Самрат, Ж. Абылай хан және Қызылжар
Қазақтың ұлы ханы Абылайдың кешегі Қызылжар қаласына тікелей қатысы бар. Аты алғаш шыққан жоңғарлармен болған шайқаста ол Төле бидің қосындарымен келіп, Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдан бата алып, жоңғардың бас батыры Шарышпен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткенін, сосын қалың қолға рух беріп, «Абылайлап» жауға шабатынын бәріміз білеміз.
Жігіттің ерлігімен жігерленген қазақ әскері оның соңынан қоса шауып, жоңғардың қолын талқандайды. Бұл туралы Үмбетей жыраудан қалған:
Ей, Абылай, Абылай.
Жиырма жасқа толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
«Абылайлап» шапқанда...
Сол ерлікпен хан болдың
Барша әлемге даң болдың,
– деген мына өлең де әмбеге аян.
Сол ұрыста қазақ қолын бастап келген Орта Жүздің ханы Әбілмәмбет ұрыс аяқталған соң жекпе-жекте Шарышты жеңген батырға іздеу салдырады. Ол Төле бидің әскерімен келген ұзын шашына қарап «Сабалақ» атанып кеткен жігіт болып шығады. Хан оның кім екенін жүйелеп сұрағанда бабасы Жәңгірден туған, өзінің атасы Тәукемен бірге туған аталасы Уәлибақының ұрпағы екенін анықтайды. Ол өз заманында хан тағы өзіне берілмегенге өкпелеп Үргеніштегі нағашыларына кетіп қалған екен. Ал Сабалақ Уәлибақының баласы Абылайдың немересі Әбілмансұр болып шығады. Атасы Абылайдың ерлігіне сүйсінген жас Әбілмансұр оның есімін пір тұтып, жауға шапқанда өзінің ұраны еткен...
Әбілмәмбет хан Әбілмансұрды төрге шақырып, сұлтан деп жариялап, есімін де өзгертіп «Абылай» қойып, Арқаның төріндегі қазақтарды басқаруға тағайындайды. Бұл қазіргі Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Көкшетау өңірлерін жайлаған Керей және Арғынның Атығай-Қарауыл аталары жайлаған өңірлер. Үмбетей жыраудың «Сол ерлікпен хан болдың» дейтіні сәл асыра сілтеп жіберілген, Абылай алдымен сұлтан болады, тек кейін, Әбілмәмбет өз еркімен тағын берген соң ғана хан болған. Ханмен бірге туғандардың бәрі «сұлтандар» деп аталған. Абылайға алдымен сол атақ берілген.
Кейін хан болғанда Абылайдың осы аймақта бірнеше ставкасы болған. Ол кезде қазақ тұрмысында қала салдырып, ағаштан үй тұрғызып бір жерде көшпей отыру деген салт жоқ. Хан болсын, қара болсын мейлі, алдындағы малын күтіп-баптаудың, яғни шаруашылықтың талабымен жылына кем дегенде төрт жерге көшіп отырған. Ол қоныстарды қыстау, көктеу, жайлау, күзеу деп атайды және бәрінің жері белгіленген, өзгенің аумағына кіріп кетпейді. Егер малының оты азайса жайлау мен күзеуде өзіне тиесілі жерде бірнеше қонысты аударып көшеді. Бірақ өзгенің жеріне кірмейді, кірсе жер дауы басталады.
Әрине, Абылайдың Қызылжармен тығыз араласқандығының ең негізгі куәсі халық арасында «Абылайдың ақ үйі» атанып кеткен ханның резиденциясы. Бұл үйді Абылайдың өтінішімен ханның қыстауына орыстың ІІ Екатерина патшайымы салдырған. Ол Қазақстан мен Ресейдің кейін «Новоишимский» белдеуі деп аталған шекаралық сызықтың бойына салынған көп қамалдардың бірі «Әулие Петрге» қарсы бой көтерген. Өйткені осы қамалдың тұсына екі елдің арасында жәрмеңке өткізіп тұрайық деген өтінішті Абылай хан 1759 жылы патшаға жазған. Оның орысшаға аударылған мәтіні мынадай: «Прошу же я и народ мой, чтоб дозволить в крепости Св.Петра киргизцам выменивать муку и крупу» («Статистическое обозрение Сибири»., Спб., 1854., стр 323)
Бұл – әрине, хаттың бізге жеткен қысқартылған нұсқасы. Осы хаттың негізінде ашылған жәрмеңкеде ұн ғана сатылмай орыс, татар көпестері жеткізген тұрмыстық бұйымдар, еуропалық сапалы өнімдер, ал Хиуа, Бұхара, Тәшкеннен жеткен керуендер жеміс пен көкөністің, матаның, алтын-күмістен жасалған әшекейлердің неше атасын жеткізген. Орыстың Тобыл, Тура, Қазан, Мәскеу, Рязань, Владимир, Тула қалаларынан анталап жеткен көпестері де өздерінде шығатын өнімдерді түйелі, ат-арбалы ұзақ сонар керуендермен жеткізген. Қазақ өзінің табын-табын малын, сонымен бірге жүн, тері сияқты оның өнімдерін базарға шығарған. Тарихшы Е.Бекмахановтың деректеріне қарағанда ХІХ ғасырдың басында мұндағы жәрмеңкеде қазақтар 70 мыңға жуық мал сатқан екен. (Е.Бекмаханов., «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында»., А-ты., «Санат»., 1994 ж.)
Қазақ даласына алғашқы «болыскей» (польский) кереуеттер, «борансыздың» (француздың) айнасы, самауыр (Туланың самовары) сияқты аса қажетті заттар осы Қызылжар жәрмеңкесінде сатылған.
Абылай ашқызған осы жәрмеңке орны кеңейе келе оның маңына адамдар қоныс теуіп, ағаштан, кейін кірпіштен үйлер тұрғыза бастаған. Қалың ормандар оталып, арзан құрылыс материалына айналған. Сөйтіп, қазақтар Есілдің жарына қоныс тепкендіктен Қызылжар атап, оны барша Қазақ даласы білген Қызылжар қаласы осылай өмірге келген. Бірақ патшалықтың шенеуніктері өздерінің кеңселерінде оны алдымен «23 қорған» деп, кейін «Үлкен қорған», «Ұлы қорған», артынан Қазақ даласын шоқындыру саясатымен христиан дінінің апостолы «әулие Петр», сосын «әулие Павелді» де қосып «Петропавл» атаған. Айта кететін жайт, қазақ даласына түскен орыс қоныстарының барлығы дерлік христиан періштелері мен әулиелерінің немесе мерекелерінің атын алған. Мысалы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендері арасында Михайловка, Николаевка, Петровка, Павловка, Святодуховка, Благовещенка, Боголюбово, Покровка, Рождественка, Новопокровка деген діни атаулар әрбір ауданда бар. Бұлар ешқандай орыс фамилиялары емес, бәрі де христиан дінінің апосталдары, архангелдері, мерекелері мен сыйыну, табыну күндерінің атаулары... Дін атаулыны жоқ қыламыз, олар өтірік, «апиын» деп мешіттер мен шіркеулерді күл-талқан қылған большевиктер осыларды қалай қалдырғанына таң қаласың...
Абылайдың өзі де осы жәрмеңкенің жанынан арнайы ағаш үй салдырғанын жоғарыда айттық. Ол үйдің қаңқасы біздің заманымызға дейін жеткен. Абылайға салынған үйдің жоспары туралы құжатта былай делінген: «ПЛАН вновь построенного киргис-кайсацкой Средней Орды Аблай солтанного дома. А что именно значить под сим: 1.Покой Аблай солтана 2.Канцелярия 3. Баня 4. Дом для приезжающих киргис-кайсацских старшин». Өкінішке қарай, ағаштан салынған бұл үйлер Қызылжарда 1824 жылы 110, 1849 жылы 450 үйді түгін қалдырмай өрттеп жіберген алапат өрттердің бірінде күйіп кеткен. Ал іргетасының орнына кірпіштен жаңа үй салынған. Ол үй алдымен «Посольский дом», артынан «Әскери лазарет» болған. Бірақ халық оны бәрібір «Абылайдың ақ үйі» деп атай берген. Сол атаумен мемлекеттік мүліктер тізіліміне де енгізілген. Жекешелендіру комитетінде істеп жүрген жылдарда тізілімнен «Дом хана Аблая» деген сөзді көріп, осы жолдардың авторы қуаныштан отырған орнынан ұшып кете жаздаған. Өйткені соған дейін бұрынғы өкімет Қызылжарды қазаққа жат қала санатып, өздерімен арқалап алып келгендей әбден баурап алған еді. Содан біз Кенжебек Әбішев секілді қаланың ежелгі тұрғындарынан сұрап, архивтерді ақтарып, деректерді іздеп, барлық БАҚ-қа жазып, сүріліп кете жаздаған үйді аман алып қалған едік. Ол туралы «Абылайдың ақ үйі» деген кітабымызда толық айтылды. Біз жоғарыда көрсетілген құжаттарды Мәскеудің Сыртқы саясат ведомствосының архивінен таптық. Сонымен бірге Омбы қаласына келген генерал-поручик Шпрингердің мынадай хаты табылды: «1765 г. Доношение в Коллегию Иностранных дел от находившегося в Омской крепости Генерала-поручика Шпрингера о построении Киргис-Кайсацскому владельцу Аблай Салтану деревянного дома».
Одан әрі осы хатта үй салатын шеберлер, балташылар жіберілетіні және олар қажетті құралдармен, сондай-ақ ат-арбамен қамтамасыз етілетіндігі айтылады. Ал құрылыстың орны туралы: «Строительство предполагается начать в крепости святого Петра и Павла на берегу реки Ишим» делінеді. Бұдан басқа да құжаттар табылған соң Абылайдың үйінің орнына салынған үй қалпына келтіріліп, қазір музей-кешені болып халыққа қызмет көрсетіп тұр.
Осы үйдің негізінде қазіргі Қызылжар қаласы дөңге салынған «Абылайдың ақ үйінің» жанынан өсіп шыққан деп айтуға толық негіз бар. Кейбіреулер ешқандай құжатта Петропавлда Абылайға үй салынған деген дерек жоқ дейді. Онысы да рас, өйткені Абылайға үй салынған 1765 жылы Петропавл деген қала да жоқ еді, тек Есілдің қарсы жағында «Крепость св.Петра» деген құрылысы 1771 жылы ғана толық аяқталған шағын қорған ғана болған. Оның мүгедек болған, отставкаға шыққан солдаттары Есілдің жағасындағы кейін Ойқала (орысшасы «подгора») атанған жерге қоныс тепкен. Алайда жыл сайын көктемде өзен тасығанда су астында қала берген соң олар да дөңдегі (орысшасы «гора» дейді) Абылай хан үйінің маңына қоныстанған... Сөйтіп, қала дөңде өсе берген.
Абылайдың Қызылжар қаласына тығыз қатыстылығының тағы бір дәлелі – оған патша өкіметі жыл сайын 200 пұт астық және 300 рубль ұн беріп отырған. 1761-1774 жылдары барлығы 537 пұт астық босатылған. Осының бәрін хан Қызылжар қаласында алып отырған. Бұл туралы Ш.Уәлиханов та жазған.
Міне, осындай деректерге қарап Абылай ханның Қызылжар қаласына тікелей қатыстылығын көріп отырмыз. Ал енді Қазақ даласын колонизациялау құралы ретінде салынған әскери қамал «Петропавлдың» атын өзгертіп халқымыз берген тарихи бейбіт атауды қайтарса немесе ұлы ханымыздың есімін осы қалаға берсе – ол барша қазақстандықтардың ойынан шығар еді.
Самрат Ж. Абылай хан және Қызылжар // Egemen Qazaqstan. – 2022. – 20 маусым.- №115.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |