Сүлейменов, Ж. Жанартау
Мен айтулы азамат, ардақты ағамыз, есімі елімізден тысқары жерлерде де жақсы мәлім атақты ғалым, академик Аманжол Қошанұлынан бұрын оның әкесі – “Сауырынан су төгілмес боз жорға”, жыр жүйрігі – Шал ақынның (Тілеуке Құлекеұлы) тікелей ұрпағы – Қошан Жантілеуұлымен танысқан едім.
1979 жылдың жазы. Бала күнімнен сырласыма айналған сүйікті газетім – “Ленин туының” (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісімін. Ол кезде жағдай қиын еді ғой, айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Редакцияның жағдайы да оңып тұрған жоқ. Көлік дегеннен бас редакторға бекітілген жалғыз “Уазик” қана бар. Оның да жүргенінен тұруы көп. Сол кездері “журналисті аяғы асырайды” дейтін сөздер жиі айтылатын. Қайда барамыз, газет аптасына бес рет шығады, материал керек, аяғымызға сеніп, жаяулап-жалпылап, болмаса көлденең көк аттыларға “міңгесіп” іссапарға шығамыз. Бірде Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданына жол түсті. Осындағы меншікті тілшіміз, өзімнің ауылдасым, бала күннен досым Тоқтар Зікірин қарсы алды. Отыра қалып жоспар жасадық. Жаз қарбалас кезең ғой, ол кезде шаруашылықтарда мал көп, шемшөп дайындаудан репортаж жазатын болып келістік.
– Саған тағы бір тақырып бар, мына іргедегі орман шаруашылығында Қошан деген қария тұрады, сол кісі туралы жақсы бір дүние жазуға болады, –деді досым сәлден соң.
– Ендеше шаруашылық мәселелері қайда қашады, алдымен сол кісіге жолығайық, – деп келісе кеттім.
Орман шаруашылығы аудан орталығынан алыс емес екен, тез жеттік. Біз келгенде Қошекең үйде, кереуеттің үстінде отыр екен. Аққұба өңді, көркем кісі, мұрты мен сақалы да өзіне жарасып тұр. Сол кезде жасы жетпістің үстіне еркін шыққан-ау деп қалдым.
Қол беріп амандастық. Сәлемімізді алғаннан кейін “Бұлар қай балалар?” дегендей, бізді ертіп келген жергілікті орман шаруашылығының директоры Қабыкеш Шәріповке қарады.
– Облыстық газеттің журналистері, сізбен әңгімелескілері келеді, – деді орманшы жігіт.
Кіреберіс оң жақтағы кілемнің үстінде қаз-қатар тізілген саятшының саймандарына қайта-қайта қарағыштап отырғанымызды байқаса керек: “Бергі шеткісі томаға, одан кейінгі балақ бау, балдақ, тұғыр”, – деп түсіндіре бастады. Әйтеуір, бұрын біз көрмеген дүниелер.
Қошекеңмен асықпай әңгімелестік. Көп жайға қанықтық. Жігіттік шағы ақ пен қызылдың аласапыранына тұспа-тұс келіпті, болыс болып ел басқарыпты. Өзі атақты Шал ақынның ұрпағы екен. Әрі қарай тереңдесек, Құлеке батырға барып тірелетіні тағы бар. Аспандағы аққуға үнін қосқан атақты әнші-жыршылар Үкілі Ыбырайды, Тырбидің Молдахметін көзі көрген. Тек сұрай бер, сөзден тосылатын кісі емес. Біраздан соң сыртқа шығып, ақсақалды суретке түсірдік. Үйін орманның баурайына салдырыпты. Жағалай көкмайса. Біздің осы бір көрініске тәнті болып тұрғанымызды байқаған Қошекең: “Қалада тұрған кезде қан қысымым көтеріліп, дәрігерлер бір тыныш жерге көшуге кеңес берді. Одан бері осында тұрып жатырмыз”, –деді.
Ата-бабалары туралы елжірей әңгімелеген үй иесі балалары туралы сұрағанымызда Аманжол деген ұлын ауызға бұрын алды. “Өзі қазір Москвада, докторлық диссертация қорғап жатыр еді, әне-міне хабарласа ма деп алаңдап отырмыз”, – деді.
Іссапардан оралғаннан кейін басқа жұмысқа мойын бұрмай, бірден кеудесі алтын сандық, қазыналы қарт Қошан Жантілеуұлы туралы очерк жазуға отырдым. Қиналған жоқпын. Ол кезде газеттің форматы үлкен, бастығыма – Уәп Әшімұлы Рақымжановқа ұнады білем, орынды аяған жоқ, тұтас бір бетке жариялады. Бертін осы материалымды толықтырып, көлемді эссе жаздым, “Дала – бесік” (Астана: “Фолиант”, 2009), “Сәулелі ғұмыр” (Алматы: “Алтын кітап” 2021) кітаптарыма енгіздім.
Кешікпей Аманжол Қошанұлының диссертациясын ойдағыдай қорғағаны туралы сүйінші хабар да жетті. Бұл елді елең еткізерлік жағымды жаңалық еді. Өйткені кеңес заманында Мәскеудің төрінде диссертация қорғап, доктор атану – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Орта мектепті алтын белгімен бітіріп, оқуын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жалғастырған, осында К.В.Островитянов, Е.И.Тарле, Н.Г.Черепнин, А.И.Пашков, Я.А.Конрад, И.Г.Блюмин, С.К.Татур, М.Я.Полянский сияқты атақты ғалымдардың алдын көрген Аманжол Қошанов осылай үлкен сыннан сүрінбей өтіп, ата-анасын, ел-жұртын қуанышқа бөледі.
Әбекеңді бойшаң, денелі адам болды деуге келмейді. Бірақ ол қалың топтың арасында да бірден көзге түсіп, дараланып тұрушы еді. Түрлі жиындарда кездесіп қалғанда жүгіріп барып сәлем беремін. Сондай сәттерде ол жылы ұшырап, өзі туып-өскен елдің жайын сұрай бастайтын. Ағаларының алдында, болса да болмасын, иіліп тұрады ғой, інілерін де “айналайын” деп айналып-толғанып, бауырына тартатын көркем мінезі өзіне керемет жарасушы еді. Алғашқы кездесу де әлі есте. Үлкен бір жиынға қатысушылар үзіліске шыққан сәт еді. Ол кең дәліздің бойымен жай басып келе жатты. Алдынан шығып, сәлем беріп, өзімнің кім екенімді айттым. Сол-ақ екен, Әбекең білегімнен қыса ұстап, шетке алып шықты. Кәдімгі бұрыннан таныс-біліс адам сияқты, сұрақтың астына алып жатыр. “Жаңбыр бар ма?” “Егіннің шығымы қалай?”…Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясыныңакадемигі. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығыныңжәне Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғылыми еңбектері Англияда, Жапонияда, Қытайда, АҚШ-та жарық көрген, ғылымдағы еңбегі үшін Халықаралық Кембридж өмірдерек орталығының (Англия) “ХХІ ғасырдың аса көрнекті зиягері” құрметті медалімен марапатталған, Америка өмірдерек институты мен халықаралық зерттеулер орталығы (Нью-Йорк) халықаралық ынтымақтастықтағы рөлі үшін “Жыл адамы. 2004” құрметті атағын берген, атағынан ат үріккендей тұлға осылай асты-үстіме түскенде, өзім қатты қысылушы едім. Неткен қарапайымдылық! Жоқ. Ол кісінің болмыс-бітімі, бекзат қасиеттері қарапайымдылық деген жалғыз ауыз сөздің шеңберіне сыймайды. Ішкі мәдениеті керемет бай, парасат-пайымы өте жоғары Азамат еді Әбекең!
Осылай жүріп жаттық, ара-тұра телефон арқылы сөйлесіп қаламыз. Осындай сәттерде асып-тасуды білмейтін мінез, жылылыққа толы қоңыр дауыс бірден баурап, басқа дүниенің бәрін ұмыттырып жіберетін. Мәскеуде, Орталық комитетте қызмет істеген жылдары “Терезеден көрінеді ауыл жақ”, “Құстар қайтып барады, Еділдетіп, Еділдетіп Оралмен, Елге жетіп қалар ма ем, Ере кетіп солармен!” – деп туған жеріне деген сағынышын жырмен өрген Кәкімбек ағамыз да Аманжол Қошанұлын аузынан тастамайтын. Өзім байқаған Кәкімбек ағаның көптің бойынан табыла бермейтін, бір жақсы қасиеті ол өмір жолында кездескен, қызметтес болған аға-іні деп сыйласқан азаматтарды ұмытпай есте сақтап, оларды бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп жүретін. Оған “Егемен Қазақстан” газетінде істеген жылдары барынша қанықтым. Ол кісі редакцияға жиі келетін. Келген сайын маған соқпай кетпейтін. Жағдайымды сұрап, ақылын айтып, есімдері әрдайым халықтың аузында жүруге тиіс Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенев, Манаш Қозыбаев, Фазыл Кәрімжанов, Евней Букетов, Сәлім Құрманғожин сияқты толағай тұлғалар туралы әңгіме шертетін. Әркез соларға ілестіре Аманжол Қошанұлын атаушы еді. “Әбекең қазақ ғылымындағы тұтас бір дәуір ғой, тәуелсіз еліміздің экономика саласының атасы десек те артық емес”, –дейтін. Сол дәуір де көшті бұл дүниеден! Бірақ бүкіл саналы ғұмырын елі мен халқына аянбай адал қызмет етуге арнаған, осы жолда талай өткел бермес асуларды бағындырған Алаштың ардақты ұлының есімі мен ісін уақыт көмескілей алмайтынына мен сенемін. Уақыт ілгері озған сайын оның өртұлғасы асқақтап, артына қалдырған мұрасы мәңгі сөнбейтін жанартау сияқты маздай бермек.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ
Сүлейменов Ж. Жанартау // Soltústik QAZAQSTAN. – 2022. - 22 ақпан. - 4 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |