Шалабаев, Қ. Өнердің өршіл тарланы еді

9 марта 2023 - kamshat

Биыл ежелден құт қонып, ырыс да­рыған өңіріміздің сал-серілік дәс­түрін бүгінгі ұрпаққа жеткізген сегіз қырлы өнер иесі әнші, ақын Игібай Әлі­­баевтың туғанына 120 жыл толады.

Игібай Әлібаев 1903 жылы 5 ма­мырда қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Айтуар ауылында дүниеге келген.

Игібай Әлібайұлының өмірі жай­лы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” три­логиясында былайша баян­дай­ды

“… Ендігі аз сөз Әлібаев Игібай туралы. Біздің Қызылжар уезіндегі бес болыс Керейде ән мен күй екі руға ерекше қонған деседі: бірі – Шағалақ, екіншісі – Таз. Бес жүз үйлі Тазда домбыра шертпейтіні, ән сал­майтыны жоқ дейді, қалжыңдайтын адамдар – “Таздың иті де ән салып үреді”, – дейді. Игібайдың руы – Таз. Оның туған әкесі –Тәжібай да, асы­рап алған әкесі – Әлібай да (Тәжі­байдың туған ағасы) ірі әнші болған адамдар. Тәжібай баласы – Рамазан (Игібайдан екі жас үлкен) бармақ біт­кеннің домбырашысы болды. Тәжі­бай да, Әлібай да кедей шаруалы адамдар екен. Бірақ жалшылыққа тұрмай, күндерін сауық-сайранға араласып ән айтумен өт­кізген.

Игібай жасынан домбырашы, әнші болған. Талдырмаштау орта бойлы, аққұба кескінді, қыр мұрын­ды, томпақ қара көзді, қалың бұйра шашты бұл сұлу жігіт, жиырмасын­шы жылдардың алғашқы жартысын­да Қызылжардың педагогикалық техникумын бітірген. Бірақ оқып жүр­генде де, одан кейін біраз жыл мұ­ғалім болғанда да, сабақпен я оқыт­қан баламен шұғылдануынан ойын-тойда өлең айтқан уақыты көп болған.

Отызыншы жылдардың ішінде ол Алматының, Қызылжардың театр­­ларында артист болып (ол жағы күшті емес еді), филармония­ларын­да әнші болып жүрді де, Отан соғы­сында азаматтық борышын өтеп, ая­ғынан мүгедек боп келе мұ­ғалім­дікке қайта орналасты.

Көп жыл бойына жүрген маңы­ның әнмен құлақ құрышын қандыр­ған, кейінгі жастардан талай әнші­лер бұны еліктей, шәкірт бола шық­қан, қыз мінезді Игібайды халық мұ­ғалім­ді­гінен гөрі “әншіміз” деп, шын көңіл­ден қадір-құрмет тұтады. (Сә­бит Мұ­қанов “Өмір мектебі”, Ал­маты, 1977ж. 239-240-бб.).

Игібай Әлібаевтың өмірі жайлы әдебиетіміздің аса көрнекті тұлғаларының бірі Сәбит Мұқановтың жылы лебізін мысалға келтіруіміздегі не­гізгі мақсат – туған өңірімізден шық­қан Игібай сияқты өнерпаз тұлғаны бү­гінгі жастар тереңірек тани, біле түс­се екен деген игі тілек.

Игібай туған Айтуар ауылы біз­дің Амангелді ауылымен көршілес қон­ған (екі ауылдың арасы сегіз-ақ ша­қырым) ежелден ән мен күйдің ор­да­сы болған сауықшыл елді мекен еді.

Айтуар ауылынан кезінде Әлі­бай, Тәжібай, Тәжібайдың Рамаза­ны, Қырғыздың Жәукесі, Сарының Құсайыны, Ақпанның Сексенбайы, Құсайынның Көкені, айтыскер ақын, әнші Игібай Әлібаев, Ахметтің Са­уыт­байы, Қозыбайдың Қожахметі сияқты шебер домбыра жасаушылар шыққан.

Сөз орайы келгенде Игібайдың әншілік өнерін жастайынан бойына сіңірген, есімі бүгіндері елеусіз қал­ған қазақтың аса дарынды әншілерінің бірі Ілияс Шаймерденов ойға ора­лады.

“Ақмола төңірегінің әндерін Ал­матыға бірінші алып келген адам­ның бірі Ілияс Шаймерденов болды. “Қа­ра­кесек”, “Қарғаш”, “Алқоңыр”, “Сен­­тябрь”, “Сарыарқа” сияқты ән­дер­ді жеткізді. Филармонияда әнші бол­ды”, – деп жазған еді Ахмет Жұ­банов “Замана бұлбұлдары” атты халық ақын-әншілері жайындағы зерт­теу еңбегінде. Ілиястың әншілігі жайын­да Ұлы Отан соғысының ар­дагері Қайырбек Сыздықов (екеуі де қазіргі Жамбыл ауданы Айтуар ауы­лының тумалары – Қ.Ш.):

“…Ілиястың бұдан өзге де “Қар­ғам-ау”, “Назқоңыр”, “Ғайни”, Бу­рыл­тай”, “Жанбота”, “Сырымбет”, “Ай­нам­көз”, “Қалдырған” сияқты Сегіз сері, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Мұ­хит әндерін сүйсіне айтқанын талай естіген едім. Ілияс 1941-1945 жыл­да­ры Қазақтың Мемлекеттік фи­лар­мониясын, Қазақтың акаде­мия­лық драма театрын басқарып тұрды. Ол уақытта Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Елубай Өмірза­қов, Роза Бағланова, Әнуарбек Үм­бетбаев, Үрия Тұрдықұлова сияқты саңлақтарымызбен қатар еңбек етіп, өнердің өрлеуіне елеулі үлес қосқан адам еді.

Бір өкініштісі, Ілияс ұзақ жасама­ды. Онымен бірге бойындағы дары­ны да көз жұмды. Саңлақ әншінің бергенінен берері көп еді. Әттең, аяусыз ажал шеңгелін ерте салып, 1959 жылдың 24 қыркүйегінде 43 жасында өмірден озды.

Игібайдың өнер жолындағы шә­кірті Қайырбек Сыздықов “Көк дом­быра” атты естелігінде ұстазы Игі­байдың жастайынан әнге, домбы­раға әуес болғанын айта келе: “Атадан келе жатқан асыл мұра – домбыра сырын жете түсініп, өзінің жүрегін жарып шыққан әсерлі әсем сөздерін өлең қылып, асқақ үнін ән етіп домбыраға қосқан дүлдүл за­мандастарымыздың бірі – Иекең еді. Мен бала кезімде мектепте Иекеңнің алдында отырып сабақ оқып, ер­жеткенде еріп жүріп, өнерін көріп, әнін естідім.

Иекеңнің алпыс жылдан астам ұзақ өнер жолында қолына неше түр­лі, қанша домбыра ұстағанын асыл жары Гауһар апамыз да ұмытып қал­ған көрінеді. Әрине, осы ұзақ өнер жылдарында талай-талай шебер­лердің қолдан жасалған, ие болмаса фабрикада жасалған домбыра­лар­дың әлденеше түрлері Иекеңнің қолынан өткеніне күмән жоқ. Сол көп домбыраның ішінде менің есім­де қалғаны – әкесінің жасап берген көк домбырасы мен өзінің замандас сырласы академик жазушы Сәбит Мұқановтың сыйлаған домбырасы”, – деп еске алады ұстазын.

Әнші Игібай домбыраны сегіз жа­сынан үйреніп, домбыра үніне өз үнін қосып өлең жазып, ән шығар­ған. Игі­бай әнші “Домбыра” атты өле­ңінде:

“… Серігім сегіз жастан сен домбырам,

Құйылған, қолыма алсам, сөз – домбырам

Тал тиек, қысқа мойын, сегіз перне,

Бұлбұлым сан сайыста жыр оздырған.

Небәрі сегіз-ақ қой пернелерің,

Сонда да күй боп жанды кернеп едің.

Жүйткітіп он саусақты қаққанымда,

Өзіңнен төгілген күй сел ме, де­дім, – деп талай жылдар өнер серігі болған домбырасын тебірене еске алады.

Игібай Әлібайұлының әншілік жо­лындағы ұстазы атақты Үкілі Ыбы­рай еді. Игібай Әлібайұлы Қызылжар педтехникумында Үкілі Ыбы­рай­дың Өстемір деген ұлымен бірге оқиды. Бұл жөнінде Игібай ақынның “Әнші даусы” деген өлеңінде:

“Өлеңнің қырын сындырмай,

Елімнің көңілін тындырмай,

Жүрген кезде әуре боп,

Кез келді ақын Ыбырай.

Естігенім болмаса,

Ақынды бұрын көрмеп ем,

Көргендер дейтін “тамаша”.

Әнге біткен көмейі,

Кең сабадай күмпілдеп.

Кете берер кеңейіп,

Көріктей кеуде дүңкілдеп.

Жарасымды үкісі,

Отырушы еді, бұлғаңдап,

Құйқылжытса ырғаңдап.

Ыбырай өрлеп айғайға,

Салғанда күштеп ағаш үй,

Ұқсайтын толқып қалғанға,

“Шалқыма”, “Гакку” жалғас үн.

Әнші еді баласы Өстемір,

Оқудан бос мезгілде,

Үйретуші еді өлең-жыр, – деп ұстазы Ыбырайдың ғажайып әншілік болмысын сүйсіне суреттейді.

Мен Игібай Әлібаевты алғаш рет 1967 жылдың жазында Жамбыл кең­шарының орталығында бір мәжіліс­те көрдім. Сол мәжілісте Игібай Үкілі Ыбырайдың “Шалқыма”, “Қызыл асық”, “Ақан серінің “Жастық”, Бір­жан­ның “Он екі взвод” әндерін орын­дады. Игібай әндерін тыңдап оты­рып Сәбит Мұқановтың Игібайдың әнші­лігі жайындағы мына сөздері есі­ме оралды: “… жүйріктің шабысы қалса да қырыны қалмайды, “сырлы аяқ­тың сыры кетсе де сыны кетпейді” де­гендей, топ көрінсе желпініп қалу салты Игібайдың бойында әлі бар екен. Онысын өткен жылы Шығысты аралағанда көрдік. Біз онда көп жиындарда кездестік. Солардан бір мысал: Алтай тауындағы бір “Шұбар ағаш” дейтін жайлауда ау­данның малдары жатады екен. Сол араға мыңдаған адамдар жинал­ды. Сол арада екі күн, екі түнге созылған мә­жілісте әндерін халық сүйсіне тың­даған Игібайдың аузы жабылмады, даусы сөмбеді десек, асыра айтқан болмаймыз. Шын халықшыл өнер­паз неше жасқа келсе де, білген өне­рімен халқына қызмет етуге жалық­пайды. Игібай да – сондай өнерпаздың бірі”.

Жасы егде тартқан кезде Жам­был ауылында жүздескен әнші Игі­байдың Сәбең сипаттаған өнеріне көзім жетті.

1960-65 жылдары Алматыда оқы­ған жылдарымда талай әнші­лер­­ді, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің небір майталмандарын көріп, туын­дыларын тыңдадым. Солардың ішін­­де Арқа мен Батыс ән мектебінің ірі өкілдері Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтің орны, жөні ерекше еді.

Ұлы Мұхтар Әуезов: “Біздің за­манымыздың Біржаны да, Ақаны да Жү­сіпбек қой! – деп әніне ерекше сүйсіне баға берген дүлдүл әнші Жү­сіпбек Елебеков арқаның ерке наз­ды, сұлу әндерін бірде шырқай шал­қып, бірде үзілдіріп, мың сан иірім, толқындата орындаушы еді-ау!

Жүсіпбек әндерін тыңдағанда бойың балқып, сұлулық әлемінде саяхаттағандай әсер аласың.

Ал Ғарифолла әндерін тыңда­ған­да желпінесің, рухтанасың. Ға­рифолла арқалы әнші еді ғой. Ән айт­қанда делебесі қозып, екі көзі жалт-жұлт етіп, ойнақшып, Қобы­лан­ды­ның Тайбурылындай “ылдидан сал­са төске озып, ертеңнен шапса кеш­ке озған” шаршау, қал­жырауды біл­мейтін, бір әннен екінші әнде даусы үдей түсетін хас жүйрік екеніне қазақ филармониясында өткен жеке концертінде көзіміз жеткен.

Кезінде осы екі дүлдүл әншілермен қатар жүріп ән салған Игібай­дың бұл әншілерден үйренгендері де аз болмаса керек.

Игібай Әлібаев айтыскер ақын ретінде де облыс жұртшылығына кеңінен танылды.

Игібай ақынмен екінші рет 1971 жылы Жамбыл ауданының Жамбыл кеңшарының орталығында жыр жүйрігі Жамбыл Жабаевтың туға­нына 125 жыл толу құрметіне орай өткізілген облыстық ақындар айтысында жүздестім.

Ол кез сонау Сүйінбай, Жам­был­дардан бастау алған айтыстың суы­рыпсалма қасиетінің бәсеңсіп қалған кезі болатын. Әсіресе біздің өңі­рімізде.

Кеңестік кезеңде ақындар айты­сы көбінесе аудан мен аудан айты­сы үрдісінде өтетін. Айтысқа түсетін ақындар алдын ала өзінің қарсылас ақынының ауданының ауылдарын, шаруашылықтарын аралап, кемші­ліктерін сын тезіне салатын. Айтыс­тың өлеңі, мәтіні алдын ала жазы­лып дайындалатын. Мен Солтүстік Қа­зақ­стан облысы ақындары жа­йында айтып отырмын. Қаймағы бұзылма­ған, қалың қазақ шоғырлан­ған Сыр бойы, оңтүстік өңірлерінде суырып салу дәстүрі сақталған еді.

Айтысты синкреттік өнер дейміз ғой. Айтысқа түсетін ақында біршама әншілік, әртістік қабілет болуы керек.

Жамбылдың 125 жылдығына арналған айтыста Игібай Әлібаев сол кездегі Октябрь ауданы атынан, қарсыласы Темірғали ақын Преснов ауданы атынан түсті.

Игібай әнші, әртістік өнерден құралақан емес.

Айтысты Игібай:

– Менің атым Игібай,

Жырға терең, тілге бай.

Тап осылай деп еді,

Ақын ағам Молдабай.

Молдабайдың әніндей,

Әнім асқақ аңқыған.

Үлгі алдым Абайдан,

Жырдан сірә, тарылман.

Суалса да кейде өзен,

Артылмаса сарқылман.

Жаңылмайтын қарқыннан,

Пресновтың ақыны,

Темірғали сенбісің.

Айтысам деп келдің бе?

Сөйлер сөзге кенбісің.

Танысайық жөніңді айт,

Шалшықпысың, селмісің?

Келістіріп айтып бер,

Байлығы қалай еліңнің,

Құнары қалай жеріңнің

Көк теңіздей толқыған.

Өнімі қалай егіннің? – деп “Мол­дабай” әнінің әуенімен екпіндете бастап, атақты Иса ақынның “Жел­дірмесінің” әуенімен:

– Ал, халқым, келді кезің сөз тыңдайтын,

Ән-жырдың күні туды толқындайтын.

Бәсеке, күрес, тартыс менің жаным,

Көзі мол, жырым мұхит сарқыл­майтын, – деп сөз нөсерін төгілтіп, екпіндетіп, айтыстың ажарын ашты, тың­даушыны Игібай ақын әншілігі­мен, әртістік орындаушылық қабіле­ті­мен баурады, айтыс өнеріне ха­лықтың ынтасын, сүйіспеншілігін оят­ты, біздің өңірімізде аяқсырап қал­ған қазақтың айтыс өнерінің қайта жанданып, жаңғыруына өл­шеусіз үлес қосқан Игібай ақынның өнеріне риза болдық.

Сегіз сері, Нияз сері, Біржан сал­дардың сал-серілік дәстүрін жалғас­тырған әнші, ақын, сазгер, сегіз қыр­лы өнер тарланы Игібай Әлібаев 1978 жылы 75 жасында дүниеден озды.

Туғанына биыл 120 жыл тола­тын қазақтың дәстүрлі ән өнерін, айты­сын биік бір белеске көтерген айтулы өнерпаз Игібай Әлібаевтың есімі жерлестерінің жадында.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

еңбек ардагері.


 

 

Шалабаев Қ. Өнердің өршіл тарланы еді  // Soltústik QAZAQSTAN. – 2023. - 18 ақпан. - 5 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий