Сәрсенбай, Қ. Бүкпесіз, білгір Бельгер
МӘДЕНИЕТ ДЕГЕН ОСЫ
Осыдан бес жыл бұрынғы толқу еске түсіп отыр.
Күнделікті жұмыс барысында редакцияға телефон шалынып, хаттар келіп жатады. Ал мына бір тосын хат бізді айрықша баурап алды.
Сәлеметсіздер ме, құрметті редакция!
Сіздерге хат жолдаушы – жазушы Герольд Карлович Бельгердің қызы.
Біз мамам, Раиса Закировна Хисматулина екеуміз, сіздерге шын жүректен алғыс айтқалы отырмыз. Әкеміз өмірден озса да сіздердің газеттеріңіз біздің үйдің әлі күнге «құтты қонағы». Отағасының өмірден өткеніне бір жарым жылға жуық уақыт өтсе де, біз әлі де сіздердің оқырмандарыңызбыз.
Мен Мәскеуде тұрамын. Газетті «оқимын» деп айта алмаймын, себебі қазақ тілін білмеймін. Сонда да болса бәрі түсінікті. Алайда шешем үшін бұл басылым жақсы қолғанат болды. Ол кісіде интернет жоқ. Дейтұрғанмен де, ол сіздердің басылым арқылы еліміздегі жаңалықтарға қанығып отырады.
Мамам газеттердің бір нөмірін де шашау шығармай жинап қояды. Мен Алматыға келгенде оны асықпай парақтаймын, біртүрлі әкемнің демін сезгендей боламын. Мамама көптеген журналистер, көршілер ондағы жарияланымдарды аударып береді. Бұл біздің үйге келетін қазақ тіліндегі жалғыз басылым екенін атап айтқым келеді. Мен көптен бері Алматыда болған жоқ едім. Сіздерге телефон шалып, сөйлесудің сәті түспеді. Содан кейін хат жазуыма тура келді.
Сіздерге тағы да алғыс айтамын!
Бар жақсылықты тілеймін!
Сәттілік, гүлдену тілеймін!
Құрметпен, Ирина Герольдовна Ковалева-Бельгер.
Мәскеу, 6.09.2016.
Хатты оқыған бетте ойланып отырып қалдым. Қазір шын сезіміңнен, ақтарылған көңіл күйіңнен хабар беретін осындай хаттар жазу сиреді ғой. Бір хаттың өзі бір әңгіменің жүгін көтеріп тұратын заман өтіп кеткен екен. Мына хат соны еске салды.
Бәрімізге қадірлі, «нағыз қазақ» Герольд Карловичті сағынғанымызды сезіндік. «Өзіме де обал жоқ, әбден қазақ боп біткенмін» дейтін Герағаны сағынбау мүмкін бе?! Әрине, ол кісінің орны толмайтыны рас, оны қай кезде де байқап жүреміз. Қазақтың айта алмай жүрген сөзін қайран Герағаң айтып салушы еді. Шоқан ескерткішінің алдындағы ойға шомып отыратын сәтін қайтіп ұмытарсың!..
Тіл білмесе де осы елге деген Иринаның құрметі жүрегімізді ұйытып жіберді. Тіпті осынау ілтипатының өзі де сол үшін кешірім сұрап тұрғандай көрінді. Бүгінде үйіне барып тұрған газетті оқымайтын қазақ үшін Иринаның мына тілегі жақсы сабақ болса қанеки!..
Әлгі сіз бен біз кейде парқына жетпей жүретін биік мәдениет деген осы емес пе?!
Бұл хат бізге Герағаңның даусын естірткендей болды. Көзінің тірісіндегі «Алматы ақшамына» деген айрықша құрметін Ирина тағы бір мәрте еске салғандай.
Герағаның әулетіне, Раиса шешейге редакция ұжымы атынан «Алланың разылығына бөленіңіздер» деген тілек айттым.
Иринаның осы бір сағынышқа толы хаты Герағаның күнделіктерін тағы бір мәрте парақтауыма сеп болды.
Күнделікте айтылатынындай, көкеміздің бір минут бос уақыты жоқ. «Жалпы алғанда, қаншама ыңқыл-сыңқылға қарамай, күн сайын төрт сағат жазып, бес-алты сағат оқимын» (14.05.2008) дейді Гераға. Талай жанкешті, еңбекқор, бейнетқор адамды білуші едім, ал енді мынау сұрапыл. Бірер күнде қаншама авторларды оқуды жоспарлау, жыл сайын бірнеше том-том кітаптар шығару, күн сайын күнделік жазу, кездесулерге бару, оның арасында телефонмен тілдесу, кісі қабылдау, оқыған дүниелеріне сол заматында пікір білдіріп отыру – бір кісінің тақиясы түгіл, бірнеше адамның басына тар келетін шаруа ғой. Тіпті қанша Цицерон болсаң-дағы мүмкін еместей. Бірақ, қайтесіз, тағдырдың жазушы маңдайына жазған өмірі осы болса.
Егер әріге бармай-ақ, қазақтың Тәуелсіздік алғаннан бергі қарайғы тарихын жазатын болсаңыз, Бельгерді міндетті түрде оқу керек. Бұл күнделікті оқымай, сіздің жазған тарихыңыз жартыкеш болып шығарына кәмілміз.
«МЕН ӨЗІМДІ ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА АДАМ РЕТІНДЕ СЕЗІНЕМІН»
Күнде күнделік жазбасақ та қайсымызда да анда-санда, көңілдің бір көтеріңкі не бұлыңғыр сәттеріндегі көкейге келген ойды қойын дәптерге түртіп қоятын бір дағды бар ғой. Бұл – меніңше, қолына қалам ұстағандардың көбісін иектеп жүретін машық. Сондай бір кездерде қайдан қаңғып келгенін кім білсін, біз де қойын дәптерге «Көпеннің ойы – күлдіру, Бельгердің ойы – бүлдіру» деп жазып қойыппыз. Әрине, әңгіме жақсы мағынасындағы «күлдіру» мен «бүлдіру» туралы болса керек.
Күнделік не үшін керек, не үшін жазылады? Бұған жауап беру – бір жағы оңай, бір жағы қиын болуы да мүмкін. Оңай дейтінім, бұл қаламгер үшін де, бұл салаға мүлдем қатысы жоқ адам үшін де көңіл күй айнасының, айқайлап айта бермейтін ой-пікір, көзқарастарының көрінісі болар деп ойлаймын. Керек болса, тарихта осы күнделіктермен де қалған белгілі адамдар аз ұшыраспайды. Бір ғана Тургеневтің шығармашылығының жартысы күнделіктерден тұратынын Гера көкеміз бізден гөрі жақсы білген болса керек. Ал, енді осы ойды кейіпкерімізге қарата, қазақ үшін, жалпыәлемдік руханиятқа қосқан үлесі тұрғысынан келіп айтсақ, Г.Бельгердің бүгінге дейін әр тақырыптағы кітаптарын былай қойғанда, ол күнделіктерінің өзімен-ақ тарихта қалған болар еді. Себебі бұл күнделіктер дерек-дәйекке өте бай, тағылымды. Күнделіктің жатқан, тұрғаны, не ішіп, не жегені туралы емес, танымдық тұрғыдан тәнті ететін тұстары көп. Мәселен, кейбір күнделіктерді оқып отырғанда кәсіби дағдыңызға салып түзеп, күзеп, мұртын басып, не болмаса ойнатып, оқылымды етіп жібергің келеді ғой, ал Бельгердің күнделіктері сізді керісінше ойландырып, толғандырып, күрсіндіріп, қуандырып, тіпті кейбір мәселелерде сіздің көзқарасыңызды өзгертуге де септігі тиіп, тереңге батырып жібереді. Белгілі бір тұлғалар туралы түрлі топшылаулар, көзқарастар қайшылығы жетіп-артылады, өз мінін, кемшілігін де жасырмайды.
Бельгерге Қазақстанды айтпағанда, жер жүзінің танымал адамдары тоқтаусыз хабарласып жатады. Бұл кісі соның бәріне жауап беруге уақыт табады. Тіпті бұл кісімен бір кездесу өмірбақи арманына айналған кейбір адамдардың өзі қоңырау шалып, шаруасын айтады, ой-пікір бөліседі. Мұның сыртында жаныңызды тәнті ететін ой, идея, соны көзқарастар, небір тақырыптар, небір деректер, дәйектер, ғажайып диалогтар, суреттемелер, талай-талай тағдырлар, портреттер, өзіңіз сыртынан «тәңірдей» табынып жүретін кейбір суреткерлер туралы тосын, батыл пікірлер дейсіз бе?..
Ал Герағаны өзге ұлт өкілі деп айтуға кейде аузың бармайды. Әйгілі Шыңғыс Айтматовтың өзі «Ғаламат қазақ Герольд Бельгерге» деп «Тавро Кассандры» деген кітабына қолтаңба берген Гераға бұл пікірді күнделігінің әр тұсында өзі дәлелдеп отырады. Мәселен, былай дейді. «Германиядан хабар келді. Леонид Вайман қаза бопты. Ол бұрын Қазақстанда тұрған. Бір кезде ол мені де Германияға көшейік деп үгіттеген. Бірақ мен өзімді Қазақстанда ғана адам ретінде сезінемін» (20.01.08.).
«Өзіме де обал жоқ. Нағыз қазаққа айналып біткенмін. Шын неміс екі-үш ай бұрын ауруханаға жатып, мұндайға жол бермей, инфаркқа жеткізбес еді. Ал мен өмірім қыл үстінде тұрса да қазақылыққа салындым» (05.11.07.). ... Басқа-басқа, ол қазақтар маған алакөз болғандай ілік жоғы Құдайға да, өзіме де аян» (23.03.08.).
«Маған қазақтың ішкі мәселелеріне тым сұғына беруге болмайды. Әдеп керек. Әрдайым он ойланып, жүз толғанып, не айтсам да орнымды біліп, сақтана сөйлеуім қажет» (09.09.02.).
«Өз басым жер бетінде қазақтай қонақжай халық барына шексіз ризамын» (17.11.08.).
«Мен үшін Германияға кету өлім жазасымен бірдей» (30.05.10.).
«Менің ұлтым неміс болғанмен, болмысым қазақ» (20.08.10.).
«...Жалпы қазіргі кездегі қазақ газеттерінің қай-қайсысынан да оқитын нәрсе табылады және молынан табылатыны оңды құбылыс. Тек, оларды орыстар мен орыстілді дымбілмес, менменсіген қазақсымақ міскіндердің оқымайтыны өкінішті демесе.
Қалың тұман ішінде түк білмей, сезбей, барлығынан мақұрым қалған найсаптар өздерін кімбіз деп ойлар екен, а? Қазақпыз дер ме екен? Әй, қайдам, күдігім бар. Айтпақшы, барлығы деп отырмағанымды да ұмытпа. Әңгіме өзім білетін кейбір – шетелдіктер оларды қазақ деп ойлайтыны талассыз – шалажансарлар хақында. Мұны мен айтып отырмын. Неміс екенін ұмытпайтын намысты қазақ – Герольд Бельгер (27.02.10.).
ШОҚАН ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДА ӨТКЕН ӨМІР
Міне, біздің Герағаң диванда жатып алып-ақ (өзін әл-дивани Бельгер деп те атайды күнделіктің бәзбір тұсында) қазақ мәселесін, қазақтың қамын осылай ойлап кетті. Ал емен есікті кабинеттерде отырған кей қазақтың аузынан осы сөз қашан шығады? Әсіресе, қазақ басылымдары туралы, орыс тіліндегі басылымдардың қазақ мәселесіне келгенде жақ ашпайтынын айтқанда, еңкілдеп жылағың келеді. Енді бұдан артық қалай айту керек, өл дейсіз бе?
Әлі есімізде. Студент кезімізде опера театрының маңайындағы бақта, қазір дегдар адамдардың жадында «Кәукен-кафе» деп аталатын шағын мейрамхананың алдында қазақтың қасиетті қара шалдары әңгіме-дүкен құрып отырар еді.
Бұл күнделік те сол көркем күндерді еске салғандай. Мұқаңның мұражай үйінде рухың шат-шадыман болғыр Рахманқұл Бердібаев әкеміз өткізетін Халық университетінің сабағына қатысып, небір дүлдүлдердің әңгімесін тыңдаушы едік. Шыны керек, қазір солай алқақотан отырып, әңгіме-дүкен құратын жер де қалмай бара жатқан тәрізді. Ана бір жылдары Ғалымдар үйінің шағын залы сондай рухани мәслихаттың орталығы еді. Ол да қазір көзден бұл-бұл ұшты. Сондай орта, сондай жер, ондағы тағылымды кештер арқылы талай бұлақтың көзі ашылатын.
Арыны бөлек рухани ағыстар мен әрқайсысы бір-бір биік арыстар-ай, десеңші!? Күнара Шоқан ескерткішінің алдында сейіл құрып, тіпті сол маңды кездесулер алаңына айналдырып жіберген Герольд көкеміз сол күндерді еріксіз еске түсіреді. Кезінде немістер театрға Гетені көру үшін барса, біздің жұрттың Шоқан ескерткішінің алдына сонда Бельгерді көру үшін баратын болғаны ғой. Бұл енді шын мәніндегі бақытты сәт емес, бақыттың нағыз өзі.
Бірде «Қазақ зиялыларының кездесу, ұшырасу алаңына айналған Шоқан ескерткішінің алдындағы өткен өмір туралы да бір роман жазу ойыңызда жоқ па?» дегенімде, «Несі бар, жақсы идея» деп кеңкілдеп күліп еді кемеңгер.
Күні бойғы уақытым газет қарау, телефон (сөйлеген сөздердің көбі көк мылжың, әләй-бәләй) мен (түкке қажетсіз) кездесулерге кетті. Пәлендей ештеңе тындырғаным жоқ. Апырым-ай десейші! Осындай кәкір-шүкірлер емес пе жазушының уақытын өлтіретін. Ау, сонда менің піл сүйегінен тұрғызған мұнарам қайда, Қали-ау?! Пә...лі...і!..(12.04.12) деп жазғаны бар еді күнделігінде. Мұнараны қайдам, қайсыбір күні Бельгердің бітімі бөтен болмысын бедерлеген ескерткіш ашылды Алматыда. «Әбден қазақ боп кеткен неміс» (өз сөзі), ұлы Шоқан ескерткіші алдында ой кешіп отыратын ойшылдың өзі де ескерткішке айналды. Қазаққа қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен, біз әлгі жиі айтатын бірліктің брендіне айналған бүкпесіз, білгір Бельгер: «Өй, мына қазақтар қайтеді-ей» деп бір аунап түскен шығар.
Қали Сәрсенбай
Сәрсенбай, Қ. Бүкпесіз, білгір Бельгер [Мәтін] / Қ. Сәрсенбай // Ana tili. – 2021. - 1-7 сәуір (№13). - Б. 4
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |