Сафуан мен Зейнел-Ғаби

7 февраля 2024 - Administrator

  Жазушылар арасындағы текетірес пен пендешілікті көргенде, өмірден өткен аға жазушылардың өнегелі жолын, өскелең жасқа құрметін, өнер киесіне адалдығын еріксіз еске аласың. Соның бірі – Сафуан мен Зейнел-Ғабидың сыйластығы. Бір өңірдің тумасы болғанынан емес, бір өмірдің, бір арманның жыршылары болғанынан да шығар, қос қаламгер бір құс қанатындай қатар самғады.
З. Иманбаев «Ілиястың бағы» эссесінде Алматыға алғаш барған сәтін есіне алып, теміржол вокзалында кездескенде «Сафуан Шаймерденов бұрынғысынан да биіктеп, мүсіндене түсіп, кәдімгі қала азаматы болыпты!» деп өз жерлесінің тұлға болып қалыптасып жатқанына қуанады. «Жарқырап жатқан асфальт көшемен бір бойшаң адам» өздеріне қарай асығыс келе жатқанда көлеңкесінен «Мынау, өзіміздің Сафуан ғой!» деп бірден таниды. Біраз күн өтіп, Жазушылар одағының пленумына қатысқанда одақтың проза бөлімін басқарса да, Сафуан атамыздың бетегеден биік, жусаннан аласа болған қасиетін жоғалтпай, адамгершіліктің тұғырынан түспегенін көрсетеді.
«Солтүстік Қазақстан» газетінің сарғайған парақтарының бірінен Сафуан Шаймерденовтің жастарға назын оқимыз: – Дағдыда жаңа жазып жүрген жастардың көбі шетел өмірін жазуға көбірек бойсұна береді. Ал осындай бойсұнушылық түбінде үстірттікке, схематизмге соқтырмай қалмайтыны көпке мәлім. Өйткені өзінің жақсы білетін тақырыбын жаза алмаған, өзінің жақсы білетін өмір шындығының ең бастысын талғап ала білмеген жазушы – тек газеттен естіген шетел өмірі туралы ешуақытта да жақсы шығарма жазып, жақсы нәтижеге жете алмайды. Преснов ауданындағы Баян колхозында тұрушы жас жазушы Иманбаев Зейнел-Ғаби, міне, осындай нәрседен, шетел тақырыбына құштарлықтан аулақ. Ол тақырыпты алыстан іздеп әуре болмайды. Өз үйінің төңірегіндегі, өз колхозы мен көрші колхоздың ішіндегі жасалып, жаңғырып жатқан жаңа өмір оның әлі де болса төселіп жете қоймаған қаламының нәрлі де таусылмас азығы. Асылында өз төңірегіндегі күнделікті қарабайыр өмірдің философиялық мәнін түсініп, соның типтік құбылыстарын саралап ала білу – асыл қасиет. Дарынның басы тақырып таңдаудан басталатынына ешкім дауласпаса керек. Сондай үмітті белгілері көрініп қалған Зейнел-Ғабидың бірер әңгімесі «Әдебиет және искусство» журналында да басылды. Жас автордың тым тамаша тіл байлығы да бар. Сөзді екшеп алып, жаңа мәнді, жаңа ұғымды тізбектер жасауға да икемді. Адам образын даралап, әркімнің өзіндік кескін-кейпін жасауға да қабілеті жететіндей. Оның осы «Қыс қыспағында» деген әңгімесінде қатысатын үш-төрт кейіпкердің әрқайсысы сондай өзіндік ерекшеліктермен есте қалады... – деп Зейнел-Ғаби атамыздың шығармашылығына жоғары баға беріп, Иманбаевтың таңғажайып әлемінде не сыр жатқанын айтады.
Ал С. Шаймерденовтің 1986 жылы ­ Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан «әр кезеңнің көркем әдебиетке қояр өз талабы болатынын» ескерген қаламгердің отыз-отыз бес жылдық ізденістері мен ой толғанысының жемісі болған «Әдеби толқын­дар» қазақ әдебиеті жайлы ойлар жинағынан алпысыншы жылдардың бірінші жар­тысындағы шығарма­ларды тілге тиек еткен «Жастар прозасы. Қуаныш пен реніш» үшінші мақаласында әдебиеттің тірегі мен үміті деп аталған он үш жазушының тізімінен Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімі жай аталған жоқ. Осыдан-ақ қамшының сабындай өмір сүрген Зейнел-Ғаби атамыздың өздігімен оқып, ойдың биігіне өрмелеп, тақырып шеңберін ауқымды қыла білген әдебиеттің өз адамы екенін түсінуге болады. Өйткені мақтау сөзге сараң болған Сафуан атамыз қалам мен қағаз ұстағанның бәрін жазушы деп оңайлықпен қабылдай қоймаған. Үміттің ақталғанына көз жеткізгіңіз келсе, Зейнел-Ғабидың шығармашылығымен танысыңыз.
З.Иманбаевтың күнделігін оқысақ, ­Сафуан мен Зейнел-Ғабидың бірін-бірі түсінісіп, сыйласқанына куә боласыз, Алматыға жолы түскен сайын Сафуан ағасымен кездеспей кетпейтінін білесіз. Одақта болса, қабылдауында болып, пікір алмасып, ақыл-кеңесін тыңдайды. Қаламгер бауырының материалдарын қарап, талдап-талқылау мақсатында үйіне шақырғанын естелік қып жазғанының өзінде үлкен мән бар. Жарты ай мәдениет астанасында мейман болып, Бағдат жеңгесінің қолынан дәм татқанын құтқа балап, ағасының қонақжайлығына деген разылығын қағаз бетіне түсіре алған. Аға буын өкілдерінен өз туындысының жақсы шыққанын, өмірлік болатынын есту – жас қаламгер үшін зор баға екенін білсек те, ойы теңізден терең, таудан биік сөйлеген әдебиет майталмандарының жазбаларынан оқудың өзі ерекше әсер береді екен.
Естеліктерден «Сорайған Солтүс­тіктің қарағайы» туған жеріне келген сайын Зейнел-Ғаби бауырының «шығар­машылық тірлігі туралы сұрап, қолынан келген жақсылығын жасауға ықылас білдіргенін» (Бақыт Мұстафин) оқисыз. Екі сөзінің бірі Иманбаев болып, ауылда тұратын жазушының есімі дүние жүзіне әйгілі болатынына сеніп, талантына бас иеді екен. Жазушының қызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева өзінің «Туған жердің тамыршысы немесе әке туралы бір үзік сыр» естелігінде:
– Жылт еткен дарынға қамқорлық керек. Әкем Зейнел-Ғабиға сол кездегі Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы Ілияс Омаровтың көрсеткен қамқорлығында шек жоқ еді. Қолына қалам ұстаған жас талапкерге жол көрсетіп, кітабының жылма-жыл шығуына ағалық қамқорлығын аямаған ағамыздың «жас қаламгер шығыпты, танысайын» деп ауылға іздеп келіп, «жазушының ас бөлмесі, кісі күтетін, жазу жазатын, балалары тынығатын бөлмелері болуы керек» деп ағаштан қиғызып, кең сарайдай үй салғызып бергенінің өзі не тұрады?! Жазушы Асқар Лекеровтің де әкеме жасаған жақсылығы, қамқорлығы ұшан-теңіз. Алматыға келген сайын үйіне түсіріп, жинағына редактор болып, жазу-сызудың қыр-сырын үйреткен де сол кісі. Сол сияқты, жерлес жазушы ағалары­мыз Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов пен Сафуан Шаймерденовтердің әкеме жасаған қамқорлықтары ауыз толтырып айтарлықтай екенін білемін,– деп әкесіне қорған болған бір топ қаламгерге Иманбаевтар әулетінің атынан алғыс білдіреді.
Ұсынып отырған мәліметтерімді Алтын апамыздың өзі құрастырып, әкесінің 95 жылдығына арнап 2019 жылы әдебиетсүйер қауымға ұсынған «Кеңес одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 19 жинақтың авторы, балалар жазушысы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың тағдыр тау­қыметін жеңе білген жазушының өз өмірі жайлы жазған шығармалары мен ол кісі жайлы естеліктер топтастырылған» «Қанатты өмір» жина­ғынан алғанымды айтпай кеткенім жөн болмас.
2022 жылы жарық көрген Сафуан Шаймерденов туралы эссе, өлең, естелік, сұхбаттар жинақталған «Сорайған солтүстіктің қарағайы» кітабының материалдарын дайындап, «Ленин туы» газетінің мұрағатын ақтарғанда 15 сәуір 1992 жылғы санында жазушының 70 жылдығына арналған естеліктердің ішінен З.Ілияұлы деген кісінің «Қызықты кездесу» естелігінде С.Шаймерденов Зейнел-Ғаби бауырының қабірінің басына барып, «Приишим» совхозына (Ортақкөлдің орысша атауы) барғанын баяндай келіп:
– ... жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев тұрған «Приишим» совхозына да келіп қалдық. Ол кісіні жерлеуге қатысқандықтан бұл жерде жолбасшылықты қолыма алып, жазушы үйіне тура өзім алып бардым. Кәмеш жеңгей сыртқа беттеп келе жатыр екен, кері оралды. Сәкең Кәмешке көңіл айтып, бір шай ішіп аттанып кеттік, – деп қысқа да нұсқа мәлімет келтіре кетіп, астарына үңіле білген оқырманға мол ғибрат береді. Қуанышымен бөліспек түгілі, жай ғана сәлемі түзу танысыңыздың қайғысына ортақтасу – адами парызыңыз. Қаралы үйге көңіл айтып, кіріп-шығу – дін жағынан да, салт-дәстүр жағынан да қараңыз, өмірдің еш өзгермейтін заңдылығы. Және де Зейнел-Ғаби Иманбаевтай таланттан айырылу – қазақ әдебиетінің үміті сөніп, тірегінің құлағаны. Қаламгердің қазасы – тек қана отбасы емес, ұлттың қабырғасын қайыстыратын ауыр қайғы. Бәлкім, соны Сафуан атамыз сөзбен емес, іспен дәлелдеген болар.
1986 жылдың соңы мен 1987 жылдың басынан бастап, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарын жаппай жазалау «науқаны» жүргізілгенде өз ұлтының боздақтарын қызғыштай қорғап, биліктен қаймықпай Жұбан Молдағалив пен Сафуан Шаймерденов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Н.Колбиннің кемшілігін бетіне басып, азаматтық позициясын танытып, ерлік қылды. Сол батырлығы үшін Қазақстан Республикасының кез келген азаматы Сафуанның аруағына тағзым етеді. Енді ауыл тұрғыны болса да, руханиятта өшпес із қалдырған Зейнел-Ғаби Иманбаевқа бұрылайық. 2022 жылдың жазында Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы қалаларын аралаудың сәті түсіп, Түркістанға бара жатқан жолда жолсерігім Тараздың бір ақсақалы болды. Жолды қысқарту мақсатында әңгімелестік. Өзі руға бөлінбей, елдің бәрін өзіндей көреді. Маған ұнағаны – шынайылығын сақтап, менен жатсынбай дөрекі сөйлейтіні. «Балалар әдебиетінде мықты жазушы кім?» деген сұрағына жауап қылып көркем шығарма ретінде оқылып қана қоймай, көркем фильм болып әр балапан көрерменнің көңілін жаулаған «Менің атым Қожа» повестін жазып, жадымызда сақталып қалған Бердібек Соқпақбаевты ойланбастан айтқанда ашуланған ақсақал:
– Атаңның басы, әй! Оқымайтының көрініп тұр. Балалар әдебиетінің ең мықты жазушысы – өз жерлесің Зейнел-Ғаби Иманбаев. Қызықты әңгімелерін «Пионер», «Балдырған», басқа да одақ көлеміндегі балалар журналдарынан оқып тұратынмын. «Арлан», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Кішкене малшы» деген еңбектері баланы ойландырмай қоймайтын, патриотизмді дамытатын, еңбекқорлыққа баулыған туындыларын оқысаң, ерекше күйде боласың, – деп айтқанда шалқамнан түстім. Бұл, әрине, әдебиеттің емес, қарапайым оқырманның пікірі. Қызырлы Қызылжардың қарабарқыт топырағын басып жүргеніме ұялып, жол бойы бір қызарып, бір бозарып отырдым. Біз соңғы кезде әдебиет әлеміне жасөспірімдерді тарта алмай келеміз. Бұның себебі – балалар жазушыларын елемей тұрғанымызда. Кез келген адамды Зейнел-Ғаби Иманбаевтың інжу әңгімелерімен қызықтырып, Сафуан Шаймерденовтің меруерт повестерімен шарықтатып әдебиетке жіпсіз-ақ байлап қоюға болар еді. Алайда бар нәрсені ұқсата алмай берекесі қашқан, ырысы кеткен отбасының жаман қатынындай күй кешіп жүргенімізді білсек те, білмегендейміз. Егер өз еліміздің асыл азаматтарын ел болып бағалай алғанымызда рухани әңгіме орын алған сайын бармағымызды тістемей, мәртебеміз көтеріліп, төбеміз көкке жетуші еді.
Тағдырын талқыласаңыз да, жазу үлгілерін сараласаңыз да, бір ойды қозғағанын байқасаңыз да, бәрібір қаламгерлер өмірінен бір айыр­ма­шылықты міндетті түрде табасыз. Өйткені таланттар біріне-бірі ұқсаса, не өмірімен емес, не қолтаңбасымен емес, не істеген ісі және қалдырған ізімен де емес, тек қана оқырманның сұранысын дөп басып, көпшіліктің көңілінен шығып, елдің сүйіктісі болып, халықтың қалауын тауып, алты Алашқа ұнауымен ғана ұқсайды. Сафуан Шаймерденов пен Зейнел-Ғаби Иманбаевтың ұқсастығы – өз ата жұртының ішінде еленбей қалса да, мемлекетіміздің басқа өңірлерінде әр қадамы аңыздай айтылып, әрбір сөзі қанатты сөзден кем түспеген тау тұлға болып көрініп тұрғанында. Зейнел-Ғаби Иманбаевпен Сафуан Шаймерденов жүріп өткен жолдардан санаға тоқығаным осы. Сараптай алғанға тарихтың да берері мол екен. Игілігін құптай білгенде ғана көреміз...

Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері
Солтүстік Қазақстан облысы



Құскенов С. Сафуан мен Зейнел-Ғаби // Ана тілі.- 2023.- 1 маусым. -9 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий