Бекзат ғұмыр

31 мая 2024 - Administrator

  13 желтоқсанда белгілі қоғам қайраткері, ақың аудармашы, рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлының дүниеден озғанына бір жыл толады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, М.Дулатов атындағы сыйпықтың лауреаты Ерекең қарымды қалам иесі болды, оның жиырмаға жуық кітабы жарық көрді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС-де жарық көрген "Жүрегімен от тасыған" атты кітап Ербол Шаймерденұлы турапы естеліктерге арналған. Біз бүгін газет оқырмандарының назарына "Егемен Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары Жарасбай Сүлейменовтің Ербол Шаймерденұлы туралы естелігін ұсынып отырмыз.
Біреуді жақсы көретініңді, бағалайтыныңды, сыйлайтыныңды, жалпы, ол туралы не ойлайтыныңды орайы келгенде болмаса, айта алмайсың. Ербол інім де алпыстың ауылына соғып, ат шалдырып апатын шығар, соны пайдаланып аралас-құралас жүрген жылдарда жүрекке ұялаған сезімдер мен сырларды ақтарсам деп жүруші едім. Үміт үзілді. Бір-ақ күнде. Ерекең, аяулы Ерекең ойламаған жерден, асығыс келместің кемесіне мініп кете барды. Өмірдің талай тосын жайларына етіміз үйренді, жазмыштан озмыш жоқ десек те, бұл біз үшін күтпеген соққы болды. Қабырғамыз қайысты, есеңгіреп қалдық. Әлі күнге ендігі жерде арамызда Ерекеңнің болмайтынына сене алмай жүрген жайымыз бар.
Құлын күнінде үйірімізге қосылған, ерекше жаралған, болмысы бөлек асыл азаматты өлімге қиғымыз жоқ. «Іссапарда жүр, ертең-ақ келеді», деп немересін жұбатқан жары Күләштің сезіне біздің де сенгіміз келеді... Уақыт өтіп барады. Өмір шіркін жалған деген сөз рас екен той! Мойындамасқа амалың жоқ. Ендігі жерде оның көзден кетсе де, көңілден өшпейтін бейнесіне алданамыз, рухымен сырласамыз.
Оны білетіндердің кепшілігі Ерболдың шығармашылық жолы жоғары оқу орнын бітіріп, редакцияға қызметке орналасқан кезінен немесе «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») келген уақытынан басталды деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Ербол өз жолын ерте таңдады, әдебиетке, жырға, бесіктен белі шықпай жатып деуге де болады, ерте ден қойды. Ғабеңцей ұлыны өмірге әкелген Елтінжалдың баурайында туып-өскен оның алғашқы өлеңдері туған ауылы - Жаңажол орта мектебінің алтыншы сыныбында оқып жүрген кезінде-ақ сол кезде «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») деген атаумен шығып тұрған облыстық газетте жиі жарияланатын. Балауса жырлар деуге келмейтін айналасы жұп-жұмыр, тегіс келген ойлы өлеңдер. Орта мектепті тамамдап, туған ауылымда еңбекке араласып жүрген кезім, әлгі өлеңдерді оқығанда, кәдімгідей ойланып қаламын. Тіпті, баланың сөзі сияқты емес. «Әлде редакция қызметкерлері өңдеп жібере ме екен?» Олай деп ойлауыма себеп болған, сол кезде өзім де газетке тырнақалды еңбектерімді (негізінен ауыл тұрмысына арналған мақалалар, қысқа хабарлар) жолдаушы едім, солардың бәрі болмағанмен, біразы өңделіп барып жарияланатын. Кейде өз жазғанымды өзім де тани алмай қалатын кездер болды. Бұл күдігім араға жылдар салып аталмыш газетке қызметке орналасқаннан кейін сейілді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті Ербол Шаймерденов жаңа жырларын редакцияға үзбей жариялап жататын. Солар кейде жеке, кейде топтама болып жарияланып тұрды. Белімдегілердің Ерболдың өлеңдеріне қалам тигізгенін көрген емеспін. Газетіміздің бас редакторы Уәп Рахымжанов пен оның бірінші орынбасары Сұлтан Темірханов Ерболдың өлеңдері жарияланған сайын жақсы пікір білдіріп, «Түбінде осы жігіттен бірдеңе шығады, Алматыда қалатын шығар» деуші еді. Ол кезде біз жаспыз, әңгімеге көп араласа қоймаймыз. Үлкен ағаларымыз басшыларды қолдап, «иә, болайын деп тұрған бала» деп Ерболдың құлағын шулатып қоятын.
Осылай күндер өтіп жатты. Бір күні «редакцияға жаңа қызметкер келеді екен» деген хабарды құлағымыз шалды. Бұл елеңдейтін жаңалық қой. «Кім екен?» деп елегізіп жүрміз. Арада бірнеше күн өткеннен кейін таңертеңгі лездемеге жұқатай келген бір жас жігіт бізге ілесе кірді. Кескін-келбетіне қарағанда, практикадан өтуге келген студент сияқты. Төрт көзіміз түгенделген соң басшымыз әлгі жігітті таныстырды. «Бүгін қатарымызға жаңа қызметкер қосылып отыр. Өздеріңіз жақсы білетін Ербол Шаймерденов», деді. Ерболмен жақын таныстығымыз осылай басталған еді. Мен кеңес құрылысы бөлімінде істеймін. Ербол насихат беліміне әдеби қызметкер болып қабылданды. Шыны керек, екі бөлімге де жастар қызыға қоймайтын. Жұмысының қиындығы өз алдына, науқаннан-науқан, бас көтере апмайсың. Оның үстіне екеуміздің де бастықтарымыз қатал, талапшыл болып шықты. Насихат бөлімінің жұмысын бас редактордың орынбасары Рәшит Бәдірленов жүргізеді. Соғыс ардагері, жұмыс десе жанын беретін, қызметке бір минут кешігуді білмейтін адам. Менің бастығым Мұқаметқали Нұрғожин да өмірдің ыстық-суығын бір адамдай керген жан, соғысқа да бастан аяқ қатысыпты. Командир болған ба, әйтеуір қарамағындағыларды қатты ұстайды екен. Ол кісілердің көңілінен шығу оңай емес. Әріптестеріміз: «Сендерді Құдай аясын», деп қалжыңдайтын. Біздің басқаларға қарағанда жиі араласуымызға, бір-бірімізге жақын жүруімізге осы жайт да әсер етті ғой деймін. Оның үстіне Ербол екеуіміздің ауылымыз да жақын. Жазды күндері төтелей тартқан адамға Балуан мен Жаңажолдың арасы елу шақырымдай ғана жер.
Әдетте, жас маманның ұжымға сіңісіп кетуі ұзаққа созылатынын білеміз. Ербол жұмысты тез дөңгелетіп әкетті. Келмей жатып, талайлардың тісі батпай, тауы шағылған насихат бөлімі қамтитын қиын тақырыптарға қаймықпай қалам сілтеп, етектей-етектей мақалалар жазды. Олары шауып өтеді. Осылай ол қалам қарымын бірден танытты. Өзі де елге тез танылды. Жалпы, Ербол «Солтүстік Қазақстан» газетін ұшқан ұям деп елжіреп отырушы еді. Осында жүріп еңбек көрігінде шыңдалумен бірге, осында отбасын құрды, өзі:
Сымбатты,
Көрікті едің, көркем едің,
Жанымды жанарыңмен өртеп едің.
Мен сені күн нұры боп аймаладым,
Сен маған бәйшешектей еркеледің, - деп жырлаған Күләшіне қосылды, жүрегіне нұр құйған қуаныштарына қанат қақты. Өмірге сәби келді. Сол күндері ақын жүрек:
Қызым меңің,
Қызым менің,
Өмірімді өргежалғар ізім менің,
деп лүпілдеді.
Оның барлық қуаныштарына ортақ болдық. Үш жылдан кейін қанаты кәдімгідей қатайып, сол кезде даңқы дүркіреп тұрған «Лениншіл жасқа» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші болып қызмет ауыстырғанда, қимасақта, ақ тілегімізді айтып шығарып салдық. Сол кезде-ақ, біз Ерболдың өмір жолында адаспайтынына, талай биіктерді бағындыратынына, елінің, жерінің атын шығаратынына сенген едік. Қателескен жоқпыз, үмітіміз ақталды. Ербол санаулы жылдардың ішінде елге танылған азаматтардың қатарына қосылды. Қызмет баспалдақтарымен жоғары өрледі. «Лениншіл жастан» кейін Қазақ елінің бас газеті - «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Егемен Қазақстан») ауысты. Мұнда да абыройсыз болған жоқ. Сол жап-жас кезінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне қызметке алынуы да Ерболдың алғырлығын танығандық емес пе? Кейін азаттықтың ақ таңы атқанда Елбасының жанынан табылып, ГІрезиденттің баспасөз хатшылығының жұмысын ұйымдастыруға бел шеше кірісті.
Ол осылай жастық жалынын, күш-жігерін ел игілігіне арнай жүріп, шығармашылықпен айналысуды да ұмытқан жоқ, өлең әлеміне олжа салып, қазақ журналистикасынан өз орнын ойып алды. Ғылыми ізденістерге де уақыт тапты. Қазақ афоризмдерін бірінші рет жүйелеп, құрастырып қолданысқа енгізді. Сонымен бірге, Отанымыздың рәміздерін әлемдік тәжірибелермен ұштастыра зерттеп, зерделеумен айналысты, осы тақырыпта бірнеше кітап жазды. Бұл Ерекеңнің ерен еңбегі мен ерлігінің бер жағы ғана. Айта берсек, оның үндемей жүріп тындырған істері тау-тебе. Дәл қазір соларды тізбелеуді жөн көріп отырған жоқпын. Оның бәрін жұрт жақсы біледі. Тіпті, оның шығармашылығына да тоқталғым жоқ. Ерболдың қаламынан жақсы-жақсы дүниелер туғанына ел куә. Жалпы алғанда 20-ға жуық кітаптың авторы атанды. Олардың қатарында «Көңіл суреті» (1995 ж.), «Жүректегі жазулар» (2004 ж.) атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар» (1989 ж.), «Қазақ елінің рәміздері» (1993 ж.), «Елтану әліппесі» (1998 ж.), «Әз Астана» (1999 ж.), «Қазақстан Республикасының рәміздері» (2001 ж.), «Ақыл-ой антологиясы» (2004 ж.), «Қазақ афоризмдері» (2008 ж.), «Даналық дидары» (2002 ж.), «Мәңгілік мұрат» (2003 ж.), «Ақиқат айнасы» (2004 ж.), «Елтаным» (2005 ж.) және басқа туындылары бар. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне тәржімаланды. Сонымен бірге, «Арман қала - Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай», т.б. жырлары ән болып қалықтады.
Оның артында жарияланғаны бар, жарық көрмегені бар, көп жырлары, публицистикалық шығармалары қалды. Оларға сыншылар өз бағасын беретініне, Ербол қаламынан туған дүниелердің жерде қалмайтынына, өз оқырмандарын табатынына сенімім мол.
Менің бүгін Ерболдың адамгершілік қасиеттеріне тоқталуды жөн көріп отырмын. Осы тұрғыдан алғанда ол қандай еді? Сөз жоқ, өте байсалды болатын. Кімнің алдында болсьін, кейбіреулер сияқты елпілдеп-желпілдемейтін. Айтар сөзін ойланып барып ортаға салатын. Өзі:
Қадірімді біреу сезбес, біреу сезер,
Қылығыма біреу төзбес, біреу төзер.
Дос түгіл дұшпанға да ту сыртынан,
Әйкәпір әдетім жоқ мылтық кезер, деп жырлағандай, ешкімге жамандық ойламайтын. Сөйткен Ерболды аяғынан шалып, етегінен тартқандардың табылғанына не дерсің?!
Ерболдың бойынан парасаттылық пен ізгілік нұры да төгіліп тұратын. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетініне талай куә болғаным бар. Осыларға ерен еңбекқорлығын, қайтпас қайсарлығы мен телегей теңіз білімін қосыңыз. Соның өзінде Ерболдың шынайы бейнесін елестете алмайсыз. Онымен жақын араласқандардың бәрі біледі: Ербол -жүрегіне кіршік шалдырмай кеткен санаулы жандардың бірі. Мына алмағайып заманда мұның өзі оңай емес, ерлікке пара-пар. Ерболдың жанын түсінгісі келгендер оның жырларын оқулары керек. Мен өзім оның 2004 жылы жарық көрген «Жүректегі жазулар» деген жинағын жиі қолға аламын. Бұл кітаптың маған қымбат болуының екі себебі бар. Біріншісі, жинақтың шынайылығы. Ондағы жырларды оқыған сайын Ерболдың да жолы даңғыл болмағанын, мына сұм өмірде таза жүру, бой басыңды, санаңды, жүрегіңді таза ұстау оңай емес екенін сезіне түсесің. Ербол сияқтыларға өмір сүру оңай емес. Әйтпесе, Ербол:
Сырт көзге көрінгенмен қорғасындай,
Қалтырап жүрем кейде...зорға сынбай.
Немесе:
Мұндай-мұндай қиянаттың,
Көрді жаным жүзін менің, деп жазбас еді. Оның жарамсақтыққа, құлшылыққа жаны қас еді. «Кісіліқті қалай аршып аламыз» деп қиналған кездері де аз болмаған.
Біле алмадым белгісі екен бұл ненің,
Бәрі есепте сөйлегенің, күлгенің,
Ұнамайды біреулерге тіпті жай,
Еңсең биік емін-еркін жүргенің.
Осыны біле тұра ол ақиқаттың ақ жолынан айныған жоқ. Қас-қабаққа қараумен күн өткізгісі келмеді, надандықты намысымен жасқап жүрді. Оның даналардың ой-дариясына ден қоюының бір сыры осында жатқан секілді. Даналар демекші, Ерболдың бұл ретте де бергенінен беретіні көп еді. Оны өзі төсек тартып жатқанда жарық көрген «Қазақ афоризмдері» деп аталатын еңбегімен танысқандар айқын аңғарады. Бұған дейін «Ақыл-ой антологиясы» (2004 ж.), «Қазақ афоризмдері» (2008 ж.), «Даналық дидары» (2002 ж.), «Мәңгілік мұрат» (2003 ж.), «Ақиқат айнасы» (2004 ж.) сияқты кітаптарын ұсынып, оқырмандарын аттары әлемге әйгілі А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Ясперс, М.Хайдеггер секілді философтардың кемеңгерлік ой-толғамдарымен таныстырып, даналық бұлағынан сусындатқан Ербол бұл орайда ізденіс тұңғиығына бұрынғыдан да терең бойлап, 25 ғасырдың сөзін, 78 дара данышпанымыздың ақыл-ой маржандарын жинақтаған.
«Жүректегі жазулардың» маған қымбат болатынының екінші себебі - оны маған Ерболдың өзі сыйлаған. 2004 жылдың мамырында ер жасы елуге толды. Ағайын-туғанын, достарын, тілеулестерін Астанаға жинап, той жасады. Мен де сол қуаныштың ортасында болдым. Ертеңіне Ербол үйіне шақырып, оңаша сыр-сұхбат құрудың сәті түсті. «Жердің шалғайлығына, жұмысбастылығыңызға қарамай, қуанышыма ортақтасқаныңызға рахмет. Бүкіл редакция көшіп келгендей сезініп отырмын» деген еді қуанышын жасыра алмай. Сол жолы еркін отырып, едәуір әңгіменің басын қайырдық. Сол әңгіменің барысында облыстағы жағдайды менен жақсы білетініне кез жеткіздім. Әсіресе, туған тіліміздің тынысы ашылмай тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, облысқа жаңадан әкім болып келген Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровты жақсы білетінін, сеңді бір бұзса, сол бұзатынын айтқан еді. Өткен күндер, газетке қатысты мәселелер де тілге тиек болды. Газеттің таралымын арттыруға, сапасын жақсартуға қатысты біраз ойлар айтты.
Елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі Солтүстік Қазақстан облысынан да Танаш би, Толыбай сыншы, Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шәймерденов сынды тапай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, батырлар, ақын-жазушылар шыққан. Солардың ізін басар, ісін жалғар кім бар дегенде, менің ойыма алдымен Ербол оралушы еді. Ұлылардың тізімі Ерболмен жалғасып кететіндей көрінетін. Әлі де сол ойдамын. Қай істің тұтқасынан ұстаса да абырой биігінен көріне білген Ерболдың ел үшін, халқы үшін тындырған жұмыстары тау-төбе. Әйтпесе, бүгінгі қазақ әдебиеті алыптарының бірі Әбіш Кекілбаев: «Ербол қаламынан туған лирикалық елеңдерді де ерекше мөлдірлікке ие еткен. Ол туындыпарының қай-қайсынан да ел мен жерге деген шексіз махаббатты, халық мерейін қамдаған отаншылдықты, жарға, достарға, ұл мен қызға деген риясыз ықылас пен адам болмысының қай тұңғиығына да қаймықпай бойлаған жетелі ой мен зерделі зейінді жолықтырасыз. Ол рақым мен мейірімнің, адалдық пен пәк-тіктің жыршысы. Нәзіктік пен сұлулықтың жыр-шысы. Жетпіс жыл бойы қазақ жырын діңкелетіп келген желбуаздық пен ұраншылдықтан қандай ада болса, кейінгі жылдары үрдіске айнала бастаған орынсыз қазымырлық пен әлеуметтік бейпілдіктен де сондай ада... Биязы мінез, байсалды пайым, тұрпаулы көзқарас оны өтпелі кезеңде екінің бірін сүріндіріп жатқан әлеуметтік әулекілікке, рухани дарақылыққа, тоғышарлық тұрпайылыққа ұрындырмай өнерде де, өмірде де таза инабаттылық жолымен өрге бастырып келеді» деп жазбас еді ғой. Сол сияқты, Мұзафар Әлімбаев сынды жыр абызы: «Еліңнің «Еренім!» дер бір асылы ең» деп, Тұманбай ақын: «Адам ішін оқып туған данышпан» деп, Қадыр: «Бауырым бол сен менің рухани, қымбаттырақ өзінен ағайынның» деп жазбас еді ғой. Белгілі ақын Серік Тұрғынбековтің де Ерболға арнаған: «Асылымдай алтын сақам өзіңсің, асығындай көрінгенмен құлжаның» деген сөздерінің астарында да түсінген жанға көп сыржатыр-ау деп ой түйемін.
Қызмет бабымен көп уақыт екеуміз екі жақта жүрдік. Кездесе алмадық, сырласа алмадық. Сол кездері көп нәрседен ұтылғанымды, көп нәрсе жоғалтқанымды, оның да мен сияқты өзімді сағынып жүретінін кейін түсіндім. Дәм жазып, 2007 жылы Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, Астанаға келдік. Ербол бұл кезде Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетін басқаратын. Осылай қызмет бабымен де, одан тысқары кездерде де жиі кездесетін болдық. Кездескен сайын ол әңгіме тиегін ағытып, көп жайға қанықтырушы еді. Оның нұрлы жүрегінен қуат алып, біртүрпі қанаттанып кетуші едім. Ол сөздің бағасын білетін. Петропавлға байырғы Қызылжар атауын қайтару туралы мәселе көтеремін деп сау басыма сақина тілеп алғандай болып жүргенімде «Бұл біз үшін өте маңызды мәселе, Қызылжар атауы қайтарылуға тиіс. Ол болашақ үшін қажет. Қазір қарсы болып жатқандар өздерінің қателескендерін ертең түсінеді», деп қолдау білдірген еді.
Соңғы рет екеуміз Қызылжарда кездестік. Сафуан ағамыздың 90 жылдығына арналған шараларда бірге болдық. Ол «Ауылға барамын, көптен әкейдің басына соққан жоқ едім», деді. Мен де кешкі қабылдауға қалмай, Астанаға қайтқалы тұрғанымды айттым. Сезімтал жан ғой, әкімнің айтқанына шыбындаған жылқыдай бас шұлғып, айтақтаған сәтте қоссам деп қастарында ырылдатып бір-бір ит сақтап жүрген өңкей батыраштар мен қотыраштардың қылығын аңғарған болуы керек, қоштасарда қолымды қысып тұрып: «Бәрі өткінші ғой, бәрі орнына келеді, тек аман болайық», деді. Осылай өзінен гөрі езгенің жайын көбірек ойлап, достарының, ағайын-туғанның, халқының амандығын ғана тілеп жүрген абзал азамат қапылыста өзі ажалдың қақпанына түсіп қалды. Өкінішті-ақ...
 

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.



Сүлейменов Ж. Бекзат ғұмыр //Қызылжар нұры.- 2013.-13 желтоқсан.-7 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий