Балтабаев, А. Табиғатты сүйіп өткен ақын // Soltústik QAZAQSTAN. – 2020.- 30 maýsym.- Б. 5
Тәуелсіз ел болғаннан бергі уақытта ұлттық сана-сезімді жаңғыртуға, бұрынғы өткен асылдарымызды ардақтап, ұлыларымызды ұлықтауға мән бере бастадық. Саналы ғұмырында еліне пайдасын тигізіп, артына өшпес із қалдырған халық ақыны Ахметжан Нұртазин жайлы да кітап жазып, оның жүріп өткен өмір жолы, еліне сіңірген еңбегі туралы көп дүние айтуға болады. Төмендегі мақалада Ахаңның шығармашылығы туралы, оның танымал тұлғалармен достығы жайлы баяндалады.
Халық ақыны Ахметжан Нұртазин 1908 жылы Шал ақын ауданының Көктерек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ахаң – бұл дүниенің қызығын бір кісідей көрген адам. Жасынан елдің көзіне түсіп, әртүрлі қызметтерді атқарды, абыройға бөленді, атақ-даңққа ие болып, сән-салтанатпен ғұмыр кешті. Орманшы кәсібін жетік меңгеріп, ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында бұрынғы Сергеев ауданының орман шаруашылығының өркендеуіне зор үлесін қосты. Ол басшылық еткен жылдары 2 миллионнан астам шырша, қайың көшеттері отырғызылып, ауданға қарасты жердің басым бөлігі ну орманға айналды.
Ахметжан Нұртазин өмірінің соңғы он шақты жылын шығармашылыққа арнады. Талай жылдар бойы орман шаруашылығында еңбек еткен азамат Есіл өңірінің сұлу табиғатын, адамгершілікті, достықты, туысқандықты, аңшылықты суреттейтін жырлар жазып, алпысыншы жылдары үш кітап басып шығарды. “Орман жыры” атты кітабы өзі өмірден өткен соң 1979 жылы жарық көрді. Ахаңның үлкен еңбектерінің бірі өлеңмен жазылған қазақтың шежіре-дастаны болып табылады. Бұл туындыны жазу үшін қаламгер бірнеше жылдар бойы еңбек етіп, талай білімді адамдардың әңгімесіне құлақ түріп, жазбаларды зерттеген екен. Ақын өмірден өткен соң, 2007 жылы оның “Ұрпақтарға арналған аманатым” деген шежіресі Қобылан Хамзиннің жетекшілігімен жарыққа шықты. Қобылан ағамыз өңірдегі елді мекендердің біріне Ахметжан Нұртазиннің есімін беру үшін біраз жүгірді. Бірақ бұл бастама билік тарапынан қолдау таппай, игі іс аяқсыз қалды.
Ахметжан атамыз жаны жомарт, бауырмал, өте салмақты да сабырлы жан еді. Әжем соңғы сапарға аттанар алдында маған: “Балам, атаңның ақыл-кеңесін тыңда, ол кісінің айтқанына құлақ ассаң жақсы адам боласың”, – деуші еді. Ахаңның маған деген қамқорлығы аз болған жоқ. 1968 жылы зейнет жасына шыққан соң түрлі кездесулерге жиі қатысып жүрді. Мені жанына ертіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ақынның елге танымал азаматтармен жақын араласқанын көрдім. Мәселен, ол өмірінің соңына дейін Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған, өңірімізге танымал азамат болған Ніл Болатбаевпен сыйласып өтті. Аудандық жиналыстарға екеуі бірге қатысатын. Сондай жиындардың біріне Ахаң мені өзімен бірге ертіп апарды. Жиналыс аяқталған соң Нүкең құрметті қонаққа ас беріп, атамды жақсылап күтті.
1969 жылдың көктемінде еліне елеулі азамат жалғыз ұлы Қайратты әскерге жібермек болады. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған баласының болашағына алаңдаған ол облыстық атқару комитетінің бастығы Сақан Құсайновқа хабарласып: “Сәке, менің денсаулығым сыр бере бастаған сыңайлы. Жалғыз ұлым жоғары білім ала алмай қала ма деп қорқамын. Қайратты әскерден алып қалудың жолы бар ма екен?” – деп, өз өтінішін білдіреді. Сақаң ақсақалдың бұл тілегін жерде қалдырған жоқ. Екі азаматтың арасындағы сыйластықты көріп, мұны екі ұрпақтың бір-біріне деген құрметінің белгісі деп қабылдадым.
Ахаңды замандас достары да қадірлеп өтті. Кейде ауылдарды аралай жүріп, бұрынғы таныстарының үйіне бас сұқса, үй иелері ерекше қуанып, оған табақ-табақ ет тартып, мәре-сәре болып жататын. 1970 жылы Ақтас ауылында тұратын Төлебай деген досын іздеп барғанда да сапарлас болдым. Екі дос бір-бірімен ұзақ әңгімелесіп, өткен өмірді еске алды.
Ол кісі отырған жерінде қазақтың шежіре-дастандарын төгілтіп айтушы еді. Суырыпсалма қасиетінің арқасында дос-жарандарына өлең арнап, тойдың сәнін келтіретін. Бұл отырыс та бар сән-салтанатымен өтіп, атам бір марқайып қалды. Ол:
“Ақтастағы Төлебай,
Мәжіліске керегі-ай.
Шабыты шалқып кеткенде,
Теңіздей сөзге тереңі-ай.
Мәжіліс сәнін келтірді,
Шебер тілдер шертілді.
Тыңдаушылар тамсанып,
Көңілдері желпінді”, –
деген өлең жолдарын Төлебай жолдасына арнап, кешті гүлдендіріп жібергені бар.
Ахметжан Нұртазин ел азаматтарының ішінде жерлесіміз, академик Евней Бөкетовпен етене араласты. Ғалым елге келгенде Есіл жағасына киіз үй тігіп, кішігірім той жасап жіберуші еді. Атам бұл кездесулерде маған: “Қарағым, сен мына Евней ағаңның әңгімелерін мұқият тыңда, ол – ғұлама адам”, – деп жиі айтатын. Академик өз халқының болашақ тағдыры жайында сөз қозғап, Тәуелсіздікке қол жеткізу қазақтардың арманы ғой деп үлкен ойға бататын.
Ахметжан Нұртазиннің жары Қайни әжеміз ақылына көркі сай асыл жан болатын. Оның айналасындағыларға бір қабақ шытқанын көрмеппін, әрқашан мейірім төгіп тұратын мінезге ие еді. Сондықтан болар бұл қасиетті шаңырақтан қонақ кетпейтін. Облысымызға Алматыдан атақты ақын-жазушылар келсе, бірден осы үйге тоқтайтын. Мәселен, жазушы Сәбит Мұқанов Қызылжарға ат басын бұрса, Ахметжан атамыздың үйінде той болатын. Екеуі ағалы-інілі сияқты араласты ғой. Осындай кездесулердің бірінде Ахметжан Сәбеңе былай деп өлең арнады:
“Сарыарқа Сәбең келсе
құлпырады,
Төсіне қызыл-жасыл гүл
тұнады.
Жайраңдап кәрі-жасы қол
алысып,
Аталап жас бөбек те
ұмтылады.
Солтүстік өз ұлымен
мақтанады,
Томдарын ақ тілекпен
ақтарады.
Салмақты әрбір сөзі саф
алтын ғой,
Жадында жұртшылықтың
жатталады.
Сәбеңнің бар өмірі өнегелі,
Ақындар дайын тұрған
дастан дескен.
Дастан түгіл, Сәбеңдер –
Ғарыш – әлем,
Күн жүзін омырауынан аспан
кешкен”.
Ахаң Сәбеңнен басқа Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Ғафу Қайырбеков сияқты танымал ақындармен де араласты. Атам Тайыр Жароков кенеттен қайтыс болғанда, оны қазақтың ерте сөнген шоқ жұлдызына теңеп, “Ескерткіш” деген қоштасу өлеңін жолдап еді:
“Құрдасымның бірі едің,
Қоштаспай қалдым арманда.
Ауырдым деп тұр едің,
Кеңсеңе мен барғанда.
Тұңғыш рет көрсем де,
Туысымдай сыйласқан.
Көз жасы толды керсеңге,
Өлімге сені қимастан.
Көп емес еді бір ғасыр
Ұстасаң өмір тұлғасын.
Ақниет, адал, шын асыл,
Бақыл бол,
Тайыр құрдасым”.
Халық ақыны мәдениет жанашыры Ілияс Омаровпен де сыйласып, оның қазақ өнеріне деген құрметін аузынан тастаған емес. Ұлтжанды азаматтың билік құрған кезінде мәдениетіміз, өнеріміз дамып, композиторларға, мәдениет қызметкерлеріне деген құрмет ерекше болды. Сол тұста мен сияқты ауылдан қалаға келген қарапайым балалардың да рухы көтеріліп, қазақ екенімізді сезініп, ұлттық тәрбиенің маңызын ұғына түстік.
Тың өлкесінің идеология жөніндегі хатшысы болған Саттар Имашев деген азамат та ел ағасымен жақсы қарым-қатынаста болды. 1962 жылы Сергеев ауданына жолы түскенде үлкен басшы бірден Ахаң отырған қонысқа ат басын бұрады. Ақын үйінің айналасына отырғызылған қайың, қарағай, әртүрлі жеміс ағаштарын көрген Саттар ағамыз: “Мынадай сұлулықты, құстар сайрап тұрған табиғатты тамашалаған адамның шабыты ашылмай, жаны рақат таппай тұрмас”, – деп таңғалған екен. Сонда қонақты ерте келген Ніл Болатбаев: “Біздің Ахаң суырыпсалма ақын ғой, осындай табиғатты суреттеп берсе, біз тыңдасақ, жақсы болар еді”, – деп ақсақалға тілегін жеткізсе керек. Сонда атам мына шумақтарды төгілтіп жіберіпті:
“Қоршаған қонысымды
жас қарағай,
Қызықтап аралаймын
жас баладай.
Өсірген өз қолыммен
ормандарым,
Өзіме көрінеді астанадай.
Бірі балам, біреуі інімдей
боп,
Жапырағы жайқалып
гүлімдей көк.
Естіледі бір дыбыс
құлағыма,
Сұлу қыздың сыңсыған
үніндей боп.
Самалын аймалаймын
төсімді ашып,
Көкірегім қуанып тасқын
тасып.
Ұл-қыздарым құлпырып
ержеткендей,
Арасында келемін алшаң
басып”.
Ахаң табиғатты сүйіп қана қоймай, міне, осылай жырлай да білді. Саттар Имашевтың оған риза болғандығы сондай, кейін де ақынмен талай рет кездесіп жүрді.
Ол халқымыздың қанына сіңген аңшылық, құс салу, жүйрік ат міну дәстүрін де қадір тұтқан. Жолдастарын ертіп, демалыс күндері аңшылыққа шығушы еді.
Ахметжан Нұртазин ағамыз елдің ардақты азаматтары елеусіз қалса, соған қатты күйзелетін. 1969 жылы атам өзі ауырып жүрсе де, белгілі ақын марқұм Молдахмет Тырбиевтың басына там орнатуға бел шеше кірісті. Осы істі аяғына дейін жеткізді. Құрылысқа қажетті материалдарды өзі іздеп тауыпты. Құрылысшылардың ас-суын дайындайтын үйді де өзі белгілеп, тасты Жалғызтаудан алдыртып, халықты жинап, зират басында ас берді. Айта берсек, Ахаңның елге жасаған жақсылықтары аз емес.
Ол, сондай-ақ, жазушы Герольд Бельгердің әкесімен де сыйласып өтті. Карл Бельгер 60 жасқа толғанда ауылдастары жылқы сойып, үй тігіп, үлкен той жасады. Сол дүбірлі кеште атам той иесіне арнаған өлеңін оқыды:
“Құрметті құрдасымыз
Бельгер еді,
Бельгерді Есілдегі ел біледі.
Аурудың қандай түрі
болсадағы,
Маман жан бәріне де
ем біледі.
Біреуі үлкен, біреуі
баласындай,
Бәрімен бір туысқан
ағасындай.
Сан адамды ажалдан сақтап
келді,
Көзінің ағы менен
қарасындай.
Жыл сайын жасара бер, тіпті,
досым,
Тамаша денсаулығың мықты
болсын.
Әйелің, балаларың аман
болып,
Тойыңыз тойға ұлассын,
құтты болсын!”.
Герольд Бельгердің бір естеліктерінде: “Халық ақыны біздің үйге келгенде, әке-шешем оны зор құрметпен қарсы алатын. Содан болар, есейгенге дейін мен Ахметжан Нұртазинді осы өлкенің ең үлкен бастығы деп ойлайтынмын”, – дейді. Оқу бітіріп, қызметке тұрғанға дейін мен де дәл осы Бельгер сияқты атамды үлкен басшы деп ойлап келдім. Себебі, оны барша жұрт сыйлады, оның айтқанын екі етпей орындап, ақыл-кеңесіне құлақ түргендер көп болды.
Абзал азамат 1973 жылдың қаңтар айында о дүниелік сапарға аттанды. Өмірден өтсе де, бірге араласқан замандастары ақынды ұмытпады. Жылы лебізге толы естеліктерін әр кез айтып жүрді. Жерлесіміз Қобылан Хамзин жазып кеткен мына бір өлең жолдары соның айғағы:
“Ахаң тұр қатарында
алыптардың,
Арқада аты әйгілі
ақындардың.
Халқының қазынасынан
сусындаған
Зергері әсем сөздің жеке
дарын.
Сенемін Ахаң есте
сақталады,
Елге сіңген еңбегі ақталады.
Ұрпаққа үлгі болып мол
мұрасы,
Ән өлмейді,
сөздері жатталады”.
Абылай БАЛТАБАЕВ,
зейнеткер.
Шал ақын ауданы.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |