Зейнел-Ғаби Иманбаев прозасындағы көркемдік сипат

7 февраля 2024 - Administrator

  Мен "Есіл өңірінің әдебиеті" атты авторлық багдарлама жасаган едім. Оның мақсаты - өз өңірімізден шыққан, бірақ мектеп бағдарламасына енбейтін Ғ.Малдыбаев, З.Иманбаев, М.Тырбиев, Е.Зікібаев және тағы басқа жерлес ақын-жазушылардың шығармашылығымен шәкірттерді таныстыру. Сол себепті жазушы З.Иманбаевтың шығармашылығы жайлы жазған зерттеуімді әріптестеріммен бөліскім келеді.
Жерлесіміз, жазушы З.Иманбаев таауыл азаматы. З.Иманбаев - өзінің көркем прозалық шығармаларында табиғатты тамаша суреттеуімен ерекшеленетін қаламгер. Оның шығармаларында қыс та, күз де, көктем де, жаз да жанды бейнеде көңіліңе қонады. Өйткені, ол суреттеген табиғат - сізге етене жақын, сіз көріп жүрген табиғат. Мысалы, "Қарлы жолда" әңгімесінде тракторист Серәлі деген жігіт қатты боран басталып кетіп, тракторымен далада қалып қояды. Қасында мектеп оқушысы бар. Аяқастынан өзгере салатын солтүстік өңірдің табиғатын жазушы былай суреттейді: "Мамыражай тұрған табиғат Серәлі ауылдан шығысымен, кенет өзгере бастады. Боран бейуақта көтеріліп барады. Қара барқыт аспанды ақ пердемен бүркеп, жынды жел соқты. Дала мөңкіп жатыр. Жынды боран долдана соғып, тракторды жүргізбейді, жарықты өшіріп тастағысы келгендей, содырлы боран қанатын жайып алас ұрады. Көзге түртсе, көргісіз түн, көрінбейтін ақ түнек". Оқып отырғанда өзімізге таныс табиғат, оның ішінде алай-дүлей боран көзімізге елестейді. "Мөңкіген дала", "содырлы боран", "жынды боран", "қанәтын жайған боран" деген тіркестер табиғатты жандандырып, жазушының шеберлігін ажарлай түседі.
З. Иманбаевтың әр әңгімесін оқығанда езу тартпай қоймайсың. Өзіне тән әзілі, қалжыңы бірге жүреді және ол жарасымды. Мысалы, жоғарыда айтылған "Қарлы жолда" әңгімесінде: "Бізді әкеле жатқан алпамсадай жігіттің кескінін айнадан көріп отырмын. Сақалын шүнтитіп, мұртын қылтитып қойыпты. Еріндері қып-қызыл. Мұндай үлбірек еріндер алпамсадай жігіттерден гөрі қызға лайық. Екі көзі жолда. Кейде сиырдың тіліндей кішкентай айнадан бізге көз тастайды. Ысталған, қылтиған мұртының астынан көк түтін будақтайды". Тракторшы жігітті сипаттау үшін қолданған теңеу сөздерді оқығанда бас шайқап, бір мырс етпей қоймайсың.
З. Иманбаевтың әртүрлі тақырыптағы әңгімелерінде бұрын-соңды естімеген фразеологиялық тіркестер, тамаша афоризм, шешендік сөздер аз кездеспейді. Мысалы, "Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді", "Құнарлы сөз - құнарлы ойдан", "Айта біп, ағат айтсаң, қайта біл", "Ақылды мақтанса, істі тындырар, ақымақ мақтанса, аяғын сындырар", "Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла, естіген екі сөз де жетіп жатыр", "Адамды асырайты – еңбек" және тағы басқа өмірлік, даналық тұжырымдар жазушының тіл байлығының да мығым екенін көрсетеді. Иә, З.Иманбаевтың көркем шығармаларын оқығанда оның осындай суреткерлігіне іштей риза боласың. Оның шығармаларынан басы артық бірде-бір сөз таба алмайсың. Ықшам.
З.Иманбаевтың әңгімелерінің көбі терең психологияға құрылған. Мысалы, "Әкетайым менің" атты шағын әңгімесінің басты кейіпкері- әке мен бала. Әңгімеде Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқиға баяндалады. Әңгіме желісі бойынша соғысқа алдымен үй иесі Жаулыбай аттанады да, араға 1 жыл салып баласы кетеді. Әке мен бала соғыс даласында кездейсоқ кездесіп, Жаулыбай ұлын зеңбірек расчетына ауыстырып алады. "Әкем мені көзінен таса етпеді. Маған елжірей қарап, айналады, толғанады. Аузына кетіп бара жатқанын маған береді. Әкемнің жанында жатқанда тоңып көргенім жоқ. Ол ұйқы қысып, қәжыл жүрсе де, мені өбектей қымтап, аялаумен болды. Қайран, әкетайым менің". Енді осы жерде психологияға қатысты сөз болғаннан кейін З.Иманбаев әңгімелеріне тамаша көрік беріп тұратын бір шеберлік— ол психологиялық параллелизм. Бұл - жазушыдан терең талап етілетін шеберлік.
Міне, осы "Әкетайым менің" атты әңгімеде психологиялық параллелизм тамаша керініс тапқан. Ауылдан соғысқа аттанып бара жатқан бала Жолкен былай дейді: "Ауылдан кетіп бара жатқанымды сезініп, көзімнен жас ытқып кетті. Опасыз көз жасымды білдіртпей сүртіп, алыстай түскен ауылдан апмның қарасын көргім келді. Жүрегім дүрсілдеп аузыма тығылды. Қысқы түн қытымырлана қабағын түйді. Аппақ дала үстінен ысқырып, үскірік жел соқты. Жел сусыма қарды дөңгелете үйіріп, айдай жөнелді". Қандай тамаша келіскен үйлесім! Кейіпкердің көңіл-күйінің қандай екенін табиғат та дәлме-дәл көрсетіп тұр.
З.Иманбаевқа тән тағы бір тамаша ерекшелік - әңгімеде кездесетін ұзақ диалогтар. Мысалы, "Аңшы соқпақтары" атты әңгімәсінде 11 жолдан тұратын диалог кездеседі.
"- Уа, Хаким абзы, қоныс құтты болсын!
- Әлей болсын, кел, кір бері.
- Үйіңіз тамаиіа жылы екен.
- Жылы болмағанда ше?
- Қол жуайын, абзы.
- Жу, бақыраш, әне.
- Қолжуғышыңыз да бар екен-ау.
- Болмағанда ше, адам қашан да адам екенін ұмытпауы керек.
- Ой, абзы, бүгін аса олжалы емеспін. Бұлғын ізіне түсіп, көп жерлерге бардым.
- Олжа деген не, тәйірі, оның есесіне Тайғаны тамашаладың, шипалы ауасын жұттың.
- Рас-ау, шын айтасың, абзы".
Жинақы, бастан-аяқ солай. Әр сөзі ойнап тұрады.
З.Иманбаев - ауыл жазушысы. Ол ауылды, ауыл оны тәрбиеледі. Шығармаларында тек ауыл адамдары сөз болады. Олар майталман сауыншы, үсті-басы май-май тракторист жігіттер, ауыл мұғалімі, тың өмірі. Ол басқа жазушылар сияқты арман қуып Алматыға кеткен жоқ. Оның Алматысы - Приишим, Ортақкөл Сонда турып, өзінің 10 шақты кітаптарын шығарып үлгерді. Ендігі мәселе - З.Иманбаев шығармашылығының зерттелінуі.
Өзім сабақта З.Иманбаевтың прозалық шығармаларын пайдалануға тырысамын. Жалпы оның шығармаларынан үзінділер қазақ тілі оқулықтарында, жаттығулар жинағында жиі кездеседі. Ал өзім кебінө "Мәтінмен жұмыс" сабақтарында (тіл ұстарту) пайдаланып жүремін. Мысалы, "Қос қайың" атты повесінен тыңға қатысты көркем пейзаж суреттемелерді теріп жазғызуда, суреттеу, монолог, баяндау, портрет, мақал-мәтелдер сияқты тілдік терминдерді пысықтауға таптырмайтын көркемдік сипаты мол әңгімелері көп әдістемелік көмек береді.
"Жазушының қай күні қаламы тоқтаса, сол күні өлгені. Одан кейін жасамаса да болады", - дейді сөз зергері Ғ.Мүсірепов. З.Иманбаевтың өле-өлгенше қолынан қаламы түскен жоқ... Осындай ардақты жазушының шығармашылығын жас жеткіншектерге оқытудан жалықпаймын.

Әлия МАЛДЫБАЕВА,
ҚР білім беру ісінің құрметті
қызметкері.
Петропавл қаласы.



Малдыбаева Ә. Зейнел-Ғаби Иманбаев прозасындағы көркемдік сипат // Солтүстік Қазақстан.- 2010.- 4 ақпан.- 9 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий