Батыр Баян: Тарихи зерттеулер

23 февраля 2024 - Administrator

 Осыдан қырық жылдай бұрын Қызылжардың жанға сая, жүрекке дауа майдақоңыр жазғы кешінде жасыл бақта сырлы сұхбат шертіп, шалқыған көқілдің шермұңын тарқатып бір топ әдебиетшіл қауым гулесіп отырды. Әңгімелері әсем, әсерлі. Көлденеңнен құлақ шалған адамның өзі бері бұрылып селтиіп, тыныс тартып, тынып қалғанын көрер едіңіз. Сол тұста көз қиығымен тындарман ықыласын аңғарып қалған арқалы ақын. Хамза Абдуллин дауыс мақамын мәнерлей түсіп, жыр маржанын жарқылдатып шаша берді.
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қар ауым сол баяғыға,
Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар
Әдемі ертегідей баяғыда.
Әдемі өткенді айтып айным асам,
Сұм өмір күшті уын аяды ма?

Мен де ойды ағытамын қаламыма,
Арқаның көз жіберсем алабына:
Сарыарқа — сары дария, қиыры жоқ
Көз болсын, қандай қыран, талады да.
Ішінде сары дария көз тоқтатар
Көкшетау — Сарыарқаның аралы да.
Көкшеде күні кеше қойдай өрген
Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да.
Айырылып асау, ерке аңдарынан
Көкшенің тас жүрегі жаралы да!
Арқада жер жетпейді Бурабайға,
Бөленген бұйра сыпсың қарағайға.
Бұлт құшқан мәнгі мең-зең Көкшетауға
Бөлектау: «Ой, бауырым!» — дер анадайда.
Оқжетпес найза қия — қыранға ұя,
Қарасаң жанның шері тарамай ма?
Солардың ортасында Бурабай көл,
Мөп-мелдір, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға,
Бурабай —Арқа аралы, жер еркесі,
Ертеде қоныс болған Абылайға.
Ақын Хамза жыр тұлпарының жалында ойнап, асау арын құшағында асқактап, аспандап, алысқа қиял сермеп кеткен еді. Бірде зарлы, бірде шерлі, бірде мұңлы пернелерді сыңсытып, кейде солқылдата басып, кейде сызылтып, биіктен төмендеп құлдырап, қоңырлап, жүректі шым-шым шымырлатқан жыр құдіреті қандай еді шіркін.
— «Батыр Баян» ғой.
— Мағжан! Қайран жыр пырағы жарқылдаған! — дескен үндер тамсанып, таңырқап, тамашалап тынды. Таңғажайып аңыз мұнарында қалқып, жүрек сыздап ұлы Мағжанмен бірге Батыр Баянды да көкірек тереңінде ой тұнығымен тербеп едік. Сол тұстың өзінде Мағжан, Баян есімдерін топ ішінде ашық айта алмадық. Хамза ақын сыңды жанкешті қияли қаһармандар ғана Мағжан жырларын жатқа соғудан жасқанбай жүрсе, Батыр Баянды көне тарих шаңынан аршып алар жан табыла қоймаған-ды.
Ия көне тарихтың өзі там-тұм таңба, яки жаңаша жаңғырық жобасы түрінде тым болмаса қағаз бетіне бірер белгімен де хатталып жетпей отыр. Тек ел аузындағы аңыздар ғана Баян Батырдың болғанын оның қаһарман ерлігін, қалмақтармен қырғын шайқаста елін, жерін қорғап толарсақтан қан кешкен толағай тұлғасын бүгінгі ұрпаққа жыр етіп толғайды. Ол аңыздар қазынасы алтын сандығының кілті де еліміз еркіндік алған бүгіндері ғана ашылып отыр.
Сонымен Батыр Баян өмірде болған ба? Ол кім? Қай жерде туған? Оның бүгінгі күнге жеткен ұрпақтары бар ма? Бүгінгі ұрпақ, әсіресе жастар жағы мұндай сұрақтардың жауабын іздері әбден орынды. Өйткені үш ғасырға жуық орыс патшасының отаршылдығы, одан қалды қызыл империяның қазақ зиялыларына жасаған қанды қырғыны ел, жер тарихын ұмыттыруға ұрындырды, мәңгүрттікке мұрындық болды. Батырлардың, ақындардың, шешендердің, жыраулардың, билердің, байлардың есімдерін еске алып, ауыз ашуға қорықтық. Міне Батыр Баянның аңызды ерлігі ұмытылып бара жатқаны да осындай сұмдықтың салдары екені де сөзсіз.
Зейнолла Олжабаев ақсақалды көптен бері білуші едім, ұзақ жыл аудандық деңгейде басшы қызметте істеді. Облыстық жиналыстарда жиі көретінбіз. Ол кісінің Батыр Баянның тікелей ұрпағы екенін бұрын гене бермейтінмін. Бұл да міне кеңестік кезеңнің кесірінен дендеген дерт қой. Ол кісі де атам батыр деп айта алмай тұншықты. Енді өкінеміз.
Редакцияға үлкен папка құшақтап келген Зекең шаруасын дәттеп, үстелдің үстіне газет қиындыларын, кітаптарды, журналдардан көшірме парақтарды, хаттарды, суреттерді жайып тастады.
Хамза ағамыз Абдуллиннің тоқсаныншы жылдардың басында бір газетте жазғаны есіме түсті. Онда мынадай жолдар бар еді: «Батыр Баян Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Қарауыл Қанай би сияқты «Ақтабан шұбырындының» алғашқы жылдары есейіп, ер жеткен қырандардан емес, «Ақтабанды» жерімізден түбегейлі аластайтын ерлердің екінші толқынына жататын. Демек. Баян жас шағынан ұлы Абылайдың замандасы. Өйткені Батыр Баянның ұрпақтары ер атасының 1710 жыл мен 1715 жылдың арасында туып, 1757 жылдары қалмақтармен болған бір соңғы соғыста қаза тапқанын аңыз қып айтып отырады.
Баян — уақ руынан. Уақ-Шоға, Шәйгөз, Баржақсы, Жапсары, Мұрат дейтін тайпалардан тұрады. Шоға — Баянның арғы атасы. Бірақ осы тайпалар қатарласып белгілі бір аймақты ғана мекендеп отырған емес. Уақ руының біраз тайпалары Семей, Кереку, Аягөз, Өскемен аймақтарын мекендейді. Тіпті уақ тайпаларын Шу өзені төңірегі мен Баянауыл маңынан да, қала берді Ақтөбе төңірегінен де, Қытай мен Монғолиядан да кездестіруге болады. Қалай болған күнде де уақ елінің ескі ата мекені Қостанай мен Қызылжар қалаларының екі аралығындағы Обаған өңірі.
Баяннан —Бұлаң, Бұланнан— Мұсабай, Мүсабайдан — Басшығұл (Басшығұл 1842 жылы туған). Басшығұлдың Құлжабай, Жаныбай, Олжабай дейтін үш баласы болды. Құлжабай мен Жаныбай соғыс жылдары қайтыс болды. Олжабай бұдан он жыл бұрын дүние салды. Олжабайдың баласы Зейнолла қазір есенсау, тірі. Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында жауапты қызметте».
Батыр Баянның сол ұрпағы Зекең міне бізге бабасы жайлы әңгіме шертіп отыр:
— Біздің елде: «Баян әкесі Қасаболаттың қолында емес, Қасаболаттың інісі Абылдың қолында тәрбиеленген» деген сөз бар. Ол туралы «Баян Абылдың бауырында өскен. Қара шекпенді Қасаболат шөккен түйеге де өз бетімен міне алмаушы еді. Тегі, күндей күліп, оттай лаулаған Баянды айбарлы да айбынды Абыл батыр тәрбиелеген ғой»,— деседі.
Ия, сөйтіп Есқараның Қасаболат, Абыл, Алтыбай атты үш баласынан тараған ұрпақ қазір Булаев ауданында өмір сүреді. Бір кезде Абыл, Жарбол, Аралағаш деген үш үлкен ауыл болған, үшеуінде де Батыр Баянның ұрпақтары тұрды. Қазақ белсенділері соңғы 60-70 жыл ішінде Батыр Баянның атын да ататтырмай қойды. Оның себебі, екеу: біріншісі — Баян ұлы Абылайдың ең сүйікті батыры, екіншісі — Мағжан Баянның ұлы тұлғасын өз халқына ересен шеберлікпен сипаттап берді деп Хамза ағамыз ауылға келген сайын айтып отырады.
Соңғы кезде Батыр Баян туралы біраз жазылып жүр. М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, белгілі айтыскер ақын Ерік Асқаров, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық басқармасының төрағасы Қосыл Омаров газеттерде мақалалар жазып, оқырмандарды Батыр Бйян жайлы біраз мағлұматтармен қанықтырды.
«Мағжанның көркемдік қуаты аса жоғары, сарыншыл (романтикалық) поэмаларының бірі — «Батыр Баян» ХҮІІІ ғасырдағы ел қорғаған батыр, ірі тарихи тұлға, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған даңқты адамға арналуының көптеген себептері бар. Ақынның әжесі — Баянның немере қызы. Баян ұрпақтары оларға аталас шоға уақтың әлденеше ауылдары Есентаңрық атығайлармен қоныстас. Есентаңырықтың басты адамы Мағжанның әкесі Бекен (Бекмағанбет) Келтесор болыстығына талас қанда әлді қарсыласы, Баянның шөбересі — Басщығұл болған. Бала Мағжан — Баянның ақылды немересі әділдігімен аты шыққан Байтоқа бидің әңгімесін тыңдап өсиетіне ұйып, батасын алған.
Абылай хан үш жүзден әскер жинап қалмаққа қарсы шешуші шайқасқа Бурабайдың түбінде жиналғанда Батыр Баянды тосып қалған екен.
Жиналған өңшең бөрі Бурабайға,
Алаштың кебесіндей ізгі жайға,
Батырлар бұғаудағы арыстандай
Абылай тұңғиық біртерең ойда.
Бәрі де ел қорғаны—батыр, билер.
Аттанбай тек жатудан таппай пайда:
«Жүрелік жау басынар» деген сөзбен
Салады Қанай биді Абылайға.
Би Қанай: «Бұ қалай? — деп бастағанда,
Абылай сұрайды одан: «Баян қайда?»
«Қанайым, ойың удай, тілің шаян,
Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.

Көп жаудың албастысы, ел еркесі,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Баянның аруақты құр атынан,
Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян?
Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат
Баянсыз қанатымды қалай жаям?
Би Қанай! Атанбайды хан Абылай,
Келмесе қанды балақ батыр Баян! — деп Мағжан зерлі сөз, көркем кестемен сомдаған айбынды тұлға, асқақ бейне көз қуантып, көкірекке ұялайды.
— Булаев ауданы Жолдыөзек бойын ертеден мекендеген тұрақты ел. Асанқайғы бабамыздың «мың біпес, жүз кетпес» деген даналы сөзі осы мекенге арналған, кұтты жер. Осы ата қонысымыздан Абылай ханнын оң қолы болып жорыққа шыққан Батыр Баянның кіндік қаны тамған асыл топырақ. Қазір осы төңіректе Батыр Баянның мыңнан астам ұрпақтары тұрады, — дейді Зекең. — Баянның ерлігін осыдан 150 жыл аса бұрын қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлнханов зерттеген, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев, бертінде аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин шығармаларына арқау еткен. Дегенмен зерттеу әлі де жетіспей жатыр. Батыр Баянды жергілікті жерде әлі жете білмегендіктен тіпті оның бүгінгі аталас ұрпақтарының өзі түсінбестік танытады. Еліміз егемендік алып, әлемге танылып, кешегі өткен батырлар, шешендер, жыраулардың есімдері мерейлі тойлар үстінде биік мінбелерден аталып жатыр. Міне сол тізімнің ішінде Батыр Баянның есімі тым болмаса бірде-бір аталмайтыны өкінішті.
Шоқан Уәлнханов өзінің «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде былай деп жазды: «Абылайдан: үш жүздің батырларының ішінен көбірек ұнататыныңыз кімдер — деп сұрағанда: Батырларымның ішінен бәсентиіннен шыққан Малайсарыны байлығы, ерлігі және соған тән мінезін ұнатамын, ал ақылына батырлығы сай уақтағы Баян бәрінен де биік тұр».
Мінекей қазақтың үш жүзінің басын біріктірген Абылай хан ұлы дана десек, Батыр Баян оның оң қолы болған. Хан өз аузымен айтып тұр.
Зекең батыр бабасының тарихтан әлі де өз орнын алмағанын, ұмытылып бара жатқанын айтып Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы тарих институтының директоры академик Манаш Қозыбаевқа хат жолдапты. Бізге академиктің жауабын да көрсетті. Академик жергілікті жерде Батыр Баянның тұлғасын кең танытарлың біраз жұмыстар тындыру қажеттігін санамалап, тізіп тәптештеп беріпті.
— Бәрі өзімізден, өзіміздің қандастарымыздың, туыстарымыздың алауыздығынаң, бас бірікпейтіндігінен, — деп өкінеді Зекен. Ол сонау 1994 жылғы бір әңгімені айтып берді.
«Қарағанды» кеңшарына Батыр Баянның есімін беру туралы мәселе сол кезде көтерілген. Шаруашылықтың сол кездегі басшысы марқұм И. И. Миллер бұл ұсынысты қолдаған. Бірақ өзіміздің қазақтар: «Бізде басқа да батырлар болған, Баян батырды білмейміз» деп келіспепті.
Ия, бұл арада мұндай психологияның, пиғылдың, пайымның қалыптасып, сіресіп қалуына елінің еркіндігі, жерінің кеңдігі үшін қасық қаны қалғанша күрескен қазақ батырларын қанішерлер, жаугершілер етіп көрсеткен, сөйтіп ел есінен ұмыттырған қызыл империяның нәлет насихаты кінәлі.

Осыдан біраз жыл бұрын ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың есімін Петропавлдағы педагогика училищесіне және бір көшеге беру жөнінде ұсыныс жасалғанда білместіктің біраз қарсылығына ұшырағаны бар. Ал, қазір Мағжан тарихтан да, Петропавл қаласынан да өз орнын тапқанын көріп отырмыз. Батыр Баян есімі де алтын әріптермен жазылары анық.
Академик Манаш Қозыбаев өз хатында Батыр Баян туралы үлкен әңгіме әуелі төменнен басталуы қажет екенін өте орынды атап көрсеткен. Орайын тауып пайдалана білсек Батыр Баян туралы материалдар біраз бар. Мағжанның бір кезде біраз жұрт жатқа соққан «Батыр Баян» поэмасының өзі ғаламат дүние емес пе? Қазақ батырларының арасынан алғашқы болып Батыр Баян туралы фильм түсірілді. Осы фильмді пайдаланып қызықты да көрікті кештер өткізуге болады.
Облыстық өлкетану-тарих мұражайына, аудандардағы, мектептердегі мұражайларға Батыр Баянды «біриықтатып» кіргізу керек. «Батыр біриықтап кірсе, арғы жағындағы орынды өзі табады» дейді ғой халқымыз.
Батырларымызды, ақындарымызды, ұлыларымызды басқа жұртқа таныта білуіміз керек. Сонда барып басқа ағайындар әдемі әңгімені әуелі мәре-сәре көңілді дастархан басында бастап, содан соң үлкен жиынның мінбесінен: «Достар-ау, мынадай батырды бұрын білмеппіз ғой, мен енді таныдым, ұқтым, түсіндім. Оның есімін туған жеріне берейік» деп ұсыныс айтары анық. Сонда олар да, біздер де жүрекпен ұғысып қол соғамыз. «Бәріне де уақыт емші» дейді қазақ. Ілгеріде облыс орталығының көшелерінде де Абылайхан, Батыр Баян есімдері пайда боларына сенемін. Батыр туған Булаев ауданы Батыр Баян ауданы болуы да ғажап емес. Ол ұсынысты халық өзі айтады.

Бақыт МҰСТАФИН.
СУРЕТТЕ: «Батыр Баян» фильмінен кадр.



Мұстафин Б. Батыр Баян: Тарихи зерттеулер // Солтүстік Қазақстан. – 1998. – 25 қараша.- 3 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий