Менің ағам
Анамыз көп құрсақ көтергенімен, жарық дүниені көру бақыты бесеумізге ғана бұйырыпты. Бәріміз құлын-тайдай тебісіп, шұрқырасып өстік. Жолымыз жіңішке болғандықтан, үшеуіміз де ағамыз – Ермекке арқа сүйедік. Біз оған қиындықта да, қуанышта да иек арттық. Ол да бізді әрдайым демеп, жақсылығымызды асырып, қайғыда қасымыздан табыла білді.
Әлі есімде, тұлымшағы желбіреген шынашақтай қыз едім. Ағам мені мектепке қолымнан жетектеп алып баратын. Жай алып бармайды. Жол бойы өзінің өмірде көрген-түйгенін, ағалық ақылын айтады. Оның “өзің жақсы болсаң өмірдің жақсылығын ғана көресің” деген сөзі бүгінге дейін санамда сайрап тұр. Өмірлік мақсаттарымның, армандарымның бәрінің бастауында аға алдындағы аманатқа деген адалдық тұратын еді. Мектеп бітірген 1965 жылы жоғары оқу орнына түсуді ойладым. Бұл мақсатыма да ағамның қолдауының, бағыт-бағдарының арқасында қол жеткізгенім рас. Алматы ауылшаруашылығы институты жігерімді жанып, жарқын болашаққа деген ұмтылысымды арттыра түсті. Отыз үш жыл бойы абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетімнің зейнетін көрер жасқа жетіп отырмын.
Ол өз ұлтына деген сүйіспеншілікті, мәрт махаббатты әр адам алдымен өзінен бастауы керек деп санайтын. Сондықтан да болар халқымыздың болмысын танытатын ғұрыптарға өте жақын болды: салт-дәстүрді берік ұстады, домбыра тартып, халық әндерін орындады. Бізді, өзі сабақ берген шәкірттерін қазақ әдебиетінің, руханиятының мөлдір бұлағынан сусындауға шақырды.
Ермектің көзін көргендер оның өмірде қандай болғанын жақсы біледі. Көп ортада ашылып сөйлей бермейтін. Ақкөңіл еді. Жоқ-жітікке, мұқтаждарға қол ұшын созуға құштар болды. Құлап бара жатқан адамның қолтығынан сүйеуге, табаны тайып кеткен жанды демеуге ұмтылды, жақын туыстың да, бейтаныстың да мәртебесін асырып, мерейін тасытып жүруді ғана ойлайтын. Отбасында жалғыз ұл болғандықтан әкем мен шешемді алақанына салды. Өмір бойы олардың қас-қабағына қарады. Туған ауылын, елін, жерін ерекше жақсы көрді.
Оның перзенттік махаббаты шығармаларынан көрініп тұрды. Кейде ағама деген сағыныш меңдегенде оның кітаптарын түнімен жастығыма жастанып оқып шығамын. Ауылдың тұмса табиғаты, адамдар арасындағы сыйластық, кейіпкерлердің мінезі – бәрі шынайы. Оқыған сайын оқи бергің келеді. Әрбір әңгімесі жаныңа сәуле құйып, көңіліңді шалқытады, мерейлендіреді. Осындай сәтте ауылдағы бәріміз бірге тұрған тапал ескі үй көз алдыма келеді. Әттең, ғұмыры ағып түскен жұлдыздай қысқа болмағанда, бүгінде қазақтың даңғайыр жазушысы атанар ма едің?
Әзкен САДЫҚОВА,
Ермек Қонарбаевтың туған қарындасы.
Садықова Ә. Менің ағам // Soltustik Qazaqstan. – 2018.- 6 желтоқсан. – 9 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |