Батыр аға мен ақын іні сыйластығы
Қызылжар өңірі ұлтымыздың мақтанышына айналған талай ұл-қыздардың туған жері екені белгілі. Солардың бірі – даңқты жерлесіміз, соғыс және еңбек ардагері, Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов болса, екіншісі – белгілі қоғам қайраткері, ақын, сазгер Кәкімбек Салықов ағамыз. Батырдың туғанына қазан айының 9 күні жүз жыл толады екен. Соған байланысты батыр аға мен ақын інісінің өзім куә болған рухани байланысы туралы жазғалы отырмын.
Батырдың мәңгілік мекені Қызылорда қаласының маңынан бұйырғанымен, туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Қарағай ауылы. Жәлел Қизатовтың өмір жолына қысқаша шолу жасасақ, ол 1940 жылы Покровкадағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң Қызыл Армия қатарына шақырылып, екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысады, оны майор шенінде аяқтады. Соғыстан соң Солтүстік Қазақстан облысында аудан басшылығы және кеңшар директоры қызметтерін атқарды. Мінезі тік, турашыл, ешкімнен тайсалмайтын азаматтың басшыларға ұнамайтыны белгілі ғой. Жәлел батыр да әділетсіздіктің біраз тауқыметін көреді. Ол туралы Айдос Әбутәліпұлы ағамыз “Soltústik Qazaqstan” газетінде үстіміздегі жылдың 25 маусымы күні жарияланған “Қызылжардың батыр ұлы” деген мақаласында толық жазған екен. Соған қарамастан Жәлел Қизатұлы 1968 жылы Қызылорда облысына ауысады, облыстық деңгейде бірқатар абыройлы қызметтер атқарып, өзінің парасаттылығының арқасында Сыр өңірі тұрғындарының қошемет-құрметіне ие болады.
“Иә, солай Сарыарқаның түлегі,
Сыр бойында қанат жайды, түледі.
Қайда туды,
Қайда тұрды, сөз емес,
Бар қазаққа ортақ оның жүрегі”, – деп Кәкімбек ақын айтқандай, Жәлел Қизатов – бар қазаққа ортақ тұлға. Өмірінің ең бір маңызды кезеңін Қызылорда облысында өткізгендіктен, көпшілік оны осы жердің тумасы деп ойлайды екен. Қызылордалықтар батырды ерекше құрметтеді. Оған 2001 жылы Жәлел Қизатұлының 80 жылдығына арналған салтанатқа қатысқан кезде куә болдым. Кәкімбек ағамызбен бірге өткізген сол бір қимас күндерді еске алып, 2003 жылы мамыр айында “Soltústik Qazaqstan” газетіне “Аспанда туған ән” деген мақала жазған едім. Әкем Рашит пен Жәлел Қизатов жолдас болғаны, үлкен ағам Тасқынның атын Жәлел ағаның қалай қойғаны туралы естігендерімді әуежайда отырып Кәкімбек ағама айтып бергенмін, ағамыз ілезде өлеңге айналдырып маған ұшақ ішінде шабыттана отырып:
“Жалғызтауда ауыл бар Бұлақ деген,
Талай сырды талғай бер сұрап менен.
Тап қасында
“Қарағай” – Жәлел елі,
Еске түсіп хикая құратты өлең.
Естеліктер азаймас асыл қоймам,
Қай заманда ондайға ақын тойған?
Тасқын деген інім бар Қызылжарда,
Батыр аға Қизатов атын қойған, – деп екпіндете оқып бергенді. Иә, өмірімде осындай бір бақытты сәттер болып еді.
Жәлел әкеміздің құрметіне арналған сол салтанат Қызылорданың Қорқыт ата атындағы университетінің акт залында өткен еді. Оған облыс басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері қатысып, Жәлел Қизатов туралы небір тамаша естеліктер айтылды. Сол жерде “XXI ғасыр қоры” баспасы шығарған “Шарболат” атты батырға арналған кітаптың тұсаукесері болды. Ол кітаптың кіріспесінде: “Совет Одағының Батыры Жәлел Қизатов – мына өмірде шынайы батыр болып өткен және бүкіл қазақ халқы үшін аңызға айналған адам. Дүниеде қазақ дейтін халық бар екенін осы Жәлел Қизатов сияқты азаматтар дәлелдеп шықты”, – деп жазылыпты. Алғашқы бөлімі “Батырға арнаулар”, екіншісі “Батырдың өз өлеңдері” деп аталады екен.
Кітапты ақтарып отырып, әдемі тізілген сөз кестесін, әсем ұйқастарды, маржан сөздерді көріп ерекше риза болдым.
Батырдың жүрегі үнемі туған жерін аңсап өткенін мына өлеңдерінен көруге болады. Сонау 1943 жылы жазылған “Ауылым” деген өлеңінде майдандағы жауынгер:
“Туған жерді еске алып таңданамын,
Ағайынға хат жазып толғанамын.
Бақ берген, өмір берген анамызсың,
Қайда жүрсем өзіңе бел боламын!” – деп жырласа, бейбіт күндері жазылған “Еліме” деген өлеңінде:
“Сағындым Сарыарқаның сары белін,
Шоқан, Ақан, Ыбырайдың туған елін.
Жан анам дүниеге мені әкеліп,
Ұлының кіндік қанын жуған жерін...
Қарағай, Бұлақ, Ақтас ауылдарым,
Құлтабар, Төлек, Шуаш бауырларым.
Қарауыл Жақсылықтың балалары
Ата-бабам, аруағыңа сиынамын...
Құлтабар, Малтабардың балалары,
Сері Ақан, Молда Кәкіш даналары.
Баянұлы Байтөлек бастап келіп,
Құнарлы құтты жерден қоныс алды...
Елімді қайда жүрсем сағынамын,
Заңына табиғаттың бағынамын.
Қараша, Қанаш, Рашит, Ғабдештерді
Бауырлар мен құрбыларды еске аламын”, – деп туған жерін сағынғанын көреміз. Бұл жырда жетінші атам Баянұлы Байтөлек пен әкемнің аты аталғаны мені ерекше толқытты. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов – батырдың Қарапа деген қарындасынан туған жиені, ол нағашысының бауырында өскен екен. Өмірінің соңғы айларында қатты ауырып, ауруханада жатқанында елден сол баласын шақыртыпты. Келе жатқан хабарды естіген батыр Кемелді қарсы алу үшін әуежайға барғанында қасында жүрген екі дәрігер таңғалып: “Кемел деген кім еді, неге сонша әбігер болдыңыз?” – деп сұрағанда: “Баламмен бірге туған жерімнің иісі келе жатыр”, – деген екен асыл азамат.
Қорқыт ата университетіндегі салтанаттың арты концертке ұласты. Түс кезінде шақырылған құрметті қонақтарға ас беріліп, батырға арналған той одан әрі жалғасып жатты. Осы салтанаттың қақ ортасында батырдың ақын інісі Кәкімбек ағамыз жүрді. Мені де шет қалдырған жоқ, батырдың жерлесі деп төрден орын да, сөз де берді.
Кешке бәріміз батырдың үйінде болдық. Кәкең сол жерде кеше ғана заңғар биікте дүниеге келген:
“Соңғы жылдар...
Өзгерсе өмір өңі,
Жалғыз ғана бар жақсы көңіл емі
Тасқын інім Жәлелдей нар тұлғаға,
Тірі жүрген ескерткіш көрінеді”, – деген өлең жолдарын оқыды, оның шығу себебін де айтып өтті.
Маған батырды көру бақыты бір-ақ рет бұйырды. 1984 жылдың көктемінде төсек тартып жатқан әкеме амандасуға келгенінде ғана көріппін ғой. Бірде Жәлел аға Жоғарғы Кеңеске депутат болғанда Алматыға қонаққа келген апам сол кісімен таныстырам деп “Алматы” қонақүйіне барған едік. Өкінішке қарай, батыр орнында болмай шықты. Ағамыздың Жоғарғы Кеңесте Қазақстан Конституциясының қабылдануына орай тәуелсіздік туын алып шыққанын, мәжілістерге қатысқанын тек теледидар арқылы ғана көріп мәз болдық.
Жәлел Қизатов қабірінің басына батырдың бейнесі бар үлкен ескерткіш тұрғызылды. Үлкен зират ішіндегі ескерткіштердің еңселісі де айшықтысы да сол. Осы тұста қызылордалықтарға тағы бір риза болдым. Елге, жерге бөлмей бәрін өз бауырына тартқан Сыр еліне мың алғыс. Зират басында Құран оқытып, батырдың рухымен іштей тілдесіп жаттым. Даңқты жерлесімізге сонау Қорқыт ата елінде көрсетілген құрметті айтып жеткізсем деп ой түйдім.
“Жалғызтау, мұнара едің жеке біткен,
Күлімдеп күн қарайды шекеліктен.
Мекені Ақан сері, Ыбырайдың,
Сен сұлу кең далада бойын күткен”, – деп батырдың өзі жырлаған туған жерге келген сайын Жалғызтауға көз тігем, осы жерден тағы бір ақын шығып, енді Қизатовтың өзін жырға қосса деп аңсаймын.
Құдайға шүкір, туған жері Жәлел Қизатовты құрметтеп жатыр. Өзі оқыған Есіл ауыл шаруашылығы колледжіне аты берілді, жыл сайын оның құрметіне спорт жарысы өтіп тұрады.
Айдос Әбутәліп ағамыз Жалел Қизатұлы батыр атанып елге келгенде қарсы алғандардың бірі атақты жыршы Молдақмет Тырбиев болғанын жазыпты, ал ол кісі Кәкімбек ағаның нағашысы болып келеді, жиенін бауырына басып, қамқорлығына алған. Ақын батыр ағасын тұңғыш рет сол сапарында көрді деуге әбден қисыны келіп тұр. Сол кезде Кәкең 12-13 жасар бала екен. Сондай-ақ, ақын өлеңдерінен батыр ағасымен Мәскеуде де, Қызылордада да кездескендері байқалып тұрады. Оған дәлел:
“Асылдарды байқа достым, іргеңде,
Адам шіркін, барын сыйлай білген бе?
Қызылжардың қыран ұлы Жәлелді,
Кездестірдім Қызылордада жүргенде.
Кең айқарып әлем сиған жүрегін,
Сөйлеуші еді түріп батыр білегін.
Алатауды ардақтаған Жамбылдай,
Мақтаушы еді
Теңеу жетпес Сыр елін”, – деп жазған екен Кәкімбек аға бір өлеңінде.
Асылды асыл тартады десек, рухы ұқсас жандар өте жақын достық қатынаста болды деп айтуға әбден болады.
Қызылордада бірге жүрген екі-үш күн ішінде әлденеше рет Кәкімбек ағамыздың ақын жүрегі тулап, көпшілігіміз елеусіз қалдырып жататын нәрседен өлең тудырып жатқанының куәсі болдым. Ақын мен батырды жақындастырып, аға-іні қылып табыстырған жүректерінің тынымсыз тулайтындығы екені анық.
“Жәлел, Мәлік, Бауыржан мен Рахымжан,
Үлгі едіңдер шырғалаңға шақырған.
Есімдерің бұл ғаламда сақталар,
Тұғыр алған жиырмасыншы ғасырдан”, – деген екен Кәкімбек ағамыз. Сол батыр ағаларының артынан Жезкиік ақынымыз да мәңгілік мекеніне кете барды. Халқымыздың осындай асыл ұлдарының артынан баянды да ұмытылмас істері қалды, айшықты жырлары қалды, тұлғалары кейінгі ұрпаққа үлгі болып жарқын болашаққа бастай берсін.
Әйіп РӘШИТҰЛЫ,
биология ғылымдарының докторы.
Рәшитұлы, Ә. Батыр аға мен ақын іні сыйластығы / Ә. Рәшитұлы // Soltústik QAZAQSTAN. – 2020.- 8 qazan.- Б. 4
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |