Солтүстік Қазақстанда спорт кешеніне Батыр Баянның есімі берілді
Жуырда М. Жұмабаев атындағы ауданның орталығы Булаево кентінде денешынықтыру және спорт кешені ашылып, оған Батыр Баянның есімі берілді. Елін, жерін сыртқы жаулардан азат етуде асқан батырлығымен көзге түсіп, халқының ерекше құрметіне бөленген оған бұған дейін де ескерткіш орнатылып, көше мен мектепке аты бірілген болатын.
Өкініштісі сол, Мағжанның «Батыр Баян» поэмасында «Көп жаудың албастысы, ел еркесі, Баянның батырлығы алашқа аян. Баянның аруақты құр атынан, Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян» деп, жоғары көркемдік деңгейде суреттелетін «Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен, Аузында көбік болып бұрқырап қан, Оңға-солға алдаспанды сілтегенде, Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан» жаужүрек тұлға жайлы былайғы жұрт жете біле бермейді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерін өскелең ұрпақ зерделеп өссе, тұлабойда шынайы патриотизмнің отын жағар еді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы мағыналы сөздер небір ойларға жетелейді.
Абылай ханның сенімді серігі әрі бас батыры болған ұлтымыздың оғлан перзентінің көзсіз ерліктерін сипаттайтын өлең-жырлар, дастандар аз емес. «Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын, Сары менен Баянды айт Уақтағы» /Тәтіқара жырау/, «...Сары, Баян мен Сағынбай, Қырмап па еді жауыңды, Қуантпап па еді қауымды» /Үмбетей жырау/, «Бір өзі мыңға теңдес ер Баянның, Ойнауда бойында күш, көзінде нұр» /М.Айтбаев/, «Наркескен, өрттей өскен, қайтпас болат, Баянсыз қанатымды қалай жаям?!» /Мағжан/ деген айшықты теңеулерге қарағанда ел қорғаны бола білгенін, есімі жұртшылық жадында өшпестей сақталып қалғанын аңғартса керек.
Шоқан Уәлиханов «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи мағлұматтар» атты зерттеу еңбегінде ержүректілігін, ақылдылығын Абылай ханның жоғары бағалағанына нақты мысалдар келтіреді. «Үш жүздің батырларының ішінен кімдерді бағалайсыз? деген сауалға Абылай хан «байлығымен, батырлығымен ерекшеленген Бәсентиін Малайсары мен ақылдылығымен, батырлығымен, ержүректілігімен дараланған Уақ Баянды бөле-жара атаған» деп жазады. Жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқановтың зерттеуі бойынша Баян Қасаболатұлы 1714 жылы қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аралағаш ауылында туған. Уақтың ішінде Шоғадан тарайды. Әкесі өте шебер зергер болған. Анасы Ажар атақты Сырым шешеннің әкесі Даттың қарындасы, белгілі Шолан батырдың қызы. 14 жасында ағасы Сары батырға еріп, жаугершілік жорықтарға қатыса бастайды. 17 жасында соғыс тәсілдерін меңгеріп, белгілі сардарға (жүзбасы) айналады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлік істерімен көзге түседі. Әйгілі Қабанбай, Малайсары, Олжабай, Жанатай баһадүрлермен бірге Ертіс, Тарбағатай өлкелерін жаудан тазартуға қатысады. Тарбағатай тауының етегінде болған 80 күндік Шорғы шайқасында және Аягөз маңындағы Ақшаулы ұрыстарында ерекше өжеттігімен даңқы шығады.
Ата-баба аруағын ардақтау – елдіктің белгісі. Тәуелсіздік алғалы данышпан хандарымыз, айбынды батырларымыз ұлықталып, көптеген игі шаралар ұйымдастырылып келеді. Батыр Баян туралы алтыншы ұрпағы Зейнолла қажы Олжабаев былай деп сыр шертеді: «Кеңестік идеология қыспағынан әбден үркіп қалғанымыз соншалық, бабамыздың атын атамақ түгіл, еске алуға қаймығатынбыз. Егемендігіміздің, Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай қайта қауыштық. Осыдан үш жыл бұрын Тимирязев ауданы Докучаев ауылы маңында жерленген Уақтың Сары және Сүйір батырларының қорымына еңселі кесене тұрғызылып, бабаларының басына тәу етуге белгілі қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаев арнайы келген болатын. Сол жолы Баян батырдың зираты табылмай жанымды бір өкініш жегідей жеп жүргенін құлаққағыс қылған едім. Ұзын сөздің қысқасы, Мәкеңнің қолдауымен «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай, ғылым докторы Есмұхамбет Смайылов, тағы басқа мың болғыр азаматтар індете іздестіріп, Қарағанды облысы, Шет ауданы Қарабұлақ елді мекені маңайында жерленгенін анықтап берді. Басына барып, зиярат еттік. Көнекөз қариялармен әңгімелескенімізде, ұзындығы 80-90 метр, ені 4-5 метр қорымда бабамыз сарбаздарымен бірге мәңгілік тыныстап жатқаны белгілі болды. Киелі орын ел жадында «Сары-Баян жотасы» ретінде сақталыпты. Зиратына екі найзаны шаншып, қабірінің үстіне тас үйгізіп, белгі қалдырыпты. Үлкендер: «Жотаның үстінде ойнамаңдар. Аруақтарды мазаламаңдар. Мал жаймаңдар», деп тыйым салып отырған.
Осы өңірдің тумасы, айтыскер ақын Самат Мұсабековтің «Есей достың ерлігі» дастанында жауды ойсырата жеңіп, елге келе жатқан кезде дұшпандар у сеуіп кеткен құдықтан су ішіп, мерт болғаны баяндалады. Саматтың баласы Баян әкесінің «апырмау, батырды жоқтаушы ұрпақтары жоқ па?» деген қамыққан жүзін талай көріпті. «Баян батыр» қоғамдық қорының жетекшісі Қайрат Тайкенов кесене тұрғызып, сауапты іс атқарды. 300 жылдығы кеңінен атап өтіліп, Павлодар қаласында еңселі ескерткіші бой көтерді. Енді, міне, игілікті істі М.Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегмановтың тарапынан қолдау тауып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде есімі тағы бір мәрте жаңғыртылды».
Баян – тұтас қазақтың батыры. Ұлан-ғайыр аумақты қорғаған. Қас дұшпаннан ығысуды, шегінуді білмейтін жүрек жұтқан қасиетін Абылай хан ерекше бағалап, бас батырлар қатарына қосқан. Әркез қасына ертіп жүрген. Онсыз жорыққа аттанбаған. Олай болса, есіл ердің есімін ұлықтау туған жерінде ғана шектелмей өзге өңірлерде де патриоттық сезімді көтеретін шаралар ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
М.Жұмабаев атындағы ауданы
Есқали Ө. Солтүстік Қазақстанда спорт кешеніне Батыр Баянның есімі берілді. // Егемен Қазақстан.- 2018.- 19 қараша.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |