Жұлдызы жоғары. Жазушы Ермек Қонарбаевтың туғанына 60 жыл

31 января 2024 - Administrator

  Уақыт қандай ұшқыр десеңізші. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. Енді міне содан бері қырық жылға жуық қайран күндер зымырап өте шығыпты. Бүгін туғанына 90 жыл толып отырған халық ақыны Ахметжан Нұртазинмен, 60 жылдығын атап жатқан жазушы Ермек Қонарбаевпен дала кербезі көк Есілдің кемерінде Аютастың мәрмәр тасында тұрып туыстай табысып құшақ жая қауышқанымызға да қаншама жылдар ара түсіп кеткеніне таңырқамасқа амал жоқ.
Ия, өмір шіркін өз заңынан айнымайды әрқашан. Уақыт сағаты тоқтамай соғып, сол бір асыл жандардың, тума таланттардың торқалы тойы жеткенін паш етігі тұр. Бүгін туған топырағы, Есіл бойын ен жайлап қонған қалың елі Ахаң мен Ермегін еске алып, олардың облыс шежіресіне алтын әріптермен жазылған есімдерін тағы бір жарқырата жария етіп отыр. Бұл облыс жұртышылығы үшін, сөз өнерін қымбат бағалаған әдебиетші қауым үшін үлкен қуаныш.
Алпысыншы жылдардың басында мына Аютас аймағында, ол кезде бұл өңір Октябрь ауданы деп аталатын, әмсе әдебиет сүйген жалпақ жамағат мақтанышпен мерей тұтқан қаламгерлер қатары қалыптасып, ақын-жыршылардың, жазушылардың шабыт отын шалқытқан бір шоғыры жұлдыздай жанды. Олар — Ғалым Малдыбаев, Ахметжан Нұртазин, Игібай Әлібаев, Сейтен Сауытбеков, Зейнел- Ғаби Иманбаев, Ермек Қонарбаев, Жылкелді Мұқанов, Жарасбай Нұрқанов еді. Бұларды алыс ауылдардан ат сабылтқан айтыскер ақындар Темірғали Қасенов, Самархан Жұмалиев, Уахит Темірбеков, Әшім Меңдібаев іздеп келетін. Сонда Аютас аңғарынан тербелген жыр, шалқыған ән талай қиырларға қалықтап жетіп, жан жүректі балқытушы еді, өз таланттарын шексіз сүйген, керемет қастерлеген халқын қуанышқа бөлейтін.
Осынау шағын әдебиет ошағының отын тұтатуға ұйтқы, түрткі болған адам қазак, халқның біртуар қайраткер перзенті, үлкен әдебиетші, елуінші жылдардың соңында біздің облыста басшылардың бірі болып қызмет істеген Ілияс Омаров еді. Ол облыста ұмыт бола бастаған айтыс өнерін қайта түлетіп, халық таланттарының шабыт құсына қанат қақтырды. Жергілікті жазушылардың кітаптарын шығаруға, тұрмыс жағдайын түзетуге көмектесті.
Облыс ақын-жазушыларының аңсап келіп, аңқылдап әңгіме шертер шығармаларының шырайын келтіре талқыға түсер қара шаңырағы — бір кезде ұлы сөз зергерлері Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов басқарған, Ғалым Малдыбаев, Әлжаппар Әбішев, Диқан Әбілев, Жақан Сыздықов, Сафуан Шаймерденов, Естай Мырзахметов сынды әйгілі жазушылар қызмет істеген «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») облыстық газетінің редакциясы болса, екінші бір бас қосар ыстық мекені Аютас аясы болды.
Алматыдан ағылған жазушылар облыс орталығында аз аялдап, амандық-саулық сұрасып, сәлемдеме-туындыларын редакцияға тапсырған соң Ғалым Малдыбаевты, Ахметжан Нұртазинді, Ермек Қонарбаевты сұрап, соларға қарай бет түзейтін. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қалижан Бекқожин, Ғафу Қайырбеков Ахаң өз қолымен өсірген қалың қарағайлы орман ортасында талай сырлы сұхбат, қызықты кездесулер өткізді. Бүгін міне сол ұлылар мен текті талант иелерін сүйіспеншілікпен еске алып, мың сан оқырмандардың қаншама жылдар жылжып өтсе де олқы түспес, ортаймас алғысын тағы да аян етіп отырмыз.
Ахметжан Нұртазин мен Ермек Қонарбаевтың мерейтойларын бірге өткізудің өзі өмірдің қазіргі талабынан, ағайын-туғандардың, дос-жарандардың тілегінен, бірауызды ұйғарым шешімінен туған орынды да оңтайлы оқиға. Мына жарық дүниенің аз күндік дәмін татқан бұл фәниде Ахаң мен Ермек араларынан қыл өтпес достықтан, туыстықтан, бауырлықтан бір мысқалға да айнымаған адамдар еді. Бірі — үлкен аға, бірі — кіші іні болып жарасып, сыйластыққа, қадірқасиеттеріне қылау түсірмей етті. Екеуі ме Көктерек ауылының асыл топырағынан жаратылған, екеуінің де арман-мүддесі әдебиет арнасында тоғысып, шабыт тұлпарын қатарласа тізгіндеп, жарыса сілтеуші еді. Екеуі де көркемсөз құдіретін қатты бағалайтын, екеуі де халқын, туған жерін шексіз сүйетін. Ия, қайран дүние-ай, енді екеуі Қөктерек зиратында қатар жатыр. Арада қаншама жылдар өтсе де халқы екі қаламгерді ұмытпай, таланттарына бас иіп тағзым етіп тұр. Олардың қабірінде ел махаббаты мен мейіріне шомылған алуан бояулы абат гүлдер толқиды.
***
Бүгін Ахметжан Нұртазин мен Ермек Қонарбаевты еске алып туған жерінде ас берілуі бір ауылдың ардағы атанған осы екі дарынды талантқа арналған ел құрметі, халық сүйіспеншілігі деп білеміз.
Ермек Қонарбаев сонау алпысыншы жылдардың басында алғашқы әңгімелерімен қазақ әдебиетінде жарқ етіп көрінген үмітті жастардың бірі болатын. Көрнекті қаламгерлердің бірі Ғабдол Сланов «Қазақ әдебиеті» газетінде жазған мақаласында бір топ жас жазушылардың тырнақалды туындыларын талдай келіп, Ермектің қалам қуатына жылы лебіз арнады. Міне осынау ақ тілек жас дарынның туа біткен тамаша талантына қанат бітіргендей болды. Ол әдебиет көгінде өз үнімен саңқылдап, өз өрнегін таныта бастады. Ермек Қонарбаевтың әңгімелері республикалық газет, журналдарда, топтама жинақтарда жарық көріп, оқырман қауымын соны ойларымен, тың толғаныстарымен, жазу шеберлігімен, асыл мәржандай төгілген тіл көркемдігімен тәнті еткені де рас.
Әдебиетті бүкіл өмірінің мұраты санап, алдына биік мақсаттар қойған жас қаламгер болашақ кітаптарының алтын арқауын туған жерінен іздегендей Алматыда қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітіргеннен кейін ұшқан ұясы — өзінің алтын бесігі Ленин орта мектебіне мұғалім болып оралды. Өмірдің қайнаған ортасына ұмтылып, көрсем, білсем, үйренсем деген тынымсыз ізденіс, талмас толғаныс оны әр қиырға жетеледі, қызмет салаларының қилы өрісіне қадам бастырды. Ермек комсомол ұйымының хатшысы, кеншар партия ұйымының хатшысы, облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінің Сергеев ауданындағы меншікті тілшісі, өмірінің соңғы жылдарында Белоглинка селосы мектебі директорының орынбасары болып істеді. Қай қызметте болсын өз ісіне берілген белсенділігімен, ар-ұятын мөлдір таза ұстаған адамгершілігімен, еңбекқорлығымен елге танылды. Бір кезде оның алдынан оқып шәкірт болған, онымен бірге қызмет істеген адамдардың қайсымен сөйлессеңіз де сізге тамаша педагог, ғажап жазушы, адал дос, үлкен жүрек иесі туралы сырлы әңгіме шертері сөзсіз.
Ермектің артында қалдырған мұрасы онша көп емес. Көзі тірі кезінде «Түнгі от», «Жол басы», «Тиек» деп аталатын үш әңгімелер жинағын шығарды. Өзі өмірден өткеннен кейін «Қас қағым сәт» деген атпен шығармаларының бір томдығы жарық көрді. Оқырман достарына аманат еткен осы әдеби туындыларының өзі Ермектің есімін халқының алдында айырықша құрметпен атауға мүмкіндік береді. Заңғар сөз зергері жерлес ағамыз Сафуан Шаймерденов «Қас қағым сәт» кітабына жазған алғыссөзде былай деп ой түйеді: «Ермек сомдаған бейнелер намымды да шынайы, бедерлі де шымыр болып келеді. Жазушының көзі тірісінде «Түнгі от», «Жол басы», «Тиек» атты шағыншағын үш кітабы жарық көрген еді. Осы жинақтардан ұзын ырғасы екі жүзге жуық бейнелердің барын байқадым. Бірін-бірі қайталамайтын, біріне-бірі ұқсамайтын бейнелер. Осы ретте Ермекті бүгінгі ауыл өмірінің айнасы десек әбден орынды. Мен сонда қазақ әдебиетінің әңгіме жанрына жаңа бір Майлиннің келе жатқанын сезінгендей едім».
Сафекең айтқандай Ермек өзі туған ауылды, оның тамаша адамдарын, таңғажайып табиғатын өз әңгімелері мен повестерінің арқауы ете білді. Қай шығармасын оқысаңыз да қасымызда өзіміз күнде көріп жүрген жандардың қызықты әдеби бейнесі көз алдымызға келіп, асыл мұраттарымен, терең ойларымен толғантады. «Қайрақ», «Соңғы жылдың жүгі» повестері, «Көңілдің кейбір кездері», «Қалжыңқой қарт», «Туған жер», «Сақау», «Қас қағым сәт» сынды әңгімелері оқыған сайын көңілді көркейтіп, көкіректі сәулелі сезіммен нұрландырады. Мәселен, «Қос қағым сәт» деген шағын әңгімені оқысаңыз осы өңірдегі Жарман Рақымов деген атақты әнші, жыршы есіңізге түседі. Ол кісі Ахаңның досы еді. Кездескен сайын қызықты кешті думанға толтырып ән-жырдың базарьма айналдыратын. Сол таланттың көркем келбетін Ермек қаламы дәл түсіріп, хас суреткерлікпен кестелегеніне сүйсінесіз. Әңгіменің кейіпкері Арман деп аталады. Міне осы Арманның прототипі өзіміз көрген Жарман екенін танимыз.
Ермектің әңгімелерінің бәрі дерлік өмірдің ең ортасынан ойып алынғандай шынайы, көркем, мейлінше қысқа. Олардан сіз көпірме бос сөзді, сылдыр сөйлемдерді, ананы-мынаны суреттеп, алыстан орағытып әуре болатын қопсымаларды көре алмайсыз. Оның кейіпкерлерінің портреттері өте айқын шебер қолмен кестеленген мүсіндер, сөздері ішкі жан сарайын алдыңызға жайып салардай уытты да бейнелі, ал әңгімелерінің, повестерінің оқиғаларынан шытырман қақтығыстар, шырғалаң құбылыстар кездестіре қоймайсыз. Ол өзі шексіз махаббатпен сүйетін туған ауылының бар бейнесіне жіті үңіле отырып, күнделікті өмірден типтік құбылыстарды, әрлі де нәрлі суреттерді таңдай біледі, өзінің жаны қалаған кейіпкерлерін ғаламат ынта-ықыласпен зерлеп кестелейді. Сол себептен де оның туындылары тез де жеңіл оқылады, жүрекке ыстық сезім сыйлайды, ой-санаға терең бойлап, мол ғибрат дарытады, өнеге- тәлім ұқтырады.
Қазақ әдебиетінің табалдырығын аттаған алғашқы қадамында-ақ оқырман назарын аударып, болашағынан үлкен үміт күттірген Ермек Қонарбаевтың өмірі қысқа болып, оқырман жұртын арманда қалдырды. Алланың жазуы осылай шығар, орны толмас өкінішпен күн кешу де тірі жанға жарасты қылық емес. Біз бүгін Ермектің өзі адам атаулының барар жеріне ертерек аттанып, дүниеден өткенмен артында жарқын ізі — асыл мұралары, ат тұяғын тай басқан ұрпағы қалды деп жұбаныш етеміз. Ермектің жұбайы Мәйкен, қарындастары Әзкен, Нәзкен, балалары Жанар, Жансерік, Нұрлыгүл оның есімін есте қалдырып, ел жадынан ұмыттырмау үшін қаншама қайрат-жігер жұмсады, ерен еңбек жұмсады десеңші. Шығармаларының бір томдығын Алматыдан шығарды, туған ауылында мектепте мұражай ашылды, бұқаралық ақпарат құралдарында ұшан теңіз материалдар жарық көрді. Мұның бәрі орасан еңбектің жемісті.
Қара сөздің жүйрігі болған Ермек поэзия айдынына қалам сермеп өлең де жазған. Біраз жырлары біздің газетімізде жарияланды. Сол өлеңдерінің бірінде мынадай жолдар бар.
Каламаймын өлімді,
Өмір сүргім келеді.
Өлеңнің тауып өзегін,
Көгін түргім келеді.
Өле қалсам — арманым:
Қалса екен кітабым.
Десе екен жұрт: «Оқылық
Ермектің бұл кітабын»
Оқып болып айтса екен,
«Ойы қандай жақсы екен» деп.
Баласына ескертіп:
«Оқып, ойлап бақшы!» — деп.

Ия, Ермектің арманы орындалды деп айтуға болады. Оның кітаптары бүгін қадала оқып қолдан түсірмейтін асыл қазынаға айналды. Ол кітаптар жазушы өмірін жалғастырып әлі де талай ұрпаққа шапағатты нұрын шалқытары сөзсіз.

Бақыт МҰСТАФИН.



Мұстафин Б. Жұлдызы жоғары. Жазушы Ермек Қонарбаевтың туғанына 60 жыл // Солтүстік Қазақстан.-1998.- 3 шілде. -3 б. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий