Рақымжан, О. Сәкен Жүнісов тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейі // Qazaqstan kásipkeri - Профессионал Казахстана. – 2020.- №1.- Б. 80

15 июля 2020 - kamshat

 С.Жүнісовтің ұлттық тілдік құрамдағы лексиканы қолдануы оның шығармаларындағы лингвомәдени бірліктерден, оның концептілік өрісіндегі ұлттық-мәдени концептілерден көрінеді. С.Жүнісов шығармаларында прагматикалық мақсаттарды, яғни атап айтсақ, өзінің сол кезеңдегі және болашақ адресаттарына қазақ ұлтының салт-дәстүрі, тарихы, болмысы туралы ақпарат беріп, ұлтжандылыққа, ұлтын, туған жерін, ана тілін сүюге, өз ұлтының ұлы болуға тәрбиелеп, ұлттық мұраны сақтауға, қорғауға, молайтуға ықпал етуді көздегенін білеміз. Бұл мақсат-ниеттердің орындалуы, яғни прагматикалық жүктеме  көріктеу құралдары, атап айтсақ, дәстүрлі түрлерімен қоса, авторлық метафоралар, теңеулер, окказионалдық эпитеттер арқылы жүзеге асқан.

Жазушының прагматикалық мақсаты оның рухани насихатшы позициясынан қазақ қоғамына әсер етуге, қозғау салуға ұмтылысынан көрінеді. Осы бағытта оның
шығармаларындағы ұлттық сипатты танытатын жеке авторлық метафоралар мен теңеулер сараланып, лингвомәдени бірліктердің қолданылу мақсаты айқындалды. Прецеденттік мәтіндерде берілген ақпараттардың қосымша, жаңа мағыналар үстейтіндігі көрсетіліп, афоризмдердің астарында жатқан уәжділік сараланды. Тілдік тұлғаны толықтай тануға мүмкіндік беретін когнитивтік және прагматикалық деңгейлерде қарастыру С.Жүнісовті бір жағынан педагог, ғалым, болып табылатын нақты тұлға мен екінші жағынан психологиялық, философиялық, біліммен қаруланған жазушы, суреткер, көркемсөз шебері тілдік тұлғасы біріктірілген, ұрпақтар сабақтастығында өзіндік орны бар, келешекке айтары бар тілдік тұлға ретінде тануымызға негіз қалайды.

Тұлғаның прагматикалық деңгейін саралау үшін алдымен «прагматика» ұғымы мазмұнына тоқталу керек. Лингвистикалық прагматика тілдік қызметті тілдік бірліктерді қолдану мен сол тілдік бірліктерді қолданушылардың мақсаттары арасындағы өзара тәуелділік тұрғысынан зерттейді. Прагматиканың немесе тілдік өзара әрекет теориясының ғылым ретінде пайда болуы өмірден туған қажеттілік. «Прагматика грек сөзі, «іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Прагматика – коммуниканттардың бір-біріне және мәтіннің мазмұнына (жазбаша және ауызша түрде) олардың коммуникативтік пиғылымен және сұхбаттасу мән-жайымен санасқан жеке қарым-қатынасы» [1, 17].

Прагматикалық деңгей тұлғаның көркем әдебиеттің прецеденттік мәтіндерді, «қанатты сөздерді» пайдалануға дайындығын білдіреді. Прецеденттік мәтіндер тұлға үшін танымдық және эмоционалдық жағынан маңызды болып табылады. Ол көбінесе толықтай емес ықшамдалған түрде қолданылып, прагматикалық бағытта тілдік тұлғаның  шығарманы жасауда алдына қойған мақсаттарымен, себептерімен байланысты қасиеттерін айқындайды. Өз шығармаларында прецеденттік мәтіндерді қолдану жеке адамды тілдік тұлға ретінде сипаттайтын көрсеткіш болып табылады. 

«Прецеденттік мәтін» терминін алғаш ғылыми практикаға енгізген Ю.Н.Караулов оларды былай сипаттайды: 1) белгілі бір тұлға үшін танымдық және эмоционалдық қатынаста маңызды болып табылатын; 2) тым жекелік сипаттағы, яғни осы тұлғаның айналасындағылар үшін, оның алдындағылар мен замандастары үшін де жақсы таныс; 3) осы тілдік тұлғаның дискурсында бірнеше қайталанатын және оған тұлға қайта-қайта оралатын мәтіндер [2, 216]. Жоғарыдағы ғалымның айтқандарын қорытсақ, цитаталар, кейіпкерлердің аттары, шығармалардың атауы мен оның авторлары прецеденттік мәтін болып табылады. 

Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте «прецеденттік мәтін ретіне белгілі бір мәдени топ үшін құнды маңызға ие кез келген бірізді байланыс пен тұтастықтағы таңбалық бірліктер» [3] сипатталатынын ескерсек, мақал, афоризмнен бастап эпосқа дейінгі аралықтағы кез-келген мәтін прецеденттік болуы мүмкін екендігіне көз жеткіземіз. Ю.Н.Карауловтың айтуы бойынша прецеденттік мәтіндердің жалпыға белгілілігі және қайталануы оны әр сәтке сәйкес өзінше түсіндіруді талап етеді. Олар өнердің бір түрінен басқа түрлеріне ауысып, сол арқылы мәдениеттің фактісіне айналып, келешек ұрпақтардың тілінде өзіндік ұғымға ие болады [2, 217].

Сонымен прецеденттік мәтін туралы айтылғандарды жүйелесек, прецеденттік мәтін тілдік тұлғаның дискурсында «табиғи мәтін» түрінде, оның ұлттық көркем мәдениетте түсіндірілуі арқылы, семиотикалық (символдық) тәсіл арқылы көрініс табады. Біз прецеденттік мәтін ретінде ғалым Ю.Н.Карауловтың анықтамасын негізге ала отырып, тілді тұтынушылар тобына таныс және нақты қоғамның мәдениетін бейнелейтін кең таралған, жиі қайталанатын мәтіндерді түсінеміз. Прецеденттік мәтіндерді білу адамның белгілі бір кезеңге, ұлтқа тәнділігінің көрсеткіші, олар қауым мүшелерінің мәдени  деңгейін, тұлғаның дүниетанымын бейнелеп, оның белгілі бір ұлтқа жататындығын, нақты жеке адамның айқын сипаттамасын білдіреді. Тұлға қолданатын прецеденттік мәтіндерді саралау оның тілдік формада бейнеленген дүниетанушылық көзқарастары жүйесін көруге мүмкіндік береді. Бұндай тұжырымдардың қатарына паремиялар мен афоризмдер жатады. «Паремиялар тұрақтылығымен, кіші формадағы халықтық сөз жанры» [4]. Паремияларға мақал-мәтелдер жатады. Мақал ретіне халықтық даналықтың қаймағы, яғни тілде сақталынып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын халықтың мәдени тәжірибесі есептеледі. «Мақал – халықтың сан ғасырлық тәжірибесі бекітілетін, аяқталған сөйлем формасында болатын, қысқа, тілдік қолданыста тұрақты, әдетте ырғақты келетін және өнегелік сипат тән нақыл сөз» [4]. «Мәтел – өмірдегі қандай да бір құбылысты дәл анықтайтын бейнелік айтылым, сөз орамы. Мәтел мақалға қарағанда жалпылық өнегелік мағынасы аз, тура тұспалды білдіретін, грамматикалық жағынан аяқталған сөйлем болып табылады» [5]. Мақал-мәтелдер өзіндік бір микромәтін ретінде прагматикалық сипатқа ие. Дәстүрлі танымдағы мақал-мәтелдерді өзіндік бағалағыштық, құндылық көзқарастарын бейнелеу үшін контексте сай қолдануы да ақын
тұлғасының даралық қырын ашады. 

Афоризмдер көнеден келе жатқан әдеби жанрдың бірліктері. «Афоризм (грек тілінде, aphorismos) жалпы сипаттағы, аяқталған пікірді, пайымды көркем ықшам формада Афоризмдер белгілі бір қауымдастыққа жататын автордың ғаламдық бейнесін бейнелеудің құралы ретінде оны қолданатын адресатқа өз ойын нақты және дәл жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен бірге, сол афоризмді шығарған автордың тәжірибесіне сілтеме жасау афоризмді прагматикалық құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Сол себепті С.Жүнісовтің авторлық афоризмдерін бөліп көрсеттік: «Күн шықса-ақ болды, күн батады» деген сөз осы үйдің кесімді уақыты, өз сағаты секілді («Жапандағы жалғыз үй», 26 бет). Шолақ сай тез тасиды. Шолақ ойлы адамдар да сол секілді, бар қаруы ашуында («Жапандағы жалғыз үй», 213 бет). Ақылды сөзге арсыз да тоқтайды («Жапандағы жалғыз үй», 296 бет).«Әйелі ұрған жер о дүниеде қап-қара болып кетеді. Анасы ұрған жер тамұққа түссе де отқа күймейді» ( «Жапандағы жалғыз үй», 317 бет). Ағаш емес, адам қисығы түзеледі («Жапандағы жалғыз үй», 323 бет).

С.Жүнісовтің прецеденттік мәтіндерді қолдануы ұлттық дәстүрмен сабақтастыққа барып тірелетін, оның санасының терең түбінде жатқан ұлттық ғалам бейнесінің жеке-авторлық ғалам бейнесінде көрініс табуының көрсеткіші болып табылады. Афоризмдер аяқталған интенцияны және оны бейнелеу үшін оған қолданылатын
пропозицияны білдіріп, аргумент келтірудің аса қолайлы тәсілі бола отырып, тілдік тұлғаның танымдық, прагматикалық көкжиегінің кеңдігін көрсетеді. С.Жүнісов көркем шығармаларында мақал-мәтелдерді қолдану арқылы өз халқының басынан кешірген барша өмірін, салт-санасы қалыптасқан дәстүр, дүниетанымын айқын көрсетуді мақсат тұтады. Яғни, мақал-мәтелдер тарих пен өткен уакыттың шежіресін бойына жинаған рухани дүние деп айтуға болады. Жазушының тілдік
тұлғасындағы мақал-мәтелдер ерекше назар аудартады. Ақын халыққа белгілі мақал-мәтелдерді өз дүниетанымын және өз идеяларын берудің құралына айналдырады.

Мысалы, С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» ромынында кездесетін мақал-мәтелдер: – Ал енді сайман жағын Күргерей екеуміз жатпай- тұрмай қолға аламыз, көз қорқақ, қол батыр («Жапандағы жалғыз үй», 102 бет). –Апа түк емес, ит үреді, керуен көшеді, -деп анасын жұбатқанмен жүзіндегі кейістік, түйіле қалған қабақтағы күйініш ізі тарқамады («Жапандағы жалғыз үй», 233 бет). «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» ( «Жапандағы жалғыз үй», 321 бет). Нақтылау формасында қолданылған дәстүрлі мақал-мәтелдер, яғни сол цитатадағы ойды контексте одан әрі қарай тереңдетіп, мағынасын кеңейтіп қолданған. Адресатына бағыт, жөн сілтеп нақты жағдайды бейнелеу арқылы мақалдағы ойдың актуалдануын түсіндіреді.

Прецеденттік мәтіндер прецеденттік айтылымдар жүйесінен тұратындығын зерттеушілер еңбектерінде келтірілетіндігін ескерсек, мәтін үзігін (цитата) қолдану түпнұсқаға сілтеме жасау арқылы айтылым  жасауды білдіреді деп айтуға болады. Бұндай кезде енгізілген түпнұсқа үзігі автордың мәтініне үйлесімді еніп, тілдік тұлға аргументациясының құралы қызметін атқарады. Бұндай құбылысты С.Жүнісовтің дағдылы фразеологизмдерді құбылтып қолдануынан көреміз. Жазушы шығармаларында ең көп кездесетіндер – адамның ішкі жан дүниесін, көңіл-күйін сипаттайтындар мен іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын суреттейтін фразеологизмдер оның ішінде ең жиі қолданғаны – соматикалық фразеологизмдер. Мысалы, 1. Жаңа ғана күліп, бипаздап сөйлеген Қарасай да Райханды көргенде тілі күрмеліп, тап алдынан аяқ-қолына жан біткен тірі аруақ шыға келгендей әп-сәтте өңі өзгеріп кетті («Жапандағы жалғыз үй», 10 бет). Халелдің екі беті дуылдап, шөп қуысында қала берді («Жапандағы жалғыз үй», 50 бет). Тілді зерттеудің дәстүрлі және прагматикалық парадигмаларын біріктіретін идея – лингвистикалық зерттеулердің тілді тұтынушыларға бағдарлануы. Прагма-лингвистикада сөз адам қызметінің компоненті ретінде қарастырылып, ал тілдегі адам факторын есепке алу әр алуан формаларда бейнеленіп, жіберуші-қабылдаушы, адресант-адресат, сөйлеуші/жазушы – тыңдарман/оқырман, продуцент-реципиент және т.б. түрде зерттелінеді. Зерттеуші Ғ.Әнес «біз талдап отырған коммуникативтік жүйе үш бөліктен тұрады. Алғашқы бөлігі – автор (суреткер), екіншісі – көркем мәтін және үшіншісі осы көркем дүниені танитын, қабылдайтын адамдар» [6, 15], – дейді.

Көркем мәтінді зерттеу барысында екі бағытты бөліп көрсетуге болады. Алғашқысы мәтін арқауының қалыптасуы мен жасалу кезеңдерімен байланысты, яғни автордан оқырманға дейінгі жол бақыланады, екінші бағыт мәтін мәнін адресаттың қабылдау процесімен сабақтас, яғни қарама-қарсы байланыс қарастырылады. Осылайша, мәтін автордың түсіндірілуі тұрғысынан және қабылдаушынның қабылдауындағы мәтін зерттелінеді. Кез-келген мәтінде прагматикалық және коммуникативтік қызмет  іске асырылады. Коммуникативтік қызмет мәтіннің мазмұнын анықтаса, прагматикалық қызмет автордың ниеті арқылы жүзеге асады. Автордың прагматикалық мақсаты мәтін бірлігін жасайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Автор «автор – мәтін – оқырман» тізбегінің басында тұрып, белгілі бір мазмұндағы ой-пікірдің бастамашысы болып табылады. Ол өзінің тұжырымдамасын оның ниетінің нәтижесі болып табылатын мәтіннің мазмұндық бөлігіне салады. Автор мәтінді жасау кезінде көптеген факторларды, атап айтқанда жекелік және әлеуметтік құндылық факторларын басшылыққа алады.

С.Жүнісовті ұлттық тілдік тұлға ретінде танытатын ұлттық дүниетанымды білдіретін лингвомәдени бірліктердің, лексикалық бірліктердің көріктеу құралдары арқылы берілуіне тоқталуды және ішінара ұлттық-мәдени концептілерді танымдық аймақтарын қарастыруды жөн көрдік. Әрбір тілдік тұлғаға өзіндік көріктеу құралдары тән болса, мәтінде қолданылған көріктеу құралдары авторға өз уәжін, қозғамын адресаттарына жүйелі түрде жеткізуге мүмкіндік беріп, прагматикалық қызмет атқарады. Жазушының жеке индивидуалдық танымындағы ұлттық теңеулерге тән қасиет оның жанды суретке құрылуында. Жазушы С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романында кейіпкер портретін ашатын теңеулер: Ып-ыстық жас, темір төске тамған қорғасындай Оспанның кеудесіне құйыла берді («Жапандағы жалғыз үй», 30 бет). Сары табақтай тершіген бетін қалта орамалымен сүртіп, бас салды (257 бет). Бойы үйге тіреу, мрамордан сомдап құйғандай бар тұлға ерекше мол біткен. Қазақтың кең сахарасындай мінезі кең, жерін жыртып, кенін қазбасаң біле бермейтін, бар алтынын ішке сақтайтын, ғажайып бай жердей, мақтаншақтығы жоқ тұйық, самал желіндей, баяу тербелген көліндей жуас, бұлтсыз мөлдіреген кіршіксіз аспанындай жүрегі таза, ақ көңіл (261 бет). Жапырақ гүлді, көкшіл крепжоржет көйлегі мен басына тартқан ақ жібек орамал ақ маралдай көрікті әйелді одан сайын сұлуландыра түскен (22 бет).). 

Тілдегі метафоралардың концептуалдық өзегінен кез келген тілдік қолданыстағы метафоралар когнитивтік қызмет атқаратындығын байқауға болады. Мәселен, метафора табиғатына тән бейнелілік, көркемдік, бағалағыштық, образдылық   қасиеттерінің тілдегі орын алуына адам ойы мен танымдық тетіктерінің қатысатындығынан, метафоралардың прагматикалық сипатынан көрінеді. Метафоралардың туындауына адам ойындағы өзара салыстырулар мен ұқсатулар, санадағы суреттеулер негіз болады. Осы жағынан келгенде метафора ғылыми ойдың (концептуалды) формасы болып келеді. Метафораның концептуалдық болмысына ұлттық дүниетаным тұрғысынан келу арқылы, метафора тудырудағы әр ұлттың ойлау дәрежесі мен ұлттық сана-сезімі мен дүниені қабылдаудағы ұлттық ерекшеліктері сол ұлт тіліндегі метафораның өзіндік болмысы мен тілдік сипатын көрсетеді. Мәселен, тілдегі метафоралардың жасалуындағы транспозициялардың қатыстылығын байқауға болады. Транспозицияның метафораның туындауына түрткі болуын ауыспалы мағыналы метафораланған бірліктердің жасалуындағы әртүрлі лексика-грамматикалық элементтердің қатысуынан көруге болады.

С.Жүнісов қолданысындағы метафораларды тілдік және поэтикалық (сөйлеу кезінде туындайтын контекстік) деп бөлуге болады. Поэтикалық метафора индивидуалды-авторлық (жеке қолданыстағы) метафоралар деген де пікір бар. Индивидуалды-авторлық метафоралар жеке адамның дүниені бейнелі қабылдауын, тануын көрсетсе, дәстүрлі метафоралар тұтас бір халықтың ортақ бейнелі ойын, дүниетанымын білдіреді. Сол себепті олардың білдіретін мағынасы көпшілікке түсінікті болады.

С.Жүнісов қолданысындағы индивидуалды-авторлық метафоралар жазушының ой-толғанысы, тікелей бір сезім күйлерінен кездейсоқ туындап отырады және бейнелілігі күшті болып келеді. Мысалы, Кей жерінің беті тобарсып, кей тұсы әлі қата қоймаған қалың қар ақсақ ойылып келеді. Артынан аңшы қуған арланша жалтақтап жүрегі алып ұшқан Қарасайдың қазіргі ойы да ақсақ ойылып келеді (Қос анар, 279-б.). Осы сөйлемдегі ақсақ ойылу тіркесін индивидуалды-авторлық (тура мағынасы: тепе-тең түспеу) метафоралық қолданыс, яғни жазушы әр жерден ойылып жатқан қарды сан-саққа жүгірген кейіпкер ойының бір тоқтамаға келе алмағанымен жарыстыра қолданып тұр. Төмендегі метафораларды жеке авторлық қолданыстағы метафоралар деп анықтадық: күн кірпігі; дымқыл бүйірі; кәрі төмпешіктер; жалпақ өңірдің ақ көрпесін; қарлы жыландар; отты күннің маңдайы; ескі дастарқан кенеуін кетірмей, көсіле жатқан дархан дала; тың жер – ұшан-теңіз дария. Бұл метафоралар бойынан бейнелілік, экспрессивтік, баға берушілік, танымдық сияқты қасиеттерді байқауға болады. Соңғы кездері тіл біліміндегі зерттеулер тілдің прагматикалық жағына назар аудару, тілдік абстрактілік моделдерді емес, керісінше олардың ерекшеліктерін нақты тілді тұтынушының тілі арқылы қарастыру тенденциясы кеңінен таралуда. Бұл жазушының адресатқа, коммуникация актісінде қолданылатын сөзге қарым-қатынасының вербалдануын, сонымен қатар сол сөзбен байланысты мағыналық ассоцациялардың тілдік бейнеленуін зерттеуді білдіреді. 

Бұндай ерекшеліктердің жиынтығы тілді тұтынушылардың санасында бекіп қалған сөздерге, тұжырымдарға алып барады. С.Жүнісовтің дискурсы арқылы жеке ғаламдық бейнесінде көрініс табатын ұлттық дүниетанымды бейнелейтін көріктеу құралдары ұлттық сипаттан ақпарат беру арқылы аргументация жасауға жәрдемдесіп, адресатының көз алдына қазақи болмысты әкелу арқылы эмоционалдық ықпал жасап, автордың мақсатына жетуге мүмкіндік берді.


Әдебиеттер тізімі:
1. Әлкебаева Д.А. Қазақ тілінің прагмастилистикасы. – Алматы: Зият-Пресс, 2007. – 244 б.
2. Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. – М.: Едиториал УРСС, 2004. – 264 с.
3. Кубрякова Е.С., Александрова О.В. Виды пространств текста и дискурса //
4. Википедия (свободная энциклопедия в Интернете). – http://ru.wikipedia.org
5. Большая энциклопедия Кирилла и Мефодия [электронная версия]. БЭКМ, 2007. www.KM. Ru
6. Әнес Ғ.Қ. Махамбет өлеңдерінің лингвотекстологиясы: филол. ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 2002. – 23 б

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий