Самрат, Жақсыбай. "Атыңды "Қызылжар" деп бабам қойған" [Мәтін] : Қызылжар қаласының тарихы / Ж. Самрат // Egemen Qazaqstan. – 2020.- 22 қаңтар.- Б. 6
Есіл өңірі ғана емес, иісі қазақ даласы Петропавлды ежелден Қызылжар деп атап келгенін бәріміз білеміз. Жас күнімізден «Қызылжарға барады», «Қызылжарда оқиды» деген сөздермен санамызға сіңісті болған осы атауды растайтын тарихи құжат та бар. Бірақ сонау патша заманынан қалған қалаға жергілікті халықтың тарихына тікелей қатысты жоқ атау әлі күнге өзгермей келе жатыр.
Қаланы патша әскерінің 1752 жылы салына бастаған «Петропавл» атты қорғанынан өсіп шықты дегенге сенетіндер күні бүгінге дейін көп. Қорғандардың өзі қазақ жерін басып алу мақсатымен салынғаны белгілі. Жергілікті тарихшы В.Черников олар колониалдық басып алушылықтардың құралы ретінде салынып, «начавшееся расхищения казахских земель стоит в одном ряду с подобной полити¬кой ца¬ризма проводившиеся в ХVІІІ-ХІХ вв. в Башкирии и Сибири...» деп пат¬шалықтың отаршылдығын айыптаған.
Осындай мақсаттағы қорғандар қалаға айналуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Қорғаннан қала өсіп шықпайды, оның жанына көп болса шағын елді мекен ұйысуы мүмкін. «Петропавл» қорғаны салынған «Новоишимская» шекаралық белдеуінің бойына 11 қорған, 32 бекініс, 42 маяк тұр¬ғы¬зылған. Петропавл соның біреуі ғана. Бірақ солардың басқа бірде біреуінің төңірегіне қала өсіп шыққан жоқ. Егер қала қорғаннан өсетін болса, басқалар неге қалаға айналмаған?
Тек Қызылжарға салынған қор¬ғанның маңы ғана қалаға айнал¬ды, өйткені бұл жер ежелден қазақ қоныстары болған көп рудың ата¬мекені еді. «Киргизское хозяйство Аꬬмо¬линской области» деген жинақта бұл аймақты ХVІІ ғасырда 117 қазақ ауылы мекен еткені жазылады. (Киргизское хозяйство Акмолинской области»., СпБ.,1910 г., 1 том., 33 стр)
«Қызылжар көп қазаққа арман жерсің,
Талайдан біз секілді қалған жерсің.
Керейде Толыбай сыншы туын тігіп,
Найзасын қанға бояп алған жерсің.
Атыңды «Қызылжар» деп бабам қойған
Қондырып саған қосын көңілі тойған...», - деп Сегіз Сері жырлаған. Ал Толы¬бай сыншының ХVІІ ғасырда өмір сүрген адам екені белгілі. Бер¬тінірек Қызылжар қонысын Аты¬ғай¬дың Дәулетәлі деген байы мекен еткенін Сәбит Мұқанов жазды. «Әулие Петр» (Петропавлдың алғаш¬қы атауы) қор¬ғаны болса тек ХVІІІ ғасырдың екін¬ші жартысында салына бастап, 1770 жылы ғана аяқталған.
Есілдің жағасы суы мол, қалың то¬ғайлы, адамға да, малға да жайлы жер бол-ғандықтан қазақ оны ежелден мекендеген. Қалың өскен орманы патша әскері қорған салу үшін отағанға дейін қыста малға пана, мол қорық болған. Бірнеше ауылдар қатарласа қыстаулар салғандықтан, «Қызыл жардың» етегі «Ен қыстау» деп аталған.
Патша шенеуніктері қорған салып жатқанда Абылай хан да өзіне осы жерден ағаштан қыстық үй салғызғанын білеміз. Оның құрылысы 1762 жылы басталған. Кейін ол үй өртеніп кетіп, орнына «посольский дом» салынған. Артынан лазарет ретінде де пайдаланылғанымен, халық арасында «Абылайдың ақ үйі» деген атаумен танылған. Қазір қалпына келтірілген үй музейге айналып, халыққа қызмет етіп тұр. «Россия и казах¬ские ханства в ХVІ-ХVІІІ в.в» деген жинақта академик В.Басин: «для него (Абылайға – Ж.С.) был пос¬т¬роен деревянный дом близ реки Иши¬ма в горах Енгистау» деп жазған еді.
Петропавлдың тарихын ұзақ жылдар зерттеген жергілікті өлкетанушы М.Бенюх: «по просьбе Аблая, для пребывания его построен прямо к крепости святого Петра, вверх по реке Ишим, в горах Енгистау 765 г. деревянный дом» деп жазған. Бұдан басқа да деректер жетерлік, соның ішінде осы жерден патшалық Абылайға жыл сайын астық беріп отырғаны туралы да мәліметтер бар. Абылайдың өзі 1759 жылы патшаға хат жазып, осы жерде сауда орталығын аштырған. «СКО: Страницы, летописи родного края» деген жинақта осы хаттан мынадай үзінді келтірілген: «...прошу же я и мой народ, чтоб дозволить в крепости Святого Петра киргиз¬цам выменивать муку и крупу». Әри¬не шағын қорғанның ішінде сауда жүр¬гізілмейді, оған үлкен керуендер кіре алмайды. Сондықтан сауда оның төңірегіндегі Қызылжар қонысында болған. Осыған Абылайдың Қытай боғдыханына жазған хатындағы мынадай сөздер дәлел:
Россия халқыменен салһы қылып,
Шартнама қағаз жазып, елші жүріп:
Ортада саудахана салып қойдық,
«Қызылжар» атты қала біз салдырып...
(Г.Муканова., «Центральная Азия через призму отношений России-Казахстана-Китая»., П-павл.,2001 г., 493 стр)
Сауда орталығының маңайына халық кейіннен баспана тұрғыза бастаған. Алыстан келетіндер үшін керуен сарайлар салынған. Қазақ даласы ғана емес, Хиуа, Бұхарадан керуендер, Татарстан мен Башқұртстаннан, Ресейдің орталық қалаларынан тауар тиеген жүкті арбалар көші келген. Солардың біразы жаңа, жайлы қонысқа баспана тұрғызып, қалып қойған. «Петропавл» қорғанындағы әскерден босаған кәрі солдаттар мен мүгедектер де осында үй салып, тұрғындар санын арттыра түскен. Сөйтіп қала өсіп шықты. Оны Қазақ даласы ежелден Қызылжар деп атады, ал патшалықтың ішкі іс қағаздарында «крепость св.Петра» деп жазылды. Ал «Абылайдың ақ үйі» де, саудахана да – бәрі қазіргі Петропавл қала¬сының аумағында.
Мұндағы алғашқы тұрғындар арасында мұсылман халқының өкілдері көп болған. 1785 жылы Орынбор экспедициясын бастап, қазақ даласын алты жыл зерттеген академик Фальк Қызылжар туралы: «...осында тұратын аз ғана казактар мен мүгедектерден басқа халықтың бәрі азиялықтар. Үй саны 172, адам саны 914» деген дерек қалдырған.
Тіпті ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін мұндағы орыс ұлтының үлесі төмен болған. Сол жылдардағы қала басшысы В.Черемисинов қала тарихы туралы мынадай дерек қалдырған: «Вскоре крепость св. Петра сделалось главным пунктом меновой торговли с Хивой, Бухарой, Ташкентом и мало по малу на луговой части берега Ишим село смешанное население из переселившихся бухарцев, ташкентцев и наехавших из внутренних губерн татар, преимущественно из городов Казани, Касимова и среди которых русские составляли только военный отряд» (Л.Кузнецов., «Краткий исторический очерк Петропавловска Акмолинской области»).
Міне, осы дәйектің бәрі Қызылжар¬дың «Петро¬павл» қорғанынан емес, оның төңірегіндегі бейбіт мақсат¬қа қолданылған қоныстардан өсіп шыққан қала екенін көрсетіп тұр. Өкініштісі сол, әлі күнге дейін осынау әсем қаламыз жергілікті атаумен емес, бізді отарлық езгіге түсіру мақсатымен салынған әскери қорған¬ның атымен аталады...
«Бұл жер бос жатқан иесіз мекен болған, соған патша әскерлері қорған салған, қала содан өскен, сондықтан оның қорған атымен аталғаны дұрыс» дейтін біржақты пікірді ұстанушылар да өктемзорлықтарын қояр емес. Рас, Кеңес Одағы жылдарында қала тұрғындарының арасында өзге ұлт¬тардың үлесі артты. Қызылжар Ресей¬ден Орталық Азия мен Сібірге бара¬тын тоғыз жолдың торабында орна¬лас¬қандықтан, оның сырттан келген халқы Кеңес жылдарындағы түр¬лі дүрмектердің әсерімен күрт көбей¬ді. Алдымен құрылысы 1921 жылы басталған Петропавл-Көк¬ше¬тау («ПетроКок») темір-жолын тарту¬ға орталық Ресейден жұмыс¬шы¬лар әкелді. Мағжан осы жолды салу саясатының астарын бірден таны¬¬ған. Сондықтан «Шойын жол» өлеңін¬де ол экономикалық про¬грессті мақ¬тамайды, қаптап келген келім¬сектердің кесірінен «Басқан анау жол жайына, Басылған анау ел жайына» көбірек қайғырады. Әрине ақын теміржолдың экономикалық пайдасы боларын білді, бірақ соның сылтауымен келімсектердің есепсіз үйілгенінен қорықты.
«Кеселді болмай аяғы,
Баяғы байлық – баяғы
Қолында мал бар ма екен?
Болмаса: «Оны ит жеген» деп,
Кемпір, шал, бала, азамат
Станция біткенді аралап,
Көзін сүзіп жүр ме екен?» – дейді ол.
Соғыс жылдарында бірнеше зауыт-фабрика жұмысшыларымен бірге Қазақстанға көшірілді, одан әрі Тың көтеру науқаны жалғасып, Ресейдің түкпір-түкпірінен келіп, осында қалып қойғандардың есебінен жергілікті халықтың үлесі шаһарда 8-9 пайызға дейін төмендеді. Әлбетте, мұндай жағдайда Петропавлды Қызылжар деп атауға ешкім мән бермейтіні де анық еді.
Алайда бір кезде ол Қызылжар деп ресми түрде де аталған... 2008 жылы «Егеменге» жазған «Қызылжар» деп ресми түрде аталған» атты мақа¬ла¬мызда 1925 жылғы 18 шілдеде Пет¬ро¬павл қаласы орталығы болып табы¬¬латын Ақмола губерниялық ат¬қару комитетінің төралқасы қала¬ны «Қызылжар» деп атау туралы шешім шығарғанын жазғанбыз. Оны Қазақ Орталық Атқару комитеті: «Пос¬тановление Акмолинского губисполкома от 18 июля 1925 года о переименовании г.Петропавловска в г.Кзыл-Жар подтвердить и возбудить перед ВЦИК-ом ходатайство об утверждении этого переименования» деген арнайы қаулысымен бекіткен. Осыдан кейін сол кездегі барлық ресми орындар қаланы «Қызылжар» деп атай бастаған. Қазақ, орыс тілдеріндегі газеттер де «Қызылжар» деп жазатын болған. Бірақ... бірақ бұл атауды Мәскеу бекітпеген. Осының өзі түсініксіз еді. Өйткені дінді жоққа шығарып жатқан большевиктер өкіметі неге христиан дінінің апосталдары Петр мен Павелге жабысып қалған. Бекітпеу туралы хатты да ресми түрде жібермей, тек Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігіне ескерткен. Осыған байланысты біз: «осы хаттың өзі жоғарғы өкіметтің жасағаны емес, діншіл бір шенеуніктің өз тарапынан астыртын жібере салған жазбасы сияқты» деп күдік келтірген екенбіз. Өйткені дінге қарсы болып жатқан ресми өкімет дін иелерінің атына жабысып қалмас еді ғой. Оның үстіне сол жылдары басқа қалалардың атау¬ларын (мысалы, Царицынды Сталин¬град, Царское селоны Красное село, т.т.) жаппай өзгертіп жатқан большевиктер Петропавлды да қалдырмас еді.
Бүгінде заман өзгерді. Тәуелсіз Қазақстанда ұлтара¬лық татулықты ту еткен, елдің жарқын бола¬шағына сенетін, мемлекет құраушы ұлттың тарихи-мәдени құндылықтарын құрметтейтін, толерантты жаңа қоғам қалыптасты. Сондықтан қала атауын тарихи атауына өзгерту мәсе¬лесін өңір жұртшылығы да қол¬дай¬ды деп үміттенеміз. Өйткені бұл атау осы өңірде тұрып жатқан азамат-тарымыздың мүддесіне ешқандай нұқсан келтірмейді. Керісінше елдік рухты көтеріп, халықты ұйыстыруға, демографиялық ахуалды жақсартуға соны серпін беруі тиіс.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |