Ауыл өмірінің жыршысы

1 февраля 2024 - Administrator

 Қазақ әдебиетінде жарқ етіп бір көрінгеннің өзінде ұмытылмас із қалдырып, талантты қадамымен танылған жерлесіміз жазушы Ермек Қонарбаевтың туғанына бүгін 65 жыл толып отыр. Редакциямызға жиі келіп тұратын, осы қаладағы №6 қазақ орта мектебінде кітапханашы болып істейтін жазушының қызы Жанар бізге осыны хабарлады. "Айналайын, өзім де осы хабарды тосып отыр едім. Кеше ғана үйде Ермектің кітаптарын, маған жазған хаттарын ақтарып, өзімен біраз сырласқандай болып едім," — дедім.
Ермек екеуміз Алматыда бір кезде оқығанмең ол Абай атындағы ҚазПИ-де, мен ҚазМУ-да оқыдық та онша көп араласқан жоқпыз. Елге келіп қызметімізге кіріскен соң ғана бір-бірімізді шығармаларымыз арқылы ұғысып, сондай ыстық, адал дос көңілмен табысып кеттік.
Алғашқы кезде ауылдағы қызметі алысқа ұзатпай қалаға келе алмай жазғандарын хат арқылы жолдап жүрді. Оның әңгімелері ол тұста "Ленин туы"деп аталған газетіміздің беттерінде кешіктірілмей үнемі жарияланып тұрды. Бірден талантты жазушы боларына кәміл сендік. Газет оқырмандары да, редакция қызметкерлері де оның шығармаларына жылы лебіздер арнап жатты. Ол өзі туған ауылды айрықша сүйетін, сол маңайдан ұзамады. Ленин орта мектебінде мұғалім болды. Одан кейін совхозда комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, "Новопокровка" совхозында партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды.
Алпысыншы жылдардың басында Ленин ауылы творчество адамдарын магниттей тартып тұратын. Мұнда белгілі ақын Ғалым Малдыбаевтың даңқы бәрімізді үйіріп әкететін. Оның айналасына прозашы Ермек Қонарбаев, ақын Жарасбай Нұрқанов, әдебиетші әрі өнерпаз әртіс Жылкелді Мұқанов, көрші ауылдан халық ақыны Ахметжан Нұртазин топтасып, дуылдасып әңгіме-дүкен құрғанда кімді болсын қызықтыратын, сондай бір көркем кештер өтуші еді. Ермек, міне, осындай ортада сөз өнерінің керемет құдіретті қасиетіне шомылып, іштей ширығып, шыңдалып, биікке қанат қомдап талпынып толысты.
Ауылдағы қызмет жас жазушыға көп мүмкіншілік жасаған-сынды. Ол ауыл өміріне жіті үңіліп, өзінің болашақ кейіпкерлерін зерттеген. Әңгімелерінде осынау алтын бесік саналатын ыстық мекенге деген сүйіспеншілік лебі есіп, ауыл адамдарының тамаша қасиеттерін, аңқылдақ, ақжарқын мінезін, адал көңілін әдемі кестелеп, ерекше айшықты нақыштармен зерлеуге ұмтылды. "Туған жер", "Сақау" деген әңгімелері біздің газетте жарияланғанда редакцияның ілездеме кеңесінде журналистар шын көңілімен сүйсініп, біраз талдап разылық білдіргеніміз әлі күнге есімде.
Бір күні кешкісін біздің үйге келіп, қуанышын айтып, бәріміз мәз болғанымыз бар. "Түнгі от" жинағы "Жазушы" баспасынан басылып шыққан екен. Үйімізбен құттықтасып жатырмыз. Ол кезде Алматыдан кітап шығару алыстағы ауыл адамына қияметтің ең қиыны. Осындай машақатты кешіп жүріп алғашқы жинағын шығарған Ермектің бұл қадамы шынында да жас қаламгер үшін үлкен жеңіс еді.
Сол кездесуде екеуміз көп әңгімелесіп, әрине әдебиет жайлы ойларымызды айтып мәз болыстық. Ермек терең білімді, қай мәселеде болсын өз пікірі қалыптасқан тура сөзді болатын. Біраз дүниелері жинақталып қалғанын, енді соларды баспаға дайындайтынын, әттең шіркін жоғарыда баспада бір қамқоршы, қолдаушының жоқтығын айтып қынжылыс білдіріп, өкініп қойып отырды. Комсомол қызметінде, партия жұмысында біраз ойлар түйіп, өмірдің қыр-сырын терең үңіле зерделегенін аңғардым. Сөз саптасы, ой толғауы ауыл өмірінен көлемді туындыға әзірлік жасап жүрген жайынан белгі берді.
Ауылдағы қызмет, үйдің шаруасы көп уақытын алып, өзі сүйген әдебиетіне еркін құлаш сермеп сүңгіп кетуге мұрша бермесе де Ермек қаламын қаңтармады. Шабытты шақтарда шағын әңгімелерін үзбей жазып тастап, редакцияларға жолдап жатты. Оның жаңа дүниелері республикалық газет-журналдарда жарық көріп, сыншылар тарапынан жылы лебізге де ие болды.
Алғашқы жинақтан кейін әңгімелерін топтастырып "Жол басы", "Тиек" атты тағы екі шағын кітаптарын шығарды.
Совхоз басшыларының бірі болып, қайнаған еңбек ортасында жанталасқан құрыш қол диқан жұртының жан сырын терең ұққан, бұкіл болмысын аса жіті зерттеген, содан орасан зор қымбат қазынаға баланар қалам құнарын тапқан жазушы оңашада ой толғап, қиялына канат қақтырып, шабыт шалқарында шамырқана кұлаш сілтеуді аңсаған сияқты. Ермек партия ұйымы хатшысының қызметін де өз өтінішімен тапсырып, "Ленин туы" газетінің Сергеев ауданы бойынша меншікті тілшісі болып ауысты. Жазуға біржола берілуді аңсады да тұрды. Бірақ газет жұмысы жазушы қаламын бір ізден шығармай жаттанды жолға түсіріп жіберетінін біраздан соң барып түсінді де, Белоглинка мектебіне директор болып орнықты. Табиғаты да, адамдары да тамаша, жазушының жан қалауына лайық жақсы мекен еді бұд Ермектің жазушылық таланты бар қырымен жарқырап, біраз туындыларын шабытпен өндіре жазды.
"Соңғы жылдың жүгі", "Қайрақ", "Ең сүйікті кейіпкер" атты үш повесть Ермектің қаламы барынша ұшталып, биіктерге қанат қаққанын қапысыз танытқан еді. Бұл шығармалары оның өзі басынан өткізген хикаяларды көркем кестелерге түсірген іспетті. Бірінші повесте совхоз директоры Нұрсипаттың зейнетке жетер табалдырыққа бір жыл қалған тұстағы бейнесі берілсе, "Қайрақ" повесінің эпиграфы етіп "Парасатты парторг, Совет Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраевқа ескерткіш" деген сөздер жазыпты. Ысқақ ағамыз ел-жұртына айрықша қадірлі болған, Ермекке ұстаз сыпатты ғажап адам. Осындай ірі тұлғаның бейнесіне сүйсіне көз сала отырып қаламын жеңіл жорғалатып, іркілмей, кібіртіктемей ықыласпен сілтегені аңғарылады. Үшінші повесте "Ең сүйікті кейіпкер" де жазушының еркін меңгерген тақырыбын қозғап, жүрекке жылы әуенмен сондай тартымды жазылған. Мектеп өмірінің ыстық лебі ескендей болады. Жоғары класс оқушылары "Менің ең сүйікті кейіпкерім" деген тақырыпқа шығарма жазып, мектеп бойынша жарияланған бәйгеге қатыспақ. Жюри төрағасы әдебиет пәнінің мұғалімі Жармағанбет. Оқиға "Тереңсай" совхозында өтеді. Жазушы бұл туындысын өз ауылының өмірінен алып жазғаны көрініп-ақ тұр. Өз басынан өткен, өз жүрегін жалынымен шарпыған оқиғаларды жазу қызғылықты да әрі жеңіл Ермектің көркем сөзбен салған суреттері сол себептен де жарқын бояулы, айтар ойлары, ұсынар ғибраттары шапағатты.
Жазушының өміріне сондай қолайлы, тып-тыныш, жайлы мекенге орнығып, көңілі жұбаныш тапқанмен енді Ермектің денсаулығы еркін бой жаздырмауға айналды, ыңқыл-сыңқылы көбейіп кетті. Маған жазған хаттарында сол жайын жабыға жеткізуші еді. Күнделікті тіршіліктің, қызмет қарбаласының ағыны зырқыраған қалыбынан адамды бір босатпайтыны бар емес пе? "Ақбалшыққа" (Белоглинка) бір келсейші, Дәмелі, Мәйкен төртеуіміз әңгіме-дүкен рахатына батып бір отырайықшы" деп Ерекең талай рет қиылып шақырғаны бар. Әттең, деп осы күні өкінесің әрине. Қызметтен қолым босамай бара алмадым. Өкініш орны толмас.
Ермек ете сабырлы, сөзге сараң, жарқылдап көзге түсуді ұнатпайтын, іштей қайратты, нағыз нар мінезді жайсаң еді. Көңілі түскен сәттерінде әзіл-күлкі араластырып әңгімені әсерлі шертетін, күліп-ойнап, шешіліп ақтарылатын мінезі де жарасымды болатын. Жоғары мәдениетті еді, қандай киналса да, тығырыққа тірелсе де ешкімнің мазасын алғысы келмейтін Тіпті ауыруының асқынғанын да айтпады, күзде Қызылжар ауруханасына түскенін де дабыраламады. Біреуден хабар айтқан екен, сол кезде "Қайрақ" повесін газетімізде жариялап үлгерген едік соларды жинап алып жеттім. Қуанып қалды.
Соңғы хатын кеш алдым. "Нансаң, осы хатты жазуға Петропавлда жатып, төрт күн күштендім. Диспансерге жатуға келіп едім, врачтар қабылдамады, осы бір ай ішінде мен қатты жүдеп, әлсіреп кеттім. Тамаққа көңілім шаппай қойды. Енді Сергеевкаға барып, соның ауруханасында ем алып, шама жетсе күшею керек. Автобуспен кетуге күн суық әрі менің халім келмеген соң, ертең бір машина тосып жатырмын...
Әттең осы денсаулық мені қатты алаңдатып тұр-ау, Бақыт! Нағыз жазатын кезде аурумен әуреленіп жүрген түрім мынау. Тыңайсам Сергеевкадан хат жолдармын. Сәлеммен Ермек. 1.XI 1.84." Осы соңғы хатты поштамен алғаннан кейін бір күннен соң оның қайтыс болғанын естідік. Қарашаның аяғында қалаға ауруханаға әлі кеткенде барып келген екен. Дәрігерлер еш дәрмен істей алмайтынын туыстарына айтқан. Қайран талант-ай десейші, соңғы деміне дейін артында қалар мұраларын ойлап жатқан.

Ия, талантты жазушы досымыз Ермек Қонарбаевтың өмірі асыл мұраларымен бүгінге жалғасып жатыр. Біз оның кітаптарын қолға алып онымен әрқашан сырласамыз. Жазушының кітаптары оқырман колынан түспей сырласар досына айналып кетсе бұл да оның бүгінгі күнде қалған бір бақыты.
Кейде талантты адамдарды тірісінде танымай өлген соң ғана өкінішпен еске алатын жаман әдет бар. Бұл ыңғайсыз жай қазаққа ғана емес, барлық халыққа тән сарқыншақ. Орыстар да, басқа ұлттар да ұлыларына дейін дүниеден соң өкініп, опынып жоқтап жатады. Ермек те көзі тірісінде бүгіндері оның творчествосына арналып айтылып жатқан жылы лебіздердің нағыз салмақтыларын ести алмай кетті.
Жазушы Ермек Қонарбаевтың есімін елге танытып, әдебиетімізге жас толқынның нық қадам басып, дарын гүлін жайнатып толық аша алмай арманда кеткенін ұлағатты ұстаныммен жеткізген Сафуан Шаймерденов ағамызға мың алғыс айтқанымыз абзал. Ермектің асыл жары Мәйкен жазушы жолдасының басылмай қалған дүниелерін жинап алып Алматы баспаларынан өткізе алмай жүргенде Сафекең көмектесіп асыл текті ағалық қамқор қолымен бар мүмкіндікті жасаған Сөйтіп, Е. Қонарбаевтың бір томдық шығармалар жинағы "Қас қағым сәт" деген атпен "Жазушы" баспасынан 1988 жылы шықты. Сафекең "Ауыл өмірінің шыншыл жыршысы" деген тақырыппен алғысөз жазып Ермектің шығармаларын әдебиетті сүйген қалың қауымға жас таланттың шымырлап қайнаған шеберлігіне "боз басын иіп" тағзым етіп таныстырды. Бұл алғысөз республикалық газеттерде жарияланды. Ағаның аялы алақанымен Ермек жазушы ретінде жалпақ жамағаттың жүрегіне жол тапты.
Ермектің шаңырағында да оты ешкен жоқ. Мәйкен балаларды жеткіземің әкесін жоқтатпаймын деп жанталасып жүріп дүниеден өтіп кетті. Қазір шаңырақ иесі жалғыз ұлы Жансерік. Қарындастары Әзкен, Нәзкен, балалары Жанар, Нұрлыгүл күйеу балалары, немере, жиендері Ерекең есімін есте қалдыру шараларының бәріне белсене қатысып, оның талантын қастерлеп, құрмет тұтады. Біреуіне әке, біреуіне аға, нағашы, ата болған ол өлмес асыл мұраларымен бәріне ақылшы, сырлас болып мәңгілікке олардың ортасында.



Бақыт М. Ауыл өмірінің жыршысы // Солтүстік Қазақстан.- 2023. - 8 желтоқсан.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий