Бәешов, Ә. Кемеңгер тұлға /Ә. Баешов //Soltústik QAZAQSTAN. – 2020.- 31 naýryz.- Б.3

6 апреля 2020 - kamshat

Евней Букетовтің бұл жарық дүниеден озғанына 35 жылдан астам уақыт өтіпті. Кейінгі жастар біздің ұлағатты ұстазы¬мыздың бейнесін көз алдына елестете алуы үшін ол кісінің сыртқы келбеті мен бойындағы негізгі адами қасиеттері туралы айтып өткенім жөн шығар.

Евней ағаның бойы екі метрге жақын, батыр тұлғалы, өте келісті, алып денелі адам болатын. Мінезі қарапайым, менмендігі жоқ, кішіпейіл еді. Адамдарды руға, ұлтқа, жерге бөлмейтін. Әр адамды бойындағы қабілетіне, іскерлігіне, еңбекқорлығына, адамгершілігіне қарай бағалайтын. “Пәленшенің мынадай жақсы қасиеттері бар, соны үйреніп бойға сіңіріп алу керек”, – деп жиі айтып отыратын. Ойлау және еске сақтау қабілеті өте мықты болатын. Металлургия және химия саласындағы барлық ережелерді, заңдылықтарды, математикалық теңдеулерді және басқа да негізгі мәліметтерді түгел дерлік жатқа білетін. Белгілі бір элементтің мөлшерін анықтау керек болса, осыған байланысты мәліметтерді тізіп айта баста¬ғанда таңғалатынбыз.

Қазақтың ғана емес, орыс ақын-жазушыларының да өлеңдерін сағаттап жатқа айтқанына талай рет куә болдым. Ол жыр шумақтарын жай ғана оқып шықпайтын, нақышына келтіріп, нағыз көркем сөз шебері тәрізді мәнерлеп айтып беруші еді.

1970-1975 жылдары Евней ағаның көптеген шәкірттері кандидаттық диссертацияларын қорғай бастады. Ол кезде Қарағандыда диссертация қорғайтын ғылыми кеңестер болмады, көпшілігі Алматыға баратын. Қазақ мемлекеттік университетінде және политехникалық институтта Евней ағаның қатысуымен өтетін ғылыми кеңеске алматылық жұртшылық оны көру және әңгімесін тыңдау үшін арнайы келетін.

Ұстазым сөзге шешен болатын. Орыс тілін де, қазақ тілін де терең меңгерген¬діктен оның әңгімелері өте қызықты әрі мазмұнды өтетін. Сондай-ақ, екі тілде де жазғандары оқырмандардың көңілінен шығатын. Алғашқы кезеңдері орыс тілінде көптеген әдеби мақалалар жариялап жүрді. Ұстазымның ондағы мақсаты – Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев секілді қазақ ғұламаларының еңбектерін халыққа, әсіресе, жастарға жеткізу және олардың өмірлік, философиялық ойларын тереңдете түсіндіру еді. Ол кезде ғылыми мақала тек орыс тілінде жазылатын, сол себепті қазақ мектебін бітірген біздерге материал жазу едәуір қиындық тудыратын. Евней аға бізге бұл мәселеде жоғары талап қоятын. Жазған мақаламызды жан-жақты талдап, оның мазмұнының анық, жазылу стилінің дұрыс болуына үлкен мән беретін. Ол кісінің қолынан өткен мақаладан ешкім мін таба алмайтындай сапалы болып шығатын.

Евней Арыстанұлы кез келген ғылыми еңбектің барлық талапқа сай жазылуына үлкен мән беретін. Сөзіме дәлел ретінде мына бір мысалды келтірейін. Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласын¬да Ресейдің беделді жоғары оқу орнының бірі – Орал политехникалық институты болды. Бұл оқу орнын Станислав Набойченко 10-15 жылдай басқарды. Ол 1980 жылдары өзінің докторлық диссертациясын қорғар¬да оппонент етіп біздің ұстазымыз Евней ағаны тағайындапты. Евней Арыстанұлы Станислав Степановичтің диссертациясын оқып бо¬лып, жұмыстың ғылыми тұрғыда барлық талаптарға сай екендігін, бірақ сол жазыл¬ған түрінде қорғауға тіптен болмайтындығын айтады. Диссертацияда грамматикалық, стилистикалық қателер бар екенін ғалымға дәлелдеп береді. Өз ортасында өте үлкен абыройға ие Станислав Набойченко Евней ағаның мұндай сынына алғашқыда қатты ренжіпті. Осылайша, диссертацияда жіберілген сын-ескертпелерді жөндеуге бір жылдан аса уақыт жұмсап, ғылыми жұмысын мерзімінен кешіктіріп қорғайды. “Евней Арыстанұлымен бетпе-бет кездесіп, оның сын-ескертпелерін талқылағанда, айтқандарының бәрі жөн, дұрыс екеніне көзім жетті”, – деп айтып отырғанын өз құлағыммен талай рет естідім. Себебі, сол кездерде ол біздің Қарағандыдағы Химия-металлургия институты¬на жиі келіп тұратын.

Евней аға театр өнерін де жақсы көретін. Оның 1975-1979 жылдары Шекспирдің “Юлий Цезарь”, “Макбет” деген драмалық шығармаларын алғаш рет қазақ тіліне аударғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қойылымның қазақша нұсқасын көрермендер жылы қабылдады. “Юлий Цезарь” спектаклін – Шымкент драма театры, ал “Макбет” қойылымын Қарағанды драма театрының актерлары сахналады. Макбеттің рөлін ойнауға Алматыдан белгілі өнер иесі марқұм Нұрмахан Жантөринді шақыр¬ған еді. Театрдың осы қойылым бойынша репетициясына Евней аға жиі баратын, бірнеше рет ұстазыммен бірге менің де жолым түсті. Шекспирдің “Макбеті” жай спектакль емес, онда әртістердің сөздері өлең тілімен берілген. Шығарманы қазақ тіліне аудару екінің бірінің қолынан келе бермейді. “Спектакль өте ұтымды ұйқастармен, нақты аударылған және орындау да оңай”, – деп әртістердің өздері Евней ағаға алғысын, ризашылығын білдіруші еді. Репетиция аяқталғаннан кейін Евней аға мен Нұрмахан Жантөрин дастарқан басында спектакль жайында, өмір туралы қызықты да мазмұнды әңгімелер шертетін.

Спектакль сахналанатын күні Евней аға қатты ауырып қалыпты, маған телефон со¬ғып: “Әбдуали, спектакльге міндетті түрде барып кел, біткен соң, маған өз ойыңды айтарсың”, – деді. Сол күні зал халыққа лық толды. Спектакль аяқталған соң көпшілік Евней ағаны сахнаға шақырды, Нұрмахан Жантөрин ағамыз Ебекеңнің кенеттен ауырып қалғанын айтып, ағылшынның белгілі ғұламасы Шекспирдің керемет сахналық туындысын алғашқылардың бірі болып қазақ тілінде сөйлеткен ғалымға ризашылығын білдірді. Көрермен мына сөздерді естігенде орындарынан тұрып, одан бетер қол соқты.

Евней аға болашаққа алаңдап, қоғамдағы мәселелер туралы өз ойын әр кез ашық айтып отыратын. Мына бір әңгімесі әлі күнге дейін жадымда: “Әбдуали, біздің жастық шағымыз өте қиын жағдайда өтті. Тойынып тамақ ішкен күндеріміз аз болды. Жұпыны киінуші едік. Сол кездегі тұрмыстың ауыртпалығына қарамастан адамдардың пейілі таза болатын. Ағайын-бауырмен, көрші-қолаңмен арамыздан қыл өтпейтін. Өте қонақжай халқымыз дәстүрге берік еді ғой. Ал бүгінгі өмірдің өңі өзгерген. Ертең не ішемін, не киемін деп уайымдамайсың. Тамақ тоқ, киім бүтін. Бірақ осындай баршылық кезде, туысқанмен, ағайынмен ат құйрығын кес¬кендер күннен-күнге көбейіп барады. Егер бұл үрдіс осылай жалғаса берсе, соңы жақсылыққа апармайды. Осындай мәселелер мені жиі толғандырады”, – деген еді ол.

Өткен ғасырдағы 70 жылдардың ба¬сында еліміздегі екінші университет Қарағандыда ашылады деген сүйінші хабар жан-жаққа тез тарады. Бір күні ғылыми семинардан кейін, Евней аға өзінің аспиранттарын алып қалды. Хал-жағдайымызды сұрағаннан кейін: “Жігіттер, бір өзгерістер болайын деп жатыр, сол туралы өзімнен естігендерің дұрыс шығар... Қарағандыдан университет ашылмақшы, ал енді ректорлық қызметке менің кандидатурамды ұсыныпты. Ұсыныс жақсы ғой, бірақ осы тұста ойланатын мәселе бар... Менің басшылығыммен біздің Химия-металлургия институтында істелген жұмыстарды биліктегілер жоғары бағалап, мен Совет одағының Мемлекеттік сыйлығына ие болдым. Алға қой¬ған биік мақсатымның бірі – біздің ұжым Лениндік сыйлыққа ие болатындай лайықты жұмыстар жүргізу. Қазіргі бағытта жүргізілетін жұмыстардың бағдарламасы да, ғылыми идеялары да айқын. Сол себепті, мен ректорлыққа барғым келмейді. Күні-түні ғылыми жұмыстармен айналысып, мақсатымызға бәріміз бірге жетуіміз керек”, – деп сөзін түйіндеді. Осы әңгімеден кейін көп ұзамай компартияның орталық комитетінің шақыруымен Алматы қаласына ұшақпен жол тартты. Аман-есен оралғаннан кейін бізге мән-жайды баяндап берді. Ол кісі орталық комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауында болыпты. Бұл Евней ағаның ол кісімен бірінші рет кездесуі еді.

“Дінмұхаммед Ахметұлына осындай лауа¬зымды қызметті ұсынып отырғанына алғысымды айтып, өзімнің тек таза ғылыми жұмыстармен айналысқым келетінін айтамын деп жоспарлаған болатынмын. Бірақ менің бүкіл жоспарым бұзылып кетті. Кірген кезде ол орнынан тұрып қолын ұсынып, менің сәлемімді алды да: “Сізді жаңа ректорлық қызметіңізбен құттықтаймын, үлкен табыстар тілеймін, – деді. Еліміздің ең үлкен басшысы құттықтап, тілегін жаудырғанда қарсылық танытудың реті келме¬ді. Енді республикамыздағы екінші университеттің ректорымын”, – деді шәкірттеріне Евней аға Алматыдан оралғаннан кейін.

Айта кету керек, Евней Арыстанұлы ірі-ірі қоғамдық, ғылыми жұмыстардың бел ортасында жүрсе де, шәкірттерімен әңгімелесуге әрдайым уақыт таба білетін. Көп шаруаны, ғылыми пікірлерді Евней ағаның ша¬ңырағында талқылайтынбыз. Ал шаршаған сәтте үзіліс жасап, өзінің әдеби жазбалары мен аудармаларын оқып беруші еді. Үйіне келген шәкірттеріне Зүбайра жеңгеміз өз қолынан дәм татырмай жібермейтін.

“Дарынды, еңбекқор адамдар ғана әлемге белгілі ғалым болады”, – деп отырушы еді жарықтық. Қызметке кіріскеніме бір жылдан аса уақыт өткен кезде маған әскери комиссариаттан шақыру келді. Алып-ұшып жеткенімде ондағылар 15 күннен кейін азаматтық борышымды өтеуге аттану қажеттігін айтты. Біз институтта арнайы ка¬федрада оқып, офицер атағына ие болғанбыз. Сол кездегі тәртіп бойынша запастағы офицерлерді кез келген уақытта бір жылға армияға әкете алады. Бұл тәртіпке ба¬ғынбаса, қатаң жаза қолдануы мүмкін. Ертеңіне жұмысқа келіп, электрохимия тобының жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Г. Макаровқа мән-жайды айттым. Ол кісі бұл мәселені Евней Букетовпен шешу керек екенін ескертті. Түстен кейін Евней ағаның кабинетіне барып, ол кісіге әскери комиссариаттың қағазын көрсеттім. “Ол жаққа барғың келе ме?”– деп сұрады. Менің құлшынып тұрмағанымды түсінгеннен кейін, Евней аға телефонмен біреулерге хабарласты. Ол кезде Қарағанды қаласының ішінде бес ықшамаудан бар еді. Олардың әрқайсысының әскери комиссариаттары болатын. Одан бө¬лек қалалық және облыстық бар.

Евней аға даусын көтеріп: “Ағайындар-ау, мені қынжылтып отырғаны қазіргідей бейбіт өмірде ғылым арқылы елімізге көп пайда келтіре алатын азаматты әскер қатарына алмай-ақ қоюға болады ғой”, – деп өз уәжін айтып жатты. Тағы да бір-екі жерге телефон соққаннан кейін тұтқаны орнына қойды.

– Әбдуали, мен сені жылдың соңында аспирантураға қабылдаймын деп жүр едім, енді уақыт тығыз, сен ғылымнан қол үзіп кетуің мүмкін. Күндізгі бөлім аспиранттары әскери қызметтен босатылады екен. Міне қағаз, өзіңді аспирантураға қабылдау туралы менің атыма өтініш жаз. Ал емтихандарды бір аптаның ішінде тапсырсаң, сенің аспирантураға қабылдануың туралы бұйрық шығарамыз. Осы бұйрықтың көшірмесін әскери комиссариатқа апарып бересің, олар сені босатады, – деп сол жолы аға¬лық қамқорлық көрсеткенін қалай ұмытайын! Бұдан кейін де ұстазымның шәкірттері үшін отқа да, суға да түсуге дайын екеніне талай рет көзім жетті.

Әскери комиссариатқа барып, құжаттарымды өткізіп келгеннен кейін Евней Арыстанұлына алғысымды айтып, адал шәкірті болып, ел ғылымына күш-жігерімді аямай, үлес қосуға уәдемді берген едім. “Әбдуали, сенен үлкен ғылыми табыстар күтемін, оған жететініңе күмәнім де жоқ”, – деп мені құшақтап, арқамнан қақты. Ол кісі¬нің бұл тілектерін маған берген батасы деп түсіндім. Евней ағаның шынымен де, шәкірттеріне деген көңілі ерекше еді. Ұзақ көріспей кетсек, жатақханаға телефон со¬ғып, үйіне шақырып алатын.

Евней аға өте беделді, парасатты аза¬мат еді. Оны шаңырағының төріне отырғызып құрметтейтіндер аз болған жоқ. Ал Зүбайра апайымыз қонаққа баруды онша ұната қоймайтын. Жиі ауырып қала беретін. Евней аға мұндай кезде өзімен бірге бір-екі аспирантын ертіп апаратын. Үй иелеріне: “Бұл жігіттер – менің аспиранттарым, болашақ ғалымдар. Бұл жігіттерді әдейі ертіп келдім, кейін бұлар белгілі ғалым болғанда, біздің үйде болып кеткен деп мақтануларыңа мүмкіндік жасап отырмын”, – деп әзілдеп, жиналғандарды күлкіге кенелтетін. Дастарқан басында аузы дуалы азаматтар пайымды әңгімелер айтады. Евней аға жастар көпті көрген¬дерден өнеге алсын десе керек... Бұл да асқан кемеңгерлік!

Әбдуали БАЕШОВ,
химия ғылымдарының
докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым
академиясының академигі.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий