Ысқақов, Ж. Адал азамат еді // Soltústik QAZAQSTAN. – 2020.- 30 saýir.- Б. 7
Көнекөз қарияларымыз уақыттың ұшқыр, жүйрік желдей көз ілеспес жылдамдықпен жүйткитінін айтып отырушы еді. Өмірдің ақиқаты өзгермейді. Шынымен де, уақытты ешкім уысында ұстап тұра алмайды. Өткен күндерге көз салсам, ғұмыр көшіне бірге қадам басқан замандастарымның қатары сиреп қалыпты. Бірақ азаматтық келбетін сақтап, ел-жұртына адал қызмет атқарғандардың есімі ұмытылмайтыны анық. Солардың бірі – Қызылжар жұртшылығы үшін құрметті жанға айналған Қосыл Омаров десем, ешкім де қарсы уәж айта алмасына сенімдімін.
Алаштың асыл перзенттерінің бірі Әлихан Бөкейханов “Ұлтқа қызмет ету – мінезден” деген екен. Елінің жоғын жоқтап, халқының мұңын мұңдау әркімнің қолынан келе бермейді әрі сол жолда отқа да, суға да түсуге екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Біз білетін Қосыл Әбдірахманұлы туған тілі үшін шырылдаған санаулы азаматтардың басын қосқан топтың алдыңғы шебінде жүрді. Әсіресе, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында өңірде қазақ тілінің дамуына атсалысқан орасан еңбегі туралы сәл кейінірек баяндайық. Ең алдымен, оның өмір жолындағы айшықты сәттерге тоқталып өтейік.
Егер көзі тірі болса ардақты азамат биыл тоқсан жастың төріне көтерілер еді. 2012 жылы өмірден озған Қосыл Әбдірахманұлымен таныстығымыз өткен ғасырда басталып, арты достыққа ұласты. Ұмытпасам, 1959 жылы марқұм бұрынғы Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданының “Жамбыл” кеңшарындағы мектепті басқаратын. Мен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. Аталмыш ауданға жолым түсіп, Қосекеңмен таныстым. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдап, жолдамамен ауылға келіп, қаракөздерімізді білім нәрімен сусындатып жүргеніне сол жолы тәнті болған едім. Алдымен ол еңбек жолын Есіл ауданының Николаевка ауылындағы мектептен бастайды. Кейін аудан басшылары оған Жамбыл ауданының беткеұстар кеңшарындағы білім мекемесін басқаруды сеніп тапсырды.
Көпшілік Қосекең деп қадірлеген ардақты азаматтың адамгершілігі, сыпайы мінезі, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуден жалықпайтын қарапайымдылығы кім-кімге де болсын үлгі. Сондықтан да оның қызмет жолында тасы өрге домалады. Преснов аудандық партия комитетінде нұсқаушы, кейін өзі еңбек жолын бастаған “Жамбыл” кеңшарында партия ұйымын басқарды. Осылайша, іскерлік қабілетін шыңдады. Кейін облыстық партия комитетінде нұсқаушы болды. Ол кезде билік екінің біріне сенім арта бермейтін, тәжірибелі, халықтың көңілінен шыға білген азаматтарға ғана таңдау жасайтын. Облыстық атқару комитетінде бөлім басшысының орынбасары, Петропавл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы секілді лауазымды қызметтерді де абыроймен атқарды. Ал 1985 жылдан бастап облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөліміне басшылық етті. Төрт жылдан кейін зейнеткерлікке шыққанымен, үйде қол қусырып отыруды өзіне ар санады. Өйткені, бұл уақытта тіл мәселесі ушығып тұрған болатын. Сондықтан облыстық “Қазақ тілі” қоғамын басқаруға Қосыл Омаров секілді намысшыл азамат керек еді. Сол жылдардан бастап қолына қалам алып, еліміздегі, өңіріміздегі өзекті мәселелер жайында баспасөз беттерінде үзбей жазды. Оның қасиетті Қызылжар өңірінің даңқты перзенттері жайлы мәліметтер жинап, көзі қарақты оқырманға тың зерттеулер ұсынғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қосыл ағамыздың Сегіз сері, Қожаберген жырау, Сары мен Баян батырлар, Шоқан Уәлиханов, сөз зергері Ғабит Мүсірепов, жерлес жазушы Сәбит Мұқанов жайлы жазған мақалалары газеттерде үздіксіз жарияланатын.
Ол кісі әр қазақ – менің жалғызым деп, қиналғанға қол ұшын беруді өзінің азаматтық парызы санайтын. Бір ғана мысал келтірейін, қаланың ортасындағы ескі мешітті қазіргі “Береке” шағынауданына көшірді. Бұл Алла үйі бұрынғы Октябрь мен Карл Маркс көшелерінің қиылысында орналасқан еді. Орталықта құлшылық орны қалмады. Сондықтан оның орнына Қызылжардың қақ төрінен қазіргі қалалық “Нұр” мешіті жамағатқа есігін айқара ашты. Осы игі істің қасында жүргендердің бірі Қосыл Омаров еді. Имандылық ордасына мұнара орнату үшін де ол табанынан тозып, біраз жүгірді. Кейін мешіттің жанынан асхана салдырып, жұртшылық қалыңдық үйі деп атап кеткен ғимаратты жөндеуден өткізуге мұрындық болды. Облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бой көтеруіне де ол кісінің үлесі бар екенін айтып өткім келеді. Сол уақытта бәріміздің де көздегеніміз – алдыңғы толқынның парызына адалдық таныту еді.
Қосекең “ой да көп, уайым да көп, ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең” деген үлкендерден жеткен тәмсілді жиі мысалға келтіретін. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қос азаматтық мәселесі қозғалғанда үнсіз қала алмаған ол: “Елдігімізді ойлайықшы, ағайын, қан төгіссіз қолымыз жеткен тәуелсіздігімізді уыстан шығарып алмайық. Қос азаматтық деген экстремистердің ұранын қалай түсінуге болады”, – деп шырылдағанын қалай ұмытайық? “Қазақ тілінің керегі қанша? Мемлекттік тіл болуға орыс тілі лайық”, – деп өзеурегендерге тойтарыс беру сол уақытта оңай болды деп айта алмаймыз. Жергілікті журналистерді жанына ертіп алып, соттың табалдырығын тоздырған күндері де аз болмады. Облыс орталығындағы орталық көшеге “Достық” атауын берейік деген ұсынысқа қарсы шыққан пиғылы арам, қазақтың өсіп-өркендеуіне қарсы кейбір өзге этнос өкілдерімен соттасып, әділдікке қол жеткізу үшін қаншама тер төкті. Бірақ кейін бұл мәселе оң шешіліп, бұл көше “Қазақстан Конституциясы” деген атауға ие болды. Сонда Қосыл Әбдірахманұлының: “Қазақ тілі” қоғамы ұлтшыл емес. Ол жойылу, құру деңгейіне жетіп қалған ұлттық салт-дәстүрлерімізді, мәдени өркендерімізді, туған тілімізді қорғайды. Ал өз ділін, тілін қорғау ұлтшылдық емес”, – дегені әлі есімде. Оның жергілікті “Soltústik Qazaqstan”, республикалық “Ана тілі” газеттерінде жарық көрген мақалаларының түйіні осы ойға саятын еді. Міне, одан бері де отыз жыл зырғып өтіпті. Бірақ әлі күнге дейін маңызды жиындардың орысша өтіп жатқанын көргенде жүрегім қан жылайды.
Азаттыққа қолымыз жеткеннен кейін Карл Маркс көшесіне қазақтың данышпан ақыны Абайдың, Красноармейский көшесіне атақты ғалым Евней Букетовтің, Коммунистический көшесіне алты Алаштың асылы Мағжан Жұмабаевтың есімдері берілді. Осындай игі істердің қасында зиялы қауымның өкілдері мен “Қазақ тілі” қоғамын басқарған Қосыл Әбдірахманұлы жүрді. Есімдері құрметке лайық қазақтың біртуар перзенттері әлі де аз емес. Бірақ әлі күнге дейін оларға дұрыс құрмет көрсетілмей жатқанын несіне жасырайық.
Ол Ресейдің көршілес жатқан Қорған, Түмен, Омбы облыстарындағы қазақ балалары үшін тіл үйірмесін ашуға көмек беріп, ұлтжанды азаматтарды соңынан ерте білді. Оларға әдістемелік құралдар, оқулықтар, қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды да жеткізіп беретін. Ал қолы босаған сәтте жүрек түкпіріндегі жыр жолдарын қағаз бетіне түсіріп, естеліктер жазатын. Кейін бұл еңбектерін жеке жинақ қылып бастырды.
Мен Қосыл Омаровпен аралас-құралас болдым. Әңгіме-дүкен құрған сәттерде ұрпақ тәрбиесіне алаңдайтынын жиі аңғарушы едім. Қазаққа тән үлкенді сыйлау, кішіпейілділік секілді қасиеттерден айырылып бара жатқанымызды айтатын. Оны қыздарымыздың оң жақта отырып, бала көтеріп жатқаны қынжылтатын. Иә, азамат еңбегіне халық төреші. Билік тізгіндеген қазақ жігіттерінің бәрі бірдей ұлттың ертеңіне алаңдап, тіл жанашыры бола алды деп айта алмаймыз.
Қосекеңнің кір жуып, кіндік кескен жері – Шал ақын ауданының Балуан ауылы. Ана тілінің өгейлік көрмеуі үшін күресіп өткен ардақты азаматтың ғұмыр жолында жауырыны жерге тиген жоқ. Өйткені, ол ар мен намысты әрқашан биік қойды. Зайыбы Мәрияммен алтын асықтай төрт ұл тәрбиелеп, оларға өнегелі әке бола білді. Сондықтан да бүгінгі күні біз оны сағынышпен еске аламыз.
“Келемін бе, білмеймін тоқсан жасқа,
Ол емес, мазалар ой, мені басқа.
Атқарсам ағалық мен борышымды,
Өмірім кетпегені тіпті, босқа”, – деп Қосекең өзі айтып кеткендей, шынымен де ол елін ыстық жүрек жалынымен сүйген адал перзенттің бірі болды.
Жақсылық ЫСҚАҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |