Негимов, С. Мағжан поэзиясындағы Ұлы Дала рухы / С. Негимов // Егемен Қазақстан. - 2018. - 20 қыркүйек . - Б. 9
Мағжан «Пайғамбар» дейтін өлеңінде:
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар,
Мен келемін, Мен Пайғамбар – Күн ұлы –
деп, көңілі көсем, от рухты «сиқырлы даланың баласы» ғайыптың елшісіндей, ұлы тілектің, асқақ мұраттың, пәк, парасатты ұстанымның, пайымшыл көзқарастың жарығымен, қуатымен нұрланған жанды суреттеулерге жүгініп, жер-дүниені дауылпаз дауысымен дүбірлетеді. «Күншығыста ақ алтын бір сызық бар» дейтін сөйлемінің бір мағынасын былайша түсіндіруге болады.
«Жердің үстінде бірдей қылып екіге бөлген бір сызық бар. Ол сызық күннің жүретін жолын орысша «Экватор» дейді. Бұл бөліктің бір жағына – сол жақ жарты, екіншісі – оң жақ жарты. Жерді картаға түсіргенде, сол жағы жоғары қарайды, оң жағы төмен қарайды. Күннің жүретін жолы қатты: ыстық болады» деп жазады Мәшһүр Жүсіп «Қазақ тарихы және география деректері» дейтін мақаласында. (Мәшһүр Жүсіп. Шығармалары. т.б. Павлодар, 2006. 221-бет).
Негізінде, ұлт жүрегінің символы іспетті Мағжанның көркемдік ойлау жүйесі ассоциациялық байланыстырға, философиялық-психологиялық сипаттарға кемелдігімен өзгешеленеді. Сондықтан да осы бір ақындық лебізінің ішкі мазмұнында бір құпия сыр бардай. Яғни тұтастай түркі руханияты кеңістігінде Мағжан әлемі: магиясы, шеберлік ассоциациясы, сұлулық гармониясы, сан сипатты философиясы, ғажайып стилистикасы, әр дыбысына дейін ұялаған электромагниттік толқындар энергиясы, қазылған қара жолдай ұлы дәстүрі бар. Мемлекетшілдік, түрікшілдік, елшілдік қасиеттері телегей кемел пікірлі заманалық тұлғаның ұлттық-көркемдік санасының, индивидуалдық дамуының биік дәрежесін жігіттік шағында-ақ әйгілейді. Нақты айтқанда, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 22 наурыздағы 7-санында жарияланған «Орал тауы» дейтін өлеңіндегі:
1. Бір күнде сенің иең Түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
2. Ер Түрік ен далаңа көрік еді, Отырса, көшсе, қонса – ерік еді – дейтін сөйлемдердегі «Иең Түрік», «Ер Түрік» ұғымдарының қолданылуы айқын дәлелдейді.
Мағжан поэзиясының стилінде, дүниені тану тәсілінде, болмысты бағалау, саралау мен ұқтыруда айрықша көзқарас, ой, таным бар. Ол – түркінің қаһармандық дәуірі.
Бұл ретте 1915 жылы «Қазақ» газетінің 25 маусымдағы 134-нөмірінде «Есімде... тек таң атсын!» дейтін өлеңінде:
Ол күнді ұмытқам жоқ, әлі есімде,
Таянып келгенінде күн бесінге.
Кең дала ұқсап тұрды қол тимеген,
Керілген кербез сұлу ақ төсіне.
Құйылып тұрды көктен жұмақ нұры,
Құбылып хор даусындай құстар жыры.... деп, қиял, сезім, сұлулық көріністеріне әсерленіп, мейірленіп келеді де:
Сайланып сол мезгілде
шықтық жонға,
Қыранша көз жүгіртіп оң мен солға.
Ақ найза алты құлаш белге байлап,
Айнымас алдаспанды алып қолға – деп, Ұлы Даланың нағыз қожасындай серпіліп, сілкіне дабылдатады.
Мағжан поэзиясында Ұлы Даланың географиясы, байтақ тарихы, қазақтың саф таза салтанатты тілі жарқын көрініс тапқан. Мысалы, 1913 жылы «Қазақстан» газеті шығарған «Ызың» атты жинақта «Өткен күн» өлеңі басылған. Сонда:
Еділ, Жайық, Сырдария
Белгілі жұртқа ескі су.
Тәтті, дәмді, тармақты
Ұзын Ертіс, Жетісу
Осы бес су арасы
Сарыарқа деген жер еді.
....Туып өскен баласын
Айбынды Ер Алаш дер еді.
Бір сөзі мың ділдалық,
Алты Алашқа атақты
Бәрі ақын, сері еді.
Жалпы, Ұлы Даланың дидары («Кешегі қайран қазақтың, Сәулеті мен дәулеті, көз алдыма келеді»), ұлы хандар, ұлы баһадүрлер, ұлы билер, («Қасымның қасқа билігі, Есімнің ескі билігі, Алдында сайрап жатқан соң, Көпті көрген көне би, Қара жолмен желеді. Бір тиын пара алу жоқ, Қисыққа құлақ салу жоқ, Туралық, шындық екеуін, Қаз-қатар ғып же-геді»), ұлы жыршылар, Атымтай жомарттар («Қайыры көп ағайын, Ке-дейде жоқ уайым, Керек болса, бір тайын, Сұраусыз ұстап мінеді») ерекше құштарлықпен кестеленген. Мұнда тарихилық пен деректілік, көркемдік пен сыршылдық бар. Бір айрықша айтарлық нәрсе, «Сарыарқа» ұғымын пайымдауы. Бұл – Тәуелсіздік тұсында қолданысқа енуі қажет.
Мың сырлы, мың әуезді, мың құпиялы Мағжан галактикасының бір сипаты – қазақ даласының, Тұран елінің, Түркістан әлемінің географиясын білгірлікпен сөйлеткені, көсемдікпен көрсеткені.
1. Еркін ырғып шыққам асқар Алтайға,
Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға. («Жер жүзіне...»)
2. Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы,
Бір жағы – Күн, бір жағы – Түн баласы.
Арғы жағы – көк көзді, жын ұясы,
Бергі жағы – Түріктің сар даласы. («Орал»)
Үздік жаратылған хас дарын табиғаттың да, адамзаттың да, періштенің де ішкі нәзік, сиқыр сырлары мен тілін жосылта жеткізумен қатар, тарихшылдығы да, ескі, түркі заманын сөйлетуі де төтенше. Мәселен, Қорқыт ата заманының өзінде 366 алып, 24 би, 32 білгір, дана ел билеуші болған деседі. Бұл орайда:
Асқан Алып – Ата затым сұрасаң,
Асқан Дана – Ана затым сұрасаң – дейді «Тез барам» атты жырында. Я болмаса:
Қыранымын сары сайран даланың,
Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым – дегенінде абызша толғанады.
«Түркістан» атты тарихи-философиялық өлеңі 27 шумақтан тұрады. «Түркістан» өлеңі түркі жұрттарының ұраны және оның қаһармандық дәуірінің рухани төлқұжаты, алтын қоңырауы, ақыл-ой шамшырақтарының, баһадүрлерінің, хандарының, Алаш арыстандарының, билерінің, білімпаздарының көркемдік энциклопедиясы. Мағжан дүниетанымында Әлемнің санада құбылуының өзі, Сананың әлемді қалайша қабылдайтыны күрделі философиялық мәселе. Бір ғажабы – ол солардың нақты өзі-көзі тәрізді. Иә, Мағжанның Түркістаны – «екі дүние есігі», «Ер Түріктің бесігі», «Тәңірі берген несібі». Ақынның ойы да, сөзі де, оттай маздаған, қорғасыннан құйғандай кесек-кесек.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Еріксіз Ер Түрікті еске аларсың,
Көкке асқан Хантәңіріге қарай-қарай.
Соққан желдей, аққан сеңдей Мағжан ойының шынайы қызметкері – әрбір дыбыс, әрбір сөз, әрбір сөйлем жойқын қимыл-әрекетке ие. Мысалы, кеңістікке қатысты «отты желдей», «заулаған», «аспанға өрлей», «көкке асқан» және т.с.с. сөз, тіркесімдер яғни фразеологиялық оралымдар. Задында, ежелгі түріктердің мифологиясында Рух – аспанның үшінші қабатындағы сүт көлінен алынатын. Адам рухының үнемі мұраттарға, биіктерге ұмтылысы оның шығу тегінің аспанға байланысты болуынан. Әрбір ұлт ұйымдасып жатқанда Көктәңірі алтын жарық секілді Жер бетіне бір мезет аялдап, ол ұлтты өз рухының құдіретімен Құтқа бөлеп кетеді екен. (Зия Көкалып. Түрікшілдік негіздері. Алматы, 2000. 116-бет).
Мағжан нені айтса да көркемдік мақсатқа бағындырып, гүлдендіріп, төгілдіріп, нөсерлетіп, түп тамырынан қозғап, қызықты толғайды.
Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,
Түркістан Алты Алашқа болған Кебе.
«Кебе» дегеніміз – Тәңірінің үйі, қағба сөзінің жіңішкеріп өзгерген түрі. Осындай сирек қолданылатын сөздер ұлық ақынның шығармашылық энергиясының арқасында шұғыл тіріледі.
«Ертеде Түркістанды Тұран дескен», «Бұл Тұран ежелден-ақ Алаш жері» деумен Ұлы Даланың географиясына деген Мағжанның көзқарасын тануға болады. «Түркістан» өлеңінде түркінің қаһармандық заманындағы ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең сыр дариясы іспетті. Шыңғысхан және ұлы ханнан тараған Шағатай, Үгедей, Жошы, Төле, Жолбарыс, Сұпытай, Жебе, сондай-ақ Ақсақ Темір, ұлы қолбасшылар Қасым хан, Есім хан, Әз Тәуке хан, Абылай хан, Хан Кене есімдерінің көркемдік қызметі, тарихи-танымдық мәні айрықша. АҚШ-тағы Мичиган университетінің профессоры, Мағжан поэзиясын ағылшын тілінде сөйлеткен Тимур Қожаоғлы «Әлем поэзиясындағы «от» ұғымын Мағжан сияқты күшті әрі әдемі бейнелеген ешбір ақын жоқ!» деп айтады да, Түркістан атауын «1924-1938 жылдары Мағжан Жұмабаев қорықпай «Түркістан» ұлттық қорғаныс күші ретінде өз поэзиясына арқау етті» деп жазады. («Мағжан Жұмабаев – азаттық пен махабаттың отты ақыны» мақаласынан).
Тумысы да, тұлғасы да, тұқымы да затты, отты, қиялын жетіқат аспанға самғатып, аспандағы жұлдыздардан поэзиялық сыр ұғатын сезімпаз, жанартаудай жігерлі, әрі сөздің тамырын дөп басып, көркемдік сұлулығын ғажайып интуициясымен безбендейтін, ойлау, жазу мәдениетіне жетік, мәтіннің жүйелілігін, тұтастығын, байланысын, композициясын оймақтай ғып, жинақы етіп әсерлендіріп бере білген, шырқау рухани кемелдікке көтерілген, лирикалық поэзияның көркемдік шарттарын ғұламалық зердемен қабылдаған Мағжанның «От» дейтін жыры бір мезетте, бір деммен жазылған. Өйткені, мөп-мөлдір, тап-таза келісті он түйдек мөлтілдеген меруерттей боп түскен. Әр түйдегі – 8 жол. Ырғағы да, ұйқасы да келісіммен өрілген. Жырдың қуаты, мазмұны, рухани кеңістігі ересен. Оған:
Жүрегім де, жаным да – от, –
Иманым да, арым да – от – дегені айғақ.
Ғұн заманының қаһармандары хақында:
Заулап, өрлеп аспанға,
Әлпіден әрі асқанда,
Отты Аттила, Баламер
Мен едім – дейді.
Ұлы Даланың тарихындағы сайыпқырандардың кесек іс-әрекеттері ынтықтырады.
Мағжанның көркемдік-философиялық ойлау әлемін зерделегенде Жан мен Тәннің – ұлы Дененің біртұтас әрі жасырын қуат бар екендігіне де мән берген жөн. «Дене – жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болады», «Дене жанға, жан денеге байлаулы, біреуінің біреуінсіз күні жоқ» деп жазады Мағжан. Ақынның осы ойын өрістету, өрбіту – келешектің ісі.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор
Нет комментариев. Ваш будет первым!
![]() |
Добавить комментарий |