорған болып Сырымбет тұр. Дархан өмір жатыр. Өмірдің ащысы мен тұщысын осы өлең, шынында да, өте терең жеткізіп тұр. Қалың мұңның соңында үміт те өшпепті.
Ақан поэзиясындағы махаббаттың балы мен уын тегіс шолуға болар еді, бірақ алғысөздің шеңбері оған жібермейді. "Құлағер" мен "Сырымбетті" сөз еткеннен кейін назарымды басқа тақырыпқа аудармақпын Әйтпесе, алғаш атастырғаны Бәтима сұлу тойға жақындағанда өліп кетті. Алып қашып үйленген жары Тінәлі қажының қызы Ұрқия үш айдан кейін шешек шығып дүниеден озды. Өз ұнатқаны Сұмат қожаның қызы Бәтимамен (Фатима) он жыл отасқанда екі қыз, бір ұл көрді. Бәтима да ерте кетті, үлкен қызы да көп тұрмады, жалғыз ұлы Ибраһим (Ыбан) мылқау болып туды. Ақтоқтымен болған хикаясында бір дастандық дүние бар. Осының бәріне Ақан көптеген әні бар таң тамаша өлеңдер арнап кетті.
Ақан - махаббат поэзиясының қазақша тұпғасын байытқан ақын. "Дариға, қайырылмадың, қалқа бала, жүректің енді ем жоқ қой жарасына" деуінде үлкен ой толғағы жатыр. "Жылай-жырлай өлгенше, арттағыға сөз қалсын" деп Абай атамыз да айтып кеткен жоқ па? Сондағы айтқаны: "Бітпейді іштегі ғашықтық жарасы" деген шындық емес пе? Ақан Абайдан екі-ақ жас үлкен, бұлар жүректері үндес даналар. Бірі Ақтоқтысың бірі Тоғжанын аңсап өтті. Ақтоқтыдан айрылған Ақанға жүрегінің махаббат берген соңғы шырағы сөнгендей болды.
Ақан сері, әсіресе, ақ патшаның шапқыншылары елді алып, шұрайлы жерді алып, отырған жайлы қоныстарын тартып алып, хутор, поселок, село, қалалар сала бастаған кезде қазақ баласына қара бұлттың төнгенін айқын сөзді де, жыр семсерін солай қарай жұмсай бастады.
"Сенсек бай жыл болыпты поддандққа,
Қайырсыз патшамызға ел болмадық.
Құр мен қоян секілді алуға оңай,
Қай жұртқа аңқаулықпен жем болмадық", дей келе: "Дариға, дертті заман келгеннен соң, қаламға жан қалмады тізгін тежер", деп ақындық күреске шығады.
"Темір айыр, ақ балта қолдарында,
Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп...
Қасиетті ата-баба зиратының,
Үстіне егін салды жайлап есіп", дегенін оқығанда Хрущевтің "Целинасы" да еске түседі. Тентектер мен есерлер көп келді, ауылдағы аналар балалары жыласа "Целинник" келе жатыр деп қорқытатын Ал, Ақанның заманында, әрине, бұл сорақылық шырқау шегінде болды. Сондықтан, ол өлеңдерінде қазақ өмірінің ащы шындығын аша түседі. Өзінің саясатқа да, шаруашылыққа да құралақан еместігін көрсетіп "қойдан қоңыр не қылған халық едік" деп айта келе, шындықтың бетін аянбай ашуға тырысады.
Пара-пар крестьянға тең болмадық,
Тартылып қай жараға ем болмадық?
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға жем болмадық? деп пәленің төркінін тура көрсетеді. Ашулы, ызалы кезінде біржола көшіп кегеміз деп те қыр көрсетеді. Құтсыз жерден көшкендер аз болмады, ал құтты жерлерін орыстың крестьяндары мен помещиктері, кулактары басып алды. Бұл көше салудың қоқан-лоқысы емес, бостандықты көксеудің сесі еді. Ел жайлауға көшкенде мылқау баласы Ыбанмен Сарыкөлдің жағасында жалғыз қалуы жын-перінің әсері емес, қайраткер серінің қыр көрсетіп, айбат шеккені. Білмегендер "перінің қызына" да жалғастырды, ол бекер сөз, жала сөз. Ханнан қадірлі, биден биік әулие атанған Ақанға деген дұшпандарының өсегі.
Ақан серінің поэзиясынан үлкен орын алатын шығармаларының философиялық ойтолғаққа арналғандары да аз емес. Олары жуйелі де орынды. Діндар Ақан не сері Ақан емес, қазақтың үздік ақыны, ойшыл Ақан серісі екенін көрсетеді. Оның серілігінің негізінде мейірбандық, қамқорлық, жанашырлыққа негізделген бекзаттық басым десек, ұлағатты сөздері де сол төңіректен көрінеді:
Алтынды қорлағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен без болмайды.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкірегінде көз болмайды, деген сөздері неден кем? "Жаманның көкірегінде көз болмайды" деп толғануы, нағыз дала философиясының дара да дана түрі емес пе?
Абай атамыз да "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін" деген өлеңінде "Көңілінің көзі ашық, сергегі үшін" демеп пе еді. Ендеше, екі дананың азаматтық айдынында тағы датоғысқан жерін көрдік. Атақты Орынбай ақынмен айтысқанда Орекең жас Ақанның үстіндегі киіміне "әкеңнің киіміндей солбырайған" деп тиіседі. Сонда Ақан:
Ақан да сөз табады ағасына,
Қарайды ағасының бағасына.
Бұрынғы ата-баба киген киім,
Мирас боп қалмас па екен баласына, деп сөзден тостырады. Ата жолы, ескі дәстүр, ұлттық киім дегенді қорғағандағы сөзіне не жетпек?! Бұл өлеңде де асқан ақындық, сұлу поэзия һәм терең философия бар. Ол - ата мұрасына қорған болу. "Достарыма" деген қысқа өлеңін тегіс келтірейік.
Жиырма бестен артық жас бар ма,
Ұйқыдан жаман қас бар ма?
Еріншектен жаман нас бар ма?
Ойлаңдаршы ағалар,
Жан жарыңнан артық дос бар ма?
Шын жолдасың көп дауға,
Жауға жалғыз тастар ма?
Айта салған бір сырым,
Бірге жүрген достарға.
Міне, шын даналық! Нақыл айтам, ақыл қосамын демейді. "Айта салған бір сырым", деп шылбырды сүйрете тастайды. Бұл-үлкен мінез, ойлы мінез, нағыз инабатты мінез.
Ақан серіге тиісетін тек қана сұлулар мен ақындар емес, елдегі жанаса кеткеннің бәрі де тілдесіп қалуды, қағытып өтуді жақсы көрген Ақан соның бәріне сабыр сақтап, кең мінезбен қарсы алады. Бірақ, серінің уытты тілі, терең ойы елге жылдам тарап кетіп, халық аузында қанатты сөзге айналады. Бірде, Шота Уәли-хановпен мектепте оқып жүргенде, әкесі Ыдырыс атаймен Ақан сері туралы әңгімелесіп отырғанда айтқаны есте ұмытылмастай қалды. Сөз Саумалкөлдегі Ғалиянұр деген Молла мен Ақанға байланысты екен Ғалиянұрдың немерелерін білуші едім. Ақан Ғалиянұрмен кездесе қалғанда оның "орақ мұрнына" тиіссе керек. Сонда Молла: "Мен орақ мұрын болсам, пайғамбарға тартқанмын", депті.СондаАқан
Мухамбет - құдай досы, пайғамбары,
Пайғамбарды көрген жоқ журттың барі.
Пайғамбардың сипаты сендей ме екен,
Орақ мұрын, шегір көз, ақжал сары, депті. Біз Шота екеуміз өле күлсек, Ыдырыс атай да бір езу тартып, "Ғалиянұр шынында да"ақжал сары" еді, Ақан осындай жерде тап басып бұлтартпауға шебер, "жанды жерін" тез тапқыш ақылман ақын ғой" деп сөзін тоқтатты.
Ақан серінің орысша, қазақшасы аралас өлеңдерін бала кезде көп білуші едім. Кейін сүбелі өлеңдерін айта-айта оларды ұмытыңқырап қалған екенмін, дегенмен қолда барының біразын кәдеге асырдым. Айтайын дегенім: осындай өлеңдерінде, кейбір орыстарға арналған әзілдерінде орыс сөздері жүретіні баршылық. Бірақ оны тіл шұбарлығы емес, әзілдің әсері деп ұғу керек. Және әзіл түбі зіл дегендей көкейіндегі барын да айтып қалады. Кейде орыстың сұлуларына да ұнап қалуы мүмкін, ондай өлеңдері де баршылық.
Кептен-көп поклон айттым скажия,
Сырымды кімге айтамын сізден зия.
Именной, искренный ескеріңіз,
Хорошенько, сестра, сватия, дегені қандай жақсы.
Жете алмай постоянно уағдасына,
Кемпір мен шал ойнайды напрасно.
Ойнаса, жігіт пенен қыз ойнасын,
Олардікі всегда согласно, деген сияқты өлеңдері шын мәніндегі экспромт, қалжың өлеңдер. Бұл жайлы айтпасақ та болар еді, бірақ әр жерде Ақан серіге сын таққандай сөздерді оқып қалған соң оқырманға өз ойымызды жеткізгіміз келгенін ұғыну керек. Турасын айтсақ, Ақанның тілінде тарғылдық жоқ, ал көрсетіп отырған мысалдарымыз ескіруге тұрмастай әзілдер. Біле білсек, бұл ол кездер ұшін үлкен өнер.
Ақан поэзиясының қадау-қадау тақырыптарына тоқталып өтсек, ол - сері бабамыздың ақындық мұрасын қазаққа кеңірек аша түсуді нысанаға алғанымыз. Өйткені, Ақанның әндері үнемі айтылып жүреді, ал ақындық толық жинағы шыққалы 45 жыл өтті. Құдайға шүкір, қазірде мәдени мұраға, жалпы ұлттық мұраға көзқарас дұрыс, сондықтаң Ақан поэзиясының қыр-сырын, әсіресе, құндылығы мен әсерлігін, жанға жылы, ойға қуат әсемдігін айта білу де зор ықылас пен көре білуді тілейді. Ақан серінің махаббат лирикасының өзгеден ерекше артықшылығы, онда ақындық әсерлі айқын сурет, үйлесімді сәтті ұйқас, жүйрік те орамды тіл байлығы молырақ. Мысалға, "Балқадиша" бір естігенде жатталып қалады, ұзатылып отырған тойында Ақан сері отырған үлкен үйге келіп сәлем берудің өзі де қызға біткен ерлік қой! Әне, сол қимастыққа лайық Ақан өлеңі де өте сұлу. "Әзенді өрлей біткен тал Қадиша" деуінде қай жаққа көз салсам да, алдымда "қара басың хан Қадиша, сен көрінесің" дегені ғой. "Бір емес, екі жеңгең келіп отыр, рұқсат бізден сізге, бар, Қадиша" деуі де қыздың бір көріп шығуға ынтық ерке назына әрі аға, әрі сүлу десе балқып кетер сері Балқадишаны да балқытып жіберді. Естіген жан бұл әннің жанға жылы сиқыр күшіне табынып, кеше ғана айтылғандай көреді. Нақтылы өмір көрінісін мәңгілікке жеткізе білуде Ақанның кей елеңдері тұтас поэмаға ұқсап кетеді. "Ауылың қонған Сырымбет саласына" деген бір тармақта қаншама сурет, тарих, нақтылы мекен-жайы жатыр десеңізші!
Ақанның айтыстары да бір қызғылықты хикая. Ол айтыс қуып, жарысып озайын деп жүрген, айтысқа жан-тәнімен беріліп түскен ақын емес. Өмірінің өзі бір өлең дегендей, әр қағытпасы, кішігірім сөз сынаса қалуы, шағын айтыстары айтыс қуғандықтан емес, өмірдің желісінде кездескен бір көрінісінің белгісі. Бірақ, Ақанға тиісушілерге бәрі қызық, тізгінінен бір тартып қалғанның аты тарихта қалады. Не де болса, Ақан сері әр сөзіне мән бере, ғашық десе - толқыта, қайғы-қасірет десе - жылата біліп, ел жүрегінен орын алды. Айтыса қалса да, бұл жанрдың өз салтымен самғай тартып, өткір де ащы тілмен, аз сөзбен соғып түсіруді меңгерген ақын Ақан кіммен қағысып, кіммен айтысса да, өмір шындығың ұлт дәстүрін, ақындық шеберлігін ақсатпайды, қайта айтысқанды ақсатып та, қақсатып та түсіреді. Жасымда Орынбайдың айтыстарын көп айтып жүрдім, кемеңгердің керемет сөздерін әлі де жатқа айтамын Ал Орынбай мен Ақанның айтысын Құлагердің ағып өтіп, жеке келген шабысындай көремік
"Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ Ақан секілді біраз сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірін ереуіл етіп жасаған" деп Мағжан ағамыздың үлкен баға беруі тегін емес. Патша үкіметі қазақтың жеріне басып кіріп, атақоныстарынан айырған зомбылыққа шыдамай "Тынышты жер іздер ек арып-ашып" деп ашынды. Жер жөніндегі күресте Орта жүздің саңлағы, бар қазақтың ардағы сөзін өткізе алмай өртенгенде өзін ел алдында жүруден қорынып, Қожа Ахмет Яссауидей қысылып өтті. Құлагердің мезгілсіз мерт болуы, Ақтоқтыдан, Жамалдан айрылуы, Зілғараның Әлібегі берген сақ қыраны "Қараторғайдың" және жүйрік тазысы "Базаралының" өлімі, жалғыз ұлы Ыбанның тілінің шықпауы, соның бәріне қоса, жерден айрылудың азабы Ақанды елден жырақ қоныстануға мәжбүр етті. Жан сырының тазалығын сақтап, шалқар шабытының шарықтауына қажетті рухани тыныштықты аңсатты. Оның өмірі трагедияға айналған ащы өмір еді, соның зарын өлеңімен, әнімен, кіл таза асқақ өмірімен арттағыға мирас етіп тастап кетті. Ақан сері туған апасы Айшаның қолында 1913 жылы дүниеден озды. Ақан мен елдің қоштасуының қалай өткенін Молдахмет атамнан естіп едім, Хамит Тлеубаев та жақсы келтіріпті. Қоштасуында Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы "Уа, дүние..." деп бастап ұзақтолғау, жоқтау айтса, артынан арнайы өлең жинағына кірді. Айтулы кісілерден Сердалы ақынның баласы, Петербургте оқыған Алаштың асыл азаматы Мәмбетәлі Сердалин болыпты. Атығай Қожамбет ақын да жиналған жұртты Ыбекеңді жалғастыра тебірентіпті. Ыбекеңнің:
Ән қайда қанша естісең талмайтүғың
Өзің ақың, өзің би Ақан аға
Күн туды-ау, саған жоқтау арнайтұғын.
Құлады тауым алдымда,
Есімнен танып қалдым ба?
Тойымсыз туған қара жер,
Ақанды да алдың ба? деген өлеңін Молдекең жатқа айтушы еді. Иә, поэзия тауы құлады, серіліктің атасы өтті дүниеден, "өзің ақың өзің би" десе, Сарыарқаның тақсыз жүрген патшасы өтті дүниеден сол сағатта. Ол сағат ел жайлаудан оралған сарғылт күз еді, Сырымбетке Жалғызтау қосыла жылағандай табиғат та сүйікті досымен қоштасты. Пейіште Құлагер де шын шұрқырап, бір кісінеген шығар. Барша елден келген қарақұрым көп халық жылап қалды.
Ақан сері дегенде Сырымбет, Құлагер елестейді, дарқан дарынды ұлы ақын-композитор, үздік әнші, асқақ азаматтың, ел мұңына оранған талай хикаялары елестейді. Ақан серінің мұрасы - қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын қазынасы, салт-дәстүрінің үздік үлгісі. Өзгеге ұқсамас өмірі де, өнері де қазақ халқының мақтанышына айналды. Адам баласында сирек кездесетін бір сырлы, сан қырлы дүлдүл бекзаттылықтың не екенін танытып. кетті. Кейінгі жас ұрпақтарға дананың дарабоз қасиеттерін аша түсу біздің парыз бен міндет санаймын. Ақан серінің даңқын бүкіл әлемге кеңінен тарата түсу де елге жүк. Дананың 165 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Астана



Жұмабаев М. Даламыздың дүлдүлі,әннің бұлбұлы // Soltustik Qazaqstan. – 2008. - 31 қазан. - 4-5 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий