Ақындық асыл бекзаты
Қазақтың ұлы ақыны, дана композиторы, әншісі Ақан серінің қазаққа аңыз болған өмірі мен таңғажайып шығармашылығы жайында аз жазылған жоқ. Осы орайда кейінге көз тастасақ, көлемді зерттеулер, арнайы мақалалар өмір озған сайын молая береді және де ол еңбектердің бойында қамтылған мәселелер ұлғая түсіп, құндылығы, нақтылығы жағынан да шыңдала бергені қуантады.
Қазақ әдебиеті мен өнері жолында ерен еңбектері бар айтулы ғалымдарымыз Есмағамбет Ысмайылов, Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Айқын Нұрқатов, тағы да басқа әдебиетшілер Ақантану жолында үлкен еңбек сіңірді. Алайда, ол кезде ескі ізбен қайталаушылық та бой көрсететін. Ақанның ең ірі, ең тұңғыш зерттеушісі Мағжан Жұмабаев кеңестік трагедиялы қырғынның жаласынан Құлагердей мерт болып, кейін пәле-жаладан ақталып, еңбектері жарық көре бастағанда ғана Ақан жайлы кей шындық (1989) көзін ашты. Мәселен, елге мәшһүр болып, ең сүйкімді өлеңдермен қатар айтылып жүрген әйгілі ән “Сырымбетті”:
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктеріге қор болып барасың ба? –
деп шырқап жүруші едік қой. Ал Мағжанды оқығанда “ауылым” емес, “ауылың”, “қарағым-ай” емес, “қалқа бала”, “барасың ба?” емес, “барасың да” болып шықты. Міне, өлеңнің шырайы ашылып, шырылдаған шындықтың шыға келгені.
Қыздың ауылы, шынында да, Сырымбетті жайлаған төрелердің елі ғой, өлең Жамал қызға арналып бүкіл елге жайылса, сұлудың әкесі Жүсіп төре тұқымының есімі елге айқын өкілі. “Қалқа бала” деуі де әсем әрі есті сөз, “қарағым-ай” деп қолында барынан айырылып отырған жоқ, қолына түспей ұмсынтып кеткен балғын жас, бала-ғашығын айтып отыр. Ал “барасың ба?” емес, “барасың да…” деуде үлкен философиялық ұғым жатыр. Біріншіден, өле ғашық Ақанның нәзік жанын өртеген өкінішін білдірсе, екіншіден, “қалқа баланың” бас бостандығы өзінде емес, әкеде, мал берген құдаларда, өз қаһары, өз дәстүрі билеп тұрған заманда. “Да” деуде жан қызығарлық үлкен күрсініс жатыр.
Мағжан ағаның еңбектері әлі жарық көрмей тұрғанда Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты әзірлеп, 1963 жылы Алматыдағы қазақтың көркем әдебиет баспасынан шығарған “Ақан сері” атты жинақта да “Сырымбет” ескі нұсқасымен жүр. Ол ол ма, айтылған жаңалыққа көңілдері толмай, әлі де ескі үйреншікті сөзге алаңдайтындар бар. Алайда, “Ақантану” білімінде, біліктілігінде бұл кітап тасқа шыққан қарағайдай көз тартқан үлкен тарихи жаңалық болып қолымызға тиді. Жинақтың жалпы редакциясын басқарып, текстология жұмысын жүргізген қазақтың аса көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаев зор жұмыстың басын қайырды.
Әбекеңнің кітаптың басындағы “Ақан сері” атты алғы сөзі, қатардағы алғы сөз шеңберінен қаны толық, жаны таза, құлшынысы мол терең мағыналы монографияға айналды. Бұл алғы сөз шын мәнінде көптеген сындарлы мәселелердің басын ашып, Ақан серінің шығармаларын ел бауырына тарта түсті. Содан бері Ақан сері Қорамсаұлының өлеңдерін әр жылғы поэзиялық жинақтарда көріп жүрдік. Ақанның, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың ақындық толық жинақтарын шығару сараң тартқасын бұл жұмысты қолға алып, Үкілі Ыбырайдың “Гәкку” атты жинағын Астанадағы “Фолиант” баспасынан 2005 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Тайыр Мансұров мырзаның демеушілік көмегімен шығардық.
“Үкілі Ыбырай мен Біржан салдың еңбектерін сіз құрастырсаңыз, мен Ақан серінің еңбектерін жинастырып құрастырайын”, – деп Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Сәкен Жүнісов інім қолқа салып еді. Оған мен келісе қойғанмын. Себебі, Ақан сері атамыздың алдында Сәкеннің парызы толығымен өтелді, ол мәңгі жоғалмас “Ақан сері” атты қос томдық романын әлемге паш етті. Әттең, қатал да қайырымсыз ажал арамыздан Сәкен серіні алып кетті. Сол күндерден бастап Ақан серінің ақындық еңбектерін жинастыра бастадым. Бала күнімнен жинап жүрген дәптерлерімді қарастырып Ақан мен Орынбай Бертағұлының айтысын таптым. Бұл айтыс бұрын еш жерде жарияланған жоқ еді. Тек қана Ақанның туғанына 150 жыл толу салтанатында сабада қалған сарқытты еске түсіріп, Көкшетау қаласындағы бүкіл Қазақстаннан келген алқа топқа айтып бергенім бар. Есте қаншасы тұрса да, баршасы сақталмайды ғой, әйтеуір, өлең жинауға берілгендігім қажетке жарады, бірсыпыра өлендерді анықтап, айқындап толықтырып жинаққа енгіздім.
Ақанның өмірі – атам қазаққа аңыз болған әйгілі де әсерлі, атақты да аяулы нағыз сегіз сырлы бір қырлы өмір. Біз Сырымбеттің етегіндегі “Казгородок” орта мектебінде оқып жүргенде Сәкен, Мағжан, Ілияс, Бейімбеттерді білмедік, ал Ақан жайлы сан түрлі хикаялы әңгімелерге қанып өстік. Өз басым жас күнімнен Ақанды пір тұттым. Атажұртым Арғын Қарауылдағы Қожым елі Ақан серінің ауылдарымен қанаттас болды. Ана жұртым Үкілі Ыбырай ауылы да Ақан ауылынан алыс емес-ті. Ақанның зиратынан Үкілі Ыбырай ауылы он шақырымдай ғана жерде. Үкілі бабамыз – серінің нағыз шәкірті. Үкілі Ыбырайды Біржан салға апарып таныстырып, батасын алдырған да Ақан. Ақан серінің беделі төрелерден зор, билердің аға биіндей болыпты, есімді білгелі көкейіме қонғаны бүкіл ел сері бабамызды “Ақан аға” атайтын. Үкілі Ыбырайдай Ақанның шәкіртіне жастай еріп, еліктеп өскен Молдахмет Тырбиұлы Ақан ағаның талай әндерін жалықпай айтса, өте қызғылықты өмір көріністерін де қаз-қалпынан өзгертпей біздерге ұғындыра білді.
– Құдайдың бір бергені – Үкілі Ыбырай ауылында да, өз атамекенім Шал ақын ауданындағы “Еңбекте” де ән базары тарқамады. Молдекеңе шәкірт – менің бөле ағам Мұса Асайынов Үкілі бабамыздың немересі болатын. Ол атасына тартып туған асқақ әнші, суырыпсалма да, жазба да жақсы ақын еді, әттең, елу жасқа толмай өмірден ерте кетті. Менің ән салып, өлең жазып, домбыра тартуыма да Молдекең мен Мұса ағам себепкер болды. Бұл екі ақын да Ақан аға дегенде ағыл-тегіл алғыстарын айтып, арқау тұтатын. Тәлім-тәрбиелік маңызы мол Ақан жайлы әңгімелерді көп естідім, әулиедей таныдым.
Ақан серінің туған жері – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Көкшетаудан 70-80 шақырым жердегі Қоскөл ауылы. Кейін бұл әулет “Боқан өзегі” атанған жерге қоныстанған. Осы жер мен қазіргі Ақан ауылы (ескіше Кеңащы) жер-ортада Көлденең Қаратал деген жерде Ақан дүниеге келіпті. Атақты “Ақан туған” деген жер осы. Ақанның Арғын ішіндегі Қарауылдағы арғы аталарының бесінші тармағындағы Құдайқұл ақын, әнші болса керек. Өз әкесі Қорамса елге белгілі бай әрі ұтымды саудагер, адамшылығы жағынан да қадірменді мінезімен жақсы атанған кісі болыпты.
Ақанның шын аты “Ақжігіт”, кейін ата-ананың қойып алған атымен елге әйгілі Ақан деген ат бекіді. Айша деген апасы, Мұхамбет, Рамазан, Айберген атты інілері соңынан ерген. Ақан 13 жасқа дейін үй тәрбиесінде болып, ауыл молласынан сабақ алыпты. Одан кейін Уәли Ахун деген кісінің Қызылжардағы медресесінде үш жыл оқып білімін арттырыпты.
16-17 жасында әнші, ақын, домбырашы аты шығып, кешегі шәкірт жігіт серілікке бой тастайды. Ақанның өнерін таныған Қорамса ақсақал қолынан келген ақылын айтып, қаражатын аямай: “Сері болсаң мырза бол, бәйге, жүлде секілді табыстарыңды алған жерде таратып, таза бол”, – деп әкелік ақылына көндірген.
Ақан әні кең даланы күңірентіп, Сексен көлді толқытып, Есіл-Көкше аймағына кең тарай бастағанда Құлагерді кездестіріп, мал да болса, адамдай достасып кетеді. Құлагерді Көбей-Қарауыл Шөкетай жылқысынан шықты деп, аузымен құс тістеген жүйріктігін айтушылар аз емес. Құлагердің туған жері Қамысақты өзенінің кең даласындағы “Қамал шоғы” деген ат жалындай ақ қайыңдар түбі екенін де үлкендерден естіп едім.
Ал мен Ақан ағаның: “Құлагер, құлыныңнан керім едің, нағашым сұрағанда беріп едің”, – деген сөзін ұмытпағанды ұнатамын. Мағжан ағамыз да Ақан өмірін өлеңімен ғана емес, өзінің өмірімен суреттеп кеткен тұлға десе, соған көнеміз. Ақанның өмірі өлеңдерінде. Құлагер жайлы да дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтен артық айта алмаймыз. Ол поэма қазаққа кең тарап, Құлагер мен Ақан жайлы өлмес мұра, мәңгілік белгі болып қала береді. Ақанның Құлагердің өліміне арналған зарлы өлеңін Ерейменнен елге жеткенше айтқан сәтте жазып отырған Молдахмет Тырбиұлының әкесінің інісі Ерторы әнші, Ақан әнін сөзімен қағып алғыш, жаттампаз екен. Ол үш қара дәптерге ұзақ жолдағы естігендерін жаза берген екен. Бұл үш қара дәптер жайлы Есмағамбет Ысмайлов та жазып кеткен еді. Ол асыл дүние қолды болды, ауызша білгендері Молдахмет Ержанов пен Молдахмет Тырбиұлы, Қасым Бимырзаұлы, Өміржан Сақаев, Қайыржан Сұлтанмұратовтардан естігенім бар еді. Өз дәптерімде сақтаулы біраз жерін қостым. Сонда:
Ауылым Сырымбеттің жел жағында,
Кездесті ауыр қайғы дер шағымда.
Жер шалғай, атсыз бар деп қақсап еді-ау,
Не дермін Құлагерсіз ел алдында?.. –
дегенін, Құлагердің бас иесі болса да бүкіл халықтың Атығай-Қарауылға олжа салған жүйріктің өліміне деген өз күйігін, өз кінәсімен қоса мойындап отыр. Бұл үлкен мінезділік, халық алдындағы кішіпейілділік тек қана Ақандай даналардан туады. Құлагерді өлтірткен Батыраш, Қотыраштардың зомбылықтарынан іші қыж-қыж қайнағанда туған Ақанның “Құлагер” атты өлеңі бүкіл қазақ даласының трагедиясын айтып тұр, бұл өлең арқылы Ақан серінің есімі шартарапқа ел мұңының қозғаушысы болып таралды.
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің,
Шыныңмен өлгенің бе, Құлагерім.
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Басылмас бір шырқамай менің шерім, –
десе, Ақан серінің поэзиясында Құлагер тақырыбы ерекше орын алып, сөзімен де, әнімен де ерекше биік дәрежеге көтерілді. Жалпы халықтық ұғымда жақсы өлең келісті сурет пен тапқыр теңеуден тұрса, Ақанда соның бәрі бар. “Ауылың қонған Сырымбет саласына”, “Оралдың ақ түлкісі Аралдағы”, “Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы”, “Ор болып қалушы еді шапқан жерің” сияқты тізе берсек дәлеліміз көптен де көп. Мағжан ағамыз
Ақан серінің әлемдік белгілі рыцарь, трубадурлардың мінезінен туғандай далалық серіліктің ауқымын кең ашады да батыстағы “Таң жырын” өзінше еске салады. Расында да, түнгі ләззат сырын осынша ашық айтудың өзі де асқан шеберлік қой:
Жамылып екеуара бір шапанды,
Айқасып тар төсекте жатқан қандай?!
Мойыныңа ақ білекті арта тастап,
Тіл дәмін бір-бірінің татқан қандай?!
Сол жерде айтылмаған сыр қалмайды,
Кілт ашып ақ сандықты ақтарғандай.
Ойының қызығымен білмей қалып,
Машырықтан таң сарғайып атқан қандай?!
“Тұрыңыз, үйге сәуле түсіпті” деп,
Біріне-бірі күліп айтқан қандай?! – деп жан тылсымын көркем сөзге орап мөлдір махаббаттың құпия сырларын осылай ашу, суреткерлік пен шыншылдықтың нағыз өзі, Абайша айтсақ “Пайғамбар сүннәті”.
Қазақтың серісі әлемдік серіліктің үздік түрі, оның мұңы да телегей, жан қиярлық ерлігі де жеткілікті, мейірбандығы да бір төбе. Ең бастысы, біздің Ақан серінің ел қамын ойлаған азаматтығы, адам баласының басындағы заманауи қасиеттерді түсіне біліп жауап қайтаруы оның өнегелі бекзадалығында жатыр. Бұл орайда Мағжан ағамыз: “Жамал ұзатыларындағы Ақанның шығарған “Сырымбет” әні – өліп бара жатқан құс төресі аққудың әні. “Сырымбеттей” терең зарлы ән сирек болар. Жердің жүзіндегі мұң, адам баласының барлық зары сол “Сырымбетке” жиналғандай”, десе – Ақанның поэзиясы мен композиторлығына беріліп отырған үлкен баға. Әділ баға да осы. Шын мәнінде, “Сырымбет” әнінің сөзіне келсек қайталанбас үздік поэзия әрі асқақ, әрі нәзік, мұңлы да терең ойлы сөзі мен әні ұласып тұрған ғаламат.
Адамның бойындағы сан алуан сезім дүниесінің үндестігін Ақан табиғатпен ұштастырады. Оның куәгері де, досы да, сенімді тірегі де Сырымбет. “Қарындас-ау, енді есен бол” десе, қимасынан айырылып қиналғаны, бірақ алда өмір бар деп ауыр қоштасса, алдында берік қорған болып Сырымбет тұр. Дарқан өмір жатыр. Өмірдің ащысы мен тұщысын осы өлең шынында өте терең жеткізіп тұр.
Алғаш атастырғаны Бәтима сұлу тойға жақындағанда өліп кетті. Алып қашып үйленген жары Тінәлі қажының қызы Ұрқия үш айдан кейін шешек шығып дүниеден озды. Өз ұнатқаны Сұмат қожаның қызы Бәтима (Фатима) он жыл отасқанда екі қыз, бір ұл көрді. Фатима да ерте кетті, үлкен қызы да солай көп тұрмады, жалғыз ұлы Ибраһим (Ыбан) мылқау болып туды. Ақтоқтымен болған хикаясында бір дастандық дүние бар. Осының бәріне Ақан көптеген әні бар тамаша өлеңдер арнап кетті.
Ақанды махаббат поэзиясының асқан шебері, сиқырлы дүлдүлі деп білемін. “Дариға, қайырылмадың қалқа бала, жүректің енді ем жоқ қой жарасына” деуінде үлкен ой толғағы жатыр. “Жылай-жырлай өлгенше, арттағыға сөз қалсын” деп Абай атамыз да айтып кеткен жоқ па? Сондағы айтқаны: “Бітпейді іштегі ғашықтық жарасы” деген шындық емес пе? Ақан Абайдан екі-ақ жас үлкен, бұлар – жүректері үндес даналар. Бірі Жамалын, бірі Тоғжанын аңсап өтті. Жамалдан айырылған Ақанға жүрегінің махаббат берген соңғы шырағы сөнгендей болды, “жылай-жырлай сөнгенше” арттағыға махаббат әнұраны “Сырымбетті” тастап кетті.
Ақан сері, әсіресе, ақ патшаның шапқыншылары елді алып, шұрайлы жерді алып, отырған жайлы қоныстарын тартып алып елді мекендер мен қалалар сала бастаған кезде, қазақ баласына қара бұлттың төнгенін айқын сезді де жыр семсерін солай қарай жұмсай бастады.
“Сексен бес жыл болыпты поддандыққа,
Қайырсыз патшамызға ел болмадық.
Құр мен қоян секілді алуға оңай,
Қай жұртқа аңқаулықпен жем болмадық”, – дей келе: “Дариға, дертті заман келгеннен соң, қаламға жан қалмады тізгін тежер”, – деп ақындық күреске шығады.
“Темір айыр, ақ балта қолдарында,
Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп…
Қасиетті ата-баба зиратының,
Үстіне егін салды жайлап есіп”, – дегенін оқығанда Хрущевтің “Целинасы” да еске түседі. Тентектер мен есерлер көп келді, ауылдағы аналар балалары жыласа “целинник” келе жатыр деп қорқытатын. Он төрт жыл Кеңестер Одағы кезінде Қазақстан Үкіметін басқарған Бәйкен Әшімовтің де ата зираты туған ауылындағы егіннің ортасында қалыпты. Тәуелсіздік келгеннен кейін ғана бұл сорақылық жойылды. Ал Ақанның заманында, әрине, бұл сорақылық күшейе түсті. Сондықтан ол өлеңдерінде қазақ өмірінің ащы шындығын аша түседі. Өзінің саясатқа да, шаруашылыққа да құр алақан еместігін көрсетіп “Қойдан қоңыр не қылған халық едік” деп айта келе, шыңдықтың бетін аянбай ашуға тырысады.
Парапар крестъянға тең болмадық,
Тартылып қай жараға ем болмадық?
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға жем болмадық ? – деп пәленің төркінін тура көрсетеді. Ашулы, ызалы кезінде біржола көшіп кетеміз деп те қыр көрсетеді. Құтсыз жерден көшкендер аз болмады, ал құтты жерлерін орыстың крестьяндары мен помещиктері, кулактары басып алды. Бұл көше салудың қоқан-лоқысы емес, бостандықты көксеудің сесі еді. Ел жайлауға көшкенде мылқау баласы Ыбанмен Сарыкөлдің жағасында жалғыз қалуы жын-перінің құшағында кеткені емес, қайраткер азамат, намыскер тұлғаның қыр көрсетіп, айбат шеккені. Білмегендер перінің қызына да жапсырады, ол – бекер сөз, жала сөз, жалған сөз. Дұшпандарының ауыз үйлі өсегі, ел-жұртқа тарап кеткен жалғандық. Ханнан да қадірлі, биден де биік ел әлпештеп қана қоймай ерекше сыйлаған ақтангерге арамдық білдірген дұшпандарының өсегі.
Ақан серінің поэзиясынан үлкен орын алатын шығармаларының парасатты ой толғаққа арналғаны аз емес. Олары жүйелі де орынды, діндар Ақан, не сері Ақан емес, қазақтың үздік ойшыл Ақан серісі екенін көрсетеді. Оның серілігінің негізінде мейірбандық, қамқорлық, жанашырлыққа негізделген бекзаттық басым десек, ұлағатты сөздері де сол төңіректен көрінеді:
Алтынды қорлағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкірегінде көз болмайды, – деген сөздері неден кем?! “Жаманның көкірегінде көз болмайды” деп толғануы, нағыз дала философиясының дара да, дана түрі емес пе?
Абай атамыз да “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” деген өлеңінде: “Көңілінің көзі ашық, сергегі үшін” – демеп пе еді?! Ендеше, екі дананың тағы да тоғысқан жерін көрдік. Атақты Орынбай ақынмен айтысқанда Орекең жас Ақанның үстіндегі киіміне “әкеңнің киіміндей солбырайған” деп тиіседі. Сонда Ақан:
“Ақан да сөз табады ағасына,
Қарайды ағасының жағасына.
Бұрынғы ата-баба киген киім,
Мирас боп қалмас па екен баласына”, – деп сөзден тостырады. Ата жолы, ескі дәстүр, ұлттық киім дегенді қорғағандағы сөзіне не жетпек?! Бұл өлеңде де асқан ақындық, сұлу поэзия һәм терең философия бар. Ол ата мұрасына қорған болу. “Достарыма” деген қысқа өлеңін тегіс келтірейік:
“Жиырма бестен артық жас бар ма,
Ұйқыдан жаман қас бар ма?
Еріншектен жаман нас бар ма?
Ойлаңдаршы ағалар,
Жан жарыңнан артық дос бар ма?
Шын жолдасың көп дауға,
Жауға жалғыз тастар ма?
Айта салған бір сырым,
Бірге жүрген достарға”.
Міне, шын даналық: нақыл айтам, ақыл қосамын демейді. “Айта салған бір сырым” деп, шылбырды сүйрете тастайды. Бұл – үлкен мінез, ойлы мінез, нағыз инабатты мінез.
Ақан серіге тиісетін тек қана сұлулар мен ақындар емес, елдегі жанаса кеткеннің бәрі де тілдесіп қалуды, қағытып өтуді жақсы көрген. Ақан соның бәріне сабыр сақтап, кең мінезбен қарсы алады. Бірақ серінің уытты тілі, терең ойы елге жылдам тарап кетіп халық аузында қанатты сөзге айналады. Бірде Шота Уәлихановпен мектепте оқып жүргенде әкесі Ыдырыс атаймен Ақан сері туралы әңгімелесіп отырғанда айтқаны есте ұмытылмастай қалды. Сөз Саумалкөлдегі Ғалиянұр деген молла мен Ақанға байланысты екен. Ғалиянұрдың немерелерін білуші едім. Ақан Ғалиянұрмен кездесе қалғанда оның “орақ мұрнына” тиіссе керек. Сонда молла: “Мен орақ мұрын болсам, пайғамбарға тартқанмын” десе керек. Сонда Ақан:
“Мұхаммед – Құдай досы пайғамбары,
Пайғамбарды көрген жоқ жұрттың бәрі.
Пайғамбардың сипаты сендей ме екен,
Орақ мұрын, шегір көз, ақжал сары, – депті. Біз Шота екеуіміз өле күлсек, Ыдырыс атай да бір езу тартып: “Ғалиянұр шынында да “ақжал сары” еді, Ақан осындай жерде тап басып бұлтартпауға шебер, “жанды жерін” тез тапқыш ақылман ақын ғой”, – деп сөзін тоқтатты.
Ақан серінің орысша, қазақшасы аралас өлеңдерін бала кезде көп білуші едім. Кейін сүбелі өлеңдерін айта, айта оларды ұмытыңқырап қалған екенмін, дегенмен қолда барының біразы бұл кітапқа кірді. Айтайын дегенім, осындай өлеңдерінде, кейбір орыстарға арналған өлеңдерінде орыс сөздері жүретіні баршылық. Бірақ оны әзілдің әсері деп ұғу керек. Және де ол әзіл, әзіл түбі зіл дегендей, көкейіндегі барын да айтып қалады. Кейде орыстың сұлуларына да ұнап қалуы мүмкін ондай өлеңдері де баршылық.
“Көптен-көп поклон айттым скажия,
Сырымды кімге айтамын сізден зия?
Именной, искренный ескеріңіз,
Хорошенько сестра, сватия”, –
дегені қандай жақсы.
“Жете алмай постоянно уағдасына,
Кемпір мен шал ойнайды напрасно.
Ойнаса, жігіт пенен қыз ойнасын,
Олардыкі всегда согласно”, – деген сияқты өлеңдері тіл шұбарлығымен бүкіл ақындық өнеріне тәсірін тигізбейді, бұл – шын мәніндегі экспромт, қалжың өлеңдер. Бұл жайлы айтпасақ та болар еді, бірақ әр жерде Ақан серіге сын таққандай сөздерді оқып қалған соң оқырманға өз ойымызды жеткізгіміз келген деп ұғыну керек. Турасын айтсақ, Ақанның тілінде тарғылдық жоқ, ал көрсетіп отырған мысалдарымыз – ескеруге тұрмастай әзілдер. Біле білсек, бұл – ол кездер үшін үлкен өнер.
Ақан поэзиясының қыр-сырын, әсіресе, құндылығы мен әсерлігін, жанға жылы, ойға қуат әсемдігін айта білу де зор ықылас пен көре білуді тілейді. Ақан серінің махаббат лирикасының өзгеден ерекше артықшылығы, онда ақындық әсерлі айқын сурет үйлесімді сәтті ұйқас, жүйрік те орамды тіл байлығы молырақ. Мысалға, “Балқадиша” бір естігенде жатталып қалады, ұзатылып отырған тойында Ақан сері отырған үлкен үйге келіп сәлем берудің өзі де қызға біткен ерлік қой, әне, сол қимастыққа лайық Ақан өлеңі де өте сұлу, “Өзенді өрлей біткен тал Қадиша” деуінде қай жаққа көз салсам да алдымда “қара басың хан Қадиша, сен көрінесің” дегені ғой. “Бір емес, екі жеңгең келіп отыр, рұқсат бізден сізге, бар, Қадиша” деуі де қыздың бір көріп шығуға ынтық ерке назына әрі аға, әрі сұлу десе, балқып кетер сері Балқадишаны да балқытып жіберді. Естіген жан бұл әннің жанға жылы сиқыр күшіне табынып кеше ғана айтылғандай көреді. Нақтылы өмір көрінісін мәңгілікке жеткізе білуде Ақанның кей өлеңдері тұтас поэмаға ұқсап кетеді. “Ауылың қонған Сырымбет саласына” деген бір тармақта қаншама сурет, тарих, нақтылы әдірісі, мекенжайы жатыр десеңші?!
Ақанның айтыстары да бір қызғылықты хикая. Ол айтыс қуып, жарысып озайын деп жүрген, айтысқа жан-тәнімен беріліп түскен ақын емес. Өмірінің өзі бір өлең дегендей, әр қағытпасы, кішігірім сөз сынаса қалуы, шағын айтыстары – айтыс қуғандықтан емес, өмірдің өзіне кездескен бір көрінісінің белгісі. Бірақ Ақанға тиісушілерге бәрі қызық, тізгінінен бір тартып қалғанның аты тарихта қалады. Не де болса Ақан сері әр сөзіне мән бере отырып, ғашық десе толқыта, қайғы-қасірет десе жылата біліп ел жүрегінен орын алды. Айтыса қалса да бұл жанрдың өз салтымен самғай тартып өткір де ащы тілмен, аз сөзбен соғып түсіруді меңгерген ақын. Ақан кіммен қағысып, кіммен айтысса да өмір шындығы, ұлт дәстүрі, ақындық шеберлігін ақсатпайды, қайта айтысқанды ақсатып та, қақсатып та түсіреді. Жасымда Орынбайдың айтыстарын көп айтып жүрдім, кемеңгердің керемет сөздерін әлі де жатқа айтып жүремін. Ал Орынбай мен Ақанның айтысын Құлагердің ағып өтіп, жеке келген шабысындай көремін.
“Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ Ақан секілді біраз сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірін ереуіл етіп жасаған” деп Мағжан ағамыздың үлкен баға беруі тегін емес. Патша өкіметі қазақтың жеріне басып кіріп, ата қоныстарынан айырған зомбылыққа шыдамай “Тынышты жер іздер ек арыпашып” деп ашынды. Жер жөніндегі күресте орта жүздің саңлағы, бар қазақтың ардағы сөзін өткізе алмай өртенгенде өзін ел алдында жүруден қорынып, қысылып өтті, ол ақ патшаның жер саясатына деген қоқан-лоқысы емес, нағыз ашық сес көрсетуі еді. Ақан атағы асқақ, қас дұшпаны көп адам еді, анау-мынау өсек сөзді де сол көре алмастар шығарып, перінің қызына жабыстырды. Ақан сері 1913 жылы дүниеден озды. Ақан мен елдің қоштасуының қалай өткенін Молдахмет атамнан естіп едім, Хамит Тілеубаев та жақсы келтіріпті. Қоштасуында Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы “Уа, дүние…” деп бастап ұзақ толғау, жоқтау айтса, артынан арнайы өлеңі жинағына кірді. Айтулы кісілерден Сердалы ақынның баласы, Алаштың асыл азаматы Мәмбетәлі Сердалин болыпты. Атығай Қожамбет ақын да жиналған жұртты Ыбыкеңді жалғастыра тебірентіпті. Ыбыкеңнің:
Ән қайда қанша естісең талмайтұғын,
Өзің ақын, өзің би Ақан аға
Күн туды-ау, саған жоқтау арнайтұғын.
Құлады тауым алдымда,
Есімнен танып қалдым ба?
Тойымсыз туған қара жер,
Ақанды да алдың ба? – деген өлеңін Молдекең жатқа айтушы еді. Иә, поэзия тауы құлады, серіліктің атасы өтті дүниеден, “өзің ақын, өзің би” десе, Сарыарқаның тақсыз патшасы өтті дүниеден сол сағатта. Ол сағат ел жайлаудан оралған сарғылт күз еді, Сырымбетке Жалғызтау қосыла жылағандай табиғат та сүйікті досымен қоштасты. Пейіште Құлагер де шын шұрқырап, бір кісінеген шығар.
Ақан сері дегенде Сырымбет, Құлагер елестейді, дарқан дарынды ақын, композитор, үздік әнші, асқақ азамат, ел мұңына оранған талай хикаялар елестейді. Өзгеге ұқсамас өмірі де, өнері де қазақ халқының мақтанышына айналды. Адам баласында сирек кездесетін сан қырлы дүлдүл бекзаттылықтың не екенін танытып кетті. Кейінгі жас ұрпақтарға дананың дарабоз қасиеттерін аша түсу біздің парыз бен міндетіміз деп санаймын. Ақан серінің даңқын бүкіл әлемге жаю да елге жүк.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.
(2008 ж.)
__________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Салықов К. Ақындық асыл бекзаты // Soltustik Qazaqstan. – 2018.- 4 тамыз. – 6 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |