Туған жердің тамыршысы

6 февраля 2024 - Administrator

  Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін киелі Шал ақын ауданынан небір дара тұлғалардың, қазақ әдебиеті қамбасын маржандай шығармалармен толтырған сөз зергерлерінің шыққаны аян. “Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің”, – деп жырлаған алдаспан тұлға Тілеуке Құлекеұлының артына қалдырған мол мұрасы әдебиет әлеміндегі ұл-қыздарға азық боларлықтай.
Аталмыш ауданда туған техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ғылым академиясының акдемигі Евней Бөкетовтің аты елге ғана емес одан тысқары жерлерге де жақсы таныс. Қазақстан Ғылым академиясының академигі Мырзатай Серғалиевтің Жаңажол ауылынан түлеп ұшқанын біреу білсе, біреу білмес. Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Ғалым Малдыбаев, Ахметжан Нұртазин, Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев сынды ақын-жазушылардың кіндік қаны тамған жер. Осы ардақтылардың қатарында 2024 жылдың 2 қаңтарында туғанына 100 жыл толатын жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімі ерекше ілтипатпен аталады.
63 жыл ғұмыр сүрген қаламгердің өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Зейнел-Ғаби Иманбаев туған жерінен бір қадам да жыраққа кетпеген, өскен өлкесінің тамыршысына айналған, ауылының жаршысы бола жүріп, жан дауысын, таңғы шықтай мөлдір шығармаларын тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын оңтүстік Астанамызға жолдай білген жазушы. Алыстағы елеусіздеу елді мекенде жұпыны тірлік кешіп, әдебиет әлемінде еркін сүңгіген оның бұл әрекеті таланты мен дарынының өлшемін танытса керек.
Болашақ жазушы дүниеге келгенде әкесі Иманбай Қаражігітұлы 54 жаста, анасы Әйткүл Жантөреқызы 44 жаста екен. Қаламгер ата-анасының сүт кенжесі болыпты. Үлкен ағасы Базар 1962 жылы 54 жасында дүние салған. Екінші ағасы Назар 1942 жылы Харьков түбіндегі шайқаста қаза табады.
Зейнел-Ғаби Иманбаев 1938-1939 жылдары ауылдағы бастауыш мектепті бітіріп, Баянға оқуға барған. Екі сыныпты бір жылда оқып, жетінші сыныпқа көшіпті. Жетінші сыныпты да үздік бітіреді. Оның көзін көргендер бертінге дейін жасы есейген соң оқығандықтан ба, білімге аса құштар болғанын айтып отыратын. 1941 жылы өкпесі қабынып, ауырып жатып қалған. Ол кезде ауылда дәрігер жоқ. Ұзақ азап шегіп, көктемде ғана басын көтереді. Ауыр науқас әбден жаншып тастағанына қарамастан емтиханға дайындала бастапты. Бірақ тапсыруға халі жоқ еді. Жаз шыға соғыс оты тұтанған.
Ортақкөлден отыздан астам жігіттің майданға аттанғаны белгілі. Жазушының тай-құлындай тебісіп өскен бауыры мен достары соғысқа кеткен.
“Өткен ғасыр. Елуiншi жылдар. Солтүстiк Қазақстан облысы, Сергеев (қазiргі Шал ақын) ауданы, Ортақкөл ауылында тұратын қарапайым жiгiт. Жасы отыздан асқан. Тұрмыс жүдеу. Денсаулық кемшiн. Бiлiм шамалы. Жар қосағы Кәмеш, шиеттей бала-шаға. Баспана – жалғыз бөлме. Кiтапты жата-жастана оқи¬тын жiгiттiң ауыл өмiрiнен жазатын мақала, очерк, әңгiмелерi аудан, облыстан бастап, республикалық басылымдарда жарық көрiп жатады. Оларды зер сала оқып жүретiн облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы алыс ауылға арнайы адам жi¬берiп, өзiне шақыртады. Танысады. Таптырмайтын дәрi-дәрмектер алуға, емделуге жағдай жасайды. Жазу¬шы¬лар одағына мүше болу тұрмақ, әлi бiр кiтабы шық¬паған жiгiттi облыстан iрiктелген ақын-жазушы¬лар¬мен бiрге Алматыда өтетiн жас жазушылардың мәс¬л謬хатына жiбередi. Жәй жiбермей, қалтасына (қосым¬ша) қаржы салып, астанада тұратын Орталық коми¬теттiң бөлiм меңгерушiсi Серiкбай Бейсенбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiреповтермен телефон арқылы жеке-жеке сөйлесiп, әрқайсысына хат жазып бередi”, – деп жазыпты бір естелігінде жазушы Зәкір Асабаев.
Талапкер Алматыдан оралған соң, обкомның сол кездегі хатшысы Ілияс Омаров оның ауылына өз аяғымен әдейiлеп барып, хал-жайымен танысады. Бiр бөлме орнына, төрт бөлмелi үй салдырып бередi. Иә, Ілияс Омаровтың қаламгерге көрсеткен қамқор¬лығында шек жоқ еді. Қолына қалам ұстаған жас талапкерге жол көрсетіп, кітабының жылма-жыл шығуына ағалық қамқорлығын аямаған оның “Жас қаламгер шығыпты, танысайын”, – деп ауылға іздеп келіп, “Жазушының ас бөлмесі, кісі күтетін, жазу жазатын, балалары тынығатын бөлмелері болуы керек”, – деп ағаштан қиғызып, кең сарайдай үй салғызып бергенінің өзі неге тұрады? Жазушы Асқар Лекеровтің де жерлесімізге жасаған жақсылығы, қамқорлығы ұшан-теңіз. Алматыға барған сайын үйіне түсіріп, жинағына редактор болып, жазусызудың қыр-сырын үйреткен де сол кісі. Сол сияқты, жерлес жазушы ағаларымыз Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов пен Сафуан Шәймерденовтердің де қаламгерге жасаған қамқорлықтары ауыз толтырып айтарлықтай екені белгілі. 1974 жылы қаламгер 50-ге толып, аудан басшылары оның отбасына совхоз орта¬лығынан үй береді. Сөйтіп, олар Ортақкөлден орталыққа көшеді. Сонда жаңа қоныстағы көр¬шілері: “Зейнел-Ғабидың бар жинағаны бір машина кітап екен?” – деп күліскен көрінеді.
Зейнел-Ғаби Иманбаев айықпас дертпен арпалыса жүріп он жеті кітап шығарған. 2010 жылы “Қазақпарат” баспасы Байланыс және ақпарат министрлігінің мұрағат комитетінің тапсырысымен Зейнел-Ғаби Иман¬баевтың “Қос қайың” атты 40 баспа табақтан тұратын әңгімелері мен повес¬тер жинағын оқырманға ұсын¬ды. “Дала хикаялары” деп аталатын екі томдығы да оқырманның олжасына айналған. Оның “Сырымбет”, “Арлан”, “Дала көктемі”, “Кішкене малшы”, “Кең аймақ”, “Жас шыбықтар”, “Жирен сақал”, “Солмайтын гүл”, “Нажағайлы түнде”, “Кіреуке мерген”, “Айналайын, адамдар!”, “Қыран түлегі”, “Құстар қайтып оралғанда”, “Ауыл түтіні”, “Қос қайың” сынды кітаптары жарық көрді. Жазушының шығармаларымен жақсы таныс белгілі қаламгер Қажытай Ілиясов кезінде: “Зекең стилист жазу¬шы болатын. Сөйлем құрауда қысқа, нұсқа жазуды кәсіп еткен жан еді. “Бояушы бояушы дегенде сақалын бояпты”, – дегендей, бәз біреулердей көркем сөзді біледі екем деп, орынсыз бояй бермейтін. Өз жазғанына сақ қарайтын жазушы еді. Ол кісі маңайына сыйлы, абыройлы болған екен. Әдемі сырбаз, жай жазушыларға қарағанда түсінігі терең, нәзік дүниенің сырын білетін жан екені жазған шығармаларында айқын байқалатын. Зейнел-Ғаби Иманбаев қай тақырыпқа барсын біліп жазып, шолатын жерінен интеллектуалды адам екені анық байқалады. Адамның кім екенін тек жазға¬нынан ғана емес, істеген ісі мен сөй¬леген сөзі¬нен-ақ білуге болады. Шығарманың өзінен жазып отыр¬ған тақырыпқа деген көзқарасы, дүниетанымы, өзінің ұстамы анық байқалады екен” – деп жазыпты.
Зейнел-Ғаби Иманбаев туындыларының негізгі тақырыбы – ауыл өмірі, қарапайым еңбек адамдары. Жазушы балалар әдебиетінің дамуына да ерекше үлес қосты. Қаламгер балаларға арналған әңгімелерін мөлдірете, қызықтыра, жеңіл бала тілімен, түсінікті ете жазуға шебер еді. Зейнел-Ғаби ағаның қаншама әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Оқулыққа ену үшін әдістемелік немесе ой салатын, академиялық өлшемге келетін шығармалар жазу шеберлікті қажет етеді. Міне, жазушы осы жағдайды ерекше ескеріп, тұшымды дүниелер жаза білген. Өз ауылынан алысқа ұзамай, туған жерге алтын қазық болып қада묬ған, табиғат тылсымын зерттеп, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін шығармаларына арқау еткен қаламгерді Ортақкөл мен Баян ауылдарының тұрғындары туған жердің тамыршысы деп құрметтеуші еді.
Қаламгер қатты науқастанып, төсек тартып жатқанда: “Шы¬рақ, сенiң дертiңдi жазуға медицинаның күшi келмейдi”, – деп кесiп айтқан Шеин дейтiн дәрігер оның тірі қалғанына басын шайқап, таңдайын қаққан көрінеді. Ол жерлесіміздің мұншалық жансебiлдiгiне таңданған сияқты. Менің ойымша жазушы бұл ауруды әдебиетке деген махаббатының арқасында еңсеріп, жеңді.
Қаңтар айының екінші жұлдызында аталып өтілетін қаламгер мерейтойын кітапханалар мен өзге де мәдениет ордалары рухани кеш форматында ұйымдастыруды қош көріп отыр. Одан өзге облыстық мемлекеттік мұрағатта, облыстық тарихи-өлкетану музейінде еске алу кештері өтпек. Оқырманын ойлы шығармаларымен қуатқан қаламгердің есімі туған жері – Шал ақын ауданында да ардақталады.

Сымбат ІЛИЯСОВА,
Шал ақын аудандық
кітапханасының кітапханашысы.



Ілиясова С. Туған жердің тамыршысы // Soltüstik Qazaqstan. – 2024. -30 желтоқсан.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий