АРҚАНЫҢ АРДАҚТЫСЫ
Жақында жол түсіп Астанада болғанымда, көзі тірісінде сыйласып, сырласып, тонның ішкі бауындай араласып кеткен қазақтың қабырғалы қаламгері Нұрғожа Ораздың шаңырағына соқтым. Айман тәтеміздің жүзі сынықтау көрінді. Қайтсін, сыңарынан айрылған аққудай жалғызсырап жүрген шығар?! Амандық-саулық сұрасып, біраз жайға қаныққаннан кейін ағаның екінші қабаттағы жұмыс кабинетіне көтерілдік. Ол кісі өте ұқыпты еді ғой, жазу үстелінің үстінде басы артық нәрсе көрінбейді, әрдайым қолының астында ұстайтын ақ қағазы мен қаламы ғана жатыр. "Ештеңесін қозғаған жоқпыз, бәрі өзі қалай қойды, солай тұр. Сол күні де таңертең ұйқысынан сергек оянып, тамағын ішкеннен кейін жазу үстеліне келіп отырды. "Қайтесің, дем алсайшы", -дедім. "Жоқ, жай отырмын", - деді күлімсіреп. Байқаймын, бөлменің ішін шолып отыр. Қабырғадағы қаз-қатар тізілген кітаптарына ұзақ қарады... Қайдан білейін, қоштасып отыр екен ғой", - деді Айман жеңгей терең күрсініп.
- Ақтық демі таусылғанша каламын қолынан түсірмеген екен ғой ағамыз.
- Иэ, бір күн жазу үстеліне отырмаса, қымбат бір дүниесін жоғалтып алған адамдай мазасыздана беруші еді. Үйге сыймай кететін...
Нұрағаңмен нақты қашан, қайда танысқаным есімде жоқ. Біздің бала кезімізде тұңғыш кітап деген атпен ақын-жазушылардың қалыңдығы пышақтың қырындай ғана еңбектері жарық көре бастады. Неге екенін білмеймін, өзім сол кітаптарға қатты қызығып, жинап жүрдім. Солардың ішінде Нұрағаңның да кітабы болды. Ол кісінің өлеңдері сол кездегі "Ленин туы" (қазіргі "Солтүстік Қазақстан") газетінде де жиі жарияланып тұратын. Ал мен мектеп оқушысы болсам да, облыстық газеттің бір нөмірін де қалт жібермеуші едім. Осылай, ағаның шығармаларымен ерте таныстым. Содан да болар, Қызылжарға келген бір сапарында кездесуіміз мұң екен, ескі таныстардай әңгімеміз жарасып жүре берді. Әр кез өткеннен сыр шертетін қызықты әңгімелерімен баурап алатын. "Солтүстік Қазақстан облысы маған да бөтен емес, өте ыстық. Еңбек жолым осында басталды, Жаңажолда (Ғабит Мүсіреповтің ауылы) бір жыл мұғалім болдым", - дейтін.
Бертін тіпті жиі кездесетін болдық. Сэбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты әдебиет алыптарының алдын көрген, көкірегі көмбе, қазыналы қаламгер қайда жүрсе де, ортасының сәні еді ғой.
Бірде Нұрағаң, ол кезде "Сарыарқа" журналының бас редакторы болатын: "Жазған-сызғандарыңды бізге де жіберіп тұрсайшы", - деді. Бұл ұсынысты қуана қабылдап, әлі сиясы кеуіп үлгермеген "Еменнің иір бұтағы" деген хикаятымды жолдасам да, не айтар екен деп көпке дейін қобалжып жүрдім. Содан арада біраз уақыт өткеннен кейін үлкен басымен телефон шалып: "Хиқаятыңды оқыдым, маған ұнады, әрі қарай тереңдете түссең желісі романның да жүгін көтергендей екен", - деп көңілімді көтеріп тастады. Содан не керек, әлгі дүнием журналдың үш нөміріне шықты. Мұндай қуанбаспын. Осыдан кейін болмысы бөлек, адамгершілігі мол, пейілі қазақтың кең даласындай дарқан, үлкен жүректі, асқар таудай парасатты ағаны өзім де іздеп тұратын болдым. Сәлем беремін, елдің жаңалықтарын жеткіземін. Нұрағаң: "Газеттің жұмысын білемін ғой, жазуға уақыт қалмайды, солай екен деп шығармашылығыңды ұмытпа, жаз, жаз", - деп қайрап қояды. Бүгін ойлап отырсам, жақсы ағаның ақылы, менің ол кісіге берген уәделерім өмір жолында қолтығымнан көп демеген сияқты. Күндердің күнінде Жазушылар одағына өтсейші деп, кепілдеме берген де өзі еді.
"Мағжан" журналын шығара бастағанымды естігенде керемет қуанғаны есімде. "Бейнетке басыңды сұққан екенсің, қазіргі таңда журнал шығару оңай іс емес. Бұл қажымас қайратты, талмас ізденісті, асқан төзімділікті қажет етеді. Бірақ оған мойыма. Мағжандай ұлының бірауыз сөзін халыққа жеткізудің өзі - үлкен бақыт" деген. Шынында да, журнал шығарудың бейнеті аз емес екен. Оны кейін түсіндім. Бірақ ай-мақтағы қаламгерлерге қамқоршы боламын, шығармашылық жолда көрініп, танылуларына көмектесемін деп кездескен қиындықтарға қарамастан "Сарыарқаны" өрге сүйреген, ондаған жылдар бойы оқырмандарды жергілікті ақын-жазушылардың, тарихшылар мен ғалымдардың сан алуан шығармаларымен қауыштырған, қаншама жас қаламгерлердің өлең-әңгімелерінің тұсауын кескен қабырғалы қаламгердің үлгісі менің де жігерімді жанып, жасымауға үйретті.
Сөздің шыны сол, Нұрекеңнің қажыр-қайратының арқасында «Сарыарқа» журналы бүкіл елге танылып, Ақмолада ғана емес, теріскейдің басқа өңірлерінде де ақын-жазушылардың әдеби ортасы қалыптасты ғой. Ағамыздың осы еңбегі шын мәнінде ерлікке пара-пар еді. Халық жазушысы, марқұм Әбіш Кекілбаевтың «Сарыарқа» туралы: «Бұл әдеби журнал болумен бірге ғылыми-танымдық журнал болды деуге толық негіз бар», деп жазуы осы пікірімізді дәлелдей түседі.
Ел тынысын өлеңмен өрнектеп, көркем сөзбен кестелеген Нұрғожа Ораздың өзінің шығармашылық жолын журналистикада бастағанын біреу білсе, біреу білмес. Арманы асқақ азамат Қазақ мемлекеттік университетін ойдағыдай тамамдап, ұстаздар қатарына қосылғанмен, көп кешікпей, нақтырақ айтсақ, 1958 жылы негізін Би ағаң - Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин қалаған Қостанай облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетіне тілші болып орналасады. Мұнда ол өңір тынысы, әр саланың үздіктері жайлы кесек-кесек дүниелер жазып, өзінің қаламгерлік қуатын шыңдады. Осылай қайнаған еңбек көрігінде шыңдалып, қанаты қатайған ағамыз 1963 жылы Целиноград қаласына қоныс аударып, жаңадан ұйымдасқан өлкелік «Тың өлкесі» газетінің ұжымына қосылады. Ол туралы қазақтың белгілі қаламгері Сарбас Ақтаев: «Нұрғожа өлкелік газетке әдеби қызметкер болып орналасып, табан аудармай Ақмола топырағында тұрып қалды. Қараөткелдің киелі топырағы оның дарыны бүр жарып, гүл ататын құнарлы мекенге айналды. Оның ақындық дарыны дәл осы жерде қанат жайып, қалың оқырман қауымға жол тартты. Осы өңірде ұзақ тұрған ол бүкіл Сарыарқаның шежіресі іспетті...» деп жазған болатын.
Қаламгердің алғашқы өлеңдер жинағы 1964 жылы «Тұңғыш кітап» деген атпен жарық көрді. Одан кейін әр жылдары балаларға арналған «Кім табады?», «Шұғыла», «Көңіл көктемі» атты кітаптары баспадан шықты. Ал 50 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тың ырғақтары» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жеке кітап болып оқырмандарға жол тартты. Кейін «От кешкен балалық шақ», «Достар хаты», «Жауқазын шақ», «Таңдау» сияқты көптеген еңбектері бірінен соң бірі баспа жүзін көріп жатты. Өзінің шығармашылық ғүмырында ерінбей-талмай зор қалам қарымын танытқан Нұрғожа Ораз барлығы 40-тан астам кітаптың авторы атанып, қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Оның шығармалары әр кез көкейкестілігімен ерекшеленді.
Нұрғожа Ораз - драматургия саласында да өз қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Кезінде оның «Қиядағы қақтығыс», «Армысың, таңым» атты пьесаларын әдебиет сыншылары жоғары бағалаған болатын. Ал «Дала демі» кітабы Нұрекеңнің білікті публицист, проблемалық очерк, деректі жанрдың шебері екенін айғақтады.
Сөз жоқ, Нұрғожа Ораз - сан қырлы қаламгер. Бірақ бәрінен ақындығы басым болғаны анық. Қаламгердің шығармашылығына назар аударғандардың көбінің ойы осыған саяды. Десек те, Нұрғожа Ораздың шығармашылығына жан досы, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтен артық ешкім баға бере алмас. "Нұрғожа поэма деп ат қойып, айдар тағып, «Тың түлегі», «Қырандар ұясы", «Досымның тағдыры» деген дүниелерін оқырмандарына ұсынды. Осы үш шығармадан да мен Нұрғожаның ақындық мүмкіндігінің молдығын, шапқан сайын тынысының кеңейе түсетінін аңғардым. Шығармашылыққа толы жарты ғасыр текке кеткен жоқ», -деп жазған еді Нұрағаң "Тұмашым" деп жан теңгермеген Тұманбай Молдағалиев. "Мені әдебиетке жетектеп әкелген Нұрғожа, әдебиет үйірмесінде мені ұстап берді", деп Тұмағаңның ақын досының азаматтығын алға тартқаны тағы бар.
Осылардың бәрі көңілімде сайрап тұрса да Нұрекеңнің қайраткерлігі бір төбе деп санаймын. Бұлай ойлайтын жалғыз мен емес. Нұрекеңді бір кісідей жақсы білетін белгілі астаналық қаламгер Амантай Кәкен: "Осы Ақмолада кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде ұлтымыздың абыройын биік ұстаған бірегей азамат болды. Тың игеру жылдарында 700 қазақ мектебі жабылды. Сондай қиындыққа қарамастан қазақтың тілі мен діні үшін басын бәйгеге тікті. Ұлттың намысы сынға түскен шақтарда қанжардай тіліп түсетін мінезі бар еді. Ақмоладағы қазақ театрының ашылуына мұрындық болды. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып жүріп, осы елдің руханияты мен мәдениетінің дамуына ерен еңбек сіңірді. Осындағы қалам ұстаған азаматтардың ұстазы атанды... Қазыналы қариялықтың да бекзат үлгісін көрсетті." деп жазса, қазақтың көрнекті жазушысы Әкім Тарази: "Нұрғожа Ораз жаны жайсаң, ер көңілді, сері мінезді азамат еді. Жазушылығы, ақындығы, әдебиетшілігі тең түсетін. Қаламгер ғана емес, қайраткер де болатын. Арқа жерінде қазақтың намысы кететіндей тұстың бәрінен табылатын. Айтыс ұйымдастыру дейсіз бе, мектеп ашу дейсіз бе, көшеге ат беру дейсіз бе, сондай шаруалардың ортасында, қалайда ұлттың ұпайын ұттырмаудың қамымен жанын жеп жүретін. Соның барлығында діттеген мақсатына жетпей қоймайтын" деп тебіренеді. Немесе есімі арқа жұртшылығына жақсы таныс еңбек ардагері Қасым Тәукеновтің "Бұрынғы Целиноградта қазақ мұңын мұңдаған, ана тілімізде жырлаған екі адам болса - бірі, біреу болса - нақ өзі менің Нұрғожа досым болатын. Ұлан асу, асқар тауыма балайтынмын. Саятшылығыма - сая, наласы көптеу жан жүрегіме - ая болып өзімді бірден-бір ұғып-түсінетін ұлағатты да Нұрғожадай асыл бауырдан тапқан едім." деген сөздерінде де көп сыр жатыр-ау, сірә?!
Айтса айтқандай, ол кісіні біз әрдайым мерекелік шаралардың ортасынан көретінбіз. Ұлттық болмысымызды ұлықтайтын шаруалардың басы-қасында жүруші еді, көңілі кең, жаны жомарт абзал аға халықтың ортасында жайдары қалпымен жадырап отыратын. Өмірде өзінің айшықты ізін қалдырған, сарабдал сабырлылығымен, ұлтына адалдығымен, парасаттылығымен дараланған Нұрғожа ағамыздың қоғамдық қызметі жайлы сөз қозғағанда ол кісінің Қазақсган Республикасы Президенті жанындағы Рақымшылық жасау комиссиясына тұрақты мүше болғанын, сол сияқты, Астана қаласының ономастика және экология комиссиясының жұмысына да ұзақ жылдар бойы белсене араласа жүріп, елорданың бірқатар көшелерінің атауын қазақша өзгертуге өзіндік үлес қосқанын айтпай кете алмаймыз.
Ел тәуелсіздігін баянды ету жолында аянбай тер төккен Арқаның аяулы ақсақалының, қаламы жүйрік журналист-жазушының, танымал қоғам қайраткерінің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол халықтың құрметіне бөленді, егемен еліміздің көптеген сый-құрметтеріне ие болды - "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атанды, Қазақстан Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығын иеленді. Нұрғожа Ораздың артында ұлағатты ұрпағы, мол мұрасы қалды.
...Қазақта әдемі қартаю деген сөз бар. Осы сөздерді естіген сайын көз алдыма өзінің бар саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге арнаған, әдебиетіміздің кемелдене түсуіне қал-қадерінше үлес қоса білген көркем мінезді азамат Нұрғожа Ораздың бейнесі келеді.
Сүлейменов Ж.
Сүлейменов Ж. Арқаның ардақтысы // Мағжан.-2017.-№1.-32-36 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |