Шал ақынның шеберлігі
Өтеген Күмісбаев
Шал ақынның шеберлігі
Шал ақын - XVIII ғасыр әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі. Біздің қолымызға жеткен қазынасына қарағанда Шал Құлекеұлы қазақ әдебиетінде Бұқардан кейінгі жарық жұлдыздардын бірі екендігінде шек жоқ. Мұндай халық тұрмысына, тіршілігіне жақын тұрған табиғи төкпе ақындар табиғатта сирек ұшырайтын құбылыс санатына жатады. Өлеңдері ауыздан ауызға, ғасырдан ғасырға тарап кеткен Шалдың шеберлігі хақында қалай айтсақ та, жазсақ та ірі мақтанға сиятын секілді.
Шалдың бірқатар бірқақпай әзіл, айтыстары оның творчествосына ерекше ажар беріп тұрады. Дегенмен, олары көп те емес, оның уақыты жеке ақындар айтысының әлі үрдіс алмаған кезеңмен тұстас келеді. Шақпақтан өздігінше от шықпайды, оны екінші шақпақпен беттестіріп, үйкегенде ғана нәтиже береді. Сондай-ак, Шал кағытпаларының шығуына да белгілі бір ситуация, жағдай әсер етеді. Әйтпесе, ол айтысты арнайы кәсіп етіп қумаған. Себеп, салдардан барып, шығарып отырған дала жыршысына, әдетте, бұл - табиғи нәрсе. Кез келген жерде суырыпсалып кете береді. Хатқа түсіретін - халқы. Шал бір жерде осылай айтқан екен деп, өздері жатқа айтып, әрі қарай тарқатып әкетеді.
Айтысты қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан жанр деп бағаласақ, Шалдың арғы жағында айтыстың кейбір белгілерін ауыз әдебиетінен ұшыратамыз. Жазушы Сәбит Мұқановтың айтуынша, "ескі заманда шыккан айтыстардың туған мезгілін, шығарушысын шамалау қиын, бұлардан ауыздан ауызға көшіп, халық қазынасына айналып кеткен". Сөйтіп, қазақ әдебиетінің ең бір байырғы жанры ескі замандар куәлеріне ұқсайды.
Әйтсе де, Шал шумақтары әлі де болса халық ауыз әдебиетінен кол үзіп кете қоймаған баландау айтыстың аяқ алысын байқатады. Демек, айтыс - дара бөліне бастаған ақын-жыраулардың үлесіне әлі толық айналмаған әдіс. Бұл уақыт әлі импровизацияның күшті кезі еді. Жыр объектісінің де кездейсоқ тұсы. Тұрмыстағы жақсы, жаманға, кедейлікке, жастық, кәрілікке айтылар наздың, өкпенің ұлғая бастаған беті.
Шалдың айтыстарыңда шымшу, ащы әзіл, сатиралық мотив бар. Бірақ олары әлі де болса қоғамдық сарынға көтеріле қоймаған. Кемпір, келіншек, қыз, жігіттердің айналасындағы бірқақпайлары ғана. Солардың өзі юморымен, шыншылдығымен шырайға күлкі жүгіртеді және алдын ала дайындықсыз, табан астында айтып салғандары. Мұнда жеңу, жеңілу мақсат емес, ондықка тиетін оқтай сөзбен отырғызып кету ғана. Егер бұлары болмаса да, Шалдың поәзиядағы биігі төмендемес еді. Қоғамдық сыр-сипатты анықтау оның басты өлеңдерінің үлесіне тиеді.
Жалпы, айтыс жанрының басқа елдер әдебиетінде де болғаны бізге белгілі. Орыстың скоморохы, француздың трубадуры, Орта Азия халықтарының бақсы, шайырлары бұған дәлел бола алады. Бұл - қазақта мықтап сақталған жанр. Осы күнге жетуі, жалғасуы көп жайды аңғартады. Айтыс қазіргі күнде де өз маңызын жойған жоқ. Сонау ерте замандардан бастау алған беделді өнер өз өрісін уақытқа сай кеңіте түсті.
Айтыс туралы М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Жармұхамедов және басқа да әдебиетшілер біраз айтып кетті. Сондыктан бұл жанрдың тарихына, бүге-шігесіне үңіліп жатпай-ақ, негізгі нысанамызға көшкен абзал. Сонымен, Шалда кәдімгі біз түсінетін мағынадағы айтыс болған ба, жоқ па деген мәселелерге жоғарыда бірқыдыру кідіріп өттік. Шал пәленмен, түгенмен айтысыпты деген деректер табылуы мүмкін. Егер нағыз айтысқа түсетін болса, Шал талантының және бір өткір қыры айқын ашыла түсер еді.
Шалдың қолда бар сөз қағыстарының өзі тегеурінді, тотықпас сөздерден құралды. Кемпірімен бір-екі сөз алмастыруының өзінде философия бар, өмір қызығын, артта қалған жастық шақты аңсау бар. Ептеп салдау, серілеу боп қалған Шал ендігі жерде кемпірге арқасын сипатқанға да мәз. Кемпірі де шалдың еркелігіне орай іштегі назын сыртқа шығарады. Екеуі де күрсінеді:
Шіркін-ай, дүнияның жалғанын-ай,
Өмірдің қызығының қалғанын-ай,
Арқама колым шіркін, жетпей отыр,
Арқамды сипап жіберші, алғаным-ай, -
деп, Шалдың кәрі қосағына тиісуі де тегін емес. Сөзді сөз, ойды ой түртіп оятады. Кемпірінің жауабы әзір екен. Қолмен ұстатқандай жауабын сақ еткізеді. Шал екі ауызбен қорытып, мазасыз кәрілікке мұң шағып барып бітіреді.
Шалдың қалжыңы да қатты. Бетің бар, жүзің бар демейді. Ойлағанын ойып айтады. Бұл жағынан ол Шотландияның ұлы ақыны Роберт Бернсті еске түсіреді. Әсіресе, Бернстің "Песня о злой жене", "Любовь и бедность", "Финдлей", т.б. өлендері Шал әзілдерімен әдемі үндеседі. Демек, үлкен сөз суреткерінің нақылдарына дейін бүкіл адамзат баласына жақын, ортақ деген ұғым туады.
Шал ақынның бәйбішесінің артынан алған торқалы тойға барайын деп желіккенде, шал әрең тоқтатады. Желіккен тоқал қарттың жастығын есіне түсіреді. О да бір өтіп кеткен дәурен екен-ау дегізеді. Үш-төрт ауыз өлеңмен тойдың тоқалға не беретінін буып, түйіп сездіреді. Көшпелі кедей өмірдің әзіл-қалжыңы қалмағанын байқатады. Күтіп тұрған әрекеттерден сақтандыра сөйлейді.
Есіл өрлеп, жағалай тал шығатын,
Тілімді менің айтқан алшы, қатын.
Қырық темірдің кылауы жиналған жер,
Өзіңе-өзің сенсең, баршы қатын.
Тоқалдың іші алай-түлей күйіп барады.
Қызықтан қалғанда санын соғады.
Тоқтау сөзбен тоқалдың бетін қайтарады. Тоқалда бірдеме болса, жауабын кешіктірмес еді. Мықтағаныңды көрермін деп, теріс қарап жатып алады. Шалдың айтысы да өлеңдеріндей әрі қысқа, әрі нұсқа, алатын да, қосатын жері де жоқ. Бас-аяғын өлшеп тіккендей, артық шөпшаламы кездеспейді.
Шал насыбай атса керек. Насыбай хақында бір тақпақшы жігіт былай депті:
Насыбай ат жанында қасың болса,
Қайырға бірер аяқ асың болса.
Таразыға салғанда төмен тартар,
Тәубәңнан да күнә ісің басым болса.
Сонда Шал:
Насыбай атпағаның жарамайды,
Оны атпасаң қаның бойға тарамайды.
Парыз, уәжіп, сүннәтті тамам қылсаң,
Құдайым насыбайға қарамайды, - дейді.
Шал адам жігітке Алла алдында адал бол, борышыңды өтесең, Құдай насыбай атпағаныңды кешіреді деген ойды тосады. Сұрақ-жауап сынды бір баптан тұратын диалогте де ақын өз кредосынан жаңылмай, жарқын түйінге тіреледі. Бұл тапқырлық та Шал үшін аспаннан түсе қалған жоқ. Ой жемісінің нәтижесі "Шал мен қыздың қағысы" айтыстарының ішіндегі ең бір молырағы, сүбелісі десе болар. Барлығы "арық тоқтыдан" шығады. Шал теріс батасын береді. Байдың бойжеткені іле жауап береді. Дегенмен ертесіне семіз тоқты сойдырып, дұрыс бата алады. Шал қызды мақтайды. Талабын мойындайды. Сөзбен қыздың сұлу портретін жасайды. Саған тең өнерлі жігіт жоқ па дейді. Қызға ақыл, тілек айтады:
Ақын бол, бөгелмейтін тіл мен жағын,
Жазудан тоқтамасын он саусағың.
Артылып алапатың абыройлы,
Күн сайын арта берсін, өнер бағың, -
дейді ілтипат білдіріп. Осы шумақтың екінші жолы Шалдың мұсылманша болса да сауаты болған кісі-ау деген о бастағы ойымызды бекіте түседі.
Әлім жоқ сіздей ермен алысуға,
Сізбенен шамам келмес жарысуға.
Жаңбырдың іріткісіндей біз бір шалшық,
Шалшық қашан теңелген аққан суға, -
деп, қыз да бейнелі тілмен сөйлеп, Шал шабытын шырайландырады. Сөзге ілгек салатын адам болса әрі қарай ашып, тарқатып әкетер шамасы бар. Жөнді пікірге Шал да тоқтайды. Өктемсіп, ділмәрсіп кетпейді. Көкірегінің көзі бар көсем кісі ғана тоқтайтын жерін шамалайды. Сөз майданын ашпайды. Шалды кідірттім деп, қыз да масаттанбайды. Басқаларына қарағанда мұнда тиянақты сюжет, мәнерлі мазмұн бар. Көркемдік қасиеті де кұндылау. Кейінгі қазақ әдебиетіндегі ірі айтыстарға алып келетін соқпақтың төл басы осы сияқты көрінеді.
Шал әсте әйел баласының бойынан - ізеттілік, инабаттылық, сабырлы, сәнді мінез іздеп отырған кісі. Ол образды отбасы ошақ қасына байлап қоймай, көп алдына әкеліп сынатады.
Шал ақынның бастапқы бәйбішесі өлген соң, бір замандасы қонаққа шақырғанда, Шал: "тоқал, тоқал, белбеу әпер" дейді, сонда тоқалдың әперген белбеуі жіп екен. Барған үй иесі: "Ие, Шалеке, бота белбеуің құтты болсын", - дейді. Міне, ақын сол заматта кішкентай детальдан өлең жасай қояды. Үй иесінің аңдаусыз айтыла салған сөзі тоқалдың бейнесін келістіруге әсерін тигізеді. Беліме жіп буындым белбеусізден,
Жігіттер, қатын алма, көргенсізден.
Жігіттер, қатын алсаң көргенсізден,
Ғазиз басың қор болар тергеусізден, -
деп, әрі қарай бәйбішесіне көшіп кетеді. Бозінгенге теңейді. Сөйтіп, екі әйел, екі түрлі мінез береді. Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман әйел жақсы еркекті жер қылады деген ой түйіп тастайды. Бір сусын үстінде екі келінді салыстырып жіберіп, біреуін "ақырған аждаһадай аю келін" десе, екіншісін "Анамыздай болмай ма, мына келін" деп, қызықты картинаны көз алдыңызға елестетеді.
Шал айтса, сөз қағысында біреуді жеңемін деп мақсат тұтпаған. Шындық мінбесінен ғана көрген. Тоқетерін, әділін айтқан, жасқанбаған. Сүйінбай Аронұлының Жамбылға берген батасында: "Ақынның әрбір сөзі қайраған қанжардай қиып түсетін өткір болу керек. Еш уақытта біреуге сатылма, тура бол. "Құдықтан тартқан су сияқты сөзді өз жүрегіңнен ала біл", - дейтін сөздер бар. Сол айтқандай біз кейінгі ұрпағы Шалды шыншылдығы, туралығы үшін бағалаймыз. Қазақтың әдеби айтысының көшбасында тұрған Шал Құлекеұлының поэзиясына ерекше ден қоюымыз да сол себептен болса керек.
Шал поэзиясының сиқыры неде? Қанша көп уақыт өтіп кетсе де, неліктен тот баспай жарқырап жете берген. Қазақстанның кең түкпірлерінен оның олеңдерін жатқа біліп, айтып отырушылар әлі де бар. Олай дейтініміз жақында біздің институтқа келген Қазан қолжазбасынан табылған Шалдың жаңа өлеңдері де Арқада туған ақынның сонау батыс аймақтарға да мәлім болғандығын мәлімдейді. Өзінің тұрғыластарына қарағанда Шалдың бақыты бар дер едім. Себебі, мың каралы жол өлеңнің, қағаз, сызудың жоқ кезінде сақталып жетуі ұрпағы үшін - қуаныш.
Жаңа өлеңдер демекші, біз Шалдың Қазаннан келген шумақтарын бұрынғыларымен салыстырып қарағанымызда, екі арадағы стилдік бірлікті байқадық. Қазан қолжазбасындағы олеңдерінде Шал құдайды ауызына жиірек алады. Бірақ, ол шартты түрде ғана қолданады, дінге мүлдем бас ұрып тұрғаны шамалы. Бетінде иманың, яғни ар-ұятың болса "Құдайың" сол дегенді меңзейді.
Мазмұнына, аяқ алысына қарағанда, бұл Шалдың алпыстан асқанда айтқандары болса керек. "Қарынбайды жер жұтты дүния жиған", "Дүниенің көз жете ме өлшеуіне" деген ірі ғұлама ойға тоқтайды.
Тентекті тентек десең бұтын созар,
Тентекке тентек десең жұртың тозар.
Мақұлменен тентекті салыстырсаң,
Түбінде тентектен де мақұл озар, -
деген қорытындысында ақын біраз нәрсені байқап, басынан өткізгенін басқаға сездіріп отыр. Ғұмырыңды жақсылық істеріңнен тіле, ұрлықпен бойыңа мал сіңірме, өзіңді-озің зорға санама, ағайыннан айрылып шетке кетпе деп, ақын аталық ақылын әулетті сөздермен жеткізеді.
Мұнда да "ұжмақ", "кұран", "намаз" деген создер бар, Шалдың поэтикалық стилінде бұлар тура мағынасында алынбай астарлы қызмет атқарады. Ақынды онша діндар адам емес дейтініміз де сондықтан. Ескі кітаптарды естісе де, оқыса да, өз елегінен өткізген. Өзіндік тұрақты көзқарасы бар. Өлендері соны қуаттайды.
Шалдың автобиографиясынан нақтылы фактілер бізде өзірше жоқтың қасы. Ақыннын өмірбаяны өлендеріне өзгермей түскен. Біз қарттың қандай адам болғанын, нені ойлап, нені аңсағанын, кімдерге разы, кімдерге наразы болғанын жазғандарынан жаңылмай білеміз. Шын шеберлікпен, жүйрік ойдан туған топтамалары топжарған таланттың тегеуірінін танытады. Халык есінде қалған шығарма ешкашан өлмейді.
Шал поэзиясына қол жете бермес қарапайымдылық, жарығы алыстан көрініп тұратын қасиет тән. Одан қалған кейбір фрагмент-үзіктердің өзі тынымсыз соққан жүректің дүрсілін жақындатады. Мәселе ұйқасында, такырыбында емес, керісінше, адуынды шабыттың шырау биікке айналуында болып отыр. Осы заманның өзінде көптеген кітаптары жарық көрген кейбір ақындарды ел ұмыта салады. Ұмыттыратын ақынның өзі, жалыны, жылуы жоқ күлді-көмеш поэзиясы.
Ал, Шалдай шабандозды жүз ақынның жырлары қатар оқылса арасынан айнытпай танып, тауып аламыз. Ойткені, ол қайталанбайды. Ол - біреу-ақ. Шал екеу болса, қызығы болмас та еді. Өнерге дублерлік жүрмейді. Сол жағынан алғанда, әлгі "гениальная простота" деген сөз Шал мұрасына келетін секілді. Осындай қарапайымдылық келесі бір шалдың шығармаларында қайталанса, одан көркем әдебиет ұтыс таппайды. "Жібек бәйіт жасаймын граниттен" деп Рудаки айтпақшы, Шал шаруа тіршілігінде күнде кездесетін қарадүрсін сөздерден алтынның сынықтарын құрастырады.
Егер Бетховен үшін әрбір шу, өрбір қозғалыс музыка мен ритмге айналып отырса, Құлекеұлы үшін арғымақтан бастап, байлауы жоқ шешенге, өнершең жігіттікке, шолақ дүниенің кем-кетігіне дейінгі аралықтың бәрі сайрап тұрған өлең. Ақын солардың бәріне лайықты сөз тауып, озық оймен көмкереді. Кедейлік өмірдің көлеңкелі, мұңлы жақтарын келтіргенде бояуды баттастырмай ашықтау, қанықтау етіп шығарады. Дала перзентінің қоспасыз таза поэзиясы қандай бір болмасын европалық оқушыны таңғалдырарына шек келтіруге болмайды.
Бағасын ажыратып біле білмес адамға Шал шумақтары прозаизм боп көрінуі мүмкін. Үңіле қарағанда, сөзді асықша шиырып, әр қырына ауната білген, дәл мағынасын тапқан талантқа тәнті болмасқа болмайды. Лексикасының, синтаксистік сөз тіркестерінің табиғилығы ақынға мол олжа қосқан. Теңеу, метафоралары, әуезді ұйқасы, аз нәрсемен ен жайды аңғаратындығы, оны Тәттіқара, Көтештерден оқшауландырады, өзіндік үн, ажарымен даралайды.
Сол уақыттағы тіршілік диалектикасы, қарама-қайшы контрасты картиналар, хан мен қараның, малды мен малсыздың айырмашылығы жаксы мен жаманның арасындағы қарама-қайшылықтар Шал поэзиясына әсер еткені сөзсіз. Ақын сарайға тәуелді болған жоқ, нені айтқысы келсе де ешкімнен тартынуды білмейді. Одашыл емес, қара халықтың жыршысы, ақын тенденциялары өмірдің өзінен өрнек алып өрбіді. Таразыдай әділ, жердей салмақты жырларында асып-таспай, тыңдағанның құлақ кұрышын қандырды.
Шал бос сөзді айта салуды мансұқ етпеген. Халық поэзиясының жемісін өз шығармаларының кең тынысты болуына пайдаланған. Шал -философ, дидактик, эстет. Ал философия мен поэзияның байланысы қашаннан берік. Пушкинді, Баратынскийді, Тютчевті оқушы өлмейтін ойлары үшін қастерлейді. Қазақ поэзиясында философияның сыналап енуі осы Шалдардан басталады десек, асыра айтқанға жатпайды. Ойсыз поэзияның өмірі эманда қысқа. Қазақтың философиялық лирикасы Абайға келіп, шырқау шыңын тапты. Онда да Шалдың үлесі бар дей аламыз.
Шал өзін қоршаған дүниеге әрі философтың, әрі ақынның көзімен қарады. "Шындықтың ауылын" іздеуге тырысты. Романтикасының реалистігі басым-тын. Сезімі, ойы, сенімі өлеңінде тұтастық тапты. Әдемі, нәрлі өлеңдерінен айнаға түсіргендей заманның ақ, қара бояуларын айнытпай танимыз.
Ал қазақ тіліндегі бүрыннан бар сөз тіркестерін, теңеулерді ақындық елегінен өткізіп алып, өзіне пайдаланды. Бейнелі, берекелі сөзбен көп жайды аңғарта білді. Шалда XVIII ғасырда ғұмыр кешкен аяулы ақынның поэтикалық портреті бар, биографиясы бар.
Шал тілі шұбалаңқы, айқыш-ұйқыш емес, халық тіліне жақын. Халықтың мақал-мәтелдеріне іргелес тұрған сөздер. Үнділігі, ұйқасы өзара келісім тауып, тыңдаған құлақты да, оқыған көзді де қанықтырып тұрады. Теңеулері тұтас өлеңінің ажарын ашып, мән мағынасын одан сайын айқындай түседі. Сөзінің көпшілігі тыңдаушыға арналған, соның өзінде жазба әдебиеттің белгілері баршылық.
Жігіттер, сақтаныңыз жаман достан,
Досыңның жаманынан артық дұспан.
Белгілі жаудан адам сақтанады,
Тиеді достың оғы қапылыстан, -
деген шумақтағы ойды алғаш рет айтқан Шал екені хақ. Кейінгі замандарда осы сирек олжа қанша өлеңдерде қайталанып кетті десеңізші?! Сүйреткен терідей етіп, қадір-қасиетін кетіреді. Ал Шалда мұндай олжалар көптеп табылады, сөз кестесіндегі келісті суреттер көз қуантады.
Шал поэтикалық сөздің дәмін, тамырын дәл, анық тауып айтады, шабыт диапазонының кеңдігі ақынды айшықты, ажарлы табыска жетелейді. Қазақтың он бір буынды қара өлеңінін құдіретін Абайдан бұрын танытқан қарт шеберлердің бірі - осы, Шал. Шығармаларының дені он бір буынмен жазылған, жеті-сегіз буын арагідік ұшырайды. Әлгі балталаса берілмес берік ұйқас осы Құлекеұлында. "Өйткені, он бір буынды өлең өлшемінде бұрыннан белгілі өлшемге қосымша кіргізу, өзгеріс енгізу арқылы пайда болған кейбір өрнектегідей жасандылық жоқ. Ол - бөлекше, дербес сипаты бар, өзінің бірнеше түрлері, варианттары бар, ырғақтық құрылыс-өрнегі мейлінше ширақ және жатық, соның нәтижесінде аса кең тараған өлшем".
Шалдың поэзиясы он бір буындық өлшемнің мүмкіндігін мол пайдаланған. Және бұл қазақтың эпикалық поэзиясының бірден-бір ұстаған тәсілі ғой. Шал болса, сол халықтық поэзияның қолтығынан шыққан адам. Теңеу, тұспалдауы, метафора, символ секілді т.б. бейнелеу құралдары да соны паш етеді. Шал туындыларында ааба формасының жиі келетінін ескерттік. Редифтік рифмалардың ұшырасатындығын да айта кеткен жөн. Кейде тармақтың аяғы өзара ұйқасады. Бір мысал келтіре кетелік:
Басекем, мал жануар басқа бітер,
Қына шөп секілді ол тасқа бітер.
Үйіңнен ит жаланып шықпайтұғын,
Өзіндей жатып ішер насқа бітер, -
дегенді "басқа", "тасқа", "насқа" сөздері "бітер" етістігімен біте қайнасып, әуезді ұйқас жасаған. Кейде "шөлді біледі", "елді біледі", "жеңуді біледі" деген зат есім мен етістіктің тіркестері өзара ұйқасады да, келісті өрнек құрайды.
Қай тілге тәржімаласа да, өңін жоғалтпас бір ауыз, екі ауыз фәлсафалық тұжырымдарда Шал шешендігі өткірлене береді. Ұтымды ұйқасын былай қойғанда, тапқыр теңеулеріне тәнті боласыз. Ай нұрланар аспанда толған сайын,
Пенделер үміт етер болған сайын.
Ашу - пышақ болғанда, ақыл - таяқ,
Сол таяқ кемімей ме жонған сайын.
Мәнерлі, әсерлі шумақтан ғибадаты кең ой түйесіз. Кәрінің өлімін соққан дауылдың тынғанына теңесе, жастың өлімі сынған бәйтерекпен парапар дейді. Таудың көркі - тас, ердің көркі жас деген баламаларды Шалдан естідік. Кісі мінезіндегі олқы жайларды жіті байқап қалып, өз байламын ұсынады. Өмір тәжірибесін оймақтай сөзбен тізеді. Сабырсыздықтан сақтандырады. "Жігіттің мұрты кебер мақтанарда" десе, оның немен аяқталатынын жазбай танисыз. Бір жолдың өзінде мінез, психологиялық тартыстар бар. Ақын ақылдың көзімен көп нәрсені ашып көрсетеді.
Жігіттің өзім білем дегені
Басына салған ойраны.
Ісін көпке бергені -
Тастан соққан қорғаны.
Өсек басты болады,
Қыздың жасқа толғаны.
Жан шошырлық жаман іс -
Ағайын ала болғаны.
Неден сақтанып, неден аянбау керектігін айнаға түсіргендей айнытпай береді. Қазіргі цивилизацияға да бұл керекті ой. Рухани тәжірибе - көпке ортақ. Ертедегі жыршы, жыраулар алаусыз, алакөз болған көтерлі хандарды осындай сөздермен ауыздықтап, тізгін тарттырғаны белгілі. Енді біз ағайынның ала болғаны демей, мемлекеттер ала көз болмаса деп тілейміз. Сөйтіп, Шал кемеңгерлігінің шекарасын ұлғайта түсеміз.
Ақ пен қараның бітіспес күресінің арасында Шал өзінің творчестволық кредо-темірқазығынан табан тайдырған жоқ. Өзі сезіп білгенін, көргенін, түйгенін айтқаны басқалар үшін рухани азық еді. Қысқалы-ұзынды нақылдарына бірқатар жүк артты. Кейбір шумақтары шешендік сөздердің жүйесіне жақындайды, енді бірқатары кәдімгі ақ өлеңмен айтылғандай әсер етеді. Кейінгі айтушылары, көшірушілері ұйқаска икемдеуі мүмкін. Сосын, кейбір шумақтар Шалдікі болмауы мүмкін. "Көгала көл нар қамыс", "Бұл өлім қайда жоқ", "Күні суық болғасын түні қайтсін" дегендер халықтікі не кейінгі қоспалар сияқты. Ақынның асыл нұсқасын жамап-жасқаушылар, "жөндеушілер" табылып қалады.
Шал белгілі бір зат, құбылыс туралы дәл, анық айта білген. Қаққан қазықтай сөздерін орнынан жылжыту қиын. Жердің салмақты тұсынан ойып алған кен іспеттес. Ешкімге еліктедім де демеген, ұстаздарын да көрсетпейді. Жастығы мен кәрілігінің арасындағы көргендерін бүгінгі ақбас аталарымыз бен әжелерімізге оқып берсек, бастарын шайқап: "Шабаз-ай, қалай тауып айтқан!" - деп күрсінеді. Шалдың құдіреті сонда ғой.
Ол көз алдына аудиториясын, оқушысын елестеткен жоқ, халыққа ғана арнады, біреуге ұнап, әлдекімге ұнамайтынын да елемеді. Көкірек көзіне ғана сенеді. Шалдың юморын ешкім қайталай алмайды. Ол қатты шымши білді. "Бұтын отқа қақтаған кедейдің" көңілінен шықты. "Сонакөз боп жүреді жарлы кісі" деп, малсыздың мұңын жақтады.
Көркемдік ізденістерде, шеберлікте шек болмаса керек. Кейде бір сөз, егер ол орынды қолданылса, контексте бірнеше қызмет атқара алады. Айналып келгенде, Шалдың табынатыны - шұрайлы тілі, қисынды өрнектері. Қай өлеңін алсаңыз да, әйтеуір, оқушысын бейтарап қалдырмайды. Не күледі, не күлдіреді, не күрсінтеді, не сан соққызады, не ойлантады, өз ортасынан ойып алып өзгеге ұсынады, өлеңдеріне кітабилықтың салқыны тимеген таза ақын. Әдеби штамптардан бұрын туғаны аян. Рас, кейде өзін-өзі қайталайды, өйткені мотив, ситуация қайталанады. Сезім аз қатысуы мүмкін, ойдан кенде болған жоқ. Теңеу, метафораларының арасында заңды байланыс бар, фрагменттік мінез кездеспейді.
Ақиқат пен адам арасындағы көзге көріне бермес ара-қатынастарды ақын поэзиялық қартинаға түсіре білді. Әйел неше түрге бөлінеді, пенде неліктен қартаяды, біреудің қақын біреу неге жейді, жігіттің міндет, мұраты немен басталып, немен аяқталмақ, адам дүниеден не тілейді, -міне, осы сауалдардың баршасына Шал шындық мінбесінде тұрып жауап жолдады. Өйткені, оның табиғаты, жаратылысы суреткер-тұғын.
Шал поэзиясында философ боп көрінгісі келмегені белгілі, ол Шал боп қана көрінеді. Егер бұл оның кемшілігі болса, ол сол уақытқа, XVIII ғасыр поэзиясына тән кемшілік деп қарау керек. Егер Жуковский, Державин болмаса, Пушкин туар ма еді, сондай-ақ, Шалкиіз, Бұқар, Көтеш, Шал болмаса, Абайдың да Абай болмағы екіталай нәрсе еді. Поэзияға әрқайсысының алып келген өз жолдары бар. Сондай жолдың бірі Шалдан бастап, Абайға келіп тірелген еді.
Күмісбаев Ө. Шал ақынның шеберлігі // Мағжан.- 2015.- № 3. - 80 – 89 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |