Тағылымға толы кездесу

29 мая 2024 - Administrator

  Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында қоғам қайраткері, журналист, жазушы, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовпен кездесу өтті. “Өнегелі өмір” деп аталған іс-шара жазушының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды.
Жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатын осындай жиындарды ұйымдастыру дәстүрге айналған. Біз еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген жандарды мектебімізге қадірлі қонақ ретінде жиі шақырып, тәрбиелік кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Жарасбай Қабдоллаұлымен кездесуді оқушылар асыға күтті. Өйткені қаламгер – ең алдымен, осы мектептің түлегі. Интернат өмірінің қызығын көріп, нанын жеп жетіліп, осы жерден түлеп ұшты, биік белестерді бағындырды. Сондықтан жерлес жазушының өнегелі өмір жолы, айтар әсерлі әңгімесі жас буынға қызықты болары сөзсіз.
Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған Жарасбай Қабдоллаұлы 100 жылдан астам тарихы бар қарашаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетіне басшылық етіп, басылымды жаңа деңгейге көтерді. Ағамыздың бастамасымен қалалық “Qyzyljar nūry” газеті, республикалық “Mağjan” журналы жарық көрді. Облыс атынан Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, өзекті мәселелерді көтерді. Бүгінде ол құрметті еңбек демалысына шықса да, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүр.
Жиын мектебіміздің музыка жетекшісі Күлайым Жанайдарқызының “Туған жер” әнімен басталып, Жарасбай ағаның өмір жолынан сыр шертер бейнероликті тамашалаумен жалғасты. Бұдан соң сөз алған Жарасбай Қабдоллаұлы ыстық ұя – мектебіне келіп, оқушылармен жүздескеніне ризашылығын білдірді. Сыр-сұхбат барысында ұл-қыздар журналист аталарына қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап, аталық ақыл-кеңес алды. Жарасбай аға оқушыларға қай мамандықта болмасын мықты болу үшін ең әуелі терең білім, содан соң сана керектігін тілге тиек етіп, саналы тәрбие мен білім ұштасқанда ғана қоғамға пайдаң тиетінін жеткізді.
Жиын барысында 7-сынып оқушылары Жамантай Ақжол мен Қайрат Әдия мағжантанушы аталарына ақиық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
– Сізді ортамызға алып, сұхбат жүргізіп жатқанымызға қуаныштымыз. Бір сағаттың қалай өткенін білмей қалдық. Біраз нәрсе үйрендік. Біз, қазақ, сіз сияқты тұлғаларға қарап тәрбиеленетін халықпыз. Қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеміз. Арамызда отырған оқушылардың ішінен дара тұлғалар шығуы әбден мүмкін. Оларға сіздің жолыңызды берсін. Өйткені бәріміздің көздегеніміз бір – елімізді көркейту, – деді мектеп директоры Ержанат Бакиров.
Жиынға қатысқан мұғалімдер мен оқушылар Жарасбай Қабдоллаұлының халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығына ие болғанын біліп, құттықтау сөздерін айтты. Жиын соңында қаламгер мектепке өз кітаптарын сыйға тартып, ізін басар оқушылардың өтінішімен естелік суретке түсті.


Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық
дарынды балаларға мамандандырылған
гимназия-интернаты жанындағы
музейдің жетекшісі.



Сейілбеков Н. Тағылымға толы кездесу // Солтүстік Қазақстан.-2024.-21 мамыр.-3 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий