Көшелер сөйлейді. Новелла

17 января 2024 - Administrator

  САЛТАНАТТЫ керуен құрып, бірнеше машина совхоз орталығын бетке ұстай жылжып келеді. Күн шұғыласының қызыл сызығындай жылтыр маталарға кіршіксіз пейілдей ақ сырлармен ұрандар жазылған. Бас машинадағы Қызыл ту бастап келеді бәрін. «Қабылда, Отан, миллиард пұтқа қосар үлесіміз!» дейді ұрандар.
Ыңырана тартатын көлік көшіндей шұбатыла ырғатылмай, гүрілдей, екпіндеп, шымыр тартылып, ширақ келе жатқан моторлы керуеннің орта тұсындағы Сәлімжанның толқуы басым. Желке тұсындағы кішкене көзден кузовқа құйылған бидайға қайта-қайта қарайды. Биылғы орақтың алғашқы дәні. Кабинадан атып шығып, төсін баса құшақтап, алтындай қымбат әр түйірін бауырына басқысы келеді. Күз сайын соғылып, орақ сайын қауым жұртты дүбірге салатын астық көзге үйреншікті болғандай. Сонда да осы бір комбайн түбінен басталатын шақырымдар жүрек лүпілдетпей қоймайды. Оның үстіне Сәлімжан үшін аса мәні бар шеру бұл.
Танап басынан жетелей жөнелген далаңқы жол таусылып, ол кезегін биік белес боп жонын тосқан грейдерге берді. Осы ретпен астық керуені селоға енді. Сәнді сапардың жоспары бойынша бұлар осы тізбекпен көшелерді орап өтіп, элеваторға тартады.
Көшелер, көшелер... Әр үйдің табалдырығынан, бүкеңдей шыққан табан жол соқпақтар адамдарды көшелермен жалғастырады. Әртүрлі сәттер, сан қилы тағдырлар тоғысып жатады осылай. Соның бәріне көшелер де куәгер. Олар тілсіз бар сырды бойына бүккен байқаушы. Бірақ Сәлімжан үшін бұл көшелер сыр сандығынша ақтарылып, сайрап жатқандай. І-Сәдімгідей адамша сөйлейді десең болғандай.
Өйтпейінше. Айналасы бір жылдай уақыттың ішінде бұл көшелер Сәлімжан өмірінің әлденеше бұралаң бұлтарысын көріп улгермеді ме?!
Міне шеткі көше де басталды. Астық дәнін қарсы алуға шыққан жұрт әжептәуір, Қызыға тамашалайды. Қуана құттықтап, жадырай шыкқан күн көзіне қарайды. «Осы жарқырауыңнан тайма, бұлт үйірілтпе қабағыңа!» дескендей. Әне бір кемпір жерге басын тигізе иіліп, дән құдіретіне тағзым етіп тұр. Рульде келе жатпаса, Сәлімжан да өстір едім деп ойлайды.
Қашан да шет жайлап, шеткері ұстаныш, қауымнан қашығырақ жылыстағаң адам шетінемей қоймайды екен. Өзін-өзі қайнаған өмірдің ортасынан ала қашқан жалтаң мінез опасыз екенін, «бөлектенгенді бәрі жейді» дегеннің ащы болса да шындық екенін Сәлімжан сезінгелі көп болған жоқ.
Сондағы шетінеу — сөгілу осы шет көшеден басталып еді-ау.
Ауыл шаруашылығы машиналары деп аталатын көліктерді емін-еркін ойнататын сегіз қырлы маман Сәлімжан жұрт назарына көптен ілеккен болатын. «Осы жігітті бірі көтерейік» дескен болу керек, бас инженер боласың деген ұйғарым бұйрықпен бекітіліп, үлкен дәрежеге ұсынылды. Сол күні қаумалаған достарымен осы шеткі көшенің бір үйінде жаңа қызметті жуды. «Сөз көбейеді» - деп өз үйіне жуытпаған. Ішімдігі мол отырыста тілек-қолпаштаулар мен мақтау-мадақтаулар көп айтылды. Бірақ «Құндыз бөрікті киюге де бас керек» дегенді ешкім ескерткен жоқ. Бұл даналық сөзді әркім ойлап қана қойып, өз ішіне бүгіп қалған болатын.
Жазылған бұйрық қайтып алынуы мүмкін-ау дегенді қаперіне түйе қоймаған Сәлімжан шет көшеге қызмет арасында да шығып кетіп, көзден жырақ деп есептелетін кейбір бұқпантай үйлерде домбыралатып, әндетіп отырып кететін әдетті шығарды. Жөнге баспайтын бұл әдет көп назарына ілекпей қойған жоқ. Бұзыла бастаған жігіттің бұл мінезі кешікпей-ақ әйгілі болды. Бұйрық қайта бұзылды.
Жер қаттысы жығылғанда білінеді. Шыға келген биіктен күрт құлаған Сәлімжан қаншама ұят жағдайда қалғанын сонда бір-ақ сезді. Шамалы уақыттың ішінде «жұмыс» деп аталатын қасиетті міндеттің сырын көтіріп қадірін құрметтей алмағанына қиналды.
Сол қиналыс жұрт бетіне қаратпай үйге тығып, көшеге шығармай қойды. Шалыс басқан іздері топтанып қеп есіне түскенде, «япырау, осыңша жамандық бір басыма қалай сыйған» деп мұңайды.
Сілкіңдірген бір-ақ сөз болды.
-Өлген әкеңнің құңы болмаса, арақты қой да, жұрт арасына шық. Қызмет қылдың кірі дейі біреулер. Өтірік айтады. Алған дәрежесін ұстай алмағандар солай жеңілдетеді. Қолыңнан келмейтін емес еді, арзанға бағалап, құнсыз еткен өзің. Мансап —мақсұт емес, көл-көсір шашқан беделіңді жина—деді шешесі.
....Орталық көше күре тамыр сйяқты, шеткі көшелер нешеу болса да соған келіп түйіседі. Астық керуені осылай бет алды.
Сәлімжан үшін де түзелу сапары осы көшеден басталып еді. Сонда ол ойлана келіп, тура парткомға тартқан. Кеңсеге жеткенше ащы терге малшынып; буы бұрқырады. Көлденең кездескеннің ерніңдегі жымиға бұған күлкідей, түйілген қабақ кездессе, мүсіркей қарағандай сезіліп, бұл жалғанда жалғыз бұл ғана жұрттың қоры, басы артық жандай көрініп қуыстанды. Алайда ішке түйілген берік шешім оны кейін шегіндірмеді.
Алға салам ғой деген шұбалаңқы кіріспе сөз былай қалып:
— Мені шоферлыққа алдырыңыз, — деді партком секретарына.
Екеуара сөз көпке барған жоқ. Олай-былай орағытып әлде де болса сынап көрмек болған жағалатпа сұрақтарға:
—Бар жағдайға кінәлі мен ғана. Бұрынғы кіші дәрежемнен қайта бастап өзімді-өзім ақтауға тиіспін, —деп отырып алды.
Қорытынды осыған тіреліп, сол жолы осы көшемен машина жүргізіп оралды.
«Өмір шырғалаңы сияқты. көшелердің де бұрылыс бұлтаңы бар. Оларда да өзінше заңдылық өзінше тәртіп,—деп ойланады Сәлімжан —адам соның ішінен керегін, үйреншіктісін таңдап алады. Бөтеніне түссең адастырады. Қайыра шыға алмағанды алжытады да».
Бұл күнде оның қуанышы көп.
Алдымен «дос» аталатын шетін адамдардың жымысқы «қамқорлығынаң» арылды. Өлшеусіз төгіліп қалған абырой мысқалдап жиңалып, бұл дүниеде. Сәлімжан атты азамат, ұялмай жолдас етерлік адам барын дәлелдей бастады. Ана бір кезде ұзың сапардың біріне Сәлімжан өзі сұранғанды бұған серік боп шығар жолдас бірден табыла қойған жоқ. Күмәнді сезіктер әлде де, аралмаған кез болатын. Сын сапары еді бұл. Сенімсізік атты өгей сезім содан бері Сәлімжаннан жырақ кеткенді.
Кеше автопаркте жоспарда жоқ кезексіз жиналыс өтті. Мәселе қарапайым ғана. Алғашқы соғылатын астықты қабылдауға кімдер баратының талқылау. Бұл құрметті біріне-бірі қимағандай, озаттар тізімінде жүргендердің өзін де көп екшесті. Салыстыра толғастыра келіп: «жарайды, барсын» деген қысқа шешім айтылып жатыр.
Талқыға қатысып отырған партком секретары Сәлімжанды атағанда, көп мәнді аңғартарлық салмақпен біршама уақыт үнсіздік, кідірісі орнап қалды. Бұл ойға, елеуіштен өтіп жатқан сұрақтар тізбегіне толы минуттар еді. Бүкпесі жоқ жұмысшы қауым сынап, кешегісі мен бүгінгісін таразылап отыр.
— Барсын, —десті, жолдастар.
Бұдаң артық ілтипатқа Сәлімжан құштар да емес.
Көшенің соңы қымқырылып, селоның шет жағына жақындап қалыпты керуен. Бұлар енді мемлекет деп аталатын өз үйінің қоймасына апарып осы астық үлесін қосуға сап түзеген қалпымен жол тартады. Бір сәт сыр шертіп сөйлесе қалған көшелер кейін қалып, Сәлімжанға «жолың болсын, жігітім» дегендей даланың жазық, көсілген шалқарын тоса ысырылып барады.
Жол бағыты берік, тек қодағы руль дұрыс болса жарады, «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дескендей. Бұл тілек Сәлімжан жүрегіне берік ұялаған.

Ермек Қонарбаев.


Қонарбаев Е. Көшелер сөйлейді. Новелла // Ленин туы.-1973.-7 сәуір.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий