Досжан, Д. Ғалымның айқын ізі : эссе / Д. Досжан // Ана тілі . - 2014. - 13-19 ақпан
Қара сөздің хас жүйрігі, сөзі – көл-дария, ойы – айдын, шабытты, өнімді жазушы марқұм Дүкенбай Досжанмен 2012 жылдың наурызында сырласып – сұхбаттасып, ұлт тарихы, руханият хақында ой-пікірлер өрбітіп, әңгімеміз ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы әдебиет сынына ауысқанда Айқын Нұрқатовтың азаматтық тұлғасын, сыншылық өресін құлшыныспен баяндаған-ды. Сөздің иіні келгенде Айқын Нұрқатов туралы естелік жазып беруін сұрадым. Сол мезетте: «Сын сардары Айқын ағамен рухтаспын, екеумізді де Абай мен Әуезов шығармашылығы табыстырып, жақындастырып жібергендей еді» деді.
Екі аптаның ішінде Дүкенбай аға Айқын Нұрқатовтың шығармашылық ғұмырнамасы жайында осынау сырын жайып салған-ды.
Серік Негимов, профессор
Со замандағы қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеті – ҚазМҰУ-ге келіп түстік. Біріміз «жазушы боламыз» деп, екіншіміз «ғылым соңына шырақ алып түсеміз» деп, кеудемізге нан пісіп, екпініміз үйді шайқалтқандай өңшең көгенкөз жасөспірім бозбастар – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жан-жағымызға қараймыз баяғы. Қар жамылған асқар Алатаудың бір-бір шоқысындай болып ағаларымыз алдымыздан қаулап шығады. Әдебиетшілер: Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Сейділдә Ордалиев, Мырзатай Жолдасбеков, тілшілер Әбжан Құрышжанов, Кәкен Аханов. Көзімізге бір-бір тау болып көрінеді. Әуезовтің сөзімен айтсақ, мына біздер толыспаған толстойлар мен шала шекспирлер әдебиетке, лингвистикаға біздің де айтарымыз бар деп ентелей енген бетіміз. Қайда жиналыс, қайда диссертация қорғау – балағымызбен шаң сыпырып сонда жүреміз, әлгі тауларға бой салып ұқсағымыз келеді. Әлгіде есімі аталған асқар таудай ағаларымыз бізді әлі бір-бір төбешік санайды.
Бірде, 1960 жылдың қарашасы болар. Ұлттық академияның үшінші қабатындағы кіші залда әдебиет саласынан ғылыми атақ қорғау жүріп жатты. Ұмытпасам, Абайдың қара сөздерінен. Жетекшілері Мұхтар Әуезов, Әбіш Жиреншин; диссертант мінбеге шығып, ұзақтан қайырып, мәселенің байыбын бірқыдыру тілге тиек етті. Салақұлаш сілтемені оқып шығу біраз уақытын жеді. Жұрт шаршай бастады.
Лекциядан шыққан бетіміз еді. Асқазан шіркін өрістен мал түскендей шұрқырайды. Сытылып шығуға бет алғанбыз. Осы мезет мінбеге орта бойлы, аққұба өңді, қою шашын маңдайынан жарып тараған жас жігіт көтерілді. Қасқа бас, марғасқа ғалымдардың алыстан қайырған ғұламалық хикметінің бірін түсінсек, келесісін түсінбей дал болып отырған мына көгенкөз біздерге – осы бір торсық шекелі, жүзінен нұры тамған жігіттің сөзі үйіре тартып, майдай жағып барады. Орнымызға қайыра келіп жайғастық. Әлгі кісінің тұжырымы тың. Пайымы шегедей. Тыңдаушыны адастырып алыстан орағытып қыр астында қалдырмай, жетелегеннен-жетелеп абыз Абайдың ақбоз үйіне енгізіп жібергендей әсерге бөлендік. Ойпырмайдың білгіші-ай!
Әлгі жігіт көп болса он-он екі минут сөйледі, әйтсе де әсері ұшан-теңіз байтақ сезілді. Бір ауыз есімде қалған тұжырымы: «Абай Алланың бір аты – ғылым деген, ғылымды осылайша күнкөрістің сауын сиырына айналдырмайық; аталы сөз сілтеменің көрпесіне бүркеліп қалған, аршылмай жатыр» деді. Тыңға түрен салған диқан іспетті.
Мына сөзді естіген ғұламалар кірпідей жиырылды. Күңкіл сөз лап ете түсті.
– Бұл кім өзі? – десті ақылгөй ағалар.
– Кімнің құйыршығы бықсытып тұрған!
– Сілтемесіз диссертация көбік сөз әншейін. Маркс пен Лениннен алынған сілтемелер Абай қара сөзінің мәнін жаңаша ашып алдымызға жайып салды емес пе?
– Марксизм білімінсіз таптық көзқарасты қалай ашамыз?.. Абай заманында таптық таным тұмшаланып қалғаны белгілі, – десті әлгі үлкен кісілер. Дау өршіді.
Осы мезет мінбеге Әуезов шығып қорытынды сөз сөйледі.
«Әлгідегі жас әдебиетші жігіттің сөзі көңіліме құп қонды, – деді – диссертацияның бір қайнауы ішінде, әлгідегі оппонент айтқандай көбік сөз – сілтемеден арылтып, Абай сөзінің түп мәніне, реалистік әдібіне тереңірек бойлап барған жөн деп білемін…» Осылайша жағаны ұрған теңіз толқынындай жазушының тынысты ашатын, лықсыған, бірін-бірі дестелей легліген тірі сөзі ұйытты. Жаңа ғана қарадай құбыжыққа айнала жаздаған жігітті былайғы білгіштердің тістеп, талауынан көрер көзге арашалап қалды. «Айқын Нұрқатовтың пайымы орыс зерттеушісі Ираклий Андрионников сөз төркініне келеді. Бә-ә-әлі, біздер әлі ауыл арасының бұқпа торғай мінезінен арыла алмай жүрміз. Диссертанттың кемшілігін бетіне басып айту жаулық емес, достық пейіл деп білгеніміз жөн» деп Мұхтар Әуезов жас жігіттің әлгідегі ойын жалпақ тілмен қазақылап тарқатып жеткізді. Жұрт жайбарақат кепке қайта оралды. Ушығып, өртше лаулап жанғалы бет алған дау-дамай су сепкендей басылды.
Мәжіліс соңынан Айқын ағаны есік алдынан тосып алдым (Бұдан былай Айқын аға деп сөйлейтін болдым). Амандастым. Ол кісі өзіммен жылыұшырап сәлемдесті.
О заманның бір ерекшелігі: қаулап өсіп келе жатқан қазақ зиялылары жерге, руға бөлініп жатпайтын. Бір мәселе төңірегінде қатты айтысып шәт-шәлекейі шығып көкезу болып тұрса-дағы – ертесіне жуған шүберектей тату-тәтті көңілмен шұрқырасып, қайыра табысып жататын. Бұл күнде ғой, басынан сөз асырмайтын байпатшалар көбейгені. О заманда бір-біріне кек сақтау, «ә, сені ме!» деп өш алу, алдын тосу, газет бетінде жік-жік болып айтысу емге ұшыраспайтын. Бұл заманда ғой зиялы қауым арасындағы бір-біріне деген кекшілдік ұлғая келе сотқа дейін жүгініп, жүйке жұқартып, саушылық кемітіп жатқан кісілерді жиі көреміз.
Айқын ағамен тең құрбыдай таныс, біліс болып жүріп жаттық.
Жазушылар одағында, Ғылым академиясында ұшыраса қалсақ үйіріліп сәлемдесіп, жай-жапсар сұрасамыз. Әдебиеттің жай-күйі тілге тиек болады. Бір ғажабы: Айқын аға орысшаға су төгілмес жорғадай тайпала сөйлейтін. Әуезов шығармашылығы туралы төгілдіріп тұрып орысша кітап жазғанын мақтаныш ететін. Асфальт көшеде ағаш доңғалақты арба айдағандай біздің орысшамызға миығынан жымиып күлетін де қоятын. Күлкісі күн шығып келе жатқандай шуақты. Жаныңа әдемі бір жылу дарытады.
– Сен өзің қайда оқығансың, орысшаға тағасыз аттай тасырқайсың, – дейтін Айқын аға.
– Қызылорданың қиян түкпірінде туып өстім. Орыс тілінен сабақ беретін мұғаліміміз радиодан күнде қақсап «Сталин скончался» деген сөзді түсінбей… Ол кезде үшінші сыныптың оқушысымыз. «Үйдегі «Родина» радиоқабылдағышы Сталинді көп айтып кетті… неге олай екенін түсінбедім» деп келетін ағайымыз. Жарықтық кеңқолтық кісі еді. Қайғылы қазаны аптаның аяғында аудан орталығынан келген өкіл естіртті. Сталин қайтыс болды деп.
– Апырмай, ә! Не деген қараңғылық, – деп Айқын аға басын шайқап еді.
Әлі есімде, ағамыз бірде академияда қарсы ұшырасып, қолтықтап келе жатқан «Роман Ауэзова – Путь Абая» деген кітабының бірін қолтаңба қойып сыйлаған еді. Қуанышымда шек болсайшы. Қолтығыма қысып, нақа бір жай жүрсем жоғалтып алатындай кепте… қойнына ыстық күлше тыққан балаша қуанып… пәтеріме дейін жүгіріп жеткенім жадымда қалыпты. Ол кезде сыған секілді шабаданымызды арқалап пәтерден-пәтерге көшіп жүреміз. Өкінішке орай, Айқын ағаның әлгі кітабын әптиектей сақтап-сақтап бір көшкенде жоғалтып алыппын.
Ағаның бір мінезі жады мықты еді. Кез келген уақытта, қандай кепте, нендей көңіл күйінде болса-дағы әдебиеттің әр шұңғылынан шыңыраудан қауға тартқандай төгілдіріп айта жөнелетін.
Логикасы атқан оқтай дөп шығатын. Шегедей ғып алақаныңа салып беретін. Нақтылықты сүйетін.
«Сүю» дегеннен шығады. Аса еңбекқор еді. Отыз жастың о жақ, бұ жағында жүріп-ақ бес-алты кітаптың авторы болды. Әсіресе, біздің көзімізге тау аңғарында жатқан алып жартастай Әуезов эпопеясына тісі батып, ыңғуыр салып, ұңғыл-шұңғылын сөгіп сөйлеткен зерттеуін оқыған кісі: «Не деген зеректік!.. не деген тереңдік!..» деп қарадай қайран қалар еді. Несін жасырамыз. Осы күні «Абай жолы» туралы жазылған мақала теңіз. Қалпақтай зерттеулер қаншама. Оқып тауысуға кісінің жарты ғұмыры жетпейді. Сол телегей теңіздің ішінде Айқынның пайымы, логикасы, аллегориясы, сыни пікірі, бейне, ашылмаған аралдай, әлі күнге оқыған кісінің екінші тынысын ашады. Ой тереңіне сүңгітіп, інжу маржанын іздетеді. Зерттеушілік зеректігіне тәнті етеді.
Кім біледі, жүрекжарды пайым, сұңғыла сарын ағаның өмір жасының қамшының сабындай тым қысқа боларын алдын ала болжатты ма. Жағалауға асықтыра түскендей ме. Әйтеуір қас қағымдай мезетте айырылып қалдық.
Оттай ыстық қуатты дарын өзін-өзі ерте жағып тауысады деген сөз, бәлкім, рас та шығар. Әлде көз тиді ме, әлде қасақана қастандық жасаушының кегі көлденең түсіп жатып алды ма. Кім білген. Әдебиет әлеміне жарқ етіп лаулаған ғажайып құбылыс ойда жоқта оқыс авариядан жұлдыздай ағып түсті.
Авария деуге де келмейді.
Ғалым қазасы туралы көзкөргендер баяны төмендегіше.
О заманда ғылыми атақ қорғаудан кейін кісілер мейрамхана жалдап аста-төк той жасайды. Сондай бір үлкен жиыннан ғалымдар түннің беймезгіл уағында үйді-үйіне тарқайды ғой. Іштерінде Айқын Нұрқатов бар. Жігіттер тоя сілтеп алған. Алдына тосқан жүйрікке Айқын аяқ артып осы күнгі стадионның қарсы бетіндегі төрт қабатты қыш үйінің тұсына кідіреді. Жанындағы жолдасына «ал, хош!» дейді. Әлде әлденесі ұмыт қалды, әлде жүргізушіге сөз айтқалы ұмтылды – жеңіл машинадан түскен бойда жүйрікті айналып өтіп, жүргізуші жағына шыға береді. Мезет. Соңынан сорғып келе жатқан келесі машина қағып өте шығады. Бар оқиға осы… Соңынан жүйткіп келе жатқан жүргізуші дәп алдынан шыға келген кісіні я көрмеді, я болмаса көргісі келмеді… Тежегішті басып үлгермейді, я болмаса басқысы келмейді… не дегенмен сауал көп, жауап жоқ. Оқиғаны түбегейлі тексеруден өткізбей-ақ жолдас-жорасы жау қуғандай шуласып жүріп жаназа шығарды. Жерлеп үлгерді. Көп кісінің төбесінен тас түскендей есеңгіреп қалды.
Жаназаға қатысқан едік.
Айқын Нұрқатовтың жүзінен жайбарақат ұйықтап кеткен кісі секілді байсалды кепті көрдім.
«Сендер-ақ жазыңдар!.. сендер-ақ дүниеге ақыл айтыңдар!.. болдым!.. тыншыдым!» деген сөзді оқыдым. Жон арқамды суық тер жуып кетті.
Жарық жалғанның қызығына кім тойған! Бәрін көрдім… білдім… тоқыдым… айтып та, жазып та тәмамдадым деген кісіні көргеніңіз бар ма. Өмірге іңкәр кісінің бірегейі Айқын Нұрқатов еді.
Жинап, теріп, сүзгіден өткізіп қайта шығарар күн туса – отыздың ортасына жетер-жетпесте орта жолда бақи жалғанға озған ойы отты ғалымның еңбегі сегіз том болады. Хатқа түсіріп үлгермеген, осыны түп қопарып жазсам деген діттеген межесі ұшан-теңіз болатын. Ой теңізінің жағалауына жете алмай асыл аға арманда кетті.
Осы тұста түп қопарып деген сөзге арнайы тоқталғанымыз жөн.
Айқынның жазу машығы, сөйлем құрау тәсілі мүлде тосын, өткірдің жүзіндей, жалт-жұлт ойнайды. Таптаурын жолға түспейді. «Дейді екен де… дейді екен…» деген көпсөзділікке, мағынасыздыққа ұрынбай, ат басын бұрмай төгіп жазатын. Тілге тиек етіп нысанаға алған шығарманың мазмұнын қайыра бажайлап, езіп-мыжып отырмайды. Көпсөзділікке жоқ. Талмау тұстан ұстаған тамыршыдай – жазушының нені мегзеп, нендей кепті меже тұтып отырғанын әуел бастан сезіп-біліп, шығарма кейіпкерімен іштей шүйіркелесіп, сырт көз сезбеген, жазушының өзі де байыптап үлгермеген кепке жіті көз жіберіп, мәтіннің ішкі ағысына ілесе құлаштай жүзіп, сөз қозғаушы еді. Ұрымтал тұстан ұстайтын. Ұстағанын тістей қатып жібермейтін.
«Абай – реалист ақын, қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы дегенде оның шығармаларындағы сыншылдық бағытты ғана ұғып қоюға еш болмайды. Сыншылдық, әшкерелеушілік сарындар бұрынғы әдебиетте, халық поэзиясында да ұшырасатын. Ал Абай тұтас көркемдік әдіс жасады. Сондықтан Абайдың реализмі жайында сөз болғанда, оның көркемдік және жаңашылдық ізденістері, ақындық шеберлігі еш уақыт қағас қалмай, әрдайым терең қамтылып отыруға тиіс. Кемеңгер ақын өз дәуірінің үні болды. Бірақ бұдан ол өмір шындығын салғырт бейнелеуші, өмір ағысының соңына ілесуші деген ұғым еш тумайды. Шын ақын айналада болып жатқанның бәрін жазып ала беретін фонограф емес. Әйтпесе, оның үні замана дабылының әншейін жаңғырығы ғана болып қалар еді. Халықтық бағыт ұстанған, болашаққа көз тіккен суреткер қоғамның, заманның ұраншысы ғана емес, үкімшісі де болмақ» (А.Нұрқатов, Шығармалар жинағы, ІІ том, Алматы, 2010, 16-бет).
Осындағы «ұраншысы емес, үкімшісі», «әшкерелеушілік сарын», «болашаққа көз салған» секілді тіркестер айтқыштық, тереңдік сын мәдениетінің биік деңгейін қазіргі таңда биіктетіп тұрғандай.
Айқын – мөлдіреген көлі көп, аспаны көкпенбек Көкшетау жерінде туып-өскен. Кісі мінезі туған жеріне тартады. Күлкісі жайма-шуақ, сәуірдің себезгілеген бозала жауынындай жаныңа рақат сезім дарытатын. Мінезге бай, сөйлеп кетсе – шешен, бағыт-бағдар сілтесе – көсем, кісіні жатсынбай бауырына тартып тұратын аурасы айрықша азамат еді. Жасқа – жас, ойға кәрі деп ақын айтқандай, үлкендікке таластырып ұмтылған жампоздығы ерекше. Көзімізге түйенің ұлығындай көрінетін. Қай тақырыпқа сөз қозғаса-дағы пікірі әзір, пайымы терең, шаппа-шап жауабы әзір. Қиындықтан, пікірталастан бойын тартпайтын. Мұның бәрі бәйгені шаппай бер – дарындылықтың белгісі еді.
Со жылдардың адамы да, қауымы да бөлекшелеу болатын.
Осы күнгі басына тартсаң – аяғы көрініп, аяғын жапсаң – кеудесі жалаңаштанып қалатын кедей қырсықтың киіміндей, қысқа жіп күрмеуге келмей жататын тым пысықай, әсіре білгіш ХХІ ғасыр жастарына қарағанда – өткен ғасырдың буыны кең пішілген киімдей болатын. Ірі турап, ірі сөйлейтін. «Сенікі-менікі» болмайтын. Әлде жан да ортақ, мал да ортақ деген социализм идеологиясының әсері, әлде көрші-қолаңмен қазан-аяғы араласып өскен әкелер жосығының өнегесін бой-басына молынан сіңіргесін бе – бұл буын барынша ортақшыл, мейлінше мейірімді, бір-біріне қараса жүретін бауырмал еді. Қатыгездіктен ада-күде болатын.
Шиырып атқан құлжа сағасындай Баламер Сахариев. Мол пішілген денесімен жарық дүниеге сыймайтындай, замандастың бәрін бауырым деп танитын Ордалиев; қыпшақ тілінің әліпбиі «Кодикус-куманикус» жазбасын басына жастап білім соңына шам алып түскен Құрышжанов, өзге де сайдың тасындай, сабау қамшыдай бекзат ағаларымыз — жаны жаннатта болғыр – ұлттық әдебиеттану, лингвистика пионерлері ерте көктемде ұшып жеткен ұзақ қарғадай өзгеше… өзінше… бөлекше буын еді! Ұзақ қарғадай күнұзақ қауқылдасып шуласатын.
Дуылы, шуылы, ескен желдей лебізі естен кетпейді.
Әр буын өзінің сөз саптасын, сөз қолданысын, сөйлем құраудағы бояу-белгісін ала келеді; ол келесі буынмен мидай араласып кете алмайды, жоғалып жұтылмайды. Бейне телегей мұхиттағы гольфстрим ағысы секілді басы бүтін жолақ болып дөңбекшіген дүлейді лықси ағады. Өзге ағыспен шатастыра алмайсыз. Әдебиеттану ғылымындағы Айқын Нұрқатов бастаған, кейін жылдар өте Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиев жалғастырған сыни таным – толқынының қуатты екпіні, шалқар шуылы, жарға ұрған арсы-гүрсі дыбысы әлі күнге құлағымыздан жуыла қойған жоқ. Әсіресе, Айқын қаламынан туған «Абайдың ақындық дәстүрі» күн көзіне шыққан алмас тасындай мың құбылып, жарық тартып, көзді арбап, көңілді ынтықтыра түседі. Қайта-қайта қолға аламыз.
Бізден гөрі Абай заманына жақын жатып, қоңсы қонуы, суырыпсалма – айтқыштық дәстүрінен емін-еркін сусындауы сеп болды ма, қалай болғанда да ақындық стихия, ақындық мінезді ашуында Айқынның сөз саптауы, пікір тиянақтауы өзгеше өрнек. Көсемсөз құбылысы, ой тереңдігі – қымбат қазынадай. Жоқ іздеген жоқшыдай қайта-қайта қолға алатынымыз бекер болмас. Жоғымызды қыр асырмай тауып бере қоятыны қымбат.
Дүниеде бір шындық бар.
Алғы буын мен кейінгі буынның сабақтастығы алтын көпір. Ол көпір құласа – арғы бет, бергі бет болып итырғылжың кепке түсіп, пікір қайшылығы туындап, қай-қай ұлттық құндылығымыз көмескіленіп, аяғы сиырқұйымшақ сөзбұйдаға айналады. Басы дардай аяғы қылдай. Дәстүр сабақтастығы… әдебиеттану сабақтастығы… ой-пікір сабақтастығы – сіз бен біздің жарық дүниеде адастырмай табыстыратын іңкәр сезімімізді оятар бірден-бір алтын көпіріміз. Үзіліп қалсақ, үзіп алсақ – жұтағанымыз.
Кешегі Әуезов, Мұқанов із салып кеткен ұлы жосқын көркем сөздегі көріпкелдік ойды, көсем білгірлікті бізге нақпа-нақ жеткізіп үлгерген Айқын, Баламер, Зейнолла болса, бүгінгі әдеби сын жанрының аузымен құс тістеген білгірі, су төгілмес жорғасы деуге лайық – Бақыт Сарбалаев, Құлбек Ергөбек, Амангелді Кеңшілікұлы, Айгүл Кемелбаева қаламына пәрменді екпін, ерекше леп, уәлі сөз дарытып кеткен сол баяғы ағалардың асыл рухы дер едім. Өнегелі өмірі. Елес-сұлбасы. Сөз сиқыры.
Ендеше, Айқынның әдебиеттану біліміндегі айқын – анық – қанық бояулы тірі сөзі бізбен бірге жасай бермекші!
Дүкенбай Досжан
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |