Жұматайұлы, С. Қайсар қайраткер

14 марта 2023 - kamshat

Смағұл Сәдуақасұлына таңылған «Семипалатинский подлог и Акмолинский дефект» саяси айыптауы туралы

Мемлекет және қоғам қай­рат­кері, бірнеше ұлт басылымы­ның, соның ішінде «Egemen Qazaqstan» газетінің бастауында тұрған Алаш тұлғасы Смағұл Сәдуақасұлы­ның (1900-1933) қызметі мен мұра­сын жан-жақты зерттеу қа­шан­да кө­кейкесті. Біз бұл жолы Смағұл Сәдуақасұлына 1921 жылы тағылған «Семипалатинский под­лог и Акмолинский дефект» ­сая­си айып­таулардың мән-жайын қарас­тырамыз.

1920 жылы 26 тамызда В.И.Ле­нин­нің Ресей Федерациясы құра­мында Қазақ АКСР-ін құру туралы арнайы Декретке қол қойды. Келесі кезекте қазақ кеңестік билігін тез арада Сібір ревкомымен келісе отырып, ұлттық-территориялық шектерді айқындап белгілеу, өлкелік және губерниялық конференциялар, съездер өткізу, т.с.с. бірқатар маңызды ұйымдық және құрылымдық шараларды атқару жұмыстары күтіп тұрды.

Бұл аса жауапты мемлекеттік істі жүзеге асыру тікелей ҚазАКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесіне жүктелді.

Қазақ елі өміріндегі осындай ауқымды қоғамдық-саяси өзге­ріске байланысты Алаш көсем­дері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат­ұлы бастаған ұлт зиялылары сол кез­дегі ел астанасы Орынборға бас қос­қаны туралы НКВД дере­гі бар. Біздіңше, осы шараны ұйымдас­тырудың басы-қасында жасы енді ғана жиырмаға толған болашақ мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы да жүрді.

1920 жылы қабылданған ле­нин­дік декреттің мазмұнына зер сал­сақ, Сібір ревкомының құзы­рына «уақытша пайдалануға бері­леді» деген желеумен оған бір ғана Семей губерниясы емес, Қа­зақ өлкесінің солтүстік және ба­тыс облыстарының жерлері де толықтай бағынышты етілді.

Большевик көсемінің қаты­суымен өткен үкімет мәжіліс­те­рінде Қазақ автономиясы мен Советтік Сібір арасындағы шекара туралы мәселе бір емес, бір­неше мәрте қаралған. Алайда Сібір ревкомы өзінің қарауындағы қазақтың солтүстік және батыс облыстарын бірден оп-оңай қайтара салғысы келмеді. Міне, осыған байланысты Орынбордағы рес­публика басшылығы нақты іс-әре­кетті Ақмола (Омбы) және Се­мей губернияларының басқару орган­дарын барынша ұлттық кадр­лармен нығайтуға бағыттау керек деп шешті.

Сол себепті 1921 жылдың 12 қаң­­тарында Қазпартбюро Прези­диу­мының мәжілісі Смағұл Сәдуа­қас­ұлы, Дінше Әділұлы, Әбілқайыр Досұлы, Әшім Омарұлы сын­ды беделді қазақ коммунистерін Ақмола және Семей губернияларын әкімшілік-территориялық басқаруға алуға дайындық жұмыс­тарын жүргізуге жіберуге арнайы қаулы қабылдады.

Қазақ билігінің бұл кезеңде губерниялық басқару органдары құрамын ұлттық кадрлармен ны­ғайтуға күш салуы, ел мен жер тұ­тастығына қызмет етуі – ке­шегі Алаш­ мұратынан туған ма­ңызды мемлекетшіл мүдде еді.

 

«Семипалатинский подлог» саяси айыптауының сыры

Смағұл Сәдуақасұлы Семейге арнайы іссапармен тек 1921 жыл­дың мамыр айының ортасында ғана бара алды. Ол мұнда ке­лісі­мен Сібір Автономиялық Республикасымен ұлттық-терри­ториялық шектерді айқындап бел­гілеу және жергілікті халықты басқару органдарына жұмысқа тарту, қазақ жастары арасында оқу-ағарту, саяси білім беру курстарын ашу тәрізді іс-шаралар мүлде әлсіз атқарылып жатқа­нын көріп біледі. Мысалы, мұны 1921 жылы 15 сәуір­дегі Семей губерниялық пар­тия комитетінің қазақ-татар сек­циясының жұмысы туралы есе­бінен анық аңғаруға болады.

Біз архив деректерінен аталған секция 1920 жылдың басынан жұмыс жасайтыны, оған Сібір ревкомы іссапармен жіберген Самат Шарафутдиновтің жетек­шілік ететіні, қазіргі уақытта сек­цияның жұмысы губерния­да сайлау науқанын өткізуге да­йын­дыққа байланысты тоқтап қал­ғаны, онда небәрі төрт адам­ның, атап айтқанда, Нығмет Нұр­мақ­ұлы мен Хайратдин Сата­ров­тың (қазақ-татар секциясының меңгерушілері), Гариф Мусин­нің (қазақ-татар секциясы Пре­зидиумының мүшесі), Шәймер­ден Тоқжігітұлының (секцияның және бөлімшелердің хатшысы) қызмет атқаратыны, нұсқаушылар-үгітшілердің жоқтығы, жалпы секцияда Семей қаласы бойынша 35 партия мүшесі мен партияға мүшелікке үміткерлердің тіркеу­де тұрғаны туралы деректерді біл­дік (Шығыс Қазақстан облысы Қазір­гі заман тарихының құжаттама орталығы. 01-қор, 01-тізім, 35-іс, 68-71-б.) .

Сібір ревкомы шын мәнінде өзіне қарасты Қазақ өлкесінің Семей және Ақмола губернияларында жергілікті ұлт өкілдерін партия-кеңес жұмыстарына тарту, партия-кеңес қызметкерлерінің кадрлар резервін құру сияқты мә­селелерге атүсті салғырт қарады. Әсіресе жергілікті басқару билігі құрылымдарында ұлттық кадрлар дегеніңіз мүлде жоқтың қасы еді.

Семей губерниялық атқару ко­митеті І губерниялық кеңестер съезіне бар болғаны екі-ақ қазақ­ты депутат етіп сайлады. 1921 жыл­дың наурызында Семей губат­комы басқармасы бөлімдерінде қызмет ететін 11 нұсқаушының тек біреуі – А. Рымбағин [Сыдыков Е., Малышева М.П. Сибирь и Казахстан. (Национально-терри­ториальное размежевание Сибири и Казахстана. 1919-1922 гг.). – Семей, 2010. – 195 с.] деген қазақ азаматы болды.

Смағұл Сәдуақасұлы осының бәрін зерттеп, Қазақ билігіне өзі­нің әйгілі «Губерниялық атқару комитеті орнына революциялық комитет құру және оның құрамына төраға етіп Омарұлын, орынбасарына Левитинді, мүшелігіне Нұрмақұлын, Мұстамбайұлын, Әуезұлын (20-жылдардың жазу мәнері. – С.Ж.), Большаковты, Фабрикантты тағайындау, сондай-ақ губерниялық кеңестер съезін өткізуді кейінге белгісіз мерзім­ге қалдыру туралы» жеделхатын жолдайды.

Бұған Семей губерниялық партия комитетінің хатшысы Полозов пен Левитин де құр қарап қалма­ды. Олар Орынборға өз қар­сылы­ғын білдірген «Роспуск исполкома и назначение ревкома, как нецеле­сообразный и политический вредный акт» деген мазмұндағы жеделхат жібереді. Аталған хаттағы осы айыптау­лар – алдағы уақытта Смағұл Сәдуа­қас­ұлының Семейдегі қызметі жайлы жергілікті ГПУ органдарының «Семипалатинский подлог» деген саяси айыптауына бірден-бір негіз болды (Ожегов сөздігінде «подлог» сөзі «өтірік, жалған» деген мағыналарды білдіреді).

1921 жылы 27 мамырда Қаз­парт­бюро және ҚазАКСР Орта­лық Атқару Комитеті Прези­диу­м­­дарының бірлескен мәжі­лісінде осы екі жеделхатта жа­зылған мәселелер мұқият қара­лып, тыңдалады. Мәжіліс со­ңын­да алты тармақтан тұратын қау­лы қабылданып, Смағұл Сәдуақас­ұлының Семей ревкомын құру туралы ұсынысы мақұлданды. Нә­тижесінде, Семей ревкомына төраға болып Сәдуақасов, ал мүшелігіне Левитин, Полозов, Нұрмақұлы, Әуезұлы, Глинский мен Большаков (ҚР Президентінің архиві. 140-қор. 1-тізбе, 83-іс, 33-б.) бекіді.

Әрине, республикалық деңгей­дегі Смағұл Сәдуақасұлы сынды көрнекті саяси басшыны жоғары­да есімдері аталған губерниялық шенеуніктердің ашықтан-ашық айыптауы – негізінен Мәскеудегі билікпен ауыз жаласқан Сібір рев­комының тікелей ықпалы және соған мүдделі Қазпартбюро құра­мындағы кейбір адамдардың, тіпті ұйымдасқан топтың қолдауымен жүзеге асқан «жалған жала» еді.

 

Семей губревкомы не үшін құрылды?

1921 жылы 21 қаңтарда өткен Қазпартбюро Президиумының кезекті мәжілісінде С.Сәдуақасұлы, Д.Әділұлы, Ә.Досұлы, Ә.Омарұлы алдына Семей губерниясын бас­қаруға алуға дайындауға байланысты Сібір ревкомымен арада­ғы әкімшілік ұлттық-территория­лық шектерді айқындап белгілеу, партия-кеңес қызметкерлерінің кадрлар резервін жасау, жер­гі­лікті ұлт өкілдерін партия-ке­ңес жұ­мыстарына тарту, кезекті губер­ниялық кеңестер съезін өткізуді дайындау тәрізді бірқатар маңызды міндеттерді атқару жүктелген еді. Алайда бұл ауқымды шараларды орындауға жергілікті биліктің кертартпа өкілдері мүмкіндік бермеді.

Әсіресе Смағұл Сәдуақасұлы­на қарсы бағытталған ұйымдас­қан топтың шабуылы толастамады. 1921 жылдың мамыр айы­ның ортасында Орынбордан арнайы партиялық тапсырма­мен Семей губерниясын әкімшілік-территориялық басқаруға алуға дайындық жұмыстарын ұйымдас­тыруға келген ол көп ұзамай ерік­сіз кері қайтуға мәжбүр болады. Бұған негізінен оны кейбір жер­гілікті партия-кеңес органдары бас­шыларының «ұлтшыл және ұлт араз­дығын тудырды» деген негіз­сіз айыптаулары және әлде­кім­дердің ұдайы жоғары билік орын­дарына түрлі арыз жазып, жұмысына кедергі келтіруі себеп еді.

Сондай айыптау құжатының бірі «Из протокола заседания Киробкома РКП (б) о неправильных действиях уполномоченного КЦИКа С. Садвокасова от 9 авгус­та 1921 г.» деп аталады (Дви­жение Алаш. Апрель 1920-1928 гг. Т. 3. Кн. 1. – Алматы: Ел-ше­жіре, 2007. – С.97-98). Жо­ға­ры партия басшылығының отырысына Қазпартком мүшелері Кос­теловская, Струппе, Мырза­ға­лиұлы, Петров, бас саяси-ағарту комитетінің төрағасы Кенжеұлы, ҚазОрАтКом хатшысы Досұлы, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Шлейфер, ҚазМембаспасының меңгерушісі Сперанский, Семей губерниялық партия комитеті Президиумының мүшесі Фофанов қатысады. Оны Қазпарткомының іс басқарушысы М. Костеловская жүргізіп отырады.

Мұнда ҚазОрАтКом-ның өкі­летті өкілі Смағұл Сәдуақасұлы­ның теріс әрекеттері туралы Се­мей губкомы Президиумының мүшесі Фофановтың баяндамасы тыңдалады. Ол сөзінің соңында «жолдас Сәдуақасұлын партия қатарынан шығарып, оның ісін сотқа беру керек» деген пікір біл­діреді.

Бұл Фофанов деген кім еді? Ол – өте «күмәнді тұлға». Мұны Семей губерниялық партия коми­тетіне оның партия басшысы­на жат өрескел әрекеттерін айып­таған Өскемен қаласының бір топ партия ұйымы мүшелерінің арызынан білеміз. Онда арызданушы Смирнов пен Ямпольский 1921 жылдың қаңтар айында жергі­лік­ті жерлерде жалпы партия­лық жиындарды өткізуге келген Фо­фа­нов­тың 21 және 28 наурыз, 4 сә­уір күндері адамдарға аста-төк дас­тарқан жайғызып, би билетіп, ән салуды ұйымдастырғаны, сон­дай-ақ кеңес үкіметі жауларымен бірігіп арақ ішіп, ақыр соңында коммунистерді балағаттап, тіл­дегені туралы жазады (Шығыс Қазақ­стан облысы Жаңа тарих құжат­тарының орталығы. 01-қор, 01-тізім, 76-іс, 2-п.).

Енді қараңыз, осы өзінше «адал әрі таза коммунист» Фофанов сол уақыттағы ең жоғарғы өлкелік пар­тиялық басқару органы – Кир­обкомның Президиумы мәжі­лі­сінде ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің өкілетті өкілі әрі Бүкілодақтық Атқару Комитеті­нің мүшесі С.Сәдуақасұлының үстінен «ұлтшыл және ұлт араз­дық­ты тудырды», «партия атына кір келтірді», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «партия ор­ган­дарының беделін түсірді», «ісі сотқа берілсін», «партиядан шы­ғару керек» деген ауыр айып­таулар мен үкімдер айтып, баяндама жасайды.

Оның Смағұлға осыншама кінә артатындай моральдық-этикалық тұрғыда ешқандай да құқы жоқ еді. Семей губкомы президиумы­ның мүшесі Фофановтың мұндай партияға жат, керағар қылықтары туралы Казпартбюро мүшелері естімеді емес, естіді. Бірақ «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» де­геннің кебі келді.

1921 жылдың 4 қыркүйегінде Орынборда Екінші Бүкілқазақ кеңестері съезіне қатысушы қазақ коммунистері делегаттарының кеңесі өтті. Оған Семей, Ақмола, Орал, Қостанай, Торғай, Ырғыз, Ақтөбе өңірінен және Бөкей гу­берниясынан жалпы саны 51 деле­гат келіп қатысты.

Съезде қазақ коммунистері де­легаттарының Кеңесі жұмысын М.Әуезұлы басқарып, жүргізіп отырды. Ол уақытта кейінгі ірі жа­зушы Семей губерниялық атқа­ру комитетінің төрағасы және ҚазОрАтКом хатшысы қыз­метін атқарған болатын.

Аталған кеңесте негізінен екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – қазақтардың кеңес өкіметі органдарымен қарым-қатынасын қалыптастыру жұмыстарын кү­шейту туралы, екіншісі – Смағұл Сәдуа­қасұлының өтінішін қарап, тыңдау.

Съезд делегаттарының жиыны ақыр соңында «жолдас Смағұл Сәдуақасұлының отаршылдық өршіп қарқын алған кезде губаткомды таратып, губревкомды құру жайындағы әрекетін, сонымен қатар оның Семей губер­ниясындағы отаршылдарды шет­тетіп, жергілікті тұрғындарды пар­тия-кеңес жұмыстарына тарту саясатын да өте орынды деп санаймыз. Республика басшылығынан бұған дейінгі тағылған барлық негізсіз саяси айыптаулардан жолдас Сәдуақасұлын ақтау мәселе­сін сұраймыз» (Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. В 3-х томах. 1 кн. – Алматы: ОФ «Дег­дар», 2016. – С. 156-157) деген арнайы қаулы қабылдады.

Өкінішке қарай, Фофанов се­кілді жергілікті ұлт зиялылары­­на теріс көзқарастағы партия мү­ше­­лері Қазақ өлкесінің жоғары пар­тия-кеңестік басқару органдарында аз болмады. Соның бірі – Сібревком арнайы Семей губер­ниялық партия комитетінің қазақ-татар бөлімін басқаруға жіберген Самат Шарафутдинов деген азамат.

1921 жылдың 23-28 жел­тоқ­сан күндері Мәскеуде өткен IX Бүкілресейлік кеңестер съезін­де Смағұл Сәдуақасұлы «О поло­жении дел на местах в Кир­рес­публике» деп аталатын атышулы баян­дамасын жасады. Мұнда ол В.И. Ленин қатысқан Бүкілресейлік кеңестер съезінің делегаттары алдында жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде Сібір ревкомы тарапынан көрсетіліп отырған саяси-экономикалық қысымшылықтар туралы айтып, жоғары партия-кеңес органдарындағы кейбір ше­неуніктердің өрескел әрекет­терін өткір сынға алды. Ол өз баяндамасында Сібір ревко­мы­ның жымысқы саясатын осылайша әшкере етіп, аяусыз соққы берді.

1922 жылдың ақпан айында Смағұл Сәдуақасұлы Түркістан Орталық Атқару Комитеті жанын­дағы ҚазАКСР-інің өкілетті өкілі болып тағайындалуына байла­нысты уақытша Орынбордан ке­туіне тура келді. Бұл елде еркін ойлы азаматтарды жаппай қуда­лау­дың жаңа саяси құралы – ОГПУ-дің құрылып, белсенді қыз­мет­ке кіріс­кен уақыт болатын-ды.

Көп ұзамай-ақ сталиндік қу­ғын-сүргін шынайы сұрқия жүзін көр­­сетті. 1922 жылдың 23 қыр­кү­йегінде Орынбордағы Қазақ Авто­номиялық Республикасы­ның жоғары партиялық билігіне жергілікті ГПУ органдары қызмет­керлерінен «О групповой и персональной характеристике, сущности и деятельности Алаш-Орды и националистов киргиз, а также и вообще кирработников» (ҚР Президентінің Архиві. 718-қор, 1-тіз., 114-а – іс, 1-7-п.) деген құ­пия ақпар келіп түседі.

Мұнда негізінен Қазақстанда «партия атын жамылып» астыртын әрекет ететін бұрынғы Алаш­орда үкіметінің басшысы Әли­хан Бөкейхан мен Аспандияр Кенжеұлы, сонымен қатар кеңес өкіметін жақтаушы Сейітқали Меңдешұлы тобы бары айты­лып, бұлардың әрқайсысына жеке-жеке мінездеме беріліп, олар­дың ұстанған саясаты, көзқарасы, т.с.с. жайлар жан-жақты жазылып көрсетіледі.

Міне, осы жергілікті ГПУ орган­дарының баяндауында Аспан­дияр Кенжеұлы тобы құрамына енгізілген Смағұл Сәдуақасұлына «Садвокасов (Смагул). Известен своим Семипалатинским подлогом и Акмолинским дефектом, умышленно созданным, дабы разжечь национальную вражду между киргизскими и русскими комму­нистами. Активный деятель Алаш-Орды, ученик Букейханова» дейтін саяси айыптаулар тағылған.

Ол уақытта «Ұлтшыл және ұлт араздығын тудырды» деп айып­­­­талған адамдар негізі­нен РСФСР Қылымыстық Кодек­сі­нің 58-бабының арнайы тармақ­тары бойынша бес жылдан он жыл­ға дейінгі мерзімге бас бостан­ды­ғынан айырылатын немесе өлім жазасына кесілетін.

Ақиқатты жалған деген ке­ңес­тік замандағы жиырмасыншы жылдардың соңы, оты­зын­шы жылдардың басында Алаш қай­раткерлерінің алғашқы то­бы, атап айтқанда, күні кеше Сма­ғұл Сәдуақасовпен бірге сыйлас дос, қызметтес болған Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы, Дінше Әділұлы және т.б. «буржуа­зияшыл ұлтшылдар» деп айыпталып, «халық жаулары» ретінде атыла бастады. Бұл жолы, періш­тесі қақты ма, кім білсін, әй­теуір Смағұл Сәдуақасұлы тура кел­ген ажалдан аман қалды. Алай­да оның өмірбаянына осы «Се­мипалатинский подлог и Акмо­линский дефект» деген екі бірдей ауыр айыптау «қара таңба» болып жазылып қалған еді.

Айтпақшы, сол 1922 жылдың күзінде Алаш қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов пен қозғалыс тілекшісі Тұрағұл Абайұлы тұт­қынға алынып, Семей түрмесіне қамалады. Мысалы, Қазақ өлке­лік партия комитетінің хатшысы Г.Коростелёв 1922 жылдың 9 жел­тоқсанында Сталинге жіберген құпия хатында тұтқынға алынған Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлының Орынборға жет­кі­зілгені, сондай-ақ Жақып Ақбай­ұлының Семей түрмесінде екені туралы (ҚР Президентінің Архиві. 139-қор, 1-тіз., 769а- іс,. 3,4-п.) хабарлайды.

Ал енді жергілікті ОГПУ мәлі­метінде Алаш көсемі Ә.Бөкей­ханның 7 желтоқсанда пойызбен Мәскеу қаласына – Сталинге жі­берілгені жайында жазылады.

2013 жылы Семей қаласы Қа­зіргі заман тарихының құжаттама орталығы шығарған «Гражданская война в Восточном Казахстане, 1917-1922 г.г. Сборник докумен­тов» деп аталатын кітапта тек қана Семгубревкомының төр­ағасы Смағұл Сәдуақасұлының қызметіне қатысты «Из протокола заседания губревкома – об изда­нии воззвания к желающим вернуться на родину киргизам от 12 июля 1921 г.», «Из протокола заседания Киробкома РКП (б) о неправильных действиях уполномоченного КЦИКа С. Садвокасова от 9 ав­густа 1921 г.» және «Из протокола заседания 2-й Семипалатинской губпартконференций – о национальном вопросе от 21 июня 1921 г.» деп аталатын, небәрі үш-ақ құжат бар болып шықты.

Соның ішінде «Из протоко­ла заседания губревкома – об издании воззвания к желающим вернуться на родину кирги­зам, от 12 июля 1921 года» деп ата­латын құжат қана тікелей Сем­губревкомының қызметіне қа­тысты біраз мағұлмат береді.

Смағұл Сәдуақасұлының төр­аға­лығымен өткен осы Семгуб­ревкомының жиынында көрші­лес елге шекара асып көшіп кеткен Зайсан уезі қазақтарының туған жерге қайтып оралсақ деген тілектері қаралып, талқылана­ды. Аталған мәселе бойынша: «Се­мей губревкомы атынан туған ­отанына оралмақ болған қазақ­тарға, олардың жеке басына және дүние-мүлкіне ешкімнің тиіс­пей­тіні­не кепілдік берілетіні жайын­да үндеу жариялау, сондай-ақ орал­мандарды қабылдау және орналастыру тәртібіне байланысты бұй­рық шығару» туралы қаулы қабылданды.

Өкінішке қарай, 1921-1922 жылдары Смағұл Сәдуақасұлы бас­қарған Семей губревкомының қыз­меті туралы бұдан басқа ресми құжаттарды не Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті мұра­ғатынан, не Шығыс Қазақстан об­лысы мұрағатынан әзірге кездес­тірмедік.

Сондай-ақ Смағұл Сәдуақас­ұлының кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қызметі туралы мәселені зерттеу барысында оның Ақмола губерниясы бойынша ат­қарған жұмыстары жайында, яғни «Акмолинский дефект» деген айыптауға қатысты мұрағат құжаттарын іздестіріп таппа­дық. Бәлкім, ол 1920-1921 жылдары Сібір ревкомы солтүстіктегі қазақ жерлері есебінен жаңадан Омбы губерниясын құруына байланысты сонда қалмады ма екен? Тіпті кейде «кеңес өкіметі С.Сәдуақасұлының қоғамдық-саяси қызметіне қатысты партия-кеңестік құжаттарын мақсатты түрде жойған жоқ па екен?» деген деген де ой келеді. Жалпы, қай­раткер ғұмырбаянындағы «ақ­таң­дақтар» құпиясын толықтай ашуға жұмылу, сондай-ақ оның қоғамдық-саяси қызметін тыңғы­лықты зерттеу – уақыт талабы.

 

Самат Жұматайұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты


Жұматайұлы С. Қайсар қайраткер // Egemen Qazaqstan. – 2022. – 16 желтоқсан. - 8 б. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий