Негимов С. Әдебиет шамшырағы /С. Негимов // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 25 желтоқсан

8 апреля 2020 - kamshat

Көрнекті әдебиет тарихшысы, білімдар сыншы және пайымдау қабілет-қарымы тегеурінді әдебиет теоретигі Айқын Нұрқатовтың шығармашылық жолы мейлінше келте болса да, жемісі мол мәуелі, керемет дара, тайпалмалы дарабоз “жорғадай төгілте жазды, ағыл-тегіл ой толғады, пікір қозғады, көп шындықты қопара көрсетті, халқына кітаптан соң кітап ұсынды” (академик Зейнолла Қабдолов). Қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл деп аталатын шағын ауылында дүние есігін ашып, қанаттанған ол академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің әйгілі шәкірті атанды. Көзі тірі болғанда биыл тоқсан жастың төріне көтерілетін ғалымның артына қалдырған мол мұрасы қазақ әдебиеттану ғылымының құнды қазынасы саналады.

От ауызды, орақ тілді аяулы Айқын ағаның курстасы, қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының қара нары академик Серік Қирабаев кемеңгер суреткер М.Әуезовтің мына бір лебізін бір еңбегінде келтіреді: “Айқын мен Серікті бөлмеймін. Екеуінің аяқ алысы жақсы. Білімі, талғамы зор. Бейсенбай, Есмағамбет, Қажымдар сыннан алыстап бара жатқан кезде, кейбір сыншылар басқа жанрларға ауысып тұрақтамай жүрген тұста, екеуінің бірыңғай сынмен айналысуы маған ұнайды. Сынға тұрақты, маман кадрлар керек”. Ұстаздың ұлы тілегі Тайбурылдың дүлдүл шабысын тілегендей еді. Айқын да қомданып әдебиет кеңістігінде қыранша парлап, тұйғынша барлап көркем сыр төкті.

Зерек, зейінді Айқын Нұрқатовтың шығармашылық өмірбаянына зерделей үңілсек, белгілі бір әдеби құбылыстардың нәзік қырларын, даму барысын терең тануы, жинақтап қорытушылығы болаттай серпінді, екпінді берекелі ойтолғаныстары, сымға тартқан күмістей сыңғыр қаққан бейнелі тілі, сонымен қатар оқығыштығы, тоқығыштығы, қорытқыштығы көңіл сүйсіндіреді. Оның ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиетіне, ұлт баспасөзі мен журналистикасының тарихына, орыстың классикалық әдебиетіне, сондай-ақ, әдебиеттану ғылымының теориялық қағида-қисындарына жетіктігі, мөлдірете, түсінікті баяндауы қызықтырады.

Айқын Нұрқатов – әдебиеттану ғылы­мында жарқын із қалдырған шалқар шабытты шамшырақ тұлға. Оның қаламынан “Абайдың ақындық дәстүрі”, “Идея және образ”, “Мұхтар Әуезов творчествосы”, “Жалғасқан дәстүр” дейтін парасатты пайымдауларға бай сүйекті зерттеулер туындады. Бұған 200-дей ғылыми-сын мақалалар мен рецензияларды қосыңыз. Және де орта мектептің 9-сыныбына арнаған “Қазақ әдебиеті” оқулығы (С.Қира­­­баев, З.Қабдоловпен бірігіп жазған) 1952-1966 жылдарда, 10-сыныпқа арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығы (С.Қирабаевпен бірігіп) 1964-1965 жылдарда жарияланғанды.

Әсіресе, ұлт мәдениеті тарихындағы Абай құбылысын Айқын Нұрқатов “Абайдың ақындық дәстүрі” атты еңбегінде ұшан-теңіз әдеби-мәдени және тарихи деректер негізінде ғылыми-теориялық тұжы­­рымдар өрбіткен. Реалист-ақын, ағартушы-гуманист, қоғам қайраткері Абай­­дың ақындық дәстүрлерін жүйелі шы­ғар­­машылық құбылыс, көркемдік дәуір ретінде және әрбір кезеңдегі жанды әде­би үрдіспен үйлесімді байланыстыра зер­деле­ген. Адамзаттың заманауи ауқымды көркем­дік мүлігі іспетті Абайдың ақындық даралығы мен даналығының тағылымдық, танымдық көріністері, үлгілі, өнегелі жаңа­шылдық, бастамашылдық қырлары, дәстүр сабақтары шынайылықпен терең, әсерлі баяндалған.

А.Нұрқатов Әбдірахман жайындағы өлеңдер шоғырын мұқият зерделейді. Мұнда Абай Әбдірахманның “рухани кейпін, интеллектуалдық бейнесін” “ірі-ірі сөздерді түйдек-түйдегімен қиыстыра отырып суреттейді”. Сөйтіп, “қазақ жасының, жаңа адамының образын жасады”. Зерттеушінің көрсетуінше, Абайдың лирикалық қаһарманы – әрі күрескер, әрі ақыл-ой иесі. Мысалы:

Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең жеткізбес.

Сөз өнері ғылымын мінсіз меңгерген Айқын Нұрқатовтың танымына жүгінсек, мұнда бейне бір “өрелі ой, аталы ой әрі шабытты, қанатты ой” салтанат құрған.

Абайдың рухани тұлғасын, даналық болмысын, биік парасатын айқындауда Айқын Нұрқатов “ол – шыншыл ақын, күрескер ақын, қоғамды да, адамды да сауықтырушы емші ақын” деген мінез­­­­де­мелер беретіндігі тегін емес. Зерттеуші Абайдың А.С.Пушкин, М.Ю.Лер­­­монтов, И.А.Крылов сынды ұлы ақын­дар­дың суреткерлік тәжірибесіне, көр­кемдік әлеміне, сұлулық, еркіндік, рух ойларына иек артқанын және тең дәрежеде сұхбат құрғанын жан-жақты, терең, толық баяндайды. Бұл орайда Айқын Нұрқатовтың үш түрлі түйінді, күрделі мәселені ғылы­ми-теориялық тұрғыдан байыпты қарас­тырға­нын көруге болады. Біріншіден, “озық та озат орыс әдебиетінің қазақ классигінің өнернамасына тұп-тура құдіретті әсері, шын мәнісінде, классикалық орыс әдебиеті ұлт ақынының “өмірлік сырласы”, “шабыт алар қайнары”, “тағылым алар ұстазы” болғанды. Екіншіден, орыстың ұлт ақындарымен тең дәрежеде сырласып-сұхбаттасып, ой, пікір, идея жағынан рухани келісім тауып жасаған жаратындылары яки төрт аяғы тең төлтума аудармалары. Үшіншіден, орыс­тың ақын-жазушылары, сыншыл-ойшыл қайраткерлері мен Абайдың әдеби-ғылыми дүниетанымындағы ортақ, ұқсас сарындар.

Әдебиеттанушы А.Нұрқатов Абайдың ақындық мектебін, ұстаздық еңбегін, яғни Абай тұсындағы ақындар шығармашылығын тексеріп-талдау барысында Б.Айтқожаұлы, Тайыр Жомартбаев, Ақылбай, Мағауия, Халиолла, Кәкітай, әншілер Мұхаметжан Майбасаров, Әлмағамбет Сексенбаев, Мұқа Әділханов, ертекші Баймағамбет, жыршы Бейсенбай сынды нешеме алуан өрелі өнерпаздардың еңбегіне ой көзімен үңілген.

“Абай поэзиясының дәстүрлері туралы мәселе – сайып келгенде, қазақ поэзиясының тағдыры мен болашағы туралы мәселе еді” деген түйінді тұжырымына адалдық танытып, Айқын Нұрқатов Абайдың шығармашылық өмірбаянын ыждаһатпен тексереді. Ақын шығармаларының жариялану тарихына, мысалы, “Жаздыгүн шілде болғанда” Көкбай ақын атынан жарық көргенін (1889 жыл, №7, 17 ақпан), “Болыс болдым, мінекей”, “Күлембайға” (“Дала уалаятының газеті”, 1889 жыл, №12, 24 наурыз), “Аттың сыны”, “Қансонарда” (Қисса Кнәз білән Зағифа. Қазан, 1897 жыл) өлеңдерінің қайда, қашан жарияланғанын нақтылы көрсетіп отырады.

Айқын Нұрқатовтың өжеттігі, әлде ұлт мәдениетіне жанашырлығы дейсіз бе, әдеби-мәдени және тарихи деректерді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұйымдастырған “Қазақ” газетіндегі материалдарды кеңес дәуірінің өзінде ұсталықпен пайдаланған деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының Абайдың шығармашылық мұрасы, ақындық тұлғасы (өлең бунақтары, дауыс ағыны, сөздің табиғи түзілісі), тарихи орны турасындағы көшелі пікірлерін ақылмандық тапқырлықпен орайластыра келтірген. Мәселен, “Қазақ” газетінің 1914 жылдың 30 наурызындағы №56 санында Мұхтар Саматовтың “Потанин докладынан” дейтін оқшау сөзінен үзінді келтірген: “Расында да, қазақ халқы әнші келеді. Дауыстары таза, ашық болады. Әншілер өнерін халыққа аса шебер көрсетеді. Әнші болған жерге кәрісі бар, жасы бар, жиналмаған жан қалмайды. Сондықтан да менің ойлауымша, қазақ арасында ең әуелі ән-сырнай өнері гүлденбек. Енді бір елу жылдан кейін қазақ әнші-сырнайшы әртістері патшалық театрдың сахнасына да шығуға жарайды”.

Қазақ әдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалар, керемет кесек шығармалар, қадау-қадау терең ой-тұжырымдар А.Нұрқатов назарына ілінбей қалғаны некен-саяқ шығар. 1933 жылы “Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағындағы” (құрастырған Жүсіпбек Аймауытов) “Айтыс” поэмасында Нәзипа Құлжанова туралы толғаныстарға жүгінуі қандай зерделілік десеңізші! Ақын суреттегендей, “Сөз табар әр мәжілісте жарасымды”, “Әр іске ыңғайы бар жанасымды” ұлт руханиятының біртуар өкілінің өрелі істерін, ұйымдастырушылық, ұйыстырушылық қабілет-қарымын қапысыз әңгімелейді. Абай туралы “Қыр баласының хатын” (“Дала уалаяты газеті”, 1889, №24, 26, 29) ғылыми айналымға қосқан.

Білгір зерттеуші Абай мұрасын танып талдауда, Алаш әдебиетін, әсіресе, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәбит Дөнентаевтың, қайраткер, санаткер Нәзипа Құлжанованың (Абайды қазақ әдебиетінің атасы деп білген), сонымен бірге ұлттық ояну, өнер-білімге құлшыну, әйел теңдігі тақырыбын қозғаған, халықтық, реалистік, демократтық бағыттағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мақыш Қалтаев, Ғұмар Қарашев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Нұржан Наушабаев, Бекет Өтетілеуов, Әкірам Ғалимов, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев тәрізді ақын-жазушылардың мұрасын ынтызарлықпен әңгімелейді.

Атап өтерлік жайт, Абай мен Сұлтан­махмұттың рухани үндестігін, көркемдік бояунақыштардың, суреткерлік палитра­сының байлығы, ойлау жүйесі, Абай поэ­зия­сымен тамырластығын және өзгеше­лі­гін әділ байқаған.

“Тегі, Сұлтанмахмұттың ақындық тілі – мейлінше шабытты тіл, шыншыл тіл” және оған “романтикалық өршіл сипат” тән екенін егжей-тегжейлі ұғындырады. Абай мен Сұлтанмахмұт дүниетанымы бойынша, “ақын – қоғам мінін түзеуші, адамгершілік қоғам іздеуші, әділет жыршысы”.

Әуезовтің әйгілі шәкірті Айқын Нұрқа­тов Сұлтанмахмұттың Лермонтов, Некрасов, Блок сияқты ақындар поэзиясының полифонизмін, көркемдік-стилистикалық ерекшеліктерін, рухын, сарынын бойына сіңіргенін нанымды түсіндіреді.

Сайып келгенде, ол Абай поэзиясының эвфониясын, стилистикасын, музыкалық архитектоникасын, образдық-метафоралық жүйесін, қарама-қарсы күрделі ассоциациясын, лирикалық тұлғаның интеллектуалдық дәрежесін, ішкі мәнін, поэзиялық фразеологиясын, негізгі сөздік қорын дұрыс пайым­даған, лайықты қорытынды шығар­ған. Абайдың ақындық, ағартушылық, қайрат­керлік, санаткерлік еңбегі мен қызметін ұлт мәдениеті тарихындағы тұтас дәуір екендігін ұшан-теңіз әдеби-мәдени, тарихи деректер негізінде растап дәлелдеген.
Дүлдүл сыншы, көсемсөзші, зерттем­паз қалам қайраткерінің “Идея және образ”, “Жалғасқан дәстүр” деген қабыр­ғалы еңбектерінде ұлы кобзарь Тарас Шев­ченконың, тағдыр-талайы аңызға айнал­ған Н.Островскийдің, өзбек ақыны Ғафур Ғұләмнің және қазақ әдебие­ті­нің марқасқалары: М.Әуезовтің, С.Мұқа­новтың, Ғ.Мұстафиннің, И.Байзақовтың, Ғ.Ормановтың, Т.Жароковтың, Ә.Әбішевтің, Ж.Саинның, Х.Бекхожиннің, Х.Есенжановтың, З.Шашкиннің, Т.Ахтановтың, Ә.Нұрпейісовтің, С.Шаймерденовтің, жыр алыбы Жамбылдың, М.Иманжановтың, Ж.Жұмахановтың, Т.Нұртазиннің, Ж.Тілековтің, Қ.Исабаевтың, Ә.Таразидің көр­кем шығармаларының идеялық-көркем­дік деңгейі, лексикалық байлығы, стилисти­калық мәнерлілігі, авторлық баян­далуы мен кейіпкерлерінің ішкі мо­но­­­логтары, образ жасаудағы тәсілдері, реа­листік штрихтарға психологиялық сипаттама беруі білгірлікпен қарастырылады.

А.Нұрқатовтың 1957-1958 жылдарда “Мұхтар Әуезов” деген монографиясы қазақ-орыс тілдерінде Алматы мен Мәскеуде жарияланған. Толық тамамдауға үлгермеген Мұхтар Әуезовтің шығармашылық еңбегі туралы монографиясында “Абай жолы” роман-эпопеясының суреткерлік шеберханасы, идеялық тереңдігі, көркемдік кемелдігі, тарихи тұлғалар бейнесі, әйелдер образы, ұлттық характер табиғаты, халықтың тарихи тағдыры, кейіпкерлерге сөздік сипаттама, пейзаждық классикалық үлгілері, портреттік мінездеулер, сюжет пен композиция, диалог құру шеберлігі, контраст тәсілі байыпты зерттелген.

Суреткер-сыншы аударма өнерінде де өшпес із қалдырды. “Венгер әңгімелерін”, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың “Шынарым менің, шырайлым менің” повесі мен “Сыпайшы” әңгімесін орыс тілінен тамылжыта тәржімалады. Түпнұсқаның рухын, стилистикасын, полифониясын шеберлікпен мөлдірете жеткізді.

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен, Абайдың ой мұхитында жүзген, Әуезовтің меруерт толқындарында тербелген, ұлт әдебиетінің жемісті бақшасында ересен еңбектенген, ойшылдық, даналық, тереңдік дейтін қасиетті ұғымдарды зерттеу нысанасы еткен Айқын Нұрқатовтың (1928 -1965) өмір жолына бір мезет көңіл аударсақ, 1950 жылы Абай атын­дағы ҚазПИ-ді, 1953 жылы аспирантурасын аяқтаған. 1954 жылы “Қазақ әдебиетіндегі Маяковский дәстүрі” атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

КСРО Жазушылар одағының мүшесі 1950-1957 жылдарда “Әдебиет және искусство” журналында (“Жұлдыз” жур­на­лы) бөлім меңгерушісі, 1957 жылдан өмі­рінің соңына шейін Қазақ ССР Ғылым акаде­мия­сы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды.

Задында, оның тумысынан заттылығын, мықтылығын айғақтайтын мына бір оқиғаға жүгінейік. Айқын Нұрқатов пен Нығмет Ғабдуллин 1946 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл орта мектебін бітірерде ұстаздары осынау зерделі, ұшқыр ойлы оқушылардан емтихан алуға шамамыз жетпейді деп азар да безер болып, Сырымбет мектебіне жібереді. Сол бір күндерде Абай атындағы ҚазПИ-ден педагог, ақын, жазушы, драмашы, аудармашы Бекмұхамед Серкебаев (1892-1976) шәкірт жинап, таңдап жүр екен, шығармаларын оқып, қызығып, сендер қанаттанғалы тұрған ақын-жазушы екенсіңдер деп, ҚазПИ-ге орналастырды.

Айқын Нұрқатовтың әдеппенен тамылжыған үлбір нәзік жанды, от жігерлі, жайсаң, жомарт мінезді, жарқын жүзді, қабілетті-қасиетті асыл бейнесін замандастары былайша толғайды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: “Өзі де Айқын десе айқын, табиғаты тап-таза, мөп-мөлдір еді ғой. Бар болмысы балғын, жазғытұрғы жас қайыңдай бой түзеп, жапырақ жайып, төңірегін сырлы шуға, шұғыла-нұрға малындырып, біртүрлі бір сұлу өсіп келе жатқан. …Адамның асылы еді. Қашан көрсек бірқалпы, жып-жылы болып күлетін де жүретін. Досқа деген ықылас-пейілі-ақ ғажап; бір құласа, мықтап құлайтын; жақсы көрген адамын ылғи ғана жаңа көргендей, жанымен аялап тұратын. Өзі туған Қызылжар самалындай аңқылдаған ашық, ақжелең еді: еркелейтін, есіле сөйлейтін, еркін күлетін”.

Ал Айқынның ішіктің ішкі бауын­дай жанқияр досы, ғылымның ірі ұйымдастырушысы Мүсілім Базарбаев: “Өмір­дегі әрі ғылымдағы байсалдылығы бірдей болатын: салмақты, білімді, мінезді, прин­ципшіл еді. Сонымен бірге ізеттілік, кіші­пе­йілділік, елгезектік оның ардақты қасиеттері. Туралығы, шыншылдығы үшін, әрі білім мен интеллекттен кеп шығатын биязылығы, сыпайылығы үшін үлкен де, кіші де оны сүйетін”, – дейді.

Білімдардың ғылымдағы, өмірдегі, тұрмыс жүзіндегі мызғымас қағидасын әдебиет сыншысы Баламер Сахариев былайша мөлдірете жазады: “Бір майданда еңбек етіп, талай сырласып жүргенде, не тікелей, не тұспалдап болса да, өзіне ыңғайластыруға ықпал етіп қалайын деген ниеттің нышаны да болмаушы еді сенде. Өмірдегі қарым-қатынасты әдебиетке көшірмеуші едің”.

Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихындағы “ойының байлығы, қаламының жүйріктігі” жағынан алғанда атақты сыншы-ғалымның әдеби-ғылыми шығармашылығы өзгеше бір өміршең әлем. Ол – Абайтану мен Әуезовтану ілімі тарихындағы тарлан тұлға.

Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий