Ауыл өмірінің жыршысы

31 января 2024 - Administrator

  ...Ермек Қонарбаев, сөз жоқ, талантты жазушы еді. Өкініштісі - арамыздан ерте кетіп қалды. Оқырман қауымға енді-енді таныла бастаған кезінде өкінішке өкініш үстемелеп кетті.
Ермек ну тоғайында булбұл сайраған сұлу өлке - Есіл өзенінің бойында дүниеге келген жазушы еді. Осынау сұлу өлкеде туып, осында өскендіктен бе, оның өзі де, жан табиғаты да айрықша сұлу болатын. Қой аузынан шөп алмайтын жәй момын болмаса да өзгеге түк қиянаты жоқ жан еді. Біреуге бедел сату, бел салу дегеніңді білмейтін. Бәлкім, жазған дүниелерін шығартамын деп соңына түсіп жүгіре бермейтіні де содан шығар. Қалай десең де Ермектің басылған шығармаларынан басылмаған шығармалары көп.
Мен Қонарбаевпен 1966 жылы жаз айында Есіл өңірінің аты әйгілі ақыны Ахметжан Нұртазиннің үйінде танысқан едім. Көп сөйлеспейтін, тым сыпайы да орнықты жігіт осы төңіректегі бір мектептің директоры екен.
- Жазып жүрген біраз дүниелерім бар. Бірақ соларымның жарық көру жағы қиындау, - деп шағынып еді Ермек.
Астанамызда баспаларымыз, газет-журналдарымыз бола тұрса да мына Ермек секілді шалғайда жатқан жігіттердің шетқақпай жүретінін байқаушы едім:
- Алматыға келе қалғандай болсаң, хабарласарсың, қолымнан келген көмегімді аямаспын,-деп қоштасқанмын. Бірақ хабар араға он екі жыл салып 1977 жылы жетті. Өрине бұл жылдардың мұғдарында Ермек Алматыға талай-талай келген, баспаларды да аралаған. Сөйтсе де біреудің мазасын кетіру дегенді табиғаты қаламайтын жігіт маған телефон шалмаған. Ал мына шалысы - амалының жоқтығы. Барар жерінің қалмағандығы.
Мен Қонарбаев творчествосына осы тұста көңіл аударған едім. Жасырмай айтсам, ол кезде жас жазушының шығармаларын қолыма алуын алсам да көңілімде күдіктің де салқыны болған-ды. Өйткені, Ермек Қонарбаев - ауылда туған, ғұмыр бойы ауылда тірлік кешіп келе жатқан, өз жерінен ұзап шыға қоймаған жігіт. Ал мұндай жазушылардың көбінен таланты қанша тасып тұрса да, тақырып тарлығын, шеберлік қолдың қысқалығын көріп жүретініміз бар. Алайда осы күдігімнің мүлде негізі жоқтығына Ермектің 1969 жылы жарық көрген тұңғыш әңгімелер жинағы - Түнгі отты" оқи келе, оқырман кәдесіне ұсынам деп алып келген жаңа жинағы -"Жол басын" оқи көлө көзім жетті. Білместіктің, бұрын-соңды шығармаларын оқып, таныспағандықтың салдарынан туған женсіз жорамал, бос күдігім үшін қаламдас інімнен іштей болса да кешірім сұрауыма тура келген.
Кемеңгер Добролюбовтың айтуынша, жазушылық таланттың бірінші белгісі - аңғарымпаздықта, жоқ жерден тақырып таба алушылықта, күнделікті күйкі тірлік қарекетінде туып жатып, сұрқай оқиғалардың ішінен ең мәндісін таңдап ала білушілікте. Жазушылық өнердің осы бір басты шарттарының бәрі де Ермек Қонарбаевта молынан бар екен. Жаңа әкелген жинағының соңғы бетін жапқанда көзім осы шындыққа жеткенді. Шынымды айтсам, мен де Ермек секілді ауылда туып, Ермек секілді өмір кешкен жан едім. Ауыл болғанда да тап Ермек ауылымен өңірлес, әдетғұрпы, салт-санасы бір, тіпті керек десең жүріс-тұрысы мен әрекет-қимылдары, сөз саптасы айнымайтын, Ермек суреттеп отырған ауыл. Сөйте тұра ауыл өмірінің мына бір қырын қалайша аңдамай қалғанмын, мына бір кейіпкер - міне маған да соншалықты таныс еді ғой, қалайша қаламыма іліклей қалған, - деген қызғаныш сөзім баураған. Жақсы ниеттен туған, топ жарып келе жатқан талантты інінің аяқ тастасына риза болғандықтан, беріле қызықтап, қуанғандықтан туған қызғаныш.
Мен сонда Ермектің елу шақты әңгімесімен танысқанмын. Елу түрлі оқиға. Күнделікті тірлікте көп жұрттың көзі түсе бермейтін, шын мағынасындағы жазушы ғана байқай алатын оқиғалар. Көңілді, қатпар-қатпар тебіреністері, басып қалсаң күй болып төгіліп жіберер толқынды жан пернелері, әзіл-оспақ, көңілді де күлкілі жөйлар. Мысалға "Көңілдің кейбір кездері" атты әңгімедегі Әмірбекті алыңызшы. Ол - еңбек озаты. Қамшы салдырмайтын, ұяты мол жігіт. Ал сонда озат тракторшының осы бір жақсы қасиетін жазушы қалай көрсетеді?! Өзгелерге үлгі өту үшін қандай әдісті қолданады? Күнде де, түнде де тракторынан түспейтін, тамағын да сол трактор үстінде отырып ішегін жансебіл етіп пе? Жоқ, ондай жағдайлықпен талант қайтіп жұптаса алмақ?! Озат жігітіңіздің тракторы сынып, жарты күн бос тұрып қалған. Сол үшін ол инженерден сөз естіген. Соған өкпелі Әмірбектің жұмысты тастап, ағайын-туғандарды аралап кетсем бе деп гаражының есігін ашқандығы, машинасын алып шықпақ болғандығы, содан кейін осы сезімнің ерсілігін қалай түсінгендігі, нанымды да шынайы психологиялық дәлелдемемен берілген әдемі де таза кейпі, не болмаса "Қалжыңқой қарт" әңгімесіндегі көз жұмар сәтінің өзінде де әзіл айтып кеткен Өмірсерік шапдың дарқан мінезі оқырман жадында сақталып қалары хақ. Соғысқа кеткен баласын күткен ана немесе күн борасын болса да аудандық ауруханада жатқан күйеуіне барам деп жаяу шығып кеткен жас келіншек Махаббат, кітап базарында құлқын ғана ойлаймын деп күлкі болған Бөкен мен Жәкен, тағы-тағы толып жатқан әдемі де сұлу мүсінді кейіпкерлер көз алдыңда. Бір ғажабы -Ермектің палитрасы бай екен. Бояуы жұмсақ. Жағымды кейіпкерін баттитып, міне бұп кереметтің өзі деп жатпайды. Сол секілді жағымсыз кейіпкерлеріне де қара бояуды баттастырып жаға беруден аулақ. Қай мінезді сомдаса да табиғатында сыпайы жазушы келеңдеп оқушы алдына шықпайды. "Бұл анандай еді, анау мынаңдай еді", -деп түсіндірме жасамайды. Соның нәтижесі - Ермек сомдаған бейнелер нанымды да шынайы, бедерпі де шымыр болып келеді. Жазушының көзі тірісінде "Түнгі от", "Жол басы", "Тиек"атты шағын-шағын үш кітабы жарық көрген еді. Осы жинақтардан ұзын ырғасы екі жүзге жуық бейнелердің барын байқадым. Бірін-бірі қайталамайтын, біріне-бірі ұқсамайтын бейнелер. Осы ретте Ермекті бүгінгі ауыл өмірінің айнасы десек әбден орынды. Мен сонда қазақ әдебиетінің әңгіме жанрына жаңа бір Майлиннің келе жатқанын сезінгендей едім. Амал не, 1984 жылы қырық беске қараған шағында ауыр науқастан дүние салып кетті.
...Ермек - шын мағынасында қысқа жанрдың шебері. Жазушы терең психологиялық жан тебіреністеріне де, уытты сатираға да, жә болмаса әзіл-оспақ, келеке, юморға да тең басып бара алады. Бір ерекшелігі соның берінде де Ермек кейіпкерлері сүйкімді болып келіп отырады. "Әке туралы жыр" қандай нәзік әңгіме! Сол нәзіктік - ескі ауылдың жұртынан орапғанда өткен өмірін еске алып ән салған қайын атаны да, өз күйеуі Таңатарды да, клубта өткен концертті де жас келін Раузаның көзімен, соның сезінуімен суреттелгендігінде емес пе! Болмаса "Басылмаған шығарманы" алып көріңізші: басында ештеңені секем алмай жайбарақат отырған оқырман әңгіме соңында қандай күйге түседі? Оқиға қуаламайды деген авторыңыздың өзі оқиғаны қалай өрбітіп, қалай-қалай құбылтып жібереді!? Осындағы Сақау тағдыры қандай өкінішті! Ал жазғандарын апарса да өткізе алмай жүретін автордың өз тағдыры ше? Меніңше, ол тағдыр Сақау тағдырынан да өткен өкінішті. Жас болса да сұңғыла жазушы осы екі тағдырды қалай жымдастырып жібере алған десеңізші. Ермектің жазу мәнеріне сүйсінер жерің міне осындайда.
Қонарбаевта оқушысына ой салмайтын, адамды бейтарап қалдыратын шығарма жоқ. Мәселен, «Сыңғырлақ» - сатиралық әңгіме. Бірақ ондағы басты кейіпкерлер - Далбай мен Балым дүниенің құлы болып кеткен жандар. Сөйтсе де оқырманын жиіркендірмейді. Автор өз кейіпкерлерінің бойындағы мінді шенеп, мінеп суреттемейді. Сыпайылап отырып, шымшып суреттейді. Сол себепті Далбайды да, Балымды да аяйсың. Ұсақтықтан, дүниеқорлықтан аршып алғың келеді. Бұл - Ермектің суреткерлік ерекшелігі.
Қонарбаев әңгімелерінде кейде Далбай, кейде Далабай болып жүретін бір кейіпкер бар. Мұның өзі Бейімбет Майлин әңгімелерінде ұшырасып отыратын Мырқымбай бейнесін еске салатын секілді. Далабай бейнесінің дүниеге келуі сөз жоқ, Бейімбет әсері. Далабай кейде қой аузынан шөп алмастың өзі. Кейде жоғарыда айтылған "Сыңғырлақ" әңгімесіндегідей дүниеқоңыз. Кейде кімді болмасын өз дегеніне көндіретін айлалы пысық. Былайғыларды сескентер қауметті әккі, қу. Жазушы сомдаған қай образды алма, бірін-бірі қайталамайтын, көңіліңе бірден қона қалар тартымды бейнелер. "Әнмен арбау" әңгімесіндегі сылқым Базарбек пен көрікті келіншек Бекзат, "Дәнекердегі" кімге болсын дәнекер болғысы келіп тұратын, кімге болсын қол ұшын ұсынып тұратын Мәдет, "Астарлы сөздегі" күлкілі халге душар болған, өзімізге таныс жаңа бастық Далабай, "Баланың көңілі даладағы" интернат бастығы Шәріпбек пен оқуды тастап кеткен Мақанжан, "Қасқа биедегі" пайдакүнем Қайырлы, тағысын тағылар. Жұтынып тұрған осы әңгімелердің ішінен мен "Қас қағым сәт" дегөн ойнақы әңгімені бөліп алып айтқым келіп отыр. Үш кейіпкер: мал қайыруға шықса да галстугін тастамайтын, "галстуктен босап кетсе, бүкіл денесі дел-сал босаңсып қалғандай күй кешетін" пенсионер мұғалім Шақан, беті ашылмаған, ұяң да биязы мінез жас келін Жамал, жүрген жерін той-думанға толтырып кететін бұрынғы артист, қазіргі орман қарауылы - Арман шал. Бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі мінез. Ал ұқсастықтары ше? Ұқсастықтары - жан сұлулығында. Бұл ретте Арманды айрықша атаған жөн. Ең алдымен, Арманның түр-тұлғасы оғаш, кейпі қызық.
"Шақан көзін тіксе, өзі сияқты пенсионер шал, байырғы орманшы Арман екен. Оның қосалқы - "Арман әнші" деген де аты бар. Еңсесі төмен түсіңкі күрең атқа сапт мінген. Баста қоқайма маңдайлы орманшы қалпағы, үстінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің тозыңқы тартқан көк костюмі. Үзеңгі тіреп тұрғаны - жентік тұмсықты бәтеңке. Кеудесі тола орден мен медальдар".
- Арманның Шақан үйінен аттанар шағы да айрықша.
"Арман есіктен шығып бара жатып:
- Жамалжан, бері келіп кетші, қалқам, -деді.
Есік алдында ат тізгінін қолына алған Арман үзеңгіге аяғын сала беріп:
- Жамалжан, қолтығымнан демеп жіберші, - деді.
Жас келіншектің сүйемелдеген қолының себі тиді ме, жоқ па, әйтеуір созалаңдап барып, еңкек күреңнің үстіне қонды.
- Уа, өркенің өссін, айналдым. Күйеуің жақсы жігіт болғай! –деді Жамалға.
Жамал атасынан қымсынды ма, жарқ етіп күлімсірей Арманға бір ғана рет көз тастап, үйге еніп кетті".
Бір шошала еті бар еңкіш торы мінген, жетпіске жақындаса да жас келіншекке қолтығынан алдырып жүрген осы Арман шалыңның өзі кім?
Арман зерделі оқырманға тұлпардың тозған тұяғы. Ескінің бүгінге жеткен көзі. Ол қазіргі күннің өңі өзгерген сал-серісі. Арманның Арман аталуы да, жас келіншектің Жамал атануы да тегін емес. Бұл тұп-тура Ақан серіге мегзеу. Ақан сері жасы жетпіске таяған шағында Жамал атты сұлу қызға ғашық болған. Әдемі ән шығарған сол қызға арнап:
Қыздарды мен қайтейін қылаң-сылаң,
Қалайша ғашық отқа сабыр қылам...
Жайбарақат жатқан Шақан үйіне келген Арман. Жас келіннің аты Жамал болғандықтан ба, әйтеуір Ақан серінің осы әнін салды. Тыныш көңілге лаулатып, қайнап тұрған шайға да қарамастан қас қағым сәтте ғайып болды. Үй іші елегізіп қалған. Себебі Арман - жүрген жеріне өстіп қуаныш егіп, шаттық сыйлап, жаныңды жадыратып аттанар жан.
"Кейбір адамның атын жас кезінде бір басқа, қартайғанда бір басқа қойса ғой, ә, Шақа? -деді Арман. - Мәселен, менің Арман атым қазір лайық па? Хош, жастық шақта Арман-ақ болайын, ендігі арман не сонда? - Өлмеу ме? Арманда, армандама, уақыты жетсе, доп секілді қағып тастамай ма... Мен келесі соққанымша осыны бір ойлап қойыңызшы, құрдас".
Осы сауалға жауап іздөп әурелене ме, әлде Арманның шай ішпей аттанғанына алаңдайды ма, қайтсе де табан жолдан аумайтын Шақан шалыңыздың өзі мазасыз. Ал беті ашылмаған уыз келін Жамал болса, кешкі дастарқан қамымен жүріп Арман айтқан әннің әуенін ыңырси қайталап әуре. Бәрі де қас қағым сәтте еткен оқиға. Арман қас қағым сәтте жастың да, кәрінің де арманын оятып, кеуделеріне алағыз сағыныштың сәулесін түсіріп кетті.
Қас қағым сәт!..

Бір есепті мен Ермектің өзін сол Арман шалға ұқсатқандай боламын. Ермек өзінің сынық мінезімен, салқынқанды сабырлығымен, жанының мөлдірлігімен, басқаға болмасын демейтін кеңпейілдігімен төңірегіне нұр шашып жүретін еді. Өз басым: "Енді қашан соғасың?" -деп сұрап қалмағанына өкінген Шақанға ұқсап елегізіп, аз ғана ғұмыр жасап, қас қағым сәтте бұл өмірден аттанып кете барған талантты інімді жоқтап, көңілім ортайып қалғандай сезінемін. Жұбанышы - артына қалдырған екі томдық мұрасы. Оқырман кәдесіне жарарлық толымды мұра.

Сафуан ШӘЙМЕРДЕНОВ.



Шәймерденов С. Ауыл өмірінің жыршысы // Қызылжар нұры.-2023. -8 желтоқсан.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий