Ардақты азамат
С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Ербол Шаймерденовтің туғанына 70 жыл толуына орай “Еліміздің ардақты перзенті” атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Тағылымы мол ісшараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері мен Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің оқушылары қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ербол Шаймерденұлы – әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған айтулы тұлға. Қаламгердің көзі тірісінде бірнеше кітабы жарық көрген. Бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектері, публицистикалық жинақтары рухани мұрамыздың қорын толықтырды. Білікті аудармашы ретінде әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімалады. Әлемдік афористика классиктерінің, А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Ясперс, М.Хайдеггер сияқты философ қаламгерлердің бірқатар шығармаларын аударып, жариялады. Қазақ авторларының туындыларын орыс тіліне аударумен де шұғылданды.
Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай Ербол Шаймерденовтің жақсының ғұмырынан, қыранның тұғырынан, қыздардың бұрымынан жыр өрген ізденімпаз ақын болғанын айтты. Ол “Қазақтың ханы – Абылай” атты кітабының “Ел-шежіре” баспасынан жарық көруіне Ерболдың тигізген көмегін атап өтті.
– Оқушы Ерболдың қойған сұрақтарының көбі оқытушының өзін тығырыққа тірейтін. Мұғалім жауап бере алмай қысылатын. 10-сыныпта қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен емтихан тапсырғанда шығарманы тек қана өлеңмен жазып берді. Сонда комиссияда отырғандар таңғалды. Мектепті алтын медальмен бітірді. Елдің ардақтысына айналатынына сол кезден-ақ сенген едік. Қанша талантты болса да, қарапайымдылығынан танған емес, – дейді Ербол Шаймерденовтің мұғалімі Күлзи Бисарина.
Қаламгердің немере інісі, ардагер ұстаз Исқақ Беженов ағасының бауырмалдығы мен қамқорлығын тіліне тиек етіп, отбасылық естеліктерімен бөлісті. Ербол Шаймерденұлының апасы Әлия Баязитова, Ертай деген інісінің зайыбы, №26 орта мектеп жанындағы кітапхананың меңгерушісі Галина Сәрсембина, ауылдасы Ардақ Шарипованың естеліктері жиналғандарды бейжай қалдырмады.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері ақынның шығармаларынан үзінділер оқып, кештің шырайын кіргізе түсті. Кеш соңында меймандар ақынның өмірі мен шығармашылығынан көптеген мағлұмат беретін “Жарқын талант” көрмесін тамашалап, естелік суретке түсті.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.
Құскенов С. Ардақты азамат // Солтүстік Қазақстан.- 2024.-28 мамыр.- 8 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |