Арманда өткен асыл тұлға
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында кеңестік империя “халық жауы” деген жаламен қазақ халқының мыңдаған асыл азаматын жазықсыз жазалады. Басқасын айтпағанда, бір ғана Қызылжар өңірі бойынша он мыңнан астам адам түрмеге қамалып, ату жазасына кесілген, жер аударылған.
Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірі – Хамза Ыбырайұлы. Ол 1899 жылы Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының Қаратоқа қыстауында өмірге келген. Алғашқыда ауыл молдасының алдын көріп, кейін 1908-1910 жылдары әйгілі Абылай қажы Рамазановтың қазақша-орысша ашқан 3 жылдық мектебінде сауатын ашқан. 1911 жылы Сәмтік би немересі Хамзаны және өзінің інісі Қанапияның баласы Ғаббасты Уфа қаласындағы атақты “Ғалия” медресесіне апарып оқуға береді.
Басқа медреселер сияқты мұнда да Ислам дінінің уағыздары оқытылды. Сабақтар араб, парсы, татар, орыс тілдерінде өткізілген. Сонымен қатар математика, физика, химия, биология, тарих, география, жаратылыстану, педагогика, психология, дидактика, таза жазу, гигиена пәндеріне басымдық берілген. Медресенің физика, химия кабинеттері, сөре толы кітапханасы болған. Әрбір шәкірт одан ғылыми және әдеби кітаптармен қатар татар, орыс, араб, түрік тілдерінде шыққан газет-журналдарды оқи алатын еді.
Хамза медресені 1917 жылы үздік бітіріп, “Имам хатиб уә мүддәрис” деген атаққа ие болады. Жалпы имам деген сөздің мағынасы жалпы жұртқа белгілі. Ал “Хатиб” деген “елге уағыз айтуға”, “мүддәрис” дегені “медреседе дәріс оқуға жарамды” деген мағынаны білдіреді. Сол жылы медресені бітірген 69 қазақ жасының ішінде осы атақ тек үшеуіне ғана беріліпті. Соның бірі – Хамза Ыбыраев. Ол өмір бойы өзін осы атаққа лайық ұстап өтті.
Хамза Ыбырайұлы медреседе үздік оқумен қатар қазақ шәкірттерінің ана тілі мен қазақ әдебиетін дамыту жолындағы талпыныстарына белсене қатысады және Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтің редакторылығымен қолжазба түрінде шығып тұрған “Садақ” газетінде біраз жыл қызмет етеді.
Хамза медресені бітіріп, елге қайтып келе жатып, 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында бірінші бүкіл қазақтың съезге қатысады. Мұнда ол Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және тағы баcқаларымен танысады. Алаш азаматтарының асыл сөздерін тыңдаған Хамза олардың қазақ халқының бостандығы үшін жан аямай күресуге дайын екендерін көреді. Алаш партиясының идеясын құптайды және сол идеяны іске асыруға өзінің дайын екенін сезінеді.
Хамза Ыбыраев съезд құжаттарын зор ықыласпен қабылдап, осыған байланысты ойларын ақын Мағжан Жұмабаевпен бөлісіп отырған. Ол екеуі кезінде медреседе оқып жүргенде танысқан. Мағжан екеуінің қуғын-сүргінге ұшырауының басты себебі – Алаш партиясының идеясын жақтағаны.
Ол елге оралғаннан кейін мектеп ашып, бала оқытады. Тек бұл жұмысы іске аспай, төңкеріс пен азамат соғысының әлегінен мектеп жабылады. Ел ішінде аласапыран басталып, ауылдарға біресе қызылдар, біресе ақтар келіп, халықтың шырқын бұзады.
1920 жылы большевиктер Хамзаның әкесі Ыбырайды атып өлтіреді, бұл қайғыны көтере алмаған анасы үш ай өткен соң жарық дүниемен қоштасады. Отбасының барлық жауапкершілігі Хамзаның мойнына артылады. Сауда ісіне жақсылап кіріскен Абылай қажы медресе бітіріп келген, сауатты Хамзаны жұмысқа шақырады. Абылай қажы екеуі Қызылжар қаласында бірнеше дүкен ұстап, саудамен айналысады.
Кейін Кеңес үкіметінің белсенділері бұлардың соңына түсіп “Сендер үкіметке қарсысыңдар” деп Хамза мен Абылайды, тағы бірталай кісілерді түрмеге қамайды. Абылай қажы түрмеде қайтыс болады.
Бірақ қиыншылық онымен бітпейді. 1929 жылы Хамза, Мағжан екеуі “алашордашылар” деген айыппен тағы да түрмеге қамалады. Хамза түрмеден шығып, үйге келсе, отбасындағы бүкіл мал-мүлкін тәркілеп алған екен. Бұл кез Қазақстан орталық атқару комитеті мен Халық комиссиярлар кеңесінің 1928 жылы 27-ші тамыздағы “Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы” қаулысының орындалып жатқан кезі еді. Осы жағдайдан кейін Хамза отбасымен 30 жылдары Ресейге қоныс ауыстыруға мәжбүр болады. Бір түнде бүкіл отбасымен, туыстарымен Түмен облысына көшіп кетеді. Сол уақыттан бастап өмірінің соңына дейін Ресей жерінде тұрады.
Солақай саясаттың салдарынан таудай тұлғаның бірқатар туындылары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Баспа бетінен шыққаны – тек төтеше жазылған “Әубәкір молда”, “Етекбай қарт” атты шығармалары ғана.
Хамза Ыбыраев кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллиндермен бірге жүріп, талай дәмдес болған. 1936 жылы қызмет іздеп, әрі шығармаларын жариялауға көмек болар ма екен деп Алматыға барып, Жазушылар одағының төрағасы Сәбит Мұқанов және Жоғарғы Кеңестің төралқасында қызмет істеп жүрген Шоқан Құдербековпен кездесіп, келген шаруасын айтады. Бірақ олар: “Мұнда саяси жағдай нашарлап барады, аманыңда елге қайт”, – деп кеңес береді. Содан қайтып ол ешқайда шықпай, сол Түмен облысында тұрып қалады.
Өмір иірімінің әр бұрылысында соққы көрген ол небәрі 65 жас өмір сүрді. Сол аз өмірінде талай адамға көмектестесіп, ақыл-кеңесін айтып, ағартушылықпен айналысып көпшіліктің есінде қалды. Оның зор адамгершілігі мен қайырымдылығы, білімділігі мен парасаттылығы, кішіпейлігі мен мейірімділігі туралы оны көрген, онымен бірге болған адамдар осы күнге дейін таңдай қағып, тамсана айтып жүреді.
Қазақтың зиялы ұлы балаларының оқу оқып, ұрпағының халқына пайдасы тиер азамат болғанын қалады. Бірақ перзенттерінің қанаты қатайып, қанат қаққанын көрмей жатып жарығы сөнді, тынысы үзілді. Арман арқалап, өзі сенген, жастығына қуат берген Алаштың есіл ерлерінің соңынан кетті.
Кеңес үкіметінің кезінде қуғын-сүргіннің құрбандары болып, бойындағы бар қабілетін толық аша алмай арманда кеткен Хамза Ыбыраев сияқты азаматтарды еске алып, олардың адал еңбегін жас ұрпаққа айту, насихаттау – бізге парыз.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Ш. Уәлиханов атындағы
тарих және этнология
институтының ғылыми қызметкері.
Жұматайұлы С. Арманда өткен асыл тұлға // Soltüstık Qazaqstan.-2024.-30 мамыр.-5 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |