Халыққа жақын қаламгер

6 февраля 2024 - Administrator

Өз кезінде тәп-тәуір бағаланса да, уақыт оза келе, көзден кеткеннен кейін де көңілден кетіп, аса еленбей қалған жазушылардың бірі – Зейнел-Ғаби Иманбаев. Бұл қаламгердің шығармаларын мектепте жүргенде, яғни өткен ғасырдың 60-70 жылдары қызыға оқыған балалардың қатарынан өзім де табылатын едім. Ол кісінің әр алуан тақырыпқа жазған шығармалары сол замандағы жас оқырмандарды бір шуақты әсерлерге жетелейтін.
Сөйтсек, әдебиеттің білімпаздары да бұл қаламгерге әр жылдары оң бағасын беріп отырыпты. Мәселен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Зейнолла Қабдолов: «Зейнел-Ғаби Иманбаевтың тілі жапжатық. Ара-тұра оңайлыққа ұрынып, тым келеңсіз көріністерді суреттейтіні болмаса, жинақы да ықшам. ...Зейнел-Ғаби пейзажға қатты көңіл бөледі. Онысы жақсы! Бұл – мәдениетті прозаның белгісі», деп жылы лебізбен тұжырымдаса, қаламгер інісі Ермек Қонарбаев: «Зейнел-Ғаби Иманбаев – ауыл өмірінің суреткері. Оның әңгімелерінен соғыс кезіндегі және одан кейінгі ауыл тынысы, тың және тыңайған жер, ауыл адамдарының сан қилы мінез ерекшеліктері, жіберген қателіктері мен жеткен жетістіктер сияқты толып жатқан моральдық тұрғыдағы сан алуан тақырыпты табу қиын емес. Балалар тақырыбының өзі – бір төбе. Бала тілімен жазатын қаламгерлер саусақпен санап аларлық болса, Зекең осы тақырыптың жілігін шағып, майын ішкен деуге әбден болады», деп кең көсіліпті.
«Біз мектепте Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Бастама» деген кітабын басымызға жастап оқығанымыз әлі есімізде. ...Өйткені өзінің өмірбаяндық жазуы бойынша Зекең бірінші Абайды ұстаз тұтқан. Екінші Чеховты, үшінші Бейімбет Майлинді, төртінші Островскийді ұстаз еткен. Өйткені Абайдай философиялық ой қозғауды Абайдан, қысқа жазуды Чеховтан, табиғи, ұлттық бояуды жағып таби¬ғи, тартымды жазуды Бейімбет Майлиннен және өткір, қажырлы да қайратты жазуды Ос¬тровскийден үйренген», деген екен көрнекті сықақшымыз Көпен Әмірбек.
Биыл туғанына 100 жыл толып отырған қаламгерді еске алу мақсатында жазған бұл қаламгер туралы айтпағымыз осы жоғарыда пікір білдірген әдебиет өкілдерінің ойларын ары қарай дамыту ғана. Есейген шағымда сол кездегі прозалық туындылардың кейбіреуін қайтадан парақтай отырып, жазушы қаламының тартымдылығы неде екенін түсінгендей болдым.
Біріншіден, шығарма жазудағы шеберліктің нышандары. З.Иманбаев өзінің көркемдік ойын кейбір әріптестері тәрізді қалай болса солай тізбектеп, ретсіз төгетін жүйесіз ойлардың иесі емес. Ең алдымен, бұл жазушының әңгіме-хикаяттарының композициялық құрылымында белгілі бір жүйе бар. Оқиғаның басталуы, шарықтау шегі оқырман көкейінде «Қалай аяқталар екен?» деген сұрау туғызып, ары қарай еліктіріп тартып отырады.
Екіншіден, назар аударатын нәрсе – тілдік құрылымы. Жазушы тілі айқын да нақты. Қарапайым жазамын деп қарабайырлыққа да ұрынбайды. Қысқа сөйлемдердің өздерінен өрнекті сөздерді, бейнелеуіш тіркестерді тауып алуға әбден болады.
Үшіншіден, образдары сол шағын шығармалардың өзінде біршама жанр табиғатына лайық тәп-тәуір сомдалғаны көрініп тұрады. Характердің ашылуы, персонаждың ой-арманы, айналадағы қоршаған ортаға деген көзқарасының көрініс табуы реалистік сипатта.
Тақырыптық жағынан алып қарағанда, жазушы шығармалары төрт-бес саланы қамтиды. Солардың ішінде әсіресе көбірек көрініс табатыны – малшылар, шопандар өмірі. Мысалы, малға қатысты екені аттарынан-ақ көрініп тұратын «Кішкене малшы», «Шопанның баласы» тәрізді әңгімелері. Бірінші шығармасында жайылымға Серік атты баласын ертіп келген малшы өз шаруасымен кетіп, баласын қосқа қалдырады. Берген тапсырмалары да нақты.
Жауапкершілік сезімі мол бала әкесінің «Оянғанда ана бұзауды байқай саларсың» деген сөзіне орай дұрыстап дем ала алмайды да. Сөйтіп, далаға шықса, бұзау шешіліп кеткен екен. Бұзау ұстатпай, орманға қарай ұзай түседі. Кейіпкердің осыдан кейінгі бар шаруасы – сол бұзауды қайырып әкеп, қайтадан қостың алдына байлап қою. Бірақ бұл – оңайшылықпен іске асыратын шаруа емес. Баланы алдымен жеткізбеген ол, кейін ұстап алғаннан кейін де дедектете сүйреп, айдағанға тіпті көне қой¬майды. Екеуі тартысып жүріп, әрең дегенде ит азаппен бұзауды қосқа қалай жеткізгеніндегі өмір суреттері шынайы.
Екінші «Шопанның баласы» әңгімесінде пікірталас өзегіне айналатын нысан – Серікжанның өскенде әкесіндей шопан болғысы келетіні, шешесінің оқу оқып, профессор болғанын қалайтыны. Бала айтқанынан қайтар емес. Күзді күні әкесіне мал бағысқан Серік бір отар қойға ие болады. Ауа райы бұзылғаннан кейін адасып кетер деп қауіптенген әкесі жаяу-жалпылап оны өрістен іздеп таппақ болып әуре. Бұл арада бала образы арқылы оқырмандар көз алдына көлденең тартылатыны – малшылар еңбегінде кездесіп жататын тосын қиындықтар. Серік деген жас кейіпкердің өз ісіне жауапкершілікпен қарауы, малды аман-есен қораға әкелуі оқырманды риза ететіні сөзсіз.
З.Иманбаевтың малшылар өміріне қатысты «Түнгі сапар» әңгімесінің оқиғасы бұл айтылғандардан да күрделі. Осындағы оқиғаға өзек болатын жағдаят – түнгі қой күзетінде жүрген Нұрмаш пен Садық деген екі баланың тапқырлығы мен батылдығы. Көршілес шопанның дамылдап жатқан малына беймезгіл уақытта басқа бір көлденең машинаның келуі, ондағы адамдардың күбірлесіп сөйлесуі балалардың көңіліне күдік ұялатады. Екеуі баспалап келіп қараса, шынында да әлгі келген адамдар нағыз ұрылардың өздері болып шығады. Баланың біреуі оларды бақылап қалады да, екіншісі Садық ауылға барып хабар береді. Бірақ өкінішке қарай, ауылдағы кісілер келгенше ұрылар машинасын толтырып алып, тайып тұрыпты. Оқиғаны қоюлата түсетін – оларды бақылап қалған Нұрмаштың да орнында жоқ болып шығуы. Көңіліне күдік кірген топ дереу амалсыздан машинаның ізіне түсуге әрекет жасайды.
Сөйтсе, қайсар бала Нұрмаш қалай да машинаның нөмірін жұлып алу әрекетімен ұзап кеткен екен. Қолын қанатып, бір жағы ұрылардан тығылып жүріп, ақыры машинаның нөмірімен бірге жерге құлап түседі. Оны есінен танып жатқан жерінен тауып алғандар – артынан келген іздеушілер.
Жалпы, шығармашылығының біраз тақырыбы – аңшылық, аңдар, хайуанаттар, бір сөзбен айтқанда, табиғат ортасы. Мұнда да ол өзге қаламгер әріптестерін қайталамауға тырысып, тақырыпқа бір соны жағынан қалай келуге болатынын іздестіріп отырады. Оның өзі де жазушының ізденімпаздығының, шеберлік жолында шығармашылық өмірінің соңына дейін талмай еңбек ет¬кенінің дәлелі.
Әңгімелерінің басым бөлігі кіші және орта жастағы балаларға арналған. Әлі басынан өтетін ұсақ оқиғалардың өзінен оңы мен солын тани қоймаған балдырғанның бір тұжырым жасауға ықылас танытуы да – жазушы шеберлігінің бір қыры. Мысалы, «Достар» әңгімесінде жас баланың торғай¬ларды ұстағысы келуі, бірақ олармен достаса алмауы және соңында қалай достасқаны суреттеледі. Үлкендердің ақылымен ол торғайларға жем шашады да, сөйтіп, балдырғанның қанаттылармен тіл табысып кету тәсілдерін табуы шағын детальдар арқылы суреттеледі.
Немесе Жабай есімді кішкене баланың («Жабайдың ағасы») далаға шығып, тракторларды қы-зықтауы, сосын «тың игерушілерге гүл сыйлау керек» деген ескертпе есіне түсіп, жақын жердегі тракторға қарай жүгіруі, гүлді ұстаған тракторшының қуанып кетіп, кабинаға отырғызуы бәрі табиғи қалпында. Сөйтсе, отырғызып алған ағайы Татарстаннан болып шығады да, «Сендерге бидай егуге көмектесу үшін келдік» дегенді айтады. Ой дүниесі шектеулі кішкентайдың: «Татарстан – ол қандай ауыл?» деген аңқау сұрағының өзі күлкі келтіретін деңгейде. Артынан осындай бөтен ағамен достасып, өзіне аға етіп алуы бір жағынан қазақтың қонақжайлылығын, кеңпейілділігін көрсетеді. Өйткені үйге ертіп келіп, атасы мен әжесіне таныстырып жүрген де – осы Жабай бала. Жастары есейген сайын балалардың бастарынан өтетін оқиғалар да шиеленісіп, өзінің қызықтылығымен оқырманды тарта береді.
Жазушы шағын жанрдың шебері десек, тіпті де асыра бағалағандық болмас еді. Оның балаларға да, ересектерге де арнаған туындылары сол өзіне тән стильден ауытқымай, айтар ойын түпкілікті идеясын көз алдыңызға көлденең тартуымен бағалы болып келеді.
Балаларға арналған шығармаларының ішінен, әсіресе осындай қасиеттерімен көзге түсетіндері – «Достар», «Зейнұр», «Жабайдың ағасы», «Тракторшы бала», «Қажыкеннің арманы», «Балық жеккен Жұмекен», «Саяхат», «Майлы аяқ», «Ем», «Құпия тапсырма», «Күзетте», «Кездесу», «Аңшының әңгімесі», «Кішкене малшы», «Таңданарлық оқиға», «Әлімнің ұялғаны-ай», «Зайра», «Жез топсалар», «Шопанның баласы», «Түнгі сапар», «Орман тұтқыны» әңгімелері және тағы басқа туындылары.
Қай шығармасын алып қарасақта, кейіпкерлерінің қатары санаулы, көбінесе екі-үш адамнан аса да қоймайды. Сонымен бірге жазушы төменгі жастағы оқушылардың назарына ұсынылатын шығармаларын мазмұнына қарап-ақ, ересек балаларға арналған туындылармен шатастыра алмайсың. Автор әр баланың жасына лайық психологиясымен санасуға аса мұқият.
З.Иманбаевтың шығармашылығының ішінде тағы бір назар аударатыны – мөлтек әңгімелері мен ертегілері және мысалдары. Мұнда да автор кез келген адам аңғара бермейтін штрихтардан астарлы мағыналар тауып алып, оқырманды ойға қалдыруға шебер. Айталық, «Табақ пен елеуіш» мысалында тесілген табақты иелерінің далаға, есік алдына шығарып тастауы, соған бола табақтың «елеуіштің тесіктері көп, бірақ далаға тастамайды. Ал мені жалғыз тесігім үшін лақтырып жіберді» деген наразы күйі оқырманды ойландырып қана қоймай, мұқтаж заттардың өзі тіршілік барысында керексіз болып қалатын сәттерінің де кездесетінін еске салады. Оқиға үстінде әр заттың өзіне тән міндеті мен қасиеті сараланады.
З.Ғ.Иманбаевтың үлкендерге арналған шығармаларының өзінде де оқырманның жасына шектеу қоймайтыны байқалады. Ересектерге қатысты әңгімелерінің балалар үшін де тәрбиелік маңызы аз емес.

Нұрдәулет Ақыш,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми
қызметкері



Ақыш Н. Халыққа жақын қаламгер // Egemen Qazaqstan.- 2024.- 17 қаңтар.
 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий