Жұмағали Саин 1912 жылы қазіргі Айыртау ауданының Ағынтай батыр ауылында, дәлірек айтсақ Баян сұлу көлінің жағасында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалған ақын Көкшетаудағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ақын, Ұлы Отан соғысына қатысушы, Украина жерінде ұйымдастырылған айтулы партизан отрядында болды. Петропавл педагогикалық техникумында және ҚазПИ-де оқыған.
1932-1934 жылдары мұғалім, содан кейін облыстық газеттің бөлім меңгерушісі болып істеген. Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасының редакторы, Қазақстан мемлекеттік филармониясының, республикалық халық шығармашылығы үйінің директоры, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары болды. Алғашқы мақалалары 1928 жылдан бастап жарық көре бастады.
Ж. Саинның бірінші өлеңдер жинағы «Бақыт әні», екіншісі «Алтын таң». Ол соғысқа дейін «Балықшы», «Бақыт құшағында», «Күләнда» поэмаларын және басқа да шығармалар жазған.
Жұмағали Саин поэзиясының үлкен бір белесі оның жауынгерлік жырлары. Отан соғысының отты жылдарына арнап жазған «Жорық жырлары» атты жинағы 1944 жылы шықты. Халықтың шешендік толғау үлгілерін шеберлікпен паидалана білуімен ерекшеленетін «Түн қатады партизан» «Ұрыстан кейін», «Айтылмай келген аманат», «Жаралы партизан», «Еске алу», «Е.М. Масловаға», т.б. жырларында жауынгерлердің қаһармандық ерлігі, жауға деген ащы ыза- кегі, Отанға, досқа деген жалынды махаббаты, халықтар достығы сұлу саз, әдемі лирикамен айшықталады. Соғыстан кейін «Алтай» мен «Таңғы салқын» поэмаларын, «Таңдамалы шығармалар», «Таңдамалылар», «Самал» жинақтарын, «Жолда» повесін шығарды. Ақынның көптеген шығармалары орыс, украин, қырғыз, өзбек халықтарының тілдеріне аударылған. М.Ю. Лермонтовтың «Біздің заманның қаһармандары» романын, қырғыздың «Манас» эпосының бірнеше бөлігін және басқа да шығармаларды қазақ тіліне аударды.
Оның есімі Алматы және Көкшетау қалаларының көшелеріне, біздің облыстағы Айыртау ауданының орта мектебіне берілген. Алматыда тұрған үйіне (Фурманов көшесі, 120) мемориалдық тақта орнатылған. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
Жұмағали Саин /Айыртау.- Петропавл, 2009.- Б. 54-55