Істер мен тағдырлар// Қызылжар елі. – Алматы, - 2007. – Б. 136-138

31 мая 2012 - Администратор

 Абылай хан, Әбілмансұр (1711 — 1781), Орта жүздің ханы (1771 жылға дейін сұлтан), ірі мемлекет қайраткері. Орта жүздің ханы Әбілмәмбеттің әскерлерімен өз күштерін біріктірген сұлтан Абылай жоңғарлардың шапқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырған. Әбілмәмбет 1771 жылы қайтыс болғаннан кейін ол хан тағына отырған. Ішкі саясатта хандық билікті нығайту бағытын ұстанған ол шаруашылық пен сауданы дамытты, тұрғындардан салық жинаудың жаңа түрлері мен мөлшерін енгізді. Мемлекетті орталықтандырылған басқару қағидаты бойынша ұлыстарды жергілікті жерлерде орталық билікке бағынатын сұлтандар арқылы басқарды. Абылай Ұлы және Кіші жүздерге де ықпалды болды. Сыртқы саясатта қазақ мемлекеттігін сақтауға ұмтылды, көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар орнатты және сауда-экономикалық қатынастарды нығайтты. Абылай заманында Ресей мен Қытай, Жоңғар, Бұқар және Хиуа хандықтары Қазақ хандығымен тығыз байланыста болды.

Ол XVIII ғасырда Қазақстанды жаулап алуға ұмтылған Жоңғар хандығына қарсы күреске қазақтың барлық үш жүзінің басын қосуда орасан рөл атқарды. XVIII ғасырдың орта тұсында жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін толық азат ету үшін үлкен күш-жігерін жүмсады. 1740 жылы Абылай Ресейдің бодандығын қабылдады. Орыс-қазақ қарым-қатынасын нығайту үшін Ресейге елшілер жіберді, патша әкімшілігімен келіссөздерге өзі қатысқан. 1740—1741 жылдары жоңғарлардың тұтқынында болған. Абылайды тұтқыннан азат етуге орыс елшілігі қатысты. Бұл кезенде Орта жүздің экономикасының дамуына септігін тигізген Ресеймен сауда-экономикалық, дипломатиялық және мәдени байланыстар одан әрі нығая түсті. Абылай хан ерекше дипломатиялық талантқа, мемлекеттік көрегендікке ие болған, бұл оған Орталық Азиядағы күрделі және қарама-қайшылықты халықаралық қатынастарда ептілік жасауға мүмкіндік берді. Абылай хан билік құрған кезде қазақ-қытай байланысын нығайтуға септігін тигізген Пекинге қазақ өкілдігінің жөнелтілген фактісі белгілі. Абылай мен оның ұрпағы Петропавл қаласының қалыптасу тарихында және тұтастай алғанда өңірдің дамуында ерекше рөл атқарды. Қазіргі кезде Петропавл қаласында "Ат үстіндегі Абылай хан" мүсіндік композициясы орнатылатын Абылай ханның резиденциясын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.


Істер мен тағдырлар // Қызылжар елі. – Алматы, - 2007. – Б. 136-138

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий