Базарбекова, А. Ұлты неміс болғанмен, жаны-қазақ // Солтүстік Қазақстан. - 2019. - 26 қазан

17 июня 2020 - kamshat

Осынау кең дүниенің сырына алаң адал ниетті азаматтар болады. Ғаламның салмағы оның иығына түсіп, дүниеде болып жатқан қақтығыстар мен қайшылықтар жүрегіне жүк артады. Ол қара басының ғана қамын күйттеп, жан тыныштығын ойлап отыра алмайды. Сондай азаматтардың бірі – қоғам қайраткері, көркемсөз шебері, марқұм Герольд Бельгер.

Оның қазақ ауылында өсіп, ауыл балаларымен бірге қазақ тілін жетік меңгергенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Сондықтан да болар, жазу­шы қай шығармасына болмасын, ауыл адамдарын, қазақ халқының тағдырын арқау етті. Орыс тілін қаншалықты жетік мең­герсе, қазақ тілінде де сондай дә­ре­жеде майын тамыза сөйлей де, жаза да алды. Өмір бойы жинаған білімін ауызекі сөзде де, жазғанда да керемет қолдана білді. Герольд деген сөздің өзі көне герман тілінен аударғанда “ақи­қаттың жаршысы” деген мағынаны білдіреді екен. Герағаңның жазған кітаптары бір бөлек те, қазақ тілінің жай-күйі, ке­ле­шегі туралы айтқан, жазған дү­ниелері бір бөлек. Қазақ тілінің на­ғыз жанашыры екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеген ұлтжанды азамат болды. Қаламгердің осы және өзге де қырларын жас ұрпақ­қа таныту мақсатында 2016 жылы колледжімізде Герольд Бельгер мұражай-дәрісханасы ашылды. Оны ашпас бұрын біз білім ошағы­ның директоры Александр Мерктің бастамасымен қаламгердің ыстық мекені Ысқақ Ыбыраев ауылына әдейі­леп барып, ол туралы тың мәлімет­тер жинадық. Көзі көрген адамдар­мен сұхбаттасып, жазушының өмір белестері мен шығармашылығын зерттедік.

Бүгінгі күні мұражайымыз жас буынды рухани байытуға, отансүй­гіш ұрпақ ретінде қалыптастыруға зор мән беруде. Осы орайда біз Герольд Бельгердің шығармала­рын жан-жақты насихаттап, оның тіл, әдебиет, ұлттық рух және тәрбие жа­йында жазған ой-пікірлерін оқу ба­рысында кеңінен пайдаланамыз. “Бельгерлер отбасының депорта­циясы туралы”, “Неміс халқының тұрмысы және салт-дәстүрі”, “Жа­зушының үйі” және тағы басқа ақпараттарды топ-топқа бөліп, сөрелерге орна­лас­тырдық. Біздің мұражайдың тө­рінен орын алған жазушының ал­пыстан астам кітабы мен жеке зат­тары Қазақстанның түкпір-түкпірі­нен жинастырылды. Олардың бі­ра­зын Герольд Бельгердің зайыбы Раиса Закировна әдейі Алматыдан беріп жіберді. Атаулы күндері, жа­зушының туған күнінде колледж студентте­рі­мен қатар өзге оқу орындары­ның жастары мұражайға келіп, жа­зушы шығармашылығымен танысады. Қа­ламгердің қазақ, неміс және орыс тілінде жазған шығармалары негі­зінде тәрбие беру мақсатында мұ­ражайда “Ашық есік күні” дәстүрлі өткізі­леті­нін де атап өткеніміз жөн. Оған өңі­ріміздің белгілі ақын-жазушыла­рын шақырып, түрлі тақырыпта әң­гіме қозғаймыз. Жас ұрпақ өкілдері үшін мұндай игі ш­ара­лар ауадай қажет. Сондай-ақ, оқу жылы барысында студенттер ара­сында мә­нер­леп оқу сайыстары өт­кізіледі. Герольд Бельгердің қазақ тілінің жа­нашыры болғаны барша­ға мәлім. Біз қаламгердің аталмыш та­қырып турасында жазған еңбек­терін дәрістерде жиі пайда­лануға тырысамыз.

Герольд Бельгер – менің де әде­биетке жақын болып өсуіме себеп­кер болған қаламгерлердің бірі. Оның шығармаларымен алғаш рет 1980 жылы таныстым. Жазушы­ның жан-жақты білімі, еңбек­сүй­гіштігі, таңдаған әрбір тақыры­бын ғылыми тұрғыда зерттеп ба­рып қана оқырманға жолдайтыны өзі­не баурап алады. Бельгердің туын­дыла­рымен таныса отырып: “Не­міс, қа­зақ, орыс сөздері үш ішектің әуені іспетті. Мен оларды бірінші, екінші, үшінші деп бөле алмаймын, олар бір-бірінсіз өмір сүре алмай­ды, өйткені, олар өмі­рім­нің үш бе­лесі” деген пікірін оқы­ған соң оның өмір жолына, шығар­машылығына де­ген қызығушылы­ғым арта түсті. Дә­рісхананы безен­діру кезінде қа­бырғаға осы сөздер­ді жазуды жөн көрдім. Студент­термен өтетін кеш­терде жазушы­ның ауылынан еке­німді мақтаныш­пен айтып жүремін. Менің әкем Кә­жен Қыздарұлы Ге­рольд Бельгерге сабақ берген. Жазушы көп­те­ген ауылдаста­рының үмітін ақ­тады. Қазақ халқының тарихына, мә­дениеті мен әдебиетіне терең ықылас қоюы, қазақ тілін жетік білуі, ба­лалық шағы өткен ауыл адамда­рының тұрмыс-тіршілігі, мінез-құ­лық ерекшелігін кітапта­рына темірқазық етіп алуы Герольд Бельгерді ұлтымызбен етене жа­қындастырды. Ол бір сөзінде: “Қа­зақ ауылында өстім, қазақ балаларымен ойнадым, мектепте оқы­дым. Демек мен кіммін? Нағыз қа­зақпын десем болады. Өйткені, менің бүкіл ғұмырым, шығарма­шылығым қазақ елімен, қазақ жері­мен тығыз байланысты”, – деп өзін өзгенің емес, өз баласын­дай қа­был алған халқына риза­шы­лығын жаудырумен дүниеден өтті.

1981 жылы “Жазушы” бас­па­сы­нан шыққан “Брат сре­ди бра­тьев” атты кітабында да ол қазақ халқының өзіне деген қам­қорлы­ғын, елдегі халықтар досты­ғын тіл­ге тиек етеді. Біз мұра­жай сөреле­ріне қаламгердің көзі тірісінде осы бағытта атқарған жұмыстарын қою­ға тырыстық. Мы­салы, колледжі­міз­де жазушының татулық, бірлік және қазақ қонақ­жайлығы туралы жазған ой-пікірлері негізінде сабақ өткізіліп тұрады. Қор жинауда Ге­рольд Кар­ловичтің зайыбы Раиса Закиров­на мен қызы Мария көп көмегін көр­сетті. Олар жазушының қол­таң­басы қойылған еңбектерін мұражайға өткізіп, жеке заттарын сыйға тартты. Құнды заттардың арасында Тереңсай ауылының макеті мен жазушының түрлі марапаттары да бар.

Әр оқу жылында жастар ара­сында жазушының ой-пікірлері негізінде сайыстар мен дебаттар өткізіледі. Жуырда колледжімізге ғылыми жобамен айналысып жүр­ген Семей қаласының студенттері келіп, Бельгердің өмірі мен шы­ғармашылығын зерттеуге мүмкін­дік алды. Тілдер мерекесі қарса­ңында жас буын өкілдері ара­сында жазушы шығармаларын жатқа оқу бойынша сайыс ұйым­дасты­рыл­ды.

Жыл басынан бері колледжіміз­де Герольд Бельгердің туғанына 85 жыл толуына орай түрлі шара­лар өткізілуде. Солардың бірінде студенттер жазушының шығарма­шы­лығына үңіліп, Жан­гелді Тәжин­нің, Сабыр Ыбы­раев пен Светлана Шубинаның жерлесіміз жайында­ғы естелік­терін тыңдады. Сондай-ақ, жыл сайын жазушының туған күніне орай оқырмандар конфе­рен­­ция­сы мен кітаптар көрмесі өт­кізіліп тұрады.

 

Ақнұр БАЗАРБЕКОВА,
гуманитарлық-техникалық колледж

жанындағы Герольд Бельгер

мұражай-дәрісханасының директоры. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий