Будак, Ф. Мағжан Жұмабаевтың "Алыстағы бауырыма" өлеңіне түрік ақынның жауабы

6 октября 2021 - kamshat

 Алыстан азабымды білген бауырым,    

                                                                                                                                 Жұбатып, көздің жасын сүрткен бауырым.
Отырып өзі жаудың ортасында,
Көңілді мұң - зарыма бөлген бауырым.
Тұмшалып қайғы-мұңға қалдым, бауырым,
Қуарып бәйшешектей солдым, бауырым.
Сен дұшпанды бұрыннан білуші едің,
Мен енді соған куә болдым, бауырым.
Анамыз еді-ау ортақ алтын Алтай,
Ол бір тұлпар болғанда, біз бір-бір тай.
Бауырында ойнақ салып біз жүргенде,
Тап біздей жайнамайтын Күн менен Ай.
Алалы алтын сақа атқан едік,
Тебісіп бір төсекте жатқан едік.
Алтайдай анамыздың ақ сүтін де
Бірге еміп, бірге дәмін татқан едік.
Сылдырап біздер үшін бұлақ ақты,
Шатырлап найзағайлар ойнап жатты.
Даяр боп ұшқан құс пен соққан құйын,
Біз мінген аттар - тұлпар, һәм пырақты.
Бір күні бұл дәуреннің соңы жетіп,
Тәңірдің жазуымен сапар шектік.
Ақ теңіз, Қара теңіз ассақтағы,
Жүректі сол Алтайға тастап кеттік.
Білемін ұшам дедің, ұша алмадың,
Дәрменсіз, көкке қанат қаға алмадың.
Жөн сілтеп, жол көрсетер ешкімің жоқ,
Дұшпанның тырнағынан қаша алмадың.
Саған атқан оқ маған өтіп жатты,
Күнәсіз қанымызды төгіп жатты.
Егерде қан төгілсе мына біздің,
Түбімізге бөліну жетіп жатты.
Мен де аңсаймын кешегі қыр-сайды да,
Күндіз - Күн, түнде - күміс нұрлы Айды да.
Бізді жібек құндаққа орап алып,
Бауырында әлпештеген ана - Алтайды да.
Айырылып бір-бірімізден, отқа түстік,
Тарихтың қазанында қайнап пістік.
Тайсалып қайтпайтұғын жауған оқтан
Жігіттік, батырлықтың антын іштік.
Ұмтылған бостандыққа түрік жаны,
Ауырып көрген емес, бітіп қаны.
Жүректің жалын оты сөнген емес,
Соғып тұр тамырында ата қаны.
Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,
Не таптық шашырағанда шартарапқа?
Барлығын күш-қайраттың жинау керек,
Атадан мирас қалған ұлы Отанда.
2001 ж.
 
Будак, Ф. Мағжан Жұмабаевтың "Алыстағы бауырыма" өлеңіне түрік ақынның жауабы [Мәтін] / Ф. Будак // Maǵjan. – 2020. - №2. - Б. 86
 
 
 
 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий