Алғашқы сабақ

31 января 2024 - Administrator

Сейтқазы жаңа кітаптар түсті ме екен, біле кетейін деп дүкенге кірді. Кілең бір жас келіншек жинала қалыпты, сылқ-сылқ күлкі. Кәмпит ораған қағазын умалсдай ұстап, беті ду-ду жанған бір балғын қыз сыртқа атып шықты. Қапелімде Сейтқазыны иығымен қағып кетті. «Бұл несі» деп Сейтқазы артынан қараса, орта боилы, талдырмаш, сұлу мүсінді жас қыз, бұрымы тыпыршып иығына тұрмай жөнеліп барады.
Келіншектер күлкісін басып, көздерінен аққан жасын сүртісіп жатыр екен. Дүкенші әйел:
— Бой жетіп қапты өзі, құрып қалғыр, — деп еді,
— Аузының салуы бар бір жігіт бұйырып тұр-ау, — деп екіншісі қостай кетті.
— Е, пәле сендерден екен ғой, — деп Сеитқазы әдеби кітаптар қойылған бөлімді аралап көрді де, көп бөгелмей шығып кетті.
Пәтеріне келсе, Балым жеңгей тамақ дайындап жатыр екен. Сейтқазы киімдерін ауыстырып жатып:
— Жеңгей, таңертең бірінші сабағым, — деді.
— Е, қайырлы болсын !
— Методистіміз: «асып-саспай, сабақты дұрыс өткіз» —дейді жаңа. Ал кәңілім ойран-топыр. Қорқамын...
Кей адамда күле тұрып әріден ойлайтын ғажап бір кейіш болады ғой. Жеңгей сондай бір сыңаймен сызыла күлді де:
- Біз баяғыда оқығанда бір мұғаліммен «жиырманы беске көбейтсе жүз болады» деп таласушы едік те, мұғаліміміз «сексен болады» деп жеңсік бермеуші еді. Тәуба дейік, оған қарағанда сендер практикант деген аттарың болмаса, тәрбиелі жерде оқып, жүиелі білім алып жүрген азаматсыңдар ғой. Сабақтарың нашар болмас, — деді.
Сейтқазы мынадай орынды, әрі әдемі қалжыңға күле жүріп, арыққа жуынуға шықты. Арық суына қаздар шомылып, лайлап жүр екен. Сондықтан ол судың мөлдірін іздеп жоғары өрледі. Біраз жүріп, арықтың тұнықтау, таза жеріне кеп тоқтаса бір қыз иіліп шелекпен су алып жатыр екен. Әсем қимыл еріксіз көз тартты. Қыздың дене бітімі бой жетер шаққа жетіп қалған балғындықты танытады.
Сейтқазы су ортасындағы тасқа секіре бергенде, қыз басын көтеріп алды. Манағы дукенде көрген қыз! Сейтқазы қадала қарап қалғанда, қыздың жұқалаң беті қызарып, жалындап қоя берді. «Жанары қандай жұмсақ еді!» деген ой лезде Сейтқазының жүрегіне тық етті.
Қыз шелегін иін ағашпен іліп алып жүре берді. Сейтқазы; «Япырау, бір тіл қатпай қалам ба?!» деген қызу оймен:
— Ойпырмау, иығым!—деп, ауырсынғандай ышқынып қалды. Кете берген қыз сәл бұрылып тоқтай қалды да, жүзі тағы да дуылдай түсіп:
— Ағай, кешіріңіз, байқамай соғып кеттім мана, — деді бала дауыспен.
Сейтқазы бойын түзеп алды:
— Ол келіншектер сонша неге «өшікті» сізге? От басқандай атып шықтыңыз ғой.
— Ылғи ерігіп, әңгіме іздегендер емес пе, ойына не келсе соны сөйлейді.
Қыз бұрала басып жүре берді.

Сейтқазы оның соңынан ұзап кеткенше көз алмады. Жуынып та береке таппады. Екі қолын суға малған күйі бір қиял дүниееіне шомып кеткендей боп отыр. Әлгі қыздың күлімсіреген балғын жүзі мөлдіреп аққан су бетінде ойнай толқып дірілдеп тұрып алды. Суды қозғап жуынса, сол суреттен айрылып қалатындай.
Сөйткенше болмай манағы бір топ қаз қаңқылдап ұшып келді де, Сейтқазыдан асып барып арыққа жалп-жалп қонды. Сүйікті сурет жоғалып, лайланған сумен бірге төмен ағып жүре берді.
Шала жуынған Сейтқазы орамалын иығына салып үйіне қайтты.
***
...Мектеп. Мұғалімдер бөлмесі. Практиканттар мен мұғалімдер аралас. Көңілі пайыз таппай, бір отырып, бір тұрып Сейтқазы жүр. Біреу бірдеңе десе, күлкісінде де мән жоқ. Лезде басыла қалады да, қарасұр жүзі қуқылданып, жағының түгі үрпиіп қоя береді. Сағатына
қайта-қайта қарайды.
Міне, қоңырау. Сейтқазы журналын ала-сала оныншы класқа жөнелді. Соңында методист пен үш студент. Алғашқы сөзді «сәлеметсіңдер ме, балалар?» деп бастаймын ғой десе де, қарсы алдынан жиырма шақты бала (бала емес-ау, тап өзіндей жігіттер мен қыздар) өре түрегелгенде, «сәлеметсіңдер ме?» деуге ғана шамасы келді.
Журналды ашып жіберіп, бірінші фамилияны атады. Дыбыс жоқ. Орнынан тұрған кезекші бала көзін жыпылық-жыпылық еткізеді.
— Сәрсембаев бар ма, жоқ па? — деді Сейтқазы даусын көтеріп.
Кезекші:
— Мұғалім, бұл кім ғой... әлгі, — дей бергенде біреу мырс ете түсті. — Мұғалім, ол алтыншы кластың оқушысы ғой.
Сейтқазы жалма-жан журналдың сыртына қараса, алтыншы кластың журналы екен. Қүйқа тамыры шымырлап қоя берді. Ауыстырып әкелуге кезекшіні жүгіртті.
Сабақ үстінде әр минут, әрбір сөз санаулы. Қадала қараған сансыз көз мұғалімнің әрбір қимылын қалт еткізбей бағады. Енді бос қалған бір-екі минутті қалай өткізбек? Ол парталардың арасымен арлы-берлі жүре бастады.
— Кітаптарыңды жауып, салып қойыңдар. Үйде оқу керек.
Сытырлап кітаптар жабыла бастады. Тек соңғы партада отырған бір бала қарысып, кітабын жаппай отыр. Онысымен қоймай күле қарап кекете ме, қалай? Сейтқазы жанына жетіп келді:
— Жап, делінді ғой саған!
Кітап жабылмады.
—...Ой, — деп біреу сыбырлайды.
— Жап! Жап! — деп кітапқа қол соза бергенде, біреу санынан шымшып кеп алды.
Сәтте өзіне-өзі келе қалған Сейтқазы кітап дегені — дәптер, оқушы дегені—студент қыз Дария екенін байқады. Жалт беріп столға келді. Кезекші де журналды алып кеп қалды-ау, әйтеуір.
Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романындағы «Ботакөз» бейнесі» деген бірінші сұрақты оқушыларға беріп қойды да, кімнен сұрайтынын тізімнен іздей бастады. Методистің: «Бірнеше бағасы барлардан, не жақсы оқитын баладан үнемі сұрай бермей, нашарлау оқитын, не сабақтан кешігіп, кейіндеп жүрген балалардан сұрау керек» деген сөзі есінде. Журнал бетімен жорғалаған қалам Дәуренбекова деген фамилияға кеп тірелді. Өзі сабақтан көп қалған екен.
— Бұл сұраққа Дәуренбекова жауап берсін.
Сейтқазы осыны айтып орнынан тұра берді де, еріксіз сылқ етіп отыра кетті. Көзін уқалады. Сенерін де, сенбесін де білмеді. Дәуренбекова дегені — кешегі қыз! Үстінде бұрынғыдай гүлді жібек көйлек емес, оқушы формасы: қоңыр көйлек, ақ фартук. Төсінде комсомол значогі. Осы қалпы оны тіпті бала етіп көрсетеді. Кешегіден де қатты ұялған қыз басын төмен ие партаны сипалап, мүләйім бір қалыпта тұр.
— Иә, сөйле! — деп қойды Сейтқазы.
Дауысы әп-сәтте қарлыға қапты.
Үн жоқ. Кенет кезекші қолын көтерді.
- Иә?
— Раушан жиырма күндей науқастанып оқуға бүгін ғана келді.
Сейтқазы сәтті дәлел табылғанына қуанып кетті.
— Солай ма еді, Раушан? Отыра ғой онда,—деді тез ғана.
Жеңінің шаңын қаққан боп ұрлана сағатына қараса, қырық бес минуттың біразы өтіп кетіпті. Сабақтың шырқы бұзылды. Не де болса, осы қалыпта жүргізе беру керек. Басқаша өзгертіп, түзеп әкетуге шама жоқ. Оның үстіне бір оқушыға сөйлетіп қойып, өзі кластың кейінгі жағынан Раушанға қарап тұра бергісі келді. Солай өтті де.
Өткенді пысықтау аяқталды. Енді жаңа сабақты бастамас бұрын өтілген тақырыпты түйіндеу керек. Сейтқазы содан бастады. «Саған арнаймын, сен түсін» деген кісіше Раушанға әлсін-әлі қарай берді. Көзі басқа жақта болса да, көңілі сонда.
Ол сөзін аяқтамай қоңырау соғылды. «Неге ерте соғылды? дегендей бір сәт аңырып тұрып қалған Сейтқазы қағаздарын қобырата жинап, кластан шығып жүре берді.
Кеңсеге келген соң сабақты қалай өткізгенін ойлап көрсе, бәрін бүлдірген сияқты. Тек методист:
— Жігітім-ау, Ботакөзді, Ботакөзді қалай ғажап сипаттадың! Теңеулерің төгіліп, даусың ашылып, ерекше бір шабытпен сөйледің-ау, өзі! — деп, иығынан қаққанда ғана еңсесін көтерді.
Үзіліс он бес минуттық еді. Сейтқазы желпініп келуге далаға шықты. Шыға берісте Раушан қарсы кездесті. Сәл бөгеле беріп:
— Ағай, сабағыңызды бұзып, бәріне кінәлы мен болдым ғой. Келесі сабақта Ботакөзді сұраңызшы, өте жақсы түсіндім, — деді.
Сейтқазы иығын басқан зілді серпіп тастағандай жеңілденіп кет-ті. Жаны жадырап, риза болған ыстық пейілмен Раушанның албыраған жүзіне қарай берді.
Иә, бұл алғашқы сабақ... не болса да, әйтеуір, алгашқы... еді...



Қонарбаев Е. Алғашқы сабақ // Жұлдыз. – 1963. -6 маусым.– 69 -72 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий