Аққуған аспандағы әнін қосқан Ақан сері ауылының болашағы бұлыңғыр
Биыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмары, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі” деп бағасын берген даңқты ақын, сырлы сазгер Ақан сері Қорамсаұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толды. Серінің дүниеге келгеніне екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ел оның басынан өткен оқиғаларды, әндерінің тарихын ертегідей қылып айтады. Сірә, ақын тұлғасы көзі тірісінде-ақ түрлі әңгімелердің кейіпкеріне, аңыз бейнеге айналса керек.
Иә, уақыт өткен сайын әнсүйер қауымның Ақан шығармашылығына деген қызығушылығы артып келеді. Бүгінде дәстүрлі ән дегенде көз алдымызға алдымен көшпелі өмірдің бар сән-салтанатын бойына жиған даңқты бабамыздың бейнесі елестейді. Оның осы бейнесін кейінгі буынға танытуда биылғы мерейтой да себеп болып отыр. Ақынның 180 жылдығына орай жыл басынан бері өңірімізде бірқатар мәдени ісшаралар ұйымдастырылды. Серінің есімін иеленген облыстық филармонияның өнер ұжымы “Арқаның ардагері Ақан сері” атты концерт өткізді. Кейін дарынның өзі туған ауданда жержердің жүйріктері қатысқан “Құлагер шабыт – сері Ақан” атты республикалық айтыс өтті. Айтыс өткен күннің ертеңіне ақынның туған жерінде дүбірлі той болып, балуан күресіп, тұлпар жарысып, мерейтойдың көркі қызды. Атаулы күнге орай өңірдегі кітапхана, мәдениет ордалары, оқу орындарында да іріліұсақты ісшаралар бірінен кейін бірі ұйымдастырылуда. Серінің 180 жылдығын атап өту өзге өңірлерде де жалғасын тауып, түрлі байқаулар, айтыстар мен ән кештері жұртшылықтың жүрегін жылытты. Жергілікті өнер жанашырлары облыс орталығында Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған екінші республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізді. Аталған байқау алғаш рет осыдан 5 жыл бұрынғы мерейтой аясында ұйымдастырылған екен. Іле облыстық филармонияға ақынның есімі берілгені есімізде. Игі бастаманың ұмыт қалмай араға 5 жыл салып қайта қолдау тауып жатқаны көңіл қуантады.
Елімізде облыстық филармониядан тыс даңқты ақынның есімін иеленген нысандар аз емес. Асыл тұлғаның туған жері Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында Мәдениет үйі, Көкшетауда Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында ескерткіші бар. Сонымен қатар Айыртау ауданында Ақанның атын алған елді мекен барын біреу білсе, біреу білмейді. Аталған ауыл осыдан 30 жыл бұрын жерлесіміздің 150 жылдық мерейтойына орай бой көтерген. Елді мекенде өз заманына сай соңғы үлгідегі 70 үй салынған. Аталған үйлерге жарық, жылу, су тартылып, тұрғындар өркениеттің бар игілігіне қол жеткізген. Одан бөлек мұнда мектеп, Мәдениет үйі және өзге де нысандар бой көтеріп, жұртшылықтың пайдалануына берілген. Елді мекеннің дәл осы маңға орналастырылуы да бекер емес. Ақан сері ауылы ежелден өлеңжырға бесік болған, даңқты бабамыз туып өскен, өмірінің талай қилы оқиғаларын бастан кешкен жерге қоныс тепкен. Серіге арналған мемориал да, оның бейіті де осы маңда. Түптеп келгенде аталған елді мекен мен оның маңайындағы тарихи орындар мен ескерткіштердің бәрі біріге келе үлкен кешенді құрауы тиіс еді. Аталған аймақ Жидебайдағы Абай ақынның өмірінен сыр шертетін, бірнеше нысанның басын қосқан үлкен кешен сияқты жаңа кейіпке енсе, тұмса табиғатымен танылған Айыртау даласы тарихқа қызығушылар үшін сүйікті орынға айналар еді.
Алайда жанашыр азаматтардың бұл бастамасы аяқсыз қалып, арада баржоғы 30 жыл өткеннен кейін атағы аспандаған, көрген жанның көзін алатын ауыл назардан тыс қалып, тұрмысы ақсай бастады. Тұрғындары жаппай көшіп, оты өшкен ауылдарымыз аз ба? Осы күні де қаншасының мектебінің есігіне қара құлып салынып, үйлері қараусыз қалып, тұрғындары жол мен судан таршылық көріп отыр. Бірақ мұның бәрі сері ауылының басына түсер жайттар емес еді. Керісінше жаңа ауыл өркендеп, берекебірлігімен өзгелерге үлгі болса игі. Сәнсалтанатты өмір сүріп, халқы баладай мәпелеген Ақанның ауылы да мейманасы тасып, ырысы артып, байыпты тұрмыс кешіп жатса даңқты бабамыздың есімі асқақтап, жерлестерінің де жағдайы жақсарар еді. Өкініштісі сол, бүгінде өңірдегі ең жас ауылдардың бірі картадан жойылып кетудің азақ алдында тұр. Бұл мәселе аталған ауданның тумасы, Қазақстанның құрметті журналисі Кәрібай Мұсырманды да алаңдатып отыр.
– Ұлы сазгерге қатысты көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе де бар, ол – Ақан сері ауылының тағдыры. 1993 жылы тәуелсіздіктің елеңалаң шағындағы қиындықтарға қарамастан, Ақан сері Қорамсаұлының республика деңгейінде атап өтілген бір жарым ғасырлық мерейтойына орай аталған ауылда заманауи үлгідегі 70 жеке тұрғын үй салынған болатын. Ауыл төріне Ақан серінің ескерткіші қойылған. Өкінішке қарай, арада бірнеше жыл өткенде сәулеті мен дәулеті келіскен ауылдың тозтозы шықты. Екі қолына бір күрек таппаған тұрғындардың көбі жұмыс іздеп, жан-жаққа көшіп кетті. Бірінен соң бірі ауысып жатқан аудан әкімдерінің ешқайсысы ұлы сазгер ауылын қайта өркендету қамын ойлап, пәрменді шара қолданған жоқ, – деп күйінішін білдірген Кәрібай Иманжанұлы қасиетті жерді қайта түлетудің жолы – бос қалған ауылға қандастарымыз бен өзге өңірлерден қоныс аударушыларды орналастырып, олардың жұмыс істеп, кәсіппен айналысуына жағдай жасау екенін айтады.
Қуанышы ортайып, базары тарқаған ауылда бүгінде үйлердің көбі қараусыз қалып, күйі қашқан. Мектеп, Мәдениет үйінің де есігі ашылмағанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Алаштан ат оздырып, аспандағы аққуға ән қосқан серінің ауылының осындай күйге түсуі – бүгінгі ұрпаққа сын. Бүгінде халқы көшіп, сәні кеткен дала осыдан бір жарым ғасыр бұрын ән мен жыры тасыған, ойын-тойдың, өлең-сөздің ортасы, қазақ өнерінің астанасы еді ғой… Енді бүгін алты Алаш аруағына бас иген бабамыздың ауылы деп 30 жыл бұрын салынған елді мекеннің жұртын көрсетеміз бе?
Аядай ғана ауылдан бөлек осы маңдағы ақынға байланысты өзге нысандар да көңіл аударуды қажет етеді. Жұртшылықтың Айыртау жеріндегі еңселі ескерткішті көшіру жөнінде айтып жүргеніне де көп болды. Аталған нысандарға тағзым етушілердің келіп кетуіне жөнді жағдай жасалмаған. Ақан сері мазарына да тиісті назар аударылып, аталған аумақ абаттандырылмаған. Ән өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ұлтымыздың мақтанышына айналған дарын иесінің мәңгілік байыз тапқан жерін бақсының моласындай иен далада ескерусіз қалдыру елдің намысына тиедіақ. Кәрібай Мұсырманның сөзінше, ақын басына мазар тұрғызып, оған күтім жасау мәселесі Тәуелсіздік алмай тұрып көтерілген екен.
– Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Болат Көшімбаев Ақан сері қабірінің басына мазар тұрғызу мәселесін көтерген болатын. Осы мақсатпен ол Алматыға барып, Ақан сері мазарын қаржыландыру мәселесін шешуге тырысқан. Мәселені тек адамдардың ерікті қайырымдылығы есебінен шешуге рұқсат етілген. Осыған орай Болат Көшімбаев бастамашыл топ құрып, оны басқаруды “Карасев” кеңшарының директоры Жақсыбай Төрегелдинге тапсырған. Аудандық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Рахимов жауапкершілікті өз мойнына алып, мазар құрылысын бастай беруге рұқсат берген. Ал Жақсыбай Төрегелдин мазар жобасын әзірлеуді тездету үшін өзінің қорасындағы сиырын сатып, түскен ақшаны сәулетші жалдауға жұмсады. Кейін айыртаулық азаматтар қаражат жинап, ұлы сазгер зиратын көтеруге үлес қосты. Сөйтіп мазар құрылысы 1988-ші жылы басталып, 1990-шы жылы аяқталған, – дейді Кәрібай Мұсырман.
Әр жылдары ақынның басына белгілі қаламгерлер, өнер адамдары келіп, жасырын зиярат еткен деседі. Мазарға арнайы келіп, Ақан рухына тағзым етушілер қазір де бар. Алайда мұнда жолаушыларға оңтайлы жағдай жасалмаған.
Бүгінде елімізде 6400-дей елді мекен болса, соның 3,5 мыңына “болашағы жоқ” деген ен салынған. Өңіріміздегі көп ауылдың осы тізімнен табылып жатқаны көңілге қаяу салады. Әсіресе қазақтың сөз ұстаған тектілері дүниеге келген ауылдардың жүдеген күйі жүрегіңді ауыртады. Бұл бір ғана Ақан сері ауылының басындағы жай емес. Облыстағы көрнекті қаламгерлер, белгілі қайраткерлер туған ауылдар да осындай жағдайды бастан өткеріп отыр. Кешегі Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Жүнісов сынды алыптарымыз Ақан сері туралы туындылар жазып, зерттеу жүргізіп өз мойындарына жүктелген міндетті абыроймен атқарып кетті. Ал бүгінгі қоғамның мойнында сері атындағы ауылды сақтап қалу міндеті тұрғандай. Осы міндетімізге енжарлық танытып, келер ұрпақтың алдында айыпты болып қалмайық.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Аяған Д. Аққуған аспандағы әнін қосқан Ақан сері ауылының болашағы бұлыңғыр // Soltustik Qazaqstan. – 2023.- 9 желтоқсан. - № 147. – 4 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |