Елтінжал
«Құр кеуде басқанменен «білемінге»,
Көп жайды біз ұғамыз жүре-жүре.
Бақсам мен - Елтінжалға баратын жол
Ғабеңнің жатыр екен жүрегінде!» - деп қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков ақтарыла жырлағандай, ойы түпсіз терең сөз зергері Ғабит Мүсірепов үшін Елтінжалдан асқан, Елтінжалдан қымбат жер болмаған. Бар қызығын үйіп-төгіп, босатпай құшағынан сүйіп-өбіп, ерке құсын сағынып қарсы алатын Елтінжал - нағыз «нар шөккен» киелі жер, шырайлы да шұрайлы өңір. Осы киелі топыраққа табан тіреген әркімнің де: «Мына жердің байлығы астында емес, үстінде тұр ғой», - деп таңданып, тамсануы тегін болмаса керек.
«Басыңда азат күнің, еркің барда,
Барып қайт бауыр жазып Елтінжалға.
Елтінжал еркелетіп, қарсы алмаса,
Маған кел, көңіл суып, көп қиналма!» - деп Ғабеңнің өзі айтқандай, Елтінжалға мен де талай рет ат басын бұрған едім. Бірде белгілі қаламгер, ел газеті - «Егемен Қазақстанның» белді қызметкерлерінің бірі Жанат Елшібекке ілесіп жолға шығудың сәті түсті. Жәкеңмен «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») істеп жүрген кезінен таныс болатынбыз. Ол бірден Ғабең ауылына барғысы келетінін айтты. Сөйтіп, «Егемен Қазақстанның» біздің облыстағы меншікті тілшісі Байтұяқ Жанымбетов, өзіміздің «Ленин туында» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») бөлім меңгерушісі болып істейтін Амандық Жантеміров төртеуіміз таңертең жолға шықтық. Түс кезінде Айымжанға соғып, «ат суытып» алдық та, күн еңкейе Ғабеңнің ауылы - Жаңажолға жеттік.
Бұрын-соңды біздің өңірге келмеген Жанат үшін бәрі таңсық. «Е, бәсе, Сәбең, Ғабең сынды алыптардың тамыр тартқан топырағы осындай құнарлы болуы керек қой», - деп не нәрсеге болсын таңдай қағады, таңдана қарайды, Арамызда Ғабеңді, жалпы осы өңірді біршама жақсы білетін бір жан болса, ол - Амандық. Ол да осы жердің тумасы, туған ауылы Қарақамыс Жаңажолға тиіп тұр, «көнекөз, ескі құлақ кісілерден» естігендерін ортаға салып жүр.
Бұл Ғабеңнің туған ауылының даңқы дүркіреп тұрған кез болатын. Тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі бой көтеріп, шағын ауылдың қанаты кеңейе түскені бір жақсылық болса, тракторшы қыз-келіншектер бригадасының қүрылуы да елді елең еткізген оқиға еді. Сөз жоқ, алматылық әріптесімізді осы жағы да қызықтырады. Бірақ ол қайта-қайта әңгімені «Ұлпанға» бұра береді:
- Бәрі өмірде болған адамдар екен ғой, - дейді.
- Иә, иә, Ұлпан да, Есеней де бәрі де өмірден алынған кейіпкерлер, -дейді Амандық пен Байтұяқ жарыса.
- Онда «Ұлпан» көркем шығарма ғана емес, тарихи шығарма да болды ғой.
Кешікпей оған бәріміздің де көзіміз жетті. Ауылдың солтүстік-шығысындағы орманға бастап алып келген Амандық әжептәуір аумақты алып жатқан, жағалай орланған жерді көрсетіп: «Міне, Есеней қорымы осы», - деді.
- Ұлпан да, Есеней де осында жерленген. Бертін олардың бастарына ескерткіштас орнатылды. Амандық бәрімізді солай қарай бастады. Осы арада тізе бүгіп, аруақтарға Құран бағыштадық.
- Ғабеңнің өз бабалары да осы қыстауды паналағанын «Ұлпаннан» оқып едім, - деді Жанат әңгіменің қызығына беріліп.
- Бұл жерді жергілікті тұрғындар «түрікпен қыстауы» деп те атайды. Ғабеңнің кіндігі нақ осы жерде кесілген. Үйлерінің орны әлі бар.
Мал, жан аяғы баспаған жерде қалың шөп жайқалып тұр. Жанат бәріне таңырқай қарайды.
- Елтінжал дегені қайсысы? - деді сәлден соң.
- Ол ұзыннан ұзақ созылып жатқан орман, осы жерден алыс емес.
- Неге Елтінжал деп атады екен?
Біздің арамыздан бұл сауалдың түйінін тарқататын адам табылмады.
«Елтінжал» деген сөз қайдан шықты екен? деген ой ара-тұра қылаң беріп қалатын. Бірде соның жауабы табылғандай қуанғаным да бар. 1992 жылы жаздың күзге ойысар тұсында Алматыга жол түсіп, «Жетісу» пойызына отырдым. Жайлы вагон, жүйрік пойыз жүйткіп-ақ келеді. Бірақ қазақтың ұшқан құстың қанаты талатын кең даласының ұшы-қиыры жоқ сияқты, көсіліп жатыр. Пойыз доңғалақтарының дүрсілі тұяқтарынан от ұшқан тұлпарлардың дүбірі ме дерсің! Найзаның ұшымен, білектің күшімен туған жерін шапқыншылардан қорғаған бабалар... Осылай ой жетегіне еріп, күнделікті күйбің тіршілікті ұмытқандай, рақат бір сезімге беріліп отыр едім, купенің жартылай ашық тұрған есігінен қазақтың үлкен ақындарының бірі Ғафу Қайырбековті көріп қалдым. Ғафеңмен осыдан бір айдай бұрын Ғабеңнің 90 жасқа толуына қарай туған жері
- Елтінжалда өткізілген тойда кездескен болатынбыз. Мен ол кезде республикалық радионың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі едім, ал қазақ радиосының сол кездегі басшысы Қуаныш Орманов Ғафаңның жиені болатын. Той қарсаңында сол кісі телефон шалып, Ғабит Мүсіреповтің мерейтойына Алматыдан да біраз адамдар баратынын, олардың ішінде Ғафу Қайырбеков те бар екенін айтып, маған міндетті түрде сол кісіге жолығуды, қажет болып жатса көмектесуімді сұраған. Тойға келгендерді қарсы алып, шығарып салу тәртібі белгілі ғой, қалада Ғафаңа жолығудың сәті түспеді. Тек Жаңажолда кездесіп, мәнжайды түсіндірдім, сұхбат алдым. «Рақмет, маған алаңдама, бәрі алақанға салғандай болып жатыр ғой, қажет болсаң, өзім тауып аламын»,
- деді.
Ғафаңды мен тұңғыш рет 1989 жылдың жазында Сартомарда өткен Мағжан тойында көрген едім. Қайсар қара шашын кейін қайырған қара торы өңді ақынның қоңыр даусы жыр оқығанда керемет бір екпін алып, тыңдаушысын баурап әкетеді екен. Қара сөздің өзін жырдай төгілтетін Ғафаңа тәнті болып қалғаным соншалық, сол жолы бір қажетіне жарап, жақынырақ таныса алмағаныма бір жағынан қынжылып та қалған едім. Енді, міне, сол Ғафаң менімен бір пойызда, бір вагонда келе жатыр. Пойыз Ақмоладан (Астананың бұрынғы аты) жаңа ғана шықты, жол алыс... Көңілімнің түкпірінде жақсы бір үміт тұтанды. Ғафаңның алдынан шығып, сәлем бердім. Ол мені бірден танып: «Қайдан жүрсің?» - деп сұрады. Мен қызмет бабымен Алматыға бара жатқанымды айттым. Ғафаң жалғыз емес, қасында бәйбішесі бар екен.
- Біз әнеугі тойдан кейін Бурабайда демалдық, содан үйге қайтып келе жатқан бетіміз, - деді. Сосын шайын сораптап сәл үнсіз отырды да:
- Қазақстанның түкнір-түкпірін түгел араладым, бірақ осы солтүстіктен сұлу өлкені көргем жоқ, ауасы да керемет, әйтеуір, бойым сергіп, бір рақатқа батамын, - деді. «Ғабеңмен талай келдім ғой» деп тағы бір қойды.
- Ол кісі сізге өткеннен біраз әңгіме айтқан шығар?
- Иә, келген сайын туған жерін жаңа көргендей болып, өткен күндерді еске алып отырушы еді. Әсіресе, «Ұлпанды» жаза бастаған кезінде көп әңгімені жаңғыртқаны есімде.
- «Ғабит Мүсірепов» деген өлеңіңіз осы сапарлардан туған ғой, сірә?
- «Елтінжал - солтүстіктің орманы екен,
Баратын оған жалғыз жол бар екен.
Әрі алыс, әрі жақын сонау жолдың,
Жүрсем деп қай жағынан ойға кетем», - деп ағаға еріп жүріп біраз жайды көңілге тоқыдық қой. Ғабең түпсіз терең тұңғиық еді ғой.
Ғафаң тағы да үнсіз қалды. «Ақын жүрек Ғабең әлемін шарлап кетті ме»... Қасы мен қабағына қарап, үнсіз отырмын.
- Иә, өмір өтеді, бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ.
Оның үнінде бір қимастық бар.
- Елтінжал деген атау қайдан шықты екен? - дедім мен әлгі үзіліп қалган әңгімені қайта жалғап.
- Бір сапарында Ғабең Елтінжалға ауылдың екі-үш шалын ертіп барды. Менің Елтінжалды тұңғыш көруім: көк ала бұлттай шөгіп жатқан қалың орманнан далаға шыға қашып тоқтаған тұлпарды елестетті Осы көршіске сұқтана көз салған Ғабеңнің әлгі шалдардан: «Не деген сөзден шыққан екен бұл ат?» - деп сұрағаны есімде. Сонда әлгі ақсақалдардың бірі ертеректе «Елтін деген кісі болса керек», - деп аса тереңдей алмаған. «Ұлпанды» жазып жүрген Ғабеңнің өз болжамдары да болған шығар, бірақ солай ма еді» дегендей, қабағын керді де одан әрі қазбалаған жоқ.
Осылай Ғафаң Алматыға жеткенше ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов туралы біраз сыр шертті, оның адами қасиеттерін тілге тиек етті.
Ал Елтінжал атауының қайдан шыққанына келсек, ол жөніндегі деректер шамалы екен. Сәбит Мұқановтың 1959 жылдың аяғында жазған Ғабит Мүсірепов туралы қысқаша өмірбаяндық очеркінде: «XIX ғасырдың орта кезінде, Құсмұрын дуанының Сұлтан-правителі Шыңғыс Уәлихановты түсіріп, орнына Сұлтан-правитель болған Есеней Естемесов, Мүсірепті оң қолы ғып ұстап, өз ауылының қасынан қоныс беріп, қыстау салдырған. Дөңес жерге жалдана біткен бұл ағаштың атын «Елтін жалы» дейді. Елтін - Қыпшақтың Күрлеуіт руынан шыққан адам екен» деген жолдар бар.
Елтін Есенейдің туған апасын алған жездесі (кейбір зерттеушілер күйеу баласы деп те жазып жүр). Бұл арада нақтылай түсетін мәселелер аз емес. Өйткені Елтіннің әкесі Нияздан қалған төмендегідей сөз бар:
«Абылай аспас Арқаның сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы түссе де ылайланбас,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі».
Осы арада біреулер Қаракөл қайда, Елтінжал қайда? - деуі мүмкін. Ол рас, Сәбеңнің жазуынша. «Нияздың Қаракөлі» Баян мен Ереймен тауларының арасында. Міне, Есеней Елтінді қасына сол жерден көшіріп алған. «Артынан басқа күрлеуіттер де келе бастап, жеріне симайтын болған соң Есеней оларға Қостанай облысының қазіргі Урицкий ауданынан жер берген» (Сәбит Мұқанов). Міне, нақ осы кезде Есенейдің мейірімі Мүсірепке түсіп, Елтінжалдың баурайына Түрікпен ауылы қоныстанады. Ел ішінде бұған қарсы шыққандар да табылады. Әсіресе, Еменалы: «Жерімнің құтын бергенің, мұндағыларды ойламағаның ғой», - деп қатты ренжіпті. Бірақ ол Есенейдің шешімін өзгерте алмапты. «Кейін де елдің біразы Еменалыға қосылып, «Елтінжалды түрікпенге бергені -кұтынан айырылғаны десіп жүріпті» (Ғ.Қайыбеков. «Елтінжал», «Өнер» баспасы, Алматы. 1990 ж. 107-бет). Қалай десек те, осы бір тұста Есенейдің күні еңкейіп, Түрікпеннің шаңырағы биіктей түседі.
Елге танылған Еменалының Мүсірептің әйелі ұл тауып, мәз-мейрам болып жатқанда, бүлік салатыны да нақ осы түс. Оның терезенің ар жағынан сілтеген сойылы төрде отырған Есенейдің жауырынына тиеді. «Есеней көзін жұмып тістеніп қалды. Баяғыда Кенесары садақшысының оғы тиген жауырын ортадан соқты-ау деп ойлады. Тап сол оқ қадалған жері шаншып-шаншып қалды. Иә, ағайын деген осы да. Сойыл сілтемей отыратын күні жоқ. Қан майданда қас жауыңмен қарсы тұрып алысқаның қиын ба, туысқан ініңнің күнде бір тырнап, күнде бір нұқып қалғаны қиын ба?..
- Тұр, Есеней, үйге қайтайық. - Ұлпан Есенейді тез киіндіріп, үйіне алып келді де төсегіне жатқызды. Есеней сол жатқаннан енді қайтып тұрған жоқ» (Ғ.Мүсірепов, «Ұлпан», «Жазушы», Алматы, 1975 жыл, 171-бет).
Байлық ол кезде де қолдың кірі болса керек, Есенейдің тұсында бес мың жылқы айдаған Мүсірептің ұрпағы Қазан төңкерісі алдында бір жылқыға қарап қалады. Ол жөнінде Ғабең өзінің «Автобиоғрафиялық әңгімесінде» былай деп жазады: «Әкеміздің шаруасы тайға артқан қоржындай бұлтылдап кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Анда-санда орташаға жақындап шырт түкіре бастағанда әкеміз оп-оңай кедей болып қалушы еді. Бай болуды қанша ұнатқанымен, ол бір ішінде кеткен арманы болуы керек. Әр қыста бір тосып алатын жұтпен, әр жылда егіздей беретін алым-салықтар кейде тұқыртып кетсе, кейде біржола тұралатып кетуші еді».
Басқалар тәнті болып таңдай қағатын солтүстіктің табиғаты: жасыл желек - жапырағы жайқалған қайың-терек біз үшін таңсық емес десек те, Елтінжалға соққан сайын әр бұтақтың сыбдырына құлақ түресің, сыр аулайсың, озгеше бір сезімге бөленесің, қордалы жердің бояуы қанық гүлі, ылғалға бөртіп, бұла өскен бәйтерегі Ғабең екенін сезіне түсесің. «Күлі таныс, желі таныс, суығы таныс» (Ғ. Мүсірепов) Елтінжал кезінде оған тұғыр болып, ой-арманына, үміті мен сеніміне қанат байласа, енді, міне, халқы есімін айтып мақтанатын дара ұлдың, дана ұлдың сырлы әлеміне айналып, Ғабең ғибратының сәулесіне шомылып тұр. Сан қырлы, күрделі тұлға, қазақ халқының өміріндегі өзгеше құбылыс - Ғабит Мүсіреповтің былайғы жұртқа беймәлім сырларына қанығамын, оның ой-иірімдеріне құлаш ұрып, «толқынды толқын болып» қуамын деген ниетпен Елтінжалға ат басын бұрушылар бүгін қаншалықты көп болса, келер ұрпақтың да олардың қатарын сиретпесі анық. Міне, осылай өзіне байланған Ғабеңдей перзенті барда Елтінжал жетімсіремейді, қазір бұл өңірде де Ғабеңді көрген, кәдімгідей бір дастарқанның басында отырып әңгіме-дүкен кұрған жандар онша көп емес. Әрнне, олардың койындары - алтын сандық. Осындай жандардың бірі, қарт ұстаз Айдарбек Аткелтіровпен бірнеше мәрте кездескенім бар. Кезінде туған ауылында заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің мұражайын ашуға көп еңбек сіңірген Айдекең кейін шаруашылықтан береке кетіп, біраз дүние құнсызданып қалған кезде де атақты сөз зергерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлерді, құнды деректерді сақтап қалу жолындағы күрестің бел ортасында жүрді. Қазір ол кісі аудан орталығы - Пресновка ауылында тұрады.
- Ғабең Елтінжал десе, елжіреп кететін, «әркімнің өз Елтінжалы бар» деп өз ортасында туған топырақтың қадір-қасиеті жоғары, қымбат екенін айтып отыратын. Ол кісі кезінде өзінің шығармаларына «Елтінжал» деп қол қойып жүріпті. Бұл да көп жайдан сыр ұқтырса керек, -деген А. Аткелтіров бір кездескенімізде.
Елтінжал! Иә, Ғабеңнің осы сөзге көп мағына салғаны сөзсіз. Оның өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан кейін ел жаққа келуді жиілетуі де туған жерге деген сағыныштан десек, қателесе қоймаспыз. Осындай сапарлары кезінде Ғабең ауылдың үлкендеріне сәлемдесіп, жағдайға қаныққаннан кейін жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан бала-шағаға ойысады екен. Осы жайында жазушының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында немересі Жанат Махмұтованың былай деп жазғаны бар: «Кеш түсе бастаса болды, бүкіл ауылдың кішкентай балаларын көшенің ортасындағы көк шөп үстіне жинап алып, бәйге, ат жарыс, күрес ұйымдастырады. Ат жарысы - шыбыққа мінген балалардың сайысы. Кішкентай қыздарды билетіп, ән айтқызуды жақсы көруші еді» («Ленин туы», 10 наурыз 1999 ж.).
Десек те, сапарлас болғандардың бәрінің айтатын бір сөзі: Жаңажолға келгенде Ғабеңнің оңаша қалып ойға шоматын кездері жиі кездесетін. «Ғабең бір кезек, талма түстер, күрең кештер тұсында өзі жасында жалаңаяқ келіп, талай шомылған «Құдайкұл» көліне апарады. Біз жаппай, жамырай шомыламыз. Ал Ғабең ақ қалпағы ғана көрініп, көл ішінде мүлде ұзақ отырады. Сонда оның ойына не түседі екен?». (Ғ. Қайырбеков. «Елтінжал», Алматы, «Өнер», 1990 жыл. 194-бет). Әрине, «Үмітпен, күреспен, сеніммен қауышқан» ғұмырында талай тағдырлар мен кездескен, қызметтес, дәмдес болған алыпты не мазалайтынын ешкім дөп басып айта алмас. Дегенмен, топшылап көруге болады. Жазушының қоғам туралы, туған елінің болашағы туралы ойларын жүрек түкпірінде аялағаны анық. Мүмкін, ол кейін мұрағаттан табылған «Күнделігіндегі» мына жолдарды Елтінжал әсерімен жазған болар: «Дауылда, желде орманның жайқалу, теңселуі тұтасқан бір ырғағын таппаса көп құлайды. Дұрысы - бірге бір ырғақ тапқанша көбірек құлайды. Үй ішінің дем алыс тынысы да осы қатарға жатады. Үй тіршілігінің бір ырғағы табылмаса, керексіз кикілжің көбейе беріп, аяғында апатқа дейін апарады. Әртүрлі ызыңдар да, қозғалыстар да солай, ырғағы, үндестігі, бояулары келіспеген істің бәрі де берекесіз болады». Неткен көрегендік десеңізші?! Ғабең қоғамда бір өзгерістің боларын сезгендей, сол сын сағатта ынтымақ, бірлік қана жақсылыққа бастайтынын кейінгі ұрпағына аманат етіп тұрған жоқ па?
Оған бүкіл шығармаларына алтын арқау болып өрілген отандастарының тағдыры, адами қасиеттер, мәңгі өшпес құндылықтар жайлы ойлар да серік болғаны сөзсіз. Тағы да «Күнделікке» зер салалық: «Біреуге біреу ешбір жақсылықты көпсінбес күн қашан келер екен»; «Өткеннен безінсеңдер, бүгінгіні жек көресіңдер, ертеңгі күнге енжар қарайсыңдар»; «Дүниеде ең қорлық та, зорлық та аяққа басылып келе жатқан нағыз қымбаттымыз - ар-ұят, әділет, шындық, сұлулық»; «Ойлап отырғаны басқа, айтқаны одан басқа, сөзі бір басқа, ісі бір басқа адам болады»; «Елің үшін мақтан, елің үшін қайғыр»; «Қазақ деген ел - бостандық, азаттықты сүйетін, даланы, таза ауаны сүйетін, таза суды, таза көгалды сүйетін халық. Бұл кезінде ол - бұзылмаған ел, бұзыла білмейтін ел емес, бір бұзылса, аяқ-қолын жинай алмай кетуі мүмкін. Сонша кең дүниеде жүріп, сонша тазалық дүниесінде жүріп ол елдің жан-жүрегі таза болмаса, таңдануға болар еді. Жоқ, ол асқан ақкөңіл, мырза, сенгіш ел». Міне, «Күнделікке» түскен Ғабең ойлары осылай тізбектеліп кете береді.
Оймен оңаша қалғанда Ғабеңнің көз алдына Елтінжалдың баурайында өткен балалық шағы, жалшылықтың тауқыметін бірге көтерген бауырлары, құрбы-құрдастары оралуы да ғажап емес қой. Өнерге құштарлығын оятқан жақын туысы Ботпай мен оның қызы Бәтиманы да еске алған шығар. Бәтима туралы: «Сұлу емес сүйкімді, елжіреген балажан, ерке жүректі адам еді. Ескі ауылда сирек кездесетін, ерекше тұратын, не ойлай қалғаны жүзіне шыға келетін нәзік сезімнің адамы еді. Сол бір жылы бейне балалық шақтың ұмытьшмас сағынышы сияқты менің ойымда әлі бар, әлі сыны жоғалған жоқ», - деп жазуы тегін емес.
Сөз жоқ, ол алғашқы ұстазы Бекет Отетілеуовтің есімі мен бейнесін де жүрек түкпірінде сақтап өтті. Бекет Өтетілеуов белгілі адам болған. «Қазақ әдебиетінің революңиядан бұрынғы ақындарының бірі, 1913 жылы «Жиған-терген» атпен өлеңдер жинағы шыққан, демократтық бағытта болған, ауыл мектебінде үздіксіз еңбек атқарып, кеудесіне Ленин орденін қадаған, Коммунист партиясының мүшесі, Ұлы Отан соғысынан кейін, қартаң жасында қайтыс болған» (С. Мұқанов «Біздің даму жолдарымыз», Алматы, 1960 жыл, 574-бет).
Міне, Ғабеңнің әдебиетші болуына бірден-бір ықпал еткен адам осы Бекет Өтетілеуов екені даусыз. «Ондай жақсы оқытушыны мен кейін де сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді. Кейде сабақ біткеннен кейін оқуға, білімге шақыратын әңгімелерді айтады. Көбінесе, өзі аударған Крылов мысалдарын оқып береді. Абай, Ыбырай шығармаларын оқиды... Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін, мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі «Жиған-терген» деген өзі шығарған өлеңін берді. «Жиған-терген» маған өте ұнады» (Ғ.Мүсірепов, «Таңдамалы әңгімелер», «Мектеп», Алматы, 1979 ж.).
Жазушы тағы нені ойлауы, кімді еске алуы мүмкін? Сөз жоқ, Абайды еске алады, ұлы ұстазымен ой бөліседі, сырласады. Осы арада сөзіміз дәлелді болуы үшін Ғабеңнің белгілі сыншы марқұм Сағат Әшімбаевқа берген бір сұхбатында ортаға салған сөздерін келтіре кетсек, артық болмас. «Мен Абайды алпыс жыл бойы оқып келемін. Әрбір оқыған сайын жаңа ой тауып келемін, сол үшін де өмір бойы табынып келемін. Өзіңді-өзің түсінгің келсе, өзгені тереңірек танығың келсе, өмірдің терең-терең сырларына бойлағың келсе, Сұлтанмахмұт айтқандай «Абайды оқы, ерінбе». Абай - бой түземей, ой түзеймін дейтін адам үшін адамдық қасиеттің бірден-бір белгісі ойланудың, ой өсірудің құралы. Абайға табын-байтын адам - ақылға табынбайтын адам», - деген-ді ол сонда.
Абай... Ғабеңнің жүрегіне шоқ салған, от салған тағы кім бар? Ол, әрине, Мағжан. Мағжан Жұмабаев туралы оның «Күнделігінде» мынадай жолдар бар: «Заман алдында ақын тұр, ақын алдында заманы тұр. Ақынын түсінбесе заманға сын, заманын түсінбесе ақынға сын. Трагедиялық кризис тұсына кездессе, қоғамдық белгілі жағдайда қалыптасқан сана-сезімнің ақыны көпке дейін көндіге алмауы, қарсылық білдіруі мүмкін».
Белгілі әдебиетші филология ғылымының докторы Бақыт Кәрібаева «Қазақ әдебиеті» газетінің 2002 жылғы 8 қарашадағы санында жазғандай, «Нәзік жанды, поэзия тәңірісі Мағжан о баста-ақ жазушы жанын жаулап, іңкәр көңілін суаттай суарып тастағандай. Әлем әдебиетінің сыр-сиқырын үздіксіз зерттеп, көркем таным тасын өрге домалата беруі де Мағжан ықпалы болуы әбден мүмкін». Иә, осы ұлы екі тұлғаның қос өрім болып тарих бәйгесіне қосылғанын айғақтайтын мысалдар жетерлік. Ол үшін Ғабеңнің Мағжан шығармашылығына ол ақталмаған кездің өзінде-ақ ден қойғанын айтсақ та жеткілікті. Ақын шығармаларын ауызға алуға болмайтын сол бір үрейлі кездің өзінде Ғ.Мүсірепов Мағжан жырларын қойын дәптеріне жазып отырған. «№337 дәптерінде Мағжан Жұмабаевтың атақты «Шолпы» өлеңінің мәтінін толық жазып, аяғына 1975 жыл деген уақытты көрсетіпті. Сол дәптерде Мағжанның «Толқын» аты өлеңінің, №338 дэптерінде «Гүлсім ханымға» атты өлеңінің мәтіндерін жазып қойған. Мағжанға тыйым салынған қатал дәуірдің өзінде-ақ Ғабит Мүсірепов ақын шығармасының құдірет-күшіне сүйсіне, табына отырып, оны қадірлей, құрметтей білген. Сол бір аса қиын-қыстау кезеңде ешкімнен қаймықпай, сескенбей, әдебиет туралы, оның дарынды өкілдері жайлы өз жүрегінің сеніміндей ой-толғамдарын қағазға түсіріп отыруы Ғабит Мүсіреповтің азаматтық тұлғасының іршігін, дарынының биіктігін, құдіреттілігін, тазалығын, болжампаздығын, қаһармандығын танытып, дәлелдейтін болса керек». (Ә. Нарымбетов «Ғабит Мүсіреповтің қойын дәптерлері», «Қазақ әдебиеті», 1993 жыл).
Алыстан қарауытып көрінетін қалың орманның бауыры мың түрлі асыл шөптерімен, қызылды-жасылды гүлдерімен қалай құлпырып тұрса, жолдың орта тұсы ойдым-ойдым алаңдарымен, қарағайдай түзу жуан-жуан ақ қайыңдарымен көздің жауын алады. «Едәуір ұзын орманның күнгей жағы қалың қара шие, жортып өтсең де ат шашасын қызылға бояп жіберетін жидек пен бүлдірген. Екі жағындағы екі өзекте де жуа өседі, аралар ұялайды. Шөбі де қалың» (Ғ. Мүсірепов).
Ғабең ауылға келген сайын осы өңірді асықпай аралап, керемет бір күй кешеді екен. Бірде Елтінжалға сұғына кірген көзі шоқ қайыңның арасында өсіп тұрған жалғыз шыршаға түседі. «Бұл араға қарағай қалай келді екен, әлде біреу отырғызды ма?» - деп сұрайды Ғабең қасындағылардан:
Жұрт аң-таң. «Айдалаға кім қарағай отырғызады?! Табиғаттың тағы бір құпиясы да». Ғабең жас шыршадан көзін ала алмай біраз тұрады да, Алматыдан өзімен бірге келген інілері Мақсұт Әубәкіров пен сазгер Жоламан Тұрсынбаевқа: «Сәукеле, шапан, бүрмелі көйлек киген сұлу бойжеткендей сыланып тұрған мына қыз қарағайға бір ән жазыңдар», -дейді.
Ағаның сөзін інілері екі еткен бе, кешікпей ән жазылып, оны 1981 жылдың қазан айында қазақтың бұлбұл атанып кеткен атақты әншісі Бибігүл Төлегенова республикалық радиодан орындайды.
Осы арада Ғабеңнің ықыласына бөленген Мақсұт Әубәкіров пен Жоламан Тұрсынбаев туралы аз-мұз әңгімелей кетуді жөн көріп отырмын. Бұл екеуі де Елтінжалға Ғабеңе еріп талай келген. Сол кездері сырттай қарап, қызығушы едік, кейін жақынырақ танысудың сәті түсті. Оның өзі - бір қызық әңгіме. Кеңес заманында Алматыда басшы қызметкерлерді даярлайтын жоғары партия мектебі болды. Сол мектептің жанындағы біліктілікті арттыру курсына жергілікті партия, кеңес қызметкерлерімен бірге журналистер де барып жүрді.
Бірде Алматыға қызмет арқылы танысып, кейін туыстай болып кеткен Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің партиялық жұмыс бөлімінің нұсқаушысы Сайын Есенғұловпен жолымыз бірге түсті. Түске дейін дәріс тыңдаймыз, бос уақытта қала аралаймыз. Жоғары оқу орнын Алматыда тамамдаған Сайын қаланы бес саусағындай біледі. Оның үстіне кезінде бір мектепте оқып, кейін бір ұжымда бірге қызмет істеген Шашубай Малдыбаев осында оқып жатыр. Қолы босаса болды, ол да бізге қосылып кетеді. Осылай өтіп жатқан күндердің бірінде Шашубай біздің бөлмемізге өзіміз шамалас бір жігітті ертіп келіп: «Жоламан Тұрсынбаев - біздің жерлесіміз», - деп таныстырды. Сайын танымаса да, мен оны сырттай жақсы білетінмін. Есіл (бұрынғы Ленин) ауданындағы Жекекөл ауылының тумасы, Петропавл педагогика училищесінің музыка бөлімін, кейін Алматыдағы музыкалық консерваторияны тамамдаған, КСРО Композиторлар одағының мүшесі.
Сірә, Сайын да, мен де бірден ашыла қоймайтын тұйық жандармыз. Ал Жоламан ашық екен, ашық болғанда да, кәдімгідей төбеден түскендей қойып қалады. Ол қоштасарда: «Жерлес болып шықтыңдар ғой, алдағы бейсенбі күні біздікіне қонаққа келіңдер», - деді. Сайын екеуміз аң-таң болған күйі қала бердік.
- Өзі қызық жігіт екен, - дейді Сайын. - Әй-шай жоқ, қонаққа шақырып кетті, ғой.
- Рас, алдымен үйдегі кісімен ақылдасып алмай ма?!
- Соған қарағанда, жай айта салған сөз болуы да мүмкін...
Бейсенбі де келді. Таңертең сабаққа бармақшы болып жиналып жатыр едік, телефон шылдыр ете қалды. Ар жақтан дауыс саңқылдап естіліп тұр, «Жоламанмын» - дейді. Сайын, сірә, Жоламанмен танысқанын ұмытып қалған ба, «кім, кім?» - деп қайта-қайта сұрайды. Трубканы орнына қойған соң «әнеугі жігіт, сағат жетіден кешікпеңдер», - деп жатыр деді.
- Үйінің адресін айтты ма?
- Шашубай біледі, сол алып келеді», - деді.
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады», - дейді ғой, Сайын сияқты мен де қонаққа кешігуді білмеймін. Айтылған уақытта Жоламан үйінің табалдырығынан аттадық. Құшағын жайып, алдымыздан шықты, зайыбымен таныстырды. Ол кісі: «Жаңа пәтерге жуырда ғана көшіп едік, әлі жинап та үлгере алмай жатырмыз», - деп ақтала сөйледі.
Қонақ бөлмеге оздық. Үстелді есіктен төрге дейін жасап тастапты. Сайын «Бізден басқа да қонақтар бар сияқты ғой», - деп жатыр. Кешікпей тағы екі кісі келді. Дастарқанның басына отырғаннан кейін үй иесі оларды бізге, бізді оларға таныстырды. Ұзын бойлы, ақ сары кісі Мақсұт Әубәкіров екен, ол кезде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің сектор меңгерушісі болуы керек, аты-жөнін айтқаннан кейін Сайынды бірден тани кетті. Қасындағы орта бойлы жұқалтай келген, қара торы жігіт ағасы, ол да біздің жерлесіміз, ақын Жарасбай Нұрқанов болып шықты.
- Жөке, дастарқанды кең жайыпсың ғой, тағы да біреулер келуші ме еді? - деді Мәкең.
- Жоқ, жерлестер кең отырайық дегенім ғой.
Расында да, сол кеште Жөкең үйінде кең де ұзақ отырдық. Қазақ: «Аузын ашса, көмекейі көрінеді» дейтіндей, ақкөңіл жан екен, барын аузымызға тосып, кеткенше бәйек болды. Жайшылықта біреуге баға беруге келгенде асыға қоймайтын Сәкең таксиге отырып жатып «өзі бір ер жігіт екен», - деді.
Жоламан Тұрсынбаев, шынында да, ер жігіт екен. Оған кейін көзім талай рет жетті. Астана Алматыдан Ақмолаға ауысқанна кейін біздің қарым-қатынасымыз, тіпті, жиілей түсті. Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты қызмет істейтін Жөкең елге келген сайын хабарласпай кетпейтін.
Жөкең - күрделі дүниелер жазған еліміздің музыка әлеміндегі белгілі тұлға. Оны алматылықтар да, астаналықтар да жақсы біледі. Бір қызығы, оның есімі өзінің жерлестеріне жақсы таныс емес. Маған осы бір жай үлкен олқылық сияқты көрінуші еді. Соның орнына толтырсам деген ниетпен Жөкеңнің алпыс жылдығы қарсаңында (2005 ж.) облыс әкіміне хат жазып, елімізге белгілі композитордың шығармашылық кешін өткізу туралы ұсыныс жасаған едім. Алайда, неге екенін білмеймін, қолдау болмады. Өзгелерге келгенде шашылып-төгілуге даяр тұратын мәдениеттің тізгінін ұстап отығандардың дәл сол жолы тарылып, өз ұлын өзекке тепкеніне әлі күнге өкінемін.
«Қызқарағайдың» сөзін жазған Мақсұт Әубәкіров те өте білімді, санқырлы талант иесі еді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстан телерадиокорпораңиясының төрағасы болып тағайындалған марқұм Сағат Әшімбаев оны өзіне бірінші орынбасар етіп алды. Мен Мәкеңмен нақ, осы кезде жиі араласа бастадым. Оған себеп болған төрағамыз Сағат Әшімбаевтың өзі. Ол кісі біздің облыста іссапарда болған кезде үш күн қасына еріп жүріп, біраз жайға қаныққан едім. Сәкең Алматыға қайтарында Қызылжар әуежайының басында: «Қызметке шақырсам, Алматыға келесің бе?» - деп маған күтпеген сауал тастады. Қапелімде не дерімді білмей жауаптан тосылып қалдым. Кейін осы мәселе бойынша Мәкеңе тапсырма беріп, маған хабарласуын сұрапты. Мен Мәкеңе үйреніп қалған ортамды тастап Алматыға баруға жүрексінетінімді жеткіздім. Ол кісі де: «Ойлан, бір шешімге келіп жатсаң хабарлас, кештік етпейді», -деп мені асықтырған жоқ.
Ақыры не керек, сол кісілердің қолдауымен қазақ радиосының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалдым. Қазақ радиосының 60 жылдығына орай Алматыда өткізілген салтанатта Абай атындағы театрдың фойесінде кездесіп қалған Сәкеңнің бұрылып келіп: «Алматыға келмесең де біздің ұжымға мүше болдың, таяуда Петропавлға келемін, сонда ақылдасамыз», - дегені әлі күнге есімде. Осы бір жылы сөздерге төбем көкке жеткендей қатты қуандым. Алайда, тағдыр бізге қайта кездесуге жазбапты. Кешікпей сұм ажал қазақтың тағы бір аяулы ұлын арамыздан алып кетті.
Өкінішке қарай, Мақсұт Әубәкіровтің өмірі де қысқа болды. Бірақ есімі ұмытылып жатқан жоқ, «Қызқарағайы» қазақтың кең даласын шарлап жүр.
Ауылында бар ағаның қызқарағай,
Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.
Ақ балтырлы аққайың арасында,
Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай.
Қызқарағай, қызқарағай...
Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай.
Ауылында бар ағаның қызқарағай,
Қызығамыз көркіне біз баладай.
Аясынан жаныңыз сая тауып,
Оған мәңгі ұл мекен қыз қарағай.
Қызқарағай, қызқарағай...
Оған мәңгі ұл мекен қыз қарағай.
...Қыс өтіп, көктем келді. Жер-дүние жасарып, жайнайтын, табиғат түлейтін кез. Елтінжалдың да бүгінгі реңі өзгеше. Ол ертең, тіпті, құлпырады. Жапырағы жайқалған қайың-терек сыбдыр қағып, наурызда туған науан ұлға сағынышын жеткізеді.
Сүлейманов Ж. Елтінжал // Мағжан.-2022.-№1.-62-75 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |