Бәйтеректің бұтағы

3 июня 2024 - Administrator

  Жылына бір рет, кейде екі мәрте "іш жаққа" (Ресейдің Қазақстанмен шекаралас өңірлері) сапарлап барып қайту - Баймағамбет Сабырұлының көптенгі әдеті. Оған ұлы Нұрлан да үйреніп алған. Әкесін қасы мен қабағынан танитын ол көлігін үнемі қыл бабында ұстап, "ал, кеттік" дегенде, дайын тұрады.
Олар бүгін де таң қылаң бере, жолға шыққан. Нұрлан "әке, қайда, не жұмыспен бара жатырмыз?" деп сұрамайды. Ол "Өлі риза болмай, тірі байымайды" деген бұрынғылардан қалған сөздерді аузынан тастамайтын әкесінің топырақ жат жерден бұйырған туғантуысқандары жерленген ескі қорымдарға соғып, аруақтарға Құран бағыштайтынын біледі.
- Алдымен әжейдің басына соғамыз ба? Нұрланның әже деп отырғаны - ұлы атасы Сейітахметтің жары Мәржама. Әкесінің "иә" дейтінін біледі. Бірақ сонда да сұрайды. Бұл оның әкесін әңгімеге тартқаны. Неге екенін білмейді, әлде қарбалас тіршілік мойын бұрғызбай ма екен, үйде отырғанда әкесі әулетінің өткен тарихына терең бойлап, әңгіме тиегін ағыта қоймайды. Ал осы жаққа жол түскенде әке-шешелерінен естігендерін жіпке маржан тізгендей, рақаттана әңгімелейді. Сол әңгімелерді тыңдауға Нұрлан да жалыққан емес.
- XVIII ғасырда өмір сүрген біздің арғы атамыз Барлыбай Шәукерұлы Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ең ірі байлардың бірі ғана емес, адал еңбекпен мол байлыққа кенеліп, жоқ-жітікке қарайласқан, елдік мәселелерге де белсене араласқан өте беделді кісі болыпты, - деп бастайды әңгімесін әкесі. - Керегендігі ғой, көзі ашық, көкірегі ояу атамыз өзінің кіндігінен тараған балаларының барлығын еңбекке баулып, білім алуларына жағдай жасапты. Оның атын шығарған сол балалары. Екінші ұлы Тәбей туралы талай айттым ғой...
- Иә, өткенде Омбы мұрағатынан сол кісінің қызметіне қатысты 1831 жылы жазылған хат табылды деп едіңіз.
-Тобыл губерниясы басқармасының бастығы генерал-губернатор И.А.Вельяминовқа жазған хатын айтасың ғой, онда халықтың мал-мүлкіне есеп жүргізу барысында подполковник Набаковтың қазақтарды әскерге алмау, халықты барымташылардан қорғау, мал басына артық салық салмау жөніндегі уәдесін құжат түрінде бекітуді, сондай-ақ, қазақтардың қазақтарға тиесілі жерлерден шөп шауып, бассыздық танытуына тыйым салынуын сұрапты. Ол осылай орыс тілін жетік білгендіктен, Құсмұрын сыртқы округінің приказының кеңесшісі, Батыс Сібір шекаралық комиссиясының мүшесі, болыс старшыны, биі болып тұрған кездері орыс билеушілеріне әр кез сезін өткізіп, жер, жесір дауының, елдік мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен, бір сөзбен айтқанда, Ресейдің отарлау саясаты өршіп тұрған уақытта қазақ жұртына қорған бола білген.
- Білетіндер Итемір атамыз да керемет адам болған дейді ғой?
- Жаңа айттым ғой, аталарымыздың арасында осалы жоқ, Итемір Барлыбайдың үшінші баласы. Ол 1798 жылы туып, 1889 жылы қайтыс болған. Денесі Айымжан ауылы маңындағы "Сексен" зиратына жерленген. Ол ете ақылды, қарапайым болыпты. Елге сол көркем мінезімен жақса керек.
Осылай-осылай әңгіме Барлыбайдың кенже ұлы - Көкенге, одан туған Әлтиге ойысады.
- Әлти атамыз туралы білгің келсе, атақты жазушы Сәбит Мұқановтың "Өмір мектебін" оқы.
- Оқыдым, бірінші кітабында: "Әлти Көкенов - Керейдің ең байы да, ең беделдісі де", -деп жазыпты. - Одан әрі "Сонша байлықпен осы Әлти үйінің тасымайтынын айтсайшы, жарқырап киім де кимейді, саймандап ат та мінбейді, жабайы шаруаның қатарында жүре береді..."депті.
- Иә, атамыз өзіне қараған елдің несібесін ортайтпауды, қазанын құрғатпауды ойлап, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланып, маңдай тері, табан ақысымен дәулетін еселеген, саудамен айналысқан. Қызылжар, Қорған, Омбы қалаларында, Преснов, Пресногорьков станцияларында дүкен ұстаған.
- Еш кеткен, қайран еңбек?!
- Сол кездегі солақай саясаттың кесірі ғой. Біздің әулет қуғын-сургінді көп көрді. Сәдуа-қас, Сейітахмет деген аталарымыз дүниемүлкі тәркіленіп, Ақтөбе облысына жер аударылады. - Мұның бәрі Нұрланның талай рет естіген әңгімелері. Әкесі кейінгілер білсе екен дей ме, қайталап айта береді. - Содан туған топыраққа араға алпыс жеті жыл салып бір-ақ оралды.
- Соншама ұзақ мерзімге жер аударылған ба?
- Жоқ, 1933 жылы мерзімді жазаларын өтегеннен кейін түрлі себептермен елге келе алмай, Ресей жерін паналаған ғой.
- Келген сайын байқаймын, Ресейде де бір жерге тұрақтамай, біраз жердің дәмін татқан сияқты.
- Кезінде әкелерімізден оның себебін мен де сұрағам. Оған сірә, Қазақстандағы жағдайдың тұрақсыздығы себеп болған сияқты. Ақтөбе облысынан кейін аталарымыз көш басын Түмен облысының Ялутор ауданына тірейді. Осылай туған жерге бір табан болса да жақындап, көңілдері жаңа-жаңа орныға бастағанда, күтпеген жерден Мәржаманың бұл фәнидегі дәм-тұзы таусылады.
Барлыбаевтар Ресейде Түмен облысының Сорокин ауданында, осы облыстың Қазан ауданына қарайтын "Бірлік" деген ұжымшарда, Ишим қаласынан 35 шақырым жердегі орман шаруашылығына қарасты елді мекенде, Қорған облысының Мокроусов ауданындағы "Семизкольский" кеңшарының Стеклянный деген фермасында тұрады, одан кейін 1946 жылдың жазында Қорған облысының Чаетозер ауданына қарасты Дроновка селосына көшеді. Мұндада ұзақ тұрақтай алмайды, 1948 жылдың өзінде сол ауданның Бутыра, Лебяжье деп аталатын екі селосын ауыстырып, Түмен облысындағы Қазан ауданының Ельцовка селолық кеңесінің құрамындағы Қызылту ауылына келеді. Баймағамбет Сабырұлы келген сайын осы елді мекендердің бәріне соқпаса да біразын аралайды. Атасы Сәдуақас Қызылтудың зиратына жерленген, оның қыздары Мағиша мен Қабибаның денелері де осы жақта қалды.
Иә, қуғын-сүргіннің зардабы аз болған жоқ. Оның шет-жағасын Баймағамбет те біледі. Оның өзі де дүние есігін жат жерде - Түмен облысының Қазан ауданындағы "Қызыл ту" ұжымшарында ашты. Мектеп табалдырығын да осында аттады. Бесіктен белі шықпай жатып кемсітушіліктің кермек дәмін татты, тобырлықтың, тағылықтың не екенін түсінді. Талай рет үйге шекесі ісіп, мұрны қанап келген. Сондай кездері анасы Әнуза алдынан шығып: "Не болды, құлыным! Кім тиді?" деп аймалап, аяушылық білдірмейтін, асты-үстіне түспейтін, "ешкімге есеңді жіберме" дегенді қас-қабағымен ғана сездіретін. Көкберінің бөлтірігі өзіне әлімжеттік жасаған жергілікті балаларды аңдып жүріп, жеке-жеке ұстап алып, қыс болса-қарға, көктемгі көк-салпақта сазға басын тығуды үйренді. Осыдан кейін олар мұның өзінен қашып жүретін болды.
Шешесі Әнуза тағдырдың тәлкегіне ұшырағандардың ұшарын-жел, қонарын сай білген алмағайып заманда, қуғын-сүргіннен бас сауғалап, қайта-қайта көшіп жүргенде соғыс жылдары туған Қайыргелді, Күлзабира деген балалары бір жасқа толмай қайтыс болғанын, Амангелді деген ұлының да 1955 жылы туа салысымен шетінеп кеткенін айтып отыратын. 1923 жылы алты жасар немересі Сабырға Сәпінің Мұсайынының Қабдолла деген баласының қызы Әнузаны Әлти қажы өзі айттырып, батасын берген екен. Арада он екі жыл өткен соң, Сабыр сол атасы айттырған Әнузаға үйленеді. Қажының батасы оң болып, бұлар жақсы отбасын құрды. Он бес құрсақ көтерген шешесі Әнуза жүзі қандай жарқын болса, көңілі де сондай таза, қолы ашық, дастарқаны мол, қонақжай адам болды, үй шаруасын жақсы ұстады. Атақты Әлти қажының шаңырағына сай ұлағатты ана бола білді.

 Көзі жұмылғанша өзінің қасында болған әкесі Сабыр да ана сүтімен дарыған тектіліктің белгілері, бекзат қасиеттері нұрын шашып, көзге ұрып тұрғанмен, артық сөзге бармайтын, кеуде керіп мақтануды білмейтін. Заман солай болды. Байдың баласымын деуге, о дүниелік болған ата-бабаларының басын көтеріп, зиярат етуге де қаймықты. Жас болса да, Баймағамбет соның бәрін байқап, көңіліне тоқып өсті. Бертін өз қолы өз аузына жеткеннен кейін, бауырларымен бірге әр жерде төмпешік болып қалған асылдарының мәңгілік мекендерін тауып, ескерткіш белгі қойды, кесене тұрғызды, Барлыбаевтар әулетінің тарихы туралы екі кітаптың жарық керуіне ұйытқы болды. Кітап демекші, оларды дайындау барысында көптеген ақтаңдақтардың беті ашылды. "Аталарымыз айдауда неге ұзақ болды екен? Жұртқа жасалған кешірімнен қалай тыс қалды?" деген сияқты сауалдар бертінге дейін кеудесін тырналап, маза бермейтін. "Әлде, Кеңес өкіметі алдында ақ екендерін айтып, қуынбады ма екен?" Қуыныпты. "Мүмкін, рақымдары түсіп, босатып қалар" деген оймен Сәдуақас Әлтиұлы Ақтөбеде жүргенде, 1928 жылғы тәркілеу кезінде інісі Сейітахметтің меншігіндегі малдың да мұның атына жазылғанын, жергілікті болыс басшылары мұны біле тұра әдейі ескермегенін, керсетілген мал саны екі отбасына белінгенде тәркілеуге жатпайтынын айтып, істі қайта қарауды сұрап жоғары жаққа - КазЦИК-ке (Қазақстан Орталық атқару комитеті) хат жолдайды. Арызға екі отбасы екенін растайтын құжатты, мал салығын уақытында төлеп отырғаны туралы анықтаманы қоса жібереді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін: "Сіздің өтінішіңіз КазЦИК-тің отырысында қаралды, бірақ, дүние-мүлкіңізді тәркілеу, отбасыңызды жер аудару жөніндегі үкім күшінде қалдырылды. Мұндай шешім қабылдауға мал саны бойынша тәркілеуге жатпасаңыз да, төңкеріске дейінгі атақты бай болғаныңыз және "Алашорда" партиясын қолдағаныңыз, қаржылай көмек көрсеткеніңіз негіз болды" делінген жауап алады.
Осыдан кейін туған жерге ертерек ораламыз ба, жоғарғы үкімет жергілікті жердегі атқамінерлердің қателігін түзей ме деген үміті біржола үзілген, "қызылдардың" өздеріне неге қаны қата қалғанын, басты кінәлары -"Алашорда" партиясын қолдағаны екенін түсінген Сәдуақас пен Сейітахмет бұл мәселені жылы жауып қояды. Олар "Алашорданы" қолдаймыз деп бүкіл үрім-бұтағын азапқа байлап беретінін қайдан білсін?! Оқиға былай болған. 1918 жылғы шілде айының аяғында Аққусақ болысында (қазіргі Жамбыл ауданының аумағында) Алашорда басшыларының ұйымдастыруымен үлкен жиналыс болып, оған Ақмола облысының Қызылжар және Көкшетау уездерінің 22 болысының өкілдері -"Алашорданың" орталық комитетінің мүшесі Міржақып Дулатов, Омбыдағы облыстық "Алашорда" комитетінен келген Ережеп Итбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қази Торсанов, Қызылжардың уездік комитетінен - Салмақбай Күсемісов, Жұмағали Тілеулин, Көкшетаудан Ерқөсай Мұқышөв, тағы басқалары қатысады. Жиналыста большөвиктөрдің қаупінөн құтылу үшін Алаштың милициясын құру, оған қазақтан жігіттер алу мәселесі талқыланады.
Әлти қажы мен сол кезде Аққусақ болысын басқаратын оның ұлы Сәдуақас жиынның шығынын және оқыған алаш азаматтарын күтуді түгелдей өз мойындарына алып қана қоймай, Алашорданың милициясына жігіттер жинауға күш салады. Әлти мен Сәдуақас осының бәрін алашордалықтардың ұлтқа азаттық әпереміз деген сөздеріне сенген-діктен істейді.
Қандай қиындықтар алдарын орап жатса да текті әулеттің жігерін жасыта алған жоқ. Патша заманында Тәбей, Итемір, Қожахмет, Тәшмұхамед, Кузембай, Әлти, Сәдуақас, Сейітахмет Барлыбаевтар ел билеп, халқына қамқоршы бола білсе, "Алмас қылыш қын түбінде жатпайды" дегендей, бойларында тектіліктің қаны тулаған олардың кейінгі ұрпақтары да әйгілі аталарының туын жықпай, жоғары білім алды, биліктің барлық буындарында іскерліктерімен танылып, халық құрметіне бөленді. Барлыбаевтар әулетінің қазіргі үлкені Аймағамбет Сабырұлы 1965 жылы Макушино зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын, одан кейін Қорған ауылшаруашылығы институтын тамамдаған. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін алты жыл Мамлют аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің директоры болса, 1991-1995 жылдары Бескөл тәжірибе-өндірістік кеңшарының директоры қызметін атқарды. Кейін зейнет демалысына шыққанға дейін аудандық мәслихатты басқарды. Одан бір жас үлкен Нұрмағамбеттің ғұмыр жасы қысқа болғанмен, көп істындырып кетті. 1971 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын сырттай оқып бітіріп - агроном дипломына ие болған ол бірқатар шаруашылықтарда мамандығы бойынша қызмет істеп, 1976 жылдың қарашасында "Покровка" совхозының бас агрономы қызметіне тағайындалды. Нұрмағамбет Сабырұлы аз уақыттың ішінде осы кеңшардың құлдырап кеткен егін шаруашылығын алға бастырып, білімі мен біліктілігі жоғары маман екенін байқатты. Осыдан кейін ол 1978 жылдың наурыз айында Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы жаңадан ашылған "Қарағаш" кеңшарының директорлығы қызметіне жоғарылатылды. Інісі Есмағамбет Сабырұлының да өмір жолы айшықты. 1980-1985 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Совет ауданындағы (қазіргі Аққайың) "Черкасс" кеңшарында бас агроном, 1985-1989 жылдары аталған ауданның "Полтавка" кеңшарының директоры болған ол 1989-1992 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Преснов аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1992-1999 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданының әкімшілік басшысы, соңынан Есіл ауданының әкімі болды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады, жеке кәсіпкер. Інілері Нағашыбай, Баян, Ақан Барлыбаевтардың есімдері де солтүстікқазақ-стандықтарға жақсы таныс. Ата жолынан адаспаған олар да - ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары.
Ойлап отырса, өзі де ешқашанда "Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен" жүруді қаламапты. Кеңес заманында жұрт қатарлы екі жыл әскери борышын өтеді. 1979 жылы Қорған ауыл шаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін шаруашылық жұмыстарына жегілді: Қорған облысының Петухово ауданының "Полевой" кеңшарында бас зоотехник, 1980 жылдан 1989 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауданындағы "Озерный" кеңшарында бас зоотехник қызметтерін атқарды. 1989 жылдан 1992 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары Бескөл ауданы әкімінің бірінші орынбасары болды. Он жыл "Боголюбов және К" ЖШС-і ұжымына жетекшілік етті.
Өмір болғаннан кейін қуанышы мен қиындығы қатар жүреді ғой, өзінің де қателескен, сүрінген сәттері болған шығар, бірақ құлаған жоқ. Қиналған сәттерде намыспен белін буып, жол табуға тырысты. Шүкір, бүгін өмірлік жары Хазиза Хайруллақызы екеуі атақты Әлти атасы тіккен, одан Сейітахметке, Сабырға ауысқан киелі шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Балалар өсті, елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университетін юриспруденция мамандығы бойынша, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдаған Нұрланы алғашқы еңбек жолын "Қазақтелеком" АҚ-да инженер болып бастаса, бүгінгі күні "Боголюбов және К" ЖШС-інің директоры қызметін абыроймен атқарып жүр. Қызы Әсия да өмірден өз орнын тапты.
...Ел шетіне іліккен жүрдек көлік жер апшысын қуырып, жүйткіп келеді. Баймағамбет болса, өткен күндерді шарлап кеткен ой шырмауынан шыға алмай отыр.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
"Egemen Qazaqstan".



Сүлейменов Ж. Бәйтеректің бұтағы // Egemen Qazaqstan.-2021.-11 наурыз.-5 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий