Абылай Ханның ата тегі мен үрім-бұтағы
Қайролла МҰҚАНОВ,
Мәдениет қайраткері, өлкетанушы.
Атақты Абылай ханның ата тегі туралы әйгілі тарихшы Рәшид-әд-дин, Әбілғазы баһадүр, академик В.В. Бартольд, А.П. Чулошников, Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхаметжан Тынышбаев, т.б жазған. Рәшид-әд-диннің айтуынша, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның 14 ұлы болған. Соның он үшіншісі Тоқай-Темірден - Өз Темір, одан - Қожа, одан Бадағұл, одан Орысхан, одан Барақ, одан - Қазақтың дербес мемлекетін Керей ханмен бірге құрушы Әз-Жәнібек атанған Әбу-Сағит туған. Осы Әз-Жәнібектің қазақ мемлекетін құрудағы рөлі жөнінде белгілі жазушы ғалым Мұхтар Мағауин былай дейді: "Ата жөнімен таратсақ қазақтың үш жүзіне ортақ Төре деген рудан... Әз-Жәнібек қазақ жұртының іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан ғана емес, сол халықтың барлық жақсылығына ұйытқы болған асыл ұрық, ұлы әулеттің де негізін салушы болды".
Әз-Жәнібекте үш ұл болған: Қасымхан, Сөк, Жәдік. Оның кіші баласы Жәдіктен - Шығай хан, одан - Есімхан, одан - Жәңгір хан (жұрт оны "Салқам Жәңгір" деп атап кеткен), одан - Уәлибақы, одан - "Қанішер" Абылай, одан - "Көркем" Уәли, одан - Абылай хан (Әбілмансұр) туған.
Шоқан Уәлиханов "Абылай" атты мақаласында: "Абылай XVIII ғасырда өмір сүрген Орта жүздің ханы. Орта жүз сұлтандарының кенже буынынан тарап, Әбілмәмбет ханмен үш атадан қосылады. Бабасының аты да Абылай, Түркістан қаласының билеушісі, жаугершілікте ерлікпен көзге түсіп, "Қанішер" деген қаһарлы және құрметті атқа ие болған. Оның баласы Уәли әкесіндей болмаған, көршілері шабуыл жасап Түркістанды басып алғанда өлтірілген, тек қана оның ұлы Абылай құлдарының иесіне адалдығы арқасында аман қалыпты. Сенімді құл өзінің тәрбиесіндегі баланы қазақ сахарасына алып қашқан", - дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы "Түрік" қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі" атты кітабында (Алматы, 1991, 75-76 беттер) былай дейді:
Есімнің Салқам Жәңгір баласы еді,
Ол-дағы қалың елдің панасы еді.
Жәңгірдің қалмақ қызы әйелінен,
Әз-Тәуке адамзаттың данасы еді.
Қызы еді Қайып ханның бір әйелі,
Осыдан Уәли бақы туған ұлы.
Әз-Тәуке хан болған соң өкпе қылып,
Кетіпті Үргенішке дейді мұны.
Осы еді Абылайдың арғы атасы,
Болмайды бұл сөзімнің еш қатасы.
Абылайдың осы атасы сол жақта өліп,
Хан болған мұнда келіп қара басы.
Сонымен Абылай хан Шыңғыс ханның 18-ші ұрпағы болып шығады.
Енді Абылай ханның үрім-бұтағына келейік. Бұл жөнінен көп ізденіп, зерттеп, зор еңбектенген Абылай ханның бесінші ұрпағы - белгілі сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, жазушы, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, республикалық Абылай хан қорының төрағасы Шота Ыдырысұлы Уәлиханов.
Осы күнге дейін әртүрлі әдебиеттер мен ғылыми еңбектерде Абылай ханның 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы болғаны айтылып келеді. Шота Ыдырысұлының жазуынша, қазір бізге белгілісі мынау: Абылайдың Сағындық - Шуақбай атты қарақалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан туған ұлдары: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім. Қошқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан - Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділда. Қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан - Қамбар, Қасым. Сарғалдақ қожаның қарындасынан - Тоқ, Қосым, Арық. Атығай-Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан - Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым. Қалмақтан ауысқан тұтқын қыз Өріс ханымнан -Шама, Байыр. Басқа әйелдерінен - Ғұмыр, Жәңгір, Сыпатай. Сонымен Абылайдың аталған әйелдерінен туған 26 ұл белгілі болып отыр.
Кейбір әдебиетте Абылайдың бірінші әйелі Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қызы делінеді. Бірақ ол туралы толық мәлімет кездеспейді. Сондай-ақ Атығай Арыстан ақынның Кенесарыға:
"Кене хан, жақсы көрсең қарашыңмын,
Жек көрсең де өзіңнін алашыңмын.
Атаңа алты әйел алып берген
Атығай-Қарауылдың баласымын",
- дегені бар емес пе?
Бірақ жоғарыда келтірілген тізімде Атығай-Қарауылдан тек қана жалғыз Тоқта ханым мен одан туған 6 ұл туралы ғана айтылады. Ал қалған 5 әйел туралы ешқандай дерек жоқ. Абылайдың қыздары туралы да ешбір мәлімет кездеспейді. Сондықтан Абылайдың әйелдері, ұл, қыздары туралы әлі де іздеу, зерттеу қажет деп ойлаймыз.
Енді Абылай ханның аталған ұлдарынан тараған ұрпақтарын атап көрейік. Оның үлкен ұлы Уәли ханның 14 ұлы болыпты. Олар: Ғұбайдолла, Есім, Тәуке, Ғаббас, Жошы, Төрежан, Әбілмәмбет (Мәмке), Хамза, Шыңғыс, Абылай (Әбіш), Шеге (Шепе), Әлі (Әлжан), Қанқожа, Бегалы.
Ғұбайдолладан - Жәнібек, Болат, Жошы, Қанғожа, Әбілпейіс, Ахмет, Жағыпар, Нұрым, Әмірхан, Болаттан - Мұса, Сұлтанғазы, Уәйіс. Сұлтанғазы Шоқан оқыған кадет корпусын бітірген, генерал-майор шеніне дейін өскен.
Уәли ханның Айғанымнан туған ұлы Шыңғыстың (әйелі Шорман бидің қызы Зейнептен) 7 ұлы, 6 қызы болған. Олардың атақтылары: Шоқан (Мұхамед-Қанапия), Жақып, Мақы, Махмет, Сақыпкерей (Қозыке), Нұрмұхамед (Қоқыш). Шоқан туралы құжаттар жеткілікті. Шоқанның талантты інілерінің бірі — Мақы. Ол он жасынан бастап 30 жыл ел бетін көрмей Санкт-Петербургте тәрбие алған. Өте білімді, инабатты әрі шебер суретші, өнер иесі болған. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым, әрбір сурет көздің жауын алады екен. Шоқанның тағы бір інісі Қозыке нәзік сезімді сазгер болыпты, Ақан серімен дос болған. Оның шығарған "Керқұнажын", "Көкшетаудың биігі", т.б. әндері ел арасында кең тараған. Әсіресе, оның "Топай көк" әні өте әсерлі де сазды ән, осы күнге дейін айтылып жүр. Шыңғыстың Махмет атты баласы Шоқан сияқты, Омбы кадет корпусын бітірген. 1916 жылы қазақтардың көтерілісі кезінде атылып кеткен.
Абылайдың Топыш ханымнан туған ұлы Қасым сұлтанда жеті ұл болған: Ағадай, Саржан, Көшек, Есенгелді, Кенесары, Наурызбай қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, елін, жерін қорғауға бар күш-жігерін жұмсаған, ақыры сол жолда жанын қиған. Бұлардың ішінде он жыл бойы азаттық үшін күрескен Кенесары мен Наурызбайдың орны ерекше.
Кенесарының Жапар, Ахмет, Тайшық, Омар, Оспан, Әубәкір, Сыздық, Жәкі атты 8 ұлының ішінен Сыздық әкесінің жолын қуып, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін көп жылдар бойы күресті. Бірақ көп соғыстан беті қайтып қалжыраған қазақтар оның соңынан ермеді. Бұл туралы ұлы ақын Мағжан Жұмабаев "Ертегі" атты поэмасында былай дейді:
Жап-жас Сыздық қорғамақ боп қазағын,
Ту көтеріп, қарға ілді садағын.
Балаусасың қанды майдан көрмеген,
Құтты қадам болғай еді, қарағым!
Сыздық батыр тұлпар атын ерттеген,
«Алты алашым, енді маған ер деген.
Көп соққы жеп, сүле болған сорлы алаш,
Алты алаштан алты адам да ермеген.
Алты алаштан алты адам да ермеген...
Алаш сорлы келешегін көрмеген.
Орыс алды, қимылдаған қазақ жоқ,
Қайран Сыздық құса болды шерменен.
Сыздық батыр сұлтан көп жыл соғысқаннан кейін сол кездегі шарасыз жағдайға байланысты патша үкіметіне беріледі. Сыздықтың ұлдары: Солыбек, Керімбек, Смайыл, Мұса, Ыбырай, Сабей.
Қасым сұлтанның ұлы Саржанның балалары: Әлжан, Құдайменде, Қошқарбай, Ерназар, Иса.
Есенгелдінің балалары: Шәді, Жәңгір. Шәдіден - Нұрмұхамед (28 кітабы болған атақты Шәді ақын).
Абылай ханның басқа балаларының тарихта аты қалғандары Әділ, Тоғым.
Ұлы Шоқанның айтуынша, Абылай хан Әділді Қытайға аманат ретінде жіберген. Боғдыхан Абылайға разы болып, Әділге грамота беріп, көптеген сыйлықпен еліне қайтарған (Ш.Ш. Уәлиханов. Шығармалар жинағы, 1-том, 428-бет). Кейін Әділ Жетісу өңірінде тұрып, Ұлы жүздің сұлтаны атанады. 1815 жылы Ташкенттің түбінде қайтыс болады. Әділдің 12 ұлы Ұлы жүздің Дулат, Албан, Жалайыр, Шапырашты, Суан руларын билейді. 1823 жылы бұлардың бәрі Сүйік Абылайхановтың артынан Ресейдің билігіне көшеді.
Әділдің Нұралы деген баласынан туған Тезек төре (1821-1879) - қазақ тарихындағы белгілі адам. Тезектің Сүйінбаймен, Түбекпен, Бақтыбаймен айтыстары Дөненбайға, Құлмамбетке айтқан әзіл-оспақтары оның тапқыр, арқалы ақын болғандығын дәлелдейді. Тезек төре билік жүргізген Албан руының бір бөлігінің Құлжа ауданына жақын жерде қыстауы болған. Сол үшін қытайларға жылына алпысқа жуық мал төлейді екен. Ол Қытай шеніне ие болып, штаб офицерінің белгісі ретінде бас киімінің ұшар басына көк дөңгелек шар тағып жүрген. 1850 жылы Ресейге қосылғаннан кейін Тезек төре Ұлы жүздің аға сұлтаны болып сайланған және полковник шеніне ие болған.
Абылайдың баласы Уәлиханнан туған Шыңғыс та (Шоқанның әкесі) көп жыл аға сұлтан болған, полковник атағын алған.
Абылай ханның кейінгі ұрпақтарынан да ірі тұлғалар шықты. Солардың бірі - Ермұхан Бекмаханов (1915-1966). Ол -Уәли ханның Тәуке деген баласының ұрпағы. Тәукеден - Жанбөбек, одан - Бөген, одан – Бекмахан. Абылайға бес атадан барып қосылады. Тарих ғылымының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, 1947 жылы жарық көрген "Қазақстан XIХ ғасырдың 20-40 жылдарында" деген монографиялық еңбегі үшін қуғынға ұшырап, түрмеге де қамалған. Бар "кінәсі" ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі Кенесарыға берген әділ бағасы еді. Ермұханның қызы Нәйлә Бекмұханова - тарих ғылымының докторы, профессор, бірнеше ғылыми кітаптардың авторы.
КСРО-ның еңбек сіңірген геологы, геология-минерология ғылымының докторы, гидрогеолог, Өзбек ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нәтай Әзімханұлы Кенесарин бабасының атын алып жүргені үшін жапа шекті, Қазақстаннан қуылды. Кеңес өкіметі оның ғылымда алған орнына, сіңірген еңбегіне қарамады. Нәтайдың әкесі Әзімхан Алашорданың басшыларымен жақын болған.
Филология ғылымының докторы, Түрік ғылыми орталығының толық мүшесі, профессор, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы (1943 жылы туған) Аман Шотаев - Абылайдың ұлы Әділдің алтыншы ұрпағы.
Тәуке, Мұрат, Нафиса, Баян, Раушан Кенесариндер, Ғабит, Нэль, Болат Уәлихановтар - әр саладағы ғылым кандидаттары.
Абылай әулетінен Ыдырыс Мақыұлы (Шота Ыдырысұлының әкесі), Ахметқазы Кемелұлы, Қаусыл Жәкіұлы, Жанғали Құлышұлы, Құжат Нұрышұлы, Файзолла Үрмізов, Татухан Абылайханов сияқты ұстаздар да шықты.
Ыдырыс Уәлиханов (1884-1960) Троицк қаласындағы «Расулия» медресесін бітіріп, 50 жылдан артық ұстаздық құрған. Одан Есмағамбет Ысмайылов (ғалым), Жұмағали Саин (ақын) тәрбие алған.
Ахметқазы Шотаев (1909-1992) - Абылайдың Шеген атты ұлының ұрпағы, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім, Ленин орденінің иегері, әрі қолынан өнер тамған мүсінші, академиктер Манаш Қозыбаев пен Өмірзақ Сұлтанғазиннің ұстазы. Немересі Әділ Маратұлы Шотаев Санкт-Петербург қаласында көркемөнер академиясын орыстың ұлы мүсіншісі М.К. Аникушиннің сыныбы бойынша бітірген.
Құжат Нұрышұлы Уәлиханов (1916-1989) саяси қуғынға ұшырап, он жылын айдауда өткізген. Одан келгеннен кейін ҚазМУ-дің механика-математика факультетін үздік бітіріп, мұғалім болған. Оның ұлы Арыстан Уәлиханов - талантты сәулеткер.
Қорыта айтқанда, Абылай хан - қазақ елінің алып бәйтерегі десек, оның әулеті өмірдің ыстық-суығына төзіп, тамырын терең жіберіп, тарам-тарам бұтақтары жайқалған ну орман тәрізді. Абылайдың әулеті әлі түгел зерттеліп болған жоқ. Әлі де ғалымдар алдында оны тереңірек зерттеу міндеті тұр. Қазақтың әйгілі ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев: "Абылайдың үрім- бұтағын таратып тегістеймін деушіге бір қап жан керек, Нухтың өмірі, Адам атаның сабыры, Қарынның байлығы керек", - деп бекер айтпаса керек.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |