Асылдың сынығы
Көлемі аз ғана Көктерек ауылынан неше қырлы дарынды адамдар туып өрбігенін кезінде бір әңгімелеген едім. Солардың ішінде аты төңірекке аян болған, орны ерекше тұратын аяулы азаматымыз, көрнекті жазушымыз Қонарбаев Ермек те бар болатын. Амал бар ма, оның өмірі қысқа болды, талантының нағыз шалқыған шағында, дүниеден өтіп кетті. Бір ауыл, бір бауыр болғандықтан. балалық шәғынан бастап есейіп, ер жетіп, көзге түсіп, ауызға аларлық үлкен тұлға болған кезіне дейінгі Ермектің өмірі көз алдымда.
Ермек - алтынның сынығы, тазаның тұнығы еді. Олай дейтінім, әкесі Ләмәли Қонарбайұлы жаны таза, адамгершілігі мол, ерен еңбектері көлемді әңгімелерге жеке арқау болатын кесек тұлғалардың бірі екенін білемін. Аруақтары риза болуы үшін, соңғы ұрпақ білсін деген ниетпен Ермектің әкесі және ұлы, атасы туралы ақиқатты бірер сөзбен болса да еске түсіре кеткім келіп отыр.
Ләкеңді ел іші, үлкен-кішіміз "Кәтәй" деп атаушы едік. Өйткені балалары солай атайтын. Аласа бойлы, сом денелі, әңгімелескенде кісіге тура қарап, көзі күлімдей, шапшаң сөйлейтін адам еді. Тұла бойын, маңайын өте таза ұстап, әрбір қимылынан, ісінен ұқыптылықтың нышаны айқын көрініп тұратын. Аяғын шапшаң басып, қолын артына ұстап, көшеде келе жатқан Ләкеңді көз көрім жерден жаңылмай тануға болушы еді.
Кезінде ел басқарған, халықка басшы болып жол көрсеткен, орталық ісіне белсене араласқан, ауданда, облыста беделді болған кісі. Сондай абыройдың арқасында ҚазЦИК-ке де мүше болған Ләкең өмірінің соңғы сәтіне дейін ел басқарушылық қызметтен қол үзбей, халқына қалтқысыз еңбек еткені бәрімізге аян. Ермектің ұлы атасы Қонарбай - жұмсақ мінезді, үлкенге де, кішіге де бірдей ілтипатты, қалың елге, төңірекке сыйлы, атақты қажы болған кісі екен. Ал Ермектің туған шешесі, қазір қара шаңыраққа ие болып отырған Нұрқыш апамыз туралы айтсақ, ол кісінің биязы мінезі, таза киімі, жүріс-тұрысы, бала тәрбиелеудегі ерекшеліктері, әсіресе жалғыз ұлы Ермекті аялап өсіруге сіңірген еңбегі, тілдің майын ағызып отырып әңгімелеуге тұратын жәйттер.
Осындай текті кісілердің ұрпағы Ермектің ұяда көргені көп, естігені мол, кішкентайынан білімге, өнерге жаны үйір болуы, қара шаңыраққа біткен адамгершіліктен туындағаны көрініп тұрған жоқ па. Ермек сол кісілерге тартқан байсалды, көп тыңдап, аз сөйлейтін, айтқан сөзін жинақы, ұғымды, сенімді етіп жеткізе білетін. Басқаның сөзін қадағалап тыңдап, көп сөздің ішінен мәндісін, дәмдісін, маржанын іздегендей болып отыратын.
Содан болар, Ермектің жазған әңгімелеріне өзі қалың ортасында жүріп, көрген, естіген ел тіршілігін, адамаралық қымқиғаш қарым-қатынастарды, өмір суреттерін, тәлім аларлық жәйттерді, жиіркенішті жағдайларды арқау еткен. Көпшілік дуниеліктері мектеп өміріне, бала тәрбиелеу мәселесіне арналған болса, Ермектің өз қара басы, дарынды педагог, сөздің зергері - жазушылық рухани өмірі кейінгі жастарға, оқушы балаларға өнеге, үлгі, сол сияқты тұрарлық бейне еді.
Қобылан ХАМЗИН.
Хамзин Қ. Асылдың сынығы // Қызылжар нұры.- 2023. - 8 желтоқсан.- № 48.- 5 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |