Сүлейменов, Ж. Нұрлы жүрек / Ж. Сүлейменов // Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 9 желтоқсан

11 00января - kamshat

Тарихы қатпар-қатпар, уақыт табымен сарғайған беттерінде Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған, бүгінде тоқсанды артқа тастап, жүзге иек артқан өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі байырғы да бағалы басылымдардың бірі – кешегі “Кедей сөзі”, бүгін “Солтүстік Қазақстан” газеті деп аталатын киелі ұядан түлеп ұшқан ақын-жазушылардың, мәдениет, қоғам қайраткерлерінің қатары қалың. Сол шоғырда журналист-жазушы Бақыт Мұстафиннің де лайықты орны бар екені даусыз. Бақыт Мүтәллапұлы ызғарлы 1937 жылдың 10 желтоқсанында қазіргі Есіл ауданының Еңбек ауылында дүние есігін ашқан. Демек, көзі тірі болса, ол нақ осы күндері сексеннің сеңгіріне көтерілер еді. Өкініштісі, Бәкең арамызда жоқ. Бірақ оның есімі ұмытылмақ емес. Өйткені, ол – жүрек қалауымен келген қызметінде ұлан-ғайыр іс тындырған, артына бай әдеби мұра қалдырған азамат. Бұл арада “жүрек қалауымен” деген сөзді тегіннен-тегін қолданып отырған жоқпыз. Шын мәнінде, оның жүрегі жастайынан жазуды қалаған, өмір өзегіне айналған қаламгерлік тұғырының іргетасы мектеп қабырғасында, шәкірт шағында қаланған.

“Біз Бақыт екеуміз елуінші жылдардың басында Солтүстік Қазақстанның қиыр түкпірінде жатқан Жарғайың ауылында оқыдық... Бүкіл мектептегі үздік оқушы. Жиналыстарда бәрімізге міне деп көрсететін үлгі”, – деп жазыпты өзінің бір естелігінде есімі жыр сүйер қауымға жақсы таныс ақын ағамыз марқұм Есләм Зікібаев. Қос өрен Жарғайыңдағы жетіжылдықты тамамдағаннан кейін оқуларын Еңбек орта мектебінде жалғастырады. Осы мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен сабақ беретін республикаға белгілі ұстаз Мәриям Мырзатаева шәкіртінің әдебиетке әуестігін байқап, оған сөз өнерін қууға ақыл қосады. Осылай асқақ арманның жетегінде Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің табалдырығынан аттаған ауыл баласына сол кездің өзінде атақ-даңқы дүркіреп тұрған Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев, Мәулен Балақаев сияқты ғұламалардан дәріс алу бақыты бұйырады.

Еңбек жолын облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) газетінде бастаған Бәкең осында қырық жылдан астам табан аудармай еңбек етті, қатардағы әдеби қызметкерден редакторға дейінгі баспалдақтардан өтті. Рас, Бақыт Мүтәллапұлының төменнен төрге көтерілу, сарбаздан сардарға айналу жолы тақтайдай тегіс болды дей алмаймыз. Тоқыраудың тоңы қалың жылдары талай теперішті көрген қазақ тілінің облыстағы жалғыз тірегі болған “Солтүстік Қазақстан” шаңырағы бір көтеріліп, бір құлаған тарихты ол да бастан өткерді. Солақай саясаттың салдарынан теріскейдегі басқа да өңірлік басылымдар сияқты “Ленин туы” да жабылып қалған жылдары “Тың өлкесі”, “Лениншіл жас” газеттерінде қызмет атқарды.

Тәңірдің Бәкеңе дарын бергенде тарыншылық қылмағанына сүйсінесің. Журналистік, жазушылық, азаматтық қабілеттер мен қасиеттер Бақыт Мүтәллапұлының өмірлік серігі болып кеткенін біздер, онымен ұзақ жылдар әріптес болып, қатар қызмет атқарған інілері, жақсы білеміз. Біз өмірдің жолайырығына жаңа түскен шағымызда Бәкең орда бұзар отыздан сәл асқан сымбатты, сырбаз жігіт еді. Соның өзінде есімі ел ішінде ерекше ілтипатпен аталатын. Абай атамыз айтқандай, “ақырын жүріп, анық басқан” әр қадамы, адамгершіліктің асыл үлгісін танытқан жібек мінезі оны құрмет пен қошеметтің биігіне жетеледі, өресі зор қаламгерлер қатарына қосылуына жол ашты. “Солтүстік Қазақстанның” мәдениет бөлімін басқарған Бәкең өз оқырмандарын шұрайлы тілімен, толғамы терең пайымымен баурайтын, тәнті ететін.

Өмір ырғағына адам баласының ілесе кетуі, жақсы мен жасықты айыру сияқты сауалдарда Бақыт Мүтәллапұлының танымы терең болды. Қызметтің буына пісіп, үлкенге елпектеп, кішіге кісімсіну деген оған мүлде жат еді. Жас тілшілерге журналистік мамандықтың қыр-сырын түсіндіру, жол көрсету, ақыл-кеңес беру сияқты ағалық парызын адал атқарған бір адам бар десең, осы Бәкеңді айна-қатесіз айтуға болады. Оның назарына ілігіп, қамқорлығына бөленгендердің қатарында өзімнің де болғаным үшін тағдырыма ризамын. Ал, жалпы, Бәкеңмен таныстығымыз мен қарашаңырақтың табалдырығынан аттағаннан көп бұрын басталған. Ұстазым Сейтен Сауытбековтың ақылымен бесінші сыныпта оқып жүргенде “Қазақстан пионеріне”, кейін облыстағы қазақ тіліндегі жалғыз басылым – “Ленин туына” ауыл өмірінен қысқа хабарлар жолдай бастадым. Обалы не керек, жазғандарым далада қалған жоқ, жиі болмаса да, жарияланып тұрды. Жасыратыны жоқ, кейде өз жазғанымды өзім танымай қалатын кездерім де болды.

Менің жадымда жатталып қалған, ұмытылмайтын бір сәт – күндердің күнінде редакциядан, газеттің бөлім меңгерушісі Бақыт Мұстафиннің өзінен хат алдым. “Құрметті Жарасбай!” деп басталатын хатты тоз-тозы шығып, жыртылғанша, қалтамнан тастамай, үлкенге де, кішіге де көрсетіп, төбем көкке жеткендей күй кешкенім есімде. Кейін де Бәкеңмен байланысымыз үзілген жоқ. Ол кезде қазіргідей автордың жарамсыз деген хатын лақтыра салу деген болмаған-ау, сірә, редакцияға жолдаған дүниелеріме қатысты ой-пікірлерін білдіріп, хат жазып тұрды. Бірде: “Шағын әңгімеңді пайдалана алмадық, оқиға желісі әлсіздеу екен” деп жазса, келесі хатында: “Өлеңдеріңді оқыдым, талабыңды құптаймын... Ренжіме, жазып тұр” дей келіп, көп іздену, көп оқу керектігін айтады. “Қалам тартысыңнан үміттіміз” деген сөздерін оқығанда, кәдімгідей қанаттанып, оқуды да, ойынды да ұмытып, мақала жазуға отырамын. Осы күндері ойлаймын, менің мамандық таңдауыма сол хаттардағы жылы сөздер, ағалық ақыл-кеңес әсер еткен шығар-ау?!

Газет – елдің сырласы, жұртшылықтың жолдасы, серігі. Жаңалыққа, ұлағатқа, танымға құштар оқырман оны үнемі аңсап отырады. Сондықтан, халықтың ой-мүддесінен көріну тілші қызметінің басты мұраты болуы керек, бұл міндетті журналистикаға бар жан-тәнімен берілгендер ғана атқара алады. Редакцияның қара қазанында қайнап, пісіп, жетілу шыдамдылықты, жігерлілікті талап етеді. Біз Бәкең сияқты абзал адам, әйгілі қаламгерден осыны үйрендік. Ол ұжымды баспа ісінде технологиялық жаңалықтар өмірге орныға қоймаған тұста, әсіресе, қазақ басылымдарының теріліп, басылып, жарыққа шығарылуында шешілмеген түйіндер аяқтан шалып, етектен тартып жатқан қиын кезеңде басқарды. Соған қарамастан, көптеген істердің орайын тауып, түйінін тарқата білді. Таңды таңға қосып жұмыс істеген жылдарымызды ұмыта алмаймыз. Кәріні делсал, жастың жігерін құм қылатын осындай қиындықтарға көндіккен, сыр бермей, шырт етпе мінез көрсетпей еңбек еткен ағамыздың төзіміне қайран қаламыз.

“Бақыт Мұстафин – майталман журналист, балалар жанын жүрегімен ұғып жазатын қаламгер”. Атақты жерлесіміз, сөз зергері Сафуан Шаймерденов осылай ағынан жарылса, Бәкеңнің шын мәнінде осал болмағаны.

Бәкең жазудан жалықпайтын. Оның кестелі тілінен, орамды ойынан туған очерктері мен публицистикалық мақалалары оқырманын баурап қана қойған жоқ, белгілі тіл мамандарынан, сыншылардан жоғары бағасын алды. Мысалы, көп жылдар бойы очерк жанрын зерттеген белгілі сыншы ғалым Төлеубай Ыдырысов 1969 жылы жарық көрген “Очерк туралы ойлар” еңбегінде Бәкең туындыларының көркемдік дәрежесін жоғары бағалай келіп, оны республикамыздың таңдаулы очеркистері қатарында атайды. Сөз реті келгенде айта кетейін, Төкеңмен ол “Қазақстан коммунисі” журналында бас редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрген кезінде кездескенім бар. Сол жылы редакция журналдың өңірлердегі тілшілерін жинап, семинар өткізді. Алқалы жиында бізге дәріс оқыған белгілі қаламгер үзіліс сәтінде кімнің қайдан келгенін сұрап жатты. Мен Солтүстік Қазақстан облысынан келдім деуім мұң екен, бірден: “Бақыт аман ба, жағдайы қалай?” – деп сұрады. Сосын өзін қаумалап тұрған әріптестерімізге қарап: “Қызылжарда Бақыт Мұстафин деген журналист бар, мықты очеркист”, – деді. Өмірден ерте озған тағы бір ардақты ағамыз Амандық Әбжановтың ойы да осыған саяды. “Оның әр жылдары шыққан очерктер, әңгімелер жинақтарының қай-қайсысын алсаңыз да, көркемдігімен ерекшеленіп тұрады. Бәкең жаңа сөз тіркестерін табу, архаизмге айналып бара жатқан ұғымдарды түрлендіру жолында көп ізденеді, көп оқиды. Содан да болар, оның шығармалары бал шырындай өзіне тартып, баурап алады”, – деп жазыпты ол “Егемен Қазақстан” газетінде.

Бақыт Мұстафин өзінің кейіпкерлерінің ортасында өмір сүрді. Оның шығармаларына еңбек майталмандарының, дәрігерлер мен мұғалімдердің және басқа да мамандық иелерінің өмір жолдары, ел игілігін еселеуге бағытталған еселі еңбегі, қажыр-қайраты, қилы тағдырлары арқау болды. Ол тың өңірін түлеткен, туған жерді маңдай терімен суарған жерлестерін аспандата, асқақтата көтерді. Әрдайым солармен кездесуге асығып тұратын, іссапарларға жиі шығатын. Туған өлкенің тамыршысындай елді көп аралап, жақсылықтарды жанымен жырлап жүрген журналисті жомарт жерді маңдай терімен суарған диқандар да, малсақ қауым да жылы қарсы алатын. Бәкеңе ілесе жүріп сондай ыстық кездесулерге сан мәрте куә болғаным бар.

Бірде Бәкеңмен бірге Мамлют, Жамбыл аудандарына екі күндік іс-сапарға шыққанымыз ұмытыла қойған жоқ. Бәкең екеуміз ол кездегі “жүйрік” көлік редакцияның “Газигінің” артқы орындығына жайғастық, фототілші Валентин Антонов алда, жүргізушімен қатар отыр. Бәкең қаладан шығысымен, көкжиекпен астасып жатқан кең далаға жанарын қадап ұзақ отырды. “Пай-пай, қалай құлпырып кеткен?!” – деп қояды ара-тұра. Мезгіл күз болатын. Көз ұшында комбайндар заулап жүр. “Диқандардың қимылдап қалатын кезі ғой, олар үшін әр сағат, әр минут қымбат, – деді ол сәлден соң маған бұрылып, – бір жақсы репортаж жазайық”. “Репортаж!? Оған менің тісім бата қояр ма екен?” Осы бір ой санамды желпіп өтсе де, тіс жарған жоқпын. Бәкең де бұл мәселені одан әрі қаузаған жоқ.

Жолай аудандық партия комитетіне соғып, мән-жайға қанықтық. Әйтеуір, кездескен адамдардың бәрі Бәкеңе құрақ ұшып амандасады. Соған қарағанда, бәрі де оны танитын, сыйлайтын сияқты. Бәкең сіздерден кейін Жамбыл ауданына барушы едік дегеннен кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы: “Онда “Дубро вин” кеңшарына соғыңыздар, жұмыстары өнік, өнімдері де жақсы”, – деп жөн сілтегендей болды.

Кеңшарға жетіп, басшыларын тауып алғанша, түс болып қалды. Сол-ақ екен, асқазаны ауыратын Валентин: “Жұмыс қайда қашады дейсіздер, бір жерден тамақ ішіп алайық”, – деп қыңқылдай бастады. Содан не керек, әлгі шаруашылықта кешке дейін болдық. Мамандармен Бәкең сөйлеседі, ара-тұра қойын кітапшасына бірдеңелерді түртіп алады. Мана жақсы бір репортаж жазайық дегеннен кейін-ақ менен дегбір кеткен. Мамандардың бір сөзін қалт жібермеуге тырысамын. Керегін де, керегі жоғын да қағазға түсіріп әлекпін. Бәкең көз қиығын салып, жымиып қояды да, әңгімесін одан әрі жалғастырады. Сол күні біз “Қазақстанның 50 жылдығы” кеңшарының орталық қонысында тұратын Бәкеңнің қайынатасы, редакцияда жауапты хатшының орынбасары болып істейтін әріптесіміз Қайырбек Баймұқановтың әкесі Бүркен ақсақалдың үйінде қонып қалдық.

Таңертең тәтті ұйқының құшағында жатыр едім, шай ішейік деп Бәкең оятып жіберді. Күзгі таң жаңа ғана бозамықтанып атып келе жатыр екен. “Ағай, тым ерте тұрған жоқпыз ба?” – дедім. “Ерте тұрғанның бір ісі артық дегенді естуің бар ма?” – деді ол жымиып. Содан бір-екі шәшкеден шай іштік те, жүріп кеттік. “Турамен жүрсек, 20-25 шақырым шығар, Баян деген ауыл бар, сонда Социалистік Еңбек Ері Құрманғали Сұрағанов тұрады, сол кісіге кездесуім керек. Ол кісі ерте тұрады, қазір орнынан баспасақ, кездесе алмай қаламыз”, – деді Бәкең асығуының мәнісін түсіндіріп. Кездестік. Атақты диқанмен ұзақ әңгімелесті.

Осы сапардан кейін мен Бәкеңнің қалауымен “Егіншінің таңы ерте атады” деген тақырыпта көлемді мақала жаздым. Ал Бәкең оқырмандарын “Құрманғали Сұрағанов” деген жаңа очеркімен қуантты. Кейін оны толықтырып, кітап қылып шығарды. Сол кездері Бәкеңнің бірінші оқушылары, біз, жас журналистер болдық. Журналист демекші, ол кезде осы сөзді айтуға жүрексінетінбіз. Біреу қызмет жайлы сұрай қалса, күмілжіп, газетте істейміз деп құтылатынбыз.

Мен Бәкеңнің қаламынан туған дүниелерді түгел оқыдым десем, артық айтқаным болмас. Өзіміздің газетті былай қойғанда, басқа басылымдарда жарияланған деректі дүниелерін, әңгімелерін қалт жібермейтінбіз. Маған, әсіресе, Бәкеңнің академик жазушы Сәбит Мұқановтың балалық шағы өткен Жаманшұбар өңірі туралы жазған атақты “Жайнаған жер” атты очеркі қатты ұнаған еді. Бертін сол қасиетті топырақтың арғы-бергі тарихын зерделеп, Жаманшұбар туралы мен де бір көлемді дүние жаздым. Сонда да Бәкеңнің очеркін қайта оқыдым. Бәкеңнің қалам сілтесі бөлек еді ғой. “Мынау сол Жаманшұбар, бір кезде қаратабан кедейдің көз жасының зар-наласының куәсі болған жер. Ауыр қайғыдан қара топырағы да қайысқандай, көз жасынан кенері толысқандай болған бел бұл... Мөп-мөлдір көгілдір аспан нілдей тұнып, тамылжып қалыпты. Бар алап шаңқай түстің ыстық мейірімінен балқып тұрғандай еді”. Міне, ол осылай көсілетін. Не жазса да, бояуы қанық, ажары айшықты. “Денесін күнге күйдірген, жер емшегін маңдай терімен идірген айтулы атпал азаматтар Бақыт Мүтәллапұлының бейнелеуінде ертегінің ерен елдеріндей еңселеніп, тұлғаланып көрінеді”. Е. Зікібаев Бәкеңнің бұл очеркі кезінде облыстық, одан соң республикалық газеттерде жарияланды. Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына лайық деп танылды. Бұдан кейін де қаламгердің басқа да жазған деректі әңгімелері елеусіз қалған жоқ. Барлығы Қазақстан Журналистер одағының төрт мәрте лауреаты атанған. Осы кезең ішінде оның очерк, публицистикалық толғаулары отыздан астам жинаққа еніп, өзінің де төрт кітабы жарық көрді.

Әріптесіміз өзінің “Диқан жолы”, “Құрманғали Сұрағанов”, “Жаңарған өлке”, “Егінді алқап” сияқты очерктер, көсемсөздер жинақтарында еңбек майданында топ жарған ерлеріміз жайлы шабыттана жазып, атақты жерлестерімізді бүкіл республика жұртшылығына танытты.

Бақыт Мұстафиннің шығармашылығына ден қойғандардың бәрі де оның қос тізгінді қатар ұстаған қаламгер болғанын, өзін әдебиеттің қысқа жанры әңгіменің шебері ретінде де танытқанын баса айтады. Жазушы Бақыт Мұстафин – балалық шағы соғыс өртіне шарпылған, жоқшылық пен жетімдіктің зардаптарын арқалап өскен ұрпақтың өкілі. Содан да болар, ол ел тірлігін, жер тынысын жүрегімен сезініп, өмір шындығын терең ұғып, кең толғай білді. Оның қаламынан туған шығармалары, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған туындылары кезінде көпшілік көңілінен шығып, белгілі сыншылар тарапынан жоғары бағасын алғанын білеміз. Оның “Тәтті сәбіз”, “Жоңышқа иісі”, “Досыңды шақыр” секілді әңгіме-повестері енген кітаптарының да жас оқырмандардың жүрегіне жол тапқаны анық. Өйткені, ол кітаптары көркемдік деңгейі жоғары, адами қасиеттерді ардақтауымен құнды, балалардың сол бір кездегі өмірінің шындығын әсерлі жеткізуімен бағалы. Оның дәстүрімізді өркендету, туған тілімізді дамыту, ауылдың тіршілік-тынысы жайлы жазған дүниелері де бір төбе.

Бақыт Мүтәллапұлы газеттің қара жұмысына жегіле жүріп, Қызылжар өңірінде әдеби ортаның қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Өнегелі ғұмыр иесі, шығармалары оқырман қауымның рухани қазынасына айналған қарымды қаламгер атанды.

Жазушының бақыты оқырманын табу, оның көңіл толқынын серпілту болса, бұл ретте де Бәкеңнің олқылығы жоқ. Осы әдеби шығармалары арқылы Бәкең Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Бәкең облыс өңіріне келіп-кететін небір қаламгерлерді қарсы ала жүріп, өзіміздің тумаларымыз, аса көрнекті жазушылар Сәбеңнің, Ғабеңнің өзімен үнемі сапарлас болды, алыптардың ағалық ақыл-кеңесін тыңдады. Бақыт Мүтәллапұлының көптеген шығармалары орыс тіліне де аударылып, неше мәрте республикалық басылымдарда жарияланды.

Жиырмадан жаңа ғана асқан уыздай шағында журналистика деп аталатын шыңның биігіне өз туын нық қадаған Бәкең қырқында да, елуінде де, бір сөзбен айтқанда, көзі жұмылғанша шабыт желкенін түсірген жоқ. Сөйтіп, Бәкең журналистика саласында сұлу сөзден мүсін соға жүріп, өр биіктерді бағындырды. Ол еңбегі ескерусіз қалған жоқ, 2000 жылы “Достық” орденімен марапатталды.

“Тау алыстаған сайын биіктей түседі” деген рас-ау, көргені жақсы болғандықтан, көш бастаған, әрқашан да өзінің қарапайымдылығымен, әдептілігімен дараланған атақты ағаның абыройының қаншалықты мол, өмірдегі ізінің қаншалықты айшықты екендігін бүгін, тіпті, жақын сезінгендейміз. Уақыт өтер, бірақ сырлы да нұрлы, айдыны – шалқар, айбыны – асқақ Бәкең әлемі лайланбақ емес.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий