Ағыбаев, С. Биік еді Ебе ағаң, аласармас

30 сентября 2020 - kamshat

«Тегінде тегін бе екен Ақан сері,
Бұл да бір емес пе екен ердің ері?
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді?»
(Ілияс ЖАНСҮГІРОВ)


Адам өмірі үшін, отыз жыл әжептәуір уақыт болғанмен, Ебе ағаңның көзін көріп, тәрбиелі сөздерін естіген мыңдаған шәкірттерінің бірі ретінде, уақыт өткен сайын, сол жылдары ұстазбен болған бірнеше кездесулерді есіме жиі ала беремін. Кеудемде нәрі қалған сол кездесулер мен үшін мәнін жоғалтпайтын мағыналы сәттер еді. Есіме ала отырып, Ебіней Арыстанұлы Бөкетов басқарған Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алғанымды мақтан етемін. Бес жылға созылған, қызығы да, қиындығы да мол студенттік шақ зымырап өте шыққанмен, сол кездері Ебе ағаңмен болған бірнеше кездесуді еске алуды, ұстаздың өзі айтқандай азаматтық парызым әрі шәкірттік қарызым деп білдім. Қарағанды Мемлекеттік Университеті ректорының қазақ студенттерімен кездесуі бұған дейін «Мамандыққа кіріспе» деп аталған екен. Ал биылғы оқу жылында қабылдау сынақтары барысында қазақ жастарының үлес салмағының артуына байланысты «Мамандыққа кіріспе» сабағын жоғары оқу орны басшысының қазақ студенттеріне әдейі өзінің жүргізуі – кездесудің мәні мен мағынасын одан сайын тереңдеткен болатын.

Айтылған уақытта қасында бірнеше көмекшісімен ректор залға кірді. Барлығымыз да орнымыздан ду көтерілдік. Дәл бір таудан көшкін жүргендей гүр етіп барып, жиналыс залы тына қалды. Атағынан ат үркетіндей өзі ғалым, ­жазушы, университет ректоры Ебе ағаңды бұған дейін көрмесек те тегін адам емесін бірден аңғарғанбыз. Қырықтың қырқасына жаңа ілінген, Ебе ағаңның дене пішімі де ірілеу, құлжаның сақасындай ­болып ерекшеленіп тұрды. Бірден кездесу тізгінін өз қолына алған ректор, Университет проректорлары Пинин Владимир Федорович пен Ермағамбетов Құрманды таныстыра отырып, олардың да студенттерге әкедей қамқорлық жасайтынына тоқталып өтті. Керек болған жағдайда екі көмекшісінің де кабинеттерінің есіктері ашық болып, қандай да бір ағалық қамқорлықтарын көрсете алатынын айтты (Ебе ағаңның екі көмекшісін сонша мақтап отырғанының сырын кейін білдік. Ауылдан келген қазақ балалары, орыс тіліне бола теперіш көретін жағдайда, арашаға осы екі көмекшісін таңдауының өзіндік құпиясы болғанын көп өтпей білген едік. Мәселен, Пинин қазақ ұлтын әу баста жақсы көрмейтіндердің қатарында болғандықтан, намысшыл Ермағамбетовты додада ұстаған екен. Алматы­дан тағайындалған партия солдаты Ебе ағаңның әрбір қимылын аңдушы екен).

Жиналыс залында шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық. Ебе ағаңның биязы қоңыр дауыс ырғағы, жиналысқа қатысушыларды толық баурап алды. Толқындаған қою қара шашын оң қолымен баяу ғана артқа қарай сипап қойып, ақжарма ойын шәкірттерімен бөлісіп, ағалық ақылын айтқан еді.

Біз болсақ Ебе ағаңның әрбір қимылын қалт жібермей, жүйелі әңгімесін аса бір ыждағаттықпен тыңдай бердік. Күлімдеуге бейім тұратын қой көзі, бет әлпетіне жылылық беріп, ажарын асқақтатып тұрғандай еді. Кең маңдайды көмкерген, би қабақпен жалғасқан берекелі қыр мұрын, кеңдік пен кемеңгерлікті айқындағандай. Елуге бет түзегенінен академик, жазушы, іскер басшы жөнінде басқалай ойлау мүмкін бе?! Жаратушы да келбет пен кемеңгерлікті кімге беруді білетін сияқты. Сол кездесудегі әңгіме арқауының негізі, мына бағытта болып өрбігендігі сол жиналысқа қатысқан студенттердің есінен шықпаған болар.

Жиналыс жоспарының қазығы, ашылғанына небары екі жылдай ғана уақыт болған, Қарағанды мемлекеттік университетінің елімізге мамандар дайындаудағы орны болғанмен, ойыса келе сапалы ұлттық мамандар тәрбиелеу және оның ел болашағына қосар үлесіне ауысып, аясын кеңіте берген болатын. Бүгінгі жарқын өміріміздің кемел болашағы еселеніп өскен байлығында ғана емес, оның адам капиталын қалыптастырудағы жеткен жетістігінде. Күңгірттеніп отырған тарихымызды саралай келе, келешекке нық қадам жасауға бүгінгі жастардың білімімен қатар, қажырлы еңбегі ауадай қажет. Оны ел алдындағы парыз, ұрпақ алдындағы қарыз деп ұғынуымыз керек. Жер шарының бес материгінің есігінен ене бастаған және үстемдік ете бастаған жаһандану үрдісіне елді дайындайтын ұлттық мамандардың рухының биік, сапасының мықты болып, озық тілдерді меңгерудің артықшылдығына тоқталған болатын. Қазақ тілі, ұлттық рухты жаңғыртушы күш, ал оның қолдану аясы бесіктен басталып, жаһандануға жалғасуға тиіс деген ойын сол жиынға қатысқан шәкірттеріне қаратқан болатын. Уақытпен шектелмеген сол танымдық сабақ қанша уақытқа созылғаны есімізде сақталмапты. Әрине, ол бүкпесіз ойлар айтылған Ебе ағаңның шәкірттерімен ашық сабағы еді.

Сөзінен ісі алшақтамаған ұстаздың Университет қабырғасында оқып жүрген жылдарда атқарып жатқан көптеген игі істерінің куәсі ғана емес, кіш­кене де болса эпизодтарына қатысқан болатынбыз.

Қарағанды өндіріс орны көп шоғырландырылған, кеншілер қаласы болғандықтан, қала тұрғындарының басым бөлігі орыс ұлтының өкілі болатын. Сондықтан болар қаладығы мекемелерде, өндіріс, оқу орындарында, тіпті билік орындары да орыс тілінде сөйлейтін еді. Сұранысқа ие бола алмай, тығырыққа тірелген тілмен, жасыған әдет-ғұрыптың жоқтаушысы жоқ қала орыс қаласындай болатын.

1977 жылдың көктемінде ғалым-жазушы Е.Бөкетов Станиславский атындағы орыс ­театрында В.Шекспирдің «Макбет» спектаклін қазақша сөйлетіп, қала тұрғындарына үлкен сый жасаған еді (Сол жылдары қазақ театрының өз шаңырағы жоқ болатын). Қойылым соңы Орталық Қазақстанның жоғары оқу орындарының ұлттық хор байқауына жалғасқан. Өңірде бірінші рет ұйымдастырылған ұлттық хор байқауында 150 студент жастардан құралған Қарағанды мемлекеттік университетінің өнерпаздары қара үзген еді. Хор репертуарына енген ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін Ебе ағаңның өзі таңдағанының куәсі де болдық. ­Бастауын оқу орнының ашылуымен қабыстырған студенттер театры, жас қалам, домбырашылар, бишілер, әншілер мектептері де бір арнаға түсіп, көп өтпей өз жемістерін бере бастады. Студенттік шақта тек білім алумен ғана шектелмеу керек, ол ізденіске толы, бар мүмкіндігіңді ашатын жылдар болу керек деген аға ақылы мен қамқорлығы талай жастардың мамандығынан бөлек талантына да жол ашқан. Сол үйірмелерде талантын шыңдаған Ж.Кемалов елімізге танымал әнші, Казақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, С.Нұрқазов, А.Айенов – былғары қолғап шеберлері, Ж.Сапаров, С.Ақылбай палуандар болса, И.Байгисеев – композитор, Г.Оразалиева жазушылық қырларын осында шыңдағандар. Небары екі-үш жылда еліміздің екінші оқу орнын аяғынан тік тұрғызып, байырғы оқу орындарының деңгейіне көтерген Ебе ағаңның көп қырының бірі сапалы ұрпақ тәрбилеу арқылы ұлтына қызмет ету еді.

Сол кездің өзінде талантты ғалым, академик Герой Жолтаев былай деп бағалаған екен: «Иә, ХХ ғасырдың кереметі көп, ғалымдықтың жүгін көтеріп, ғылымның жолын қуып, артында өз сөзі мен ісін қалдырған құрметті азаматтар біздің халқымызда аз емес. Шоқ жұлдыздар Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Шапық Шөкин, Ермұхан Бекмаханов, Ебіней Бөкетов» десе, өзі шыққан биігінен, шәкірттерінің биігінің зор болатынына сенген ұстаз: «Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ мен еккен дәннің біреуі ғана өз жемісін берсе, мен өзімді бақытты адаммын деп санар едім» деп отыратын.

«Мамандыққа кіріспе» сабағынан бастау алған студенттік шағымызда діттеген жеріне жетіп, жас ­маман атанып, өмірдің жаңа баспалдағына қадам басқан едік. Университет қабырғасында алған білімімізбен қоса, ақылшы аға айтқан «қарыз бен парыз» жүгін де арқалаған едік.
Түскі үзіліс кезі таяп қалған. Кеңсенің қызметтік есігі ашылып, бір дағар суықты алдына салып курстасым Ислам кіріп келді. Қасында Ебе ағаң. Ебе ағаңмен ағалы-інілідей болып жүретін Ислам Байгеесевтың жақсы сыйластықта екендігін бұрыннан білетінбіз. Мен де орнымнан жылдам тұрып, қос қолымды ағаға ұсына бердім. Салалы саусақтары қолымды орап алды. Алақанынан әлдебір мейірбандық, жылылықты сезіп тұрдым. Аз-кем амандықтан соң, Ислам Ебе ағаңның бір шаруасы болып тұрғанын, соны кезексіз бітіріп берсең деді. Мен орнымнан тік тұрып, керекті құжаттарды дайындата бастадым. Өзімнің қатты сасқалақтай бастағанымды сезіп тұрмын.

– Ебеке, мына жігіт өзіңіздің шәкіртіңіз болады, өзіміздің университеттің заң факультетін бітірген дегені сол еді, Ебе ағаң өзінің қоңыр дауысымен баяу ғана:
– Е, бұл інімді білемін ғой. Жалпы біздің есімізде қалатындар, оқу озаттары мен қоғамдық жұмысқа белсене араласатын студенттер болмай ма?! Ал Сайлауды жақсы білетін жайым бар. Қайбір жылы студенттердің құрылыс отрядының біреуі саңырауқұлақтан уланған болатын. Абырой болғанда дәрігерлердің көмегі дер кезінде болып, бәріміз де бәле-жаладан аман қалғанбыз. Солай емес пе, сондағы улы саңырауқұлақтарды жинап әкелген екі жігіттің бірі осы Сайлау болатын. Әй, өздерінің қуларын көрмейсің бе, саңырауқұлақ сорпасын өздері ішпей қойыпты.

Біз үшеуміз осыдан 6-7 жыл бұрын болған оқи­ғаны есімізге алып күліп жатырмыз. Ебе ағаң күлгенде рахаттана, кеудесін тік ұстап, кеңкілдеп көзінен жас аққанша күлетін еді. Ол оқиғаның толық мән-жайын Ислам сол күні Ебе ағаңның аузынан естіген болатын. Ортадағы сүреңсіз қарым-қатынас пердесі лезде ыдырап, ағалы-інідей болып отырдық.

Ебе ағаң 1980 жылдың ақпанынан бастап, осыған дейін өзі басқарған Қарағандының ­Химия Металлургиялық институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан болатын. Өңірдегі үш академиктің бірі Ебіней Бөкетовты билік осылай мұқатқанмен, талантымен, тағылымына тұсау қоя алмады. Академик атағы бар, кіші ғылыми қызметкер ол кезде көмірлі Қарағандыны қалай мұнайлы Қарағандыға айналдырудың теориялық және лабараториялық шешімімен айналысып жүрді. Ебе ағаңа қажетті құжаттар да дайын болды. Менің;
«Ебе аға, тұлпарыңыз құтты болсын, астыңызда тозсын!» дегеніме:
– Әр нәрсенің өз уақыты болмай ма? Жасымыз да ұлғайып келе жатыр ғой. Енді машина жүргізу қолымнан келе қояр ма екен, жасыңда үйренбеген кәсіптің қыр-сырын меңгеру қиын болатын шығар. Мына інім Ислам бар, бала бар, баратын жерге апарып тұрса да жарап жатыр емес пе. Мен тағы да Ебекеңнің өте кішіпейілдігін, атқа деген зеректігімен қоса, тыңдаушысымен тең дәрежеде пікірлесе алатындығына басымды изей бердім. Кішкене бөлменің ішінде құрақ ұшып, асып-сасып Ебе ағаңа қызмет көрсеткен болатынмын.

Ініге аға сыншы демей ме, менің осыншама сасқалақтап жүргенімді байқап отырған Ебе ағаң:
– Қазақы тәрбие деген жақсы-ақ қой, шіркін. Мынадай үрдісті, ғылым мен техниканың даму заманында, ғасырлардан келе жатқан ұлттық байлығымыз қазақы тәрбиеден айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Оны жоғалтпай, бүгінгі күнге жеткізіп отырған ауыл ғой, дала тәрбиесінің сол биязылығын сақтауға еңбек ететін ауылдан шыққан сендер сияқты азаматтар болу керек. Мен осы кейінгі кездері «қазақы бала бала емес, орысша бала маладец» деген мақал-сымақты естіп, жүрегім тітіркенетін болып жүр. Қалай болар екен, өз ұлтынан безіп, өзін-өзі менсінбеу деген орыс­тану ма, әлде жаһандану әлеметінің келгені ме екен.

Ебе ағаңмен сол жолы біршама сыр ақтарыстық. Бірақ асыл ағамен бұдан кейін кездесе алмаймыз ­деген ой менде де болмаған еді.


Сайлаубай АҒЫБАЕВ
Алматы 

Ағыбаев, С. Биік еді Ебе ағаң, аласармас [Мәтін] : академик Е. Бөкетов жайында / С. Ағыбаев // Ana tili. – 2020.- 27 тамыз - 2 қыркүйек.- Б. 7
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий