Тыйым. Әңгіме

17 января 2024 - Administrator

 Төрт жыл бұрын түлеп ұшқан мектебіме мұғалімдік дипломмен оралған кезім. Қүш-қуат мол, білім де жетерлік. Қандай тапсырмаға жексе де жылпылдап тұрамын. Алғашқы айлардың қызығы мен қуанышы әлі басылып болмаған шақ. Өртше қаулаған қалпың, лаулап жана бергің келеді. Тіпті, кейде ол-пұл қағазбен түртініп үйде отырып қалсам, дүниеде осындай тыныштық сәт болатынына таңғалғандайсың.
– Аға, өзің қандай тамаша билейсің, біздің балаларға да үйретсеңші, – дегені ғой.
Осы сөз түрткі болды, директорға өзім ұсыныс жасап, би үйірмесі ұйымдастырылатынын жарияладым. Белгіленген уақытта мектептің кең залы жоғары сынып жеткіншектеріне толып кетті. Мен бір сиқырлы дүниеге бастап апаратындай ішіп-жеп, көздерін менен алмайды.
Әп-сәтте қыздарды бір қатар тізіп қойдым да, оларға қарама-қарсы ер балаларды орналастырдым. Өзім залдың дәл ортасында салбыраған үлкен шоғыр люстраның астына келіп тұрып, кіріспе сөзімді бастадым.
– Би құдіреті вальсте, – деген алғашқы сөзден кейін-ақ би атты ғаламаттың қыры мен сырын біраз жыр еттім.
Мұнан соң биге шақыру тәртібін көрсеттім:
– Әрине, билесең де билейсің, билемесең де билейсің деп білектен шап беріп, дырылдата жөнелмейсің, – деп бір күлдіріп алдым.
Осы кезде:
– Мұғалім, тезірек биге кірісейік те, әйтпесе интернатта отбой боп қалады, – деді біреу.
Сыңғырлаған дауыс шыққан жаққа қарасам, оныншы класта оқитын Мәнсия екен. Тайсалмай қарайды. Екі көзі жайнаған шоқтай. Қынама бел, ұзын етекті, делбегей, гүлді көйлек киген екен. Мектепте күнделікті киетін формалы қоңыр көйлекпен келген басқа қыздардың ортасында мынау келіс ерекше.
“Отбой боп қаладының” әсері ме, әлде Мәнсиянің шапшаң тілегі ме, әйтеуір вальс үйренуді лезде бастап кеттік. Мұндай жаңалыққа, би атты әсемдікке ынтызар бала көңіл құдіретті күш емес пе, ә дегеннен-ақ бидің өзіндік тәртібі, жүйесі бар жүрістеріне құлшына кірісті. Біріне-бірі көрсетеді, бірін-бірі түзетеді. Кей жерлерін менен келіп анықтайды.
Топ баланың ішінен маған Мәнсиянің аяқ алысы, икемі өзгешелеу көріне берді. Жәй жүргенде де аяқты бидегідей қалқыта басады екен. Әлде гүлді көйлегімен көлбеңдеп көзге түсе бере ме, әйтеуір менің көзім де соны тауып ала береді.
Вальстің аттамдары мен дөңгеленісіне біршама жаттығып болды-ау деген кезде, енді музыкамен билейтінімізді хабарладым. “Міне, аяқты былай алу керек”, – деп Мәнсияні ортаға шақырдым да, ұзын залды бойлай дөңгеленіп кеттік. Сүйрік саусақтарын қайқитып, алақанын қымсынбастан-ақ менің алақаныма сәндеп жатқызды, тартыншақтамай, денесін еркін, кісіге жақын ұстайды.
– Өзің үйреніп қалыпсың ғой, – дедім.
– Биыл жазда қалада туыстарыма барғанда, паркте көргенім бар, – деді ол жымиып.
Осылай залды бір айналып, енді ерікті балалардың өзіне бердім. Музыка шалқып, залды кернеп тұр. Екеу-екеу теңселген бишілерге қарап тұрып, студенттік шақ еске түседі. Албырт көңіл қалау еткен қызбен алғаш танысқан кеш… Ол анадай жерде сұлық қана отырды. Қымсына басып мен бардым. Биге шақырдым. Екі бетіне қан ойнап шыға келді де, маған жалт қарады. Сөйтіп таныстық басталды. Сол жолы би жеңгетайлық жасап, дәнекер болып еді-ау… “Би білмесем, бұл дүние қызығынан мақрұм қалған екенмін-ау”, – деп ойлап едім сонда…
– Мұғалім, балалар тағы бір көрсетіп жіберсе дейді.
Әлгі бір елестен селт етіп залға қарасам, қарсы алдымда екі беті алаулап Мәнсия тұр. Сіріңкені жағып жіберсе, тұтанып кетердей. Ләм деместен билей жөнелдік.
– Сізбен билеген сондай жеңіл. Әдемі ырғаласыз, – дейді ол.
– Жаттыққан соң бәрің де солай билейтін боласыңдар, – деймін мен.
– Біздің балалар доғал. Аяғымды жаныштап бітті, – деп Мәнсия майыса күледі.
Күлгенде көзі, тіпті, от шаша жайнап кетеді екен.
Билеп жүрміз. Залды бір дөңгелеп өтіп, екінші айналымға кетіп қалыппыз. Балалар өзара күбір-күбір, екеуара, үшеуара сөзге кіріскен. Көздерімен бізді нұсқайды. “Біздің аяқ алысымызды аңдап би ырғағын іштей жаттап тұрғандары ғой”, – деп ойлаймын. Балалардың көзқарастары өзгеше ұғымды аңғартып тұр-ау дейді көлденең бір түйсік. Әйтсе де оған мән беруге ықылас жоқ. Би әуені мен балғын Мәнсиянің әдемі де нәзік қозғалыстары тәнті етіп алған.
Қанша дегенмен, мұның да шегі бар. Келесі кезек тағы балалардың өзіне берілді. Шеткерірек барып, қарап тұрмын. Байқаймын, өзімен кластас бір баламен билеп жүрген Мәнсиянің серіктесімен жөні келетін емес. Әрі аттап, бері аттап, тоқтай қалады да, ол жалғыз өзі шыр көбелек айналып, би тактыларын көрсетеді. Сөйтеді де, әлгі баланың аш белінен ұстай алып, биге икемдеп, қайта сүйрей жөнеледі. Бірақ Мәнсиянің құлшынған ниеті мен құлпырған келбетіне балаң жігіттің ыңғайы сәйкес емес. Ырғалып кетудің орнына кібіртіктеп, бір қалыпты дөңгелене жөнелудің орнына аттап-бұттап, аяқ алысынан жаңыла береді. Ақыры Мәнсия қолды бір сілтеп, серігін ортада қалдырған күйі шетке шыға келді. Өкпелеген жас баладай бұртиып алған. Жалт етіп маған бір қарады да төмен тұқырды.
Бұл екі арада біраз уақыт өтіп кетіпті. Баурап алған музыка бойыңды бір балқытса, өз құрсауынан жуыр маңда босата қояр ма? Сонда да бүгінгі сабақты тамамдау керек. Осыны ескертіп, қоштасар алдында тағы бір пысықтамақ ниетпен би дегенге басқалардан гөрі ұғымтал көрініп қалған Мәнсияға қарай беттей бердім. Сөйткенімше мені:
– Аға! – деген дауыс кілт тоқтатты.
Жалт қарасам, Нәзкен жеңімнен тартып тұр:
– Аға, маған дұрыстап көрсетіп жіберші, – деді басқаларға естірте.
“Қазақ вальсімен” теңселіп, билей жөнелдік. Қарындасыма үйде үйретіп қойғам. Аяқ алысымыз саябырси бастаған бір сәтте:
– Сен неге Мәнсиямен әлсін-әлсін билей бересің? – деп ол құлағыма сыбырлады. – Біртүрлі… оғаш. Сен мұғалім емессің бе!
…“Қырық үйден тыйым”… – дедім өзіме- өзім. Тежеусіз кете беретін лепірме сезім арнасына қайта түскендей. Бұл күнгі би осымен аяқталды…

Ермек ҚОНАРБАЕВ.


Қонарбаев Е. Тыйым. Әңгіме // Soltustik Qazaqstan. – 2018.- 6 желтоқсан. – 8-9 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий