Ақан сері

17 января 2024 - Administrator

 Мағжан ЖҰМАБАЕВ
АҚАН СЕРІ
Ақан туралы білгендерін айтып һәм жазып берген Мырзалыұлы Баялы, Шыңғысұлы Қокыш, Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға һәм Самыратұлы Қазыға көп рақмет айтамын.
Мағжан.
Ұшы-қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді. Соңғы 50-60 жыл ішінде алты алашқа аты шыққан ақындарымыздың бірталайы сол Көкшетаудың маңайында туып-өскен. "Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай", екі аяқты адамның ділмәрі, улы тілді соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, үні зарлы Атығай, соқыр Тоқжан, терең ойлы Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері - осылардың бәрі сол күңіренген Көкшенің маңайында туып-өскен ақындар. Бұл ақындардың ішінде адамның іскерлігін алдымен өзіне аударатыны - Ақан сері. Сөзінің сұлулығы, тереңдігімен демейміз, өмірінің сұлулығымен.
Ақанның өмірі - ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір. Сондықтан Ақанның алдымен өмірін жазып, онан соң сөздерін тексереміз.
АҚАННЫҢ ӨМІРІ
Ақанның сүйегі - Орта жүз Арғын ішінде Қарауыл. Ұлы әкесі Қарауылданар шөккен Жарқынбай. Жарқынбайдың бір ұлы, тоғыз қызы болған. Ұлы Қорамсадан көпке шейін бала болмаған соң Жарқынбай бәйбішесі һәм тоғыз қызымен көгеннің бұршағын мойнына салып, тәңіріден немере тілейді. Сол тілектің артынан жалғыз ұлы Қорамсаның қосағы Жаңыл жүкті болып, одан ұл туады. Ұлдың атын Ақжігіт қояды. Біздің Ақанымыз осы. Ақан 1843 жылы Көкшетау қаласынан күнбатыс пен солтүстік әрелігіне қарай 70 шақырым жердегі Қоскөл деген жерде туған. Ақанның әкесі Қорамса бай, саудагер адам болған. Ол маңайда ол кезде ақша ұстаған қазақ сол Қорамса болды. Әрі малға бай болса, әрі ақша болса, әрине, Қорамса елге қадірлі болмақшы.
Ақан 13 жасқа келгенше Бұқардан оқып қайтқан Күнту деген бір молдадан сабақ оқып жүреді. Бірақ біраз ес кіре бастаған соң молданың балдыр-батпағына зерек Ақанның көңілі отырмай бастайды. Сөйтіп, 13 жасында Ақан молдасымен бір шариғатқа таласып, "маған қарсы келдің" деп молдасы оны ұрған соң, "шыбыққа сүйенген шариғатыңды ұрайын" дейді де, оқуыменен қоштасып кете барады. Осыдан былай Ақанның жалпақ жұртқа жат көрінген сершк өмірі басталады.
Сүлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың Қарауылдың ойын-тойынын көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, бірше бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылын алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасындай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында - бұлғақтаған үкі, қолында-домбыра, аузында-ән... Жігітгердің бәрі балуан, бәрі әнші. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қалады. Қалың Қарауылдың қалың көздері: "Ақанның әні-ай!"-деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың Қарауыл Ақанға сері деп лақап береді. Солай жүргенде Акан бұрын атастырып қойған қалындығы Жұмат қожаның қызы Бәтиманы алады. Онымен он жылға жақын отасып тұрады. Бәтимадан бір ұл, екі қызы болады. Бірақ ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бәтима өледі. Бірақ серіліктің соңында жүрген Ақан Бәтиманың олімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді. Құлақ естер жерден алғыр қыран, құмай тазы, жүйрік жияды. Зілғараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген итгі алады. Қалың Қарауылға аты шыққан Ақтоқты деген арумен көңіл қосады. Тап сол кезде Ақанның қолына алты алашқа аты шыққан Құлагер түседі.
Құлагер Көбей-қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан. Жабағы тай күнінде Құлагер кез келген жерде, қарда, күртік үстінде өлген малдай серейіп ұйықтай береді екен. Шөкетайдың ағасы Әбілторы сыншы Құлагерді тай күиінде тұлпар болады деп сынаған екен. Құлагер дөненінде Қарауыл ішшде алдына қара салмайды, сол Құлагерді Ақан жүз сомға сатып алады. Бестісінде Құлагер Шабан асында даракеледі.
Бұдан былай шет елдерге Ақан мен Құлагердін аты бірге шығады. Ақанның жүйрігі – Құлагер, Құлагердің иесі - Ақан деседі жұрт. Ақан қолында Құлагер Арқаның талай зор астарында аузымен құс тістеген сан жүйріктерден озып жүреді. Арғын-Алтай, Аққошқар-Сайдалының асында Құлагер 300 атган жеке-дара келеді. Бірақ сол аста бір көңілсіз әңгіме болып қалады: Құлагердң артынан Барақбай дегеннің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақоаи құлдырап келе жатқан Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны көріп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы уақиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға қарсы кек қалады.
Осылай Ақаннын атағы талай жерге жайылып тұрған кезде мұның өмірінде бір өзгеріс болады. Желдей ұйтқыған серінің жүрегіне мін деуге бола ма, сол кезде Ақан Ақтоқтысынан айнып, Қарауыл Тіналы қажының қызы Ұрқия сұлуға өз әнімен өлең шығара бастап, сол Ұрқияны алып қашады. Бірақ жаны сүйш алған жары Ақанмен ұзақ отаса алмай, үш-ақ ай тұрып, шешек шығып дүниеден қаитады.
Жаның сүйген жар нажағайдай жарқ етіп дүние салса, жанға жеңіл жара бола ма? Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасіретке ұрыла бастайды. Ұрқия өлген жетінің ішінде Ақанның жақсы көретін бір інісі өліп. қасірет үстіне қасірет жамалады. Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді. Ақан айналып Ақтоқтыға келеді. Енді айналып иілгенде Ақтоқтының ұзатқалы жатқан шағы болады. Ақтоқты өкпесін айтып, разы еместігін білдіреді. Ақан қалай да Ақтоқтыны алмақ болады Ақтоқтының беріліп отырған күйеуі ақсақ екен. Қыздың көңілін күйеуден қайтару үшін Ақан сықақ қылып улы өлендер шығарады:
Бәрекелді, Ақтоқты, тапқанына,
Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа.
Бүдан артық құдайдан не тілейсің,
Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа... –
деп мысқыл қылады Ақан. Бірақ өкпесі күшті Ақтоқты бұрылмайды. Ақан қызды өзі Құлагерімен алып қашады. Қыз қалайда разы болмайтындығын айтқан соң, алдында келе жатқан қыздың сүбесіне сапыны сұғып алып, бір томардың қабағына тастап кетеді. Бірақ Ақтоқты тірі қалып, берілген күйеуіне барады. Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді.
Ақтоқты кеткенің бе шыныменен,
Бал бердің талай жерде тіліңменен.
Басынды Сарымида кесіп алып,
Өмірімше даулассамшы құнынменен...
Дарияның қайраңындай қалқа бала,

Зарланып ән шырқаймын уайымменен, - деп ашулы зар шығарады Ақан.
Ақан енді көңілін мал да болса жолдасындай қолындағы Құлагерімен көтермекші болады. Кұлагерді астан асқа алып жүріп отырады. Ұркия, Ақтоқты уақиғасына бір жыл шамасы болғанда, керей Сағынайдың асы болады. Ақан сол асқа Құлагерді қосады. 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішіне қан қатқан Барақбай Кұлагерді көлденеңнен соқтырып өлтіреді. Асқа жиналған құмырсқадай қалың ел шуылдасып, гулесіп, бәйгесін алып, ойын ойнап жатқанда, Ақан мидай далада жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп көзінің жасын төгіп отырады. Күн былай тұрсын, түн бойы күңіреніп Құлагерінің, сандалкерінің, еркесі, үркеккерінің басын құшақтап отырады. Жан жолдасын қолымен өлтірген адамдай күйінеді. "Әлдеқайдағы Ерейменге неге алып келдім? Мал да болса, адамнан есті жануар-ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жасы бұршақтап тұрды-ау. Осы сұмдықтың боларын білген екен ғой еркеккерім", - деп өкінеді. Керейдің игі жақсыларының өздері келіп көңіл айтып, қол қусырып ауылға шақырғандарына жұбанбай, бармай, күңіреніп, бір күн, бір түн далада өлген еркесінің басында отырады. Сол отырғанда өзі мен сандалкеріне өлең шығарады:
Жануар Құлагерім қолдан кетті,
Дұшпанның қастығынан қаза жетті.
Қаржас боп, қанжығалы, керей, алтай,
Қуандық, Сүйіндік боп намыс етті.
Тамам жұрт көтермекке аттанғанда,
Алдынан қарсы бармай маған нетті?
Жиыннан жеке келген, тұлпарым-ай,
Үмітсіз қандай дұшпан қағып өтті.
Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,
Суырылып тойдан озған, жүйрігім-ай
Жеріне Ерейменнің айдап келген
Тәңірінің, айналайын, бұйрығын-ай... - деп күңіренген Акан.
Жараға жара қосылып, ауыр қасіретпен Ақан еліне қайтады. Тағдыр, шіркін тасбауыр ғой, тап сол жылы Ақанның алғыр қыраны - Қараторғай һәм Базарала тазысы өледі. Қазақ: "Ер жігіт тұлпардың тұяғымен, сұңқардың қияғымен, сылдыр қаққан судың бойымен, алма мойын сұлудың қойнымен жұбанады» - деиді екен. Енді Ақанға өмірде жұбанарлық не қалды? Енді Ақанға теңізден терең ой қалды. Удан ащы қасірет қалды. Жасы да отыздың ішіне кіріп қалған. Өмірдің жайнаған гүлін көріп келген Ақан өз өмірінің бықсып-күйіп күлге айналғанын көре бастайды...
Сол уақыттан былай Ақанның жанында үлкен өзгеріс болады. Бұқардан оқып қайтып, Көкшетауда дәріс айтып тұрған, белгілі Науан қазіретке анда-санда барып сабак алады. Дінге, сопылыққа беріледі. Хақ асығы дуанадай малдан, елден безіп, дінменен жан тазартуға кіріседі. Бұрын судай сұлу махаббатты жырлаитын Ақан сопылықпен жан тазарту жайын жырлай бастайды. Бірақ сүйегіне біткен серілік серпіліп кетпейді. Бәлки, серіліктері жұртқа жат, ұғымсыз түрге кіреді. Ақаннан мынадай кенет ірі өзгеріс көрген соң, ел күңкіл қыла бастайды. Күңкілдің түбі Ақанға пері иеленіпті деген сөзге айналады. Шынында Ақанның құлқынын, істерінің жай адамның құлық-істеріне үйлеспеуі мұндай сөздерді еріксіз шығаратындай.
Жаз шығып, жан-жануар қыбырлап, қалың ел қайта жайлауға көшкенде, Ақан сақау баласымен Қоскөлдің сыртындағы, Сарыкөлдің жағасындағы ағаш үиде жалғыз қалады. Қалың қамысты көл.
Қою, қалың. Иесіз қыстау. Ақан. Тілсіз бала. Түн болады Жел шығады. Қою қамыс зуылдайды, сықыр-сықыр қалың қамыс шайқалады. Иесіз үй күңіренеді, үй ішінде Ақан күңіренеді. Сақау балада үн жоқ. Екі көзі жаудырап Ақанға қарайды да отырады... Күндіз де сол...
Ішуге де, дэретке де суды Сарыкөлден ғана алады. Сарыкөлдің суына тірі тышқанды түсірмейді. Мінген атын да суармайды. Мал келе жатса алдынан шығьш айдап жібереді. Ақан анда-санда жайлаудағы елді аралайды. Астында жүзіктің көзінен өткендей жаратып тастаған бедеу. Екі жанында екі сұлу ат. Қаида барса, бір елі қалмайды. Шақырса екеуі екі жақтан келіп, тізесіне иектерш сүйеп отырады. Ақанның өзінен басқа тірі жанды мандарына жолатпайды. Өздері -туғалы жүген-құрық кимеген шу асау. Ақан бір ауылға түссе, далаға барып оттап, Ақан атганарда келеді. Акан кез келген ауылға түсе де бермейді. Қалың Қарауылдың ішінде өзінің і таңдап алған белгілі ордалары бар. Сол ордаларға ғана түсіп, солардың ғана асын ішіп, солардың ғана төсегіне жатады. Болмаса қазы-қартаға бөлеп қойса да, кез келген үйге түспейді Ақан. Түсіп отырған үйінің ыдыс-аяғында кір, қыл көрсе, яки сол үйдің әйелінің бір былықтығын байқап қалса, пісіп тұрған дәмді тастап, рұқсат алып, аттанып кете барады. Киімі кір адаммен отырғанда, тізелесіп те отырмайды. Төсегі кірлеу үй болса, үйге жатпай, далаға жатады. Жаз болса, көлдің жағасына барып, қыс болса, үюлі шөптің ішіне барып, кейде Алланы аузынан тастамай, басын сәждеден көтермейтін болады. Жанды дінмен тазарту керек дейді. Ал енді кейде Алланы ұмытқандай болып, діні, намаз, оразасын - бәрін қойып кетеді. Күні-түні күңіреніп өлең жазады, ән шығарады. Далада болсын, ауылдың жанында болсын, өзінің зарлы сарынымен ән шырқайды.
Ақанның осы мінездерінің, осы істерінің бәрі жат, бәрі жұмбақ, бәрі ұғым-сыз, ел не деуге де білмей қалады. Жынды деп-ақ қояр еді, қалың Қарауылда Ақаннан есті, Ақаннан шешен, Ақаннан көсем кім бар? Ермін деген ерлер шеше алмаған түйінді Ақан шешеді. Екі жақсы бас қосса, сөзді Ақан бастайды. Қандай ұшынған дау болса да, Ақан бітіреді. Ендеше, Ақан жынды емес. Оған мұсылман перісі иеленген болар дейді жұрт. Күн-күн сайын осы сөз өседі...
Бастап еміс-еміс боп, өлімсіреп туған өсек барған сайын бойы өсіп, бұғанасы қатып дәуірлей береді... Ақан Ерейменде Құлагердің басында түнеп отырғанда, таң алдында салқыншалау жел шығады. Ақан тоңазығандай болады, шерлі Ақан күңірентіп отыра береді. Сол арада болар-болмас қобыздың қылын, домбыраның шеегін шерткендей нәзік мұңлы дауыс жан-жаққа жайылғандай болады. Әлгідей болмайды, жорғалаған желдің ішінен жібектей судырлап, талдай бұраңдаған, жүзіне кәдімгі айдың нұрындай нұр төгілген бір әйел шыға келеді. Ол келген мұсылман пірісінің ханының қызы екен. Адамзаттың еркесі Ақан сері қалың шерге душар болған соң, ханның қызы, ерке сұлу - Ақанды жұбату үшін желге мініп, ұшып келген екен. Келіп жұбатады... Сол түннен былай Ақан мен пері күндіз айырылып, түнде қосылатын болады... Жоқ, пері Ақанға Ерейменде иеленген емес екен. Періге иелену Ақанның тұқымында бар екен. Олардың қонысы - Қоскөлдің өзі ежелден перінің мекені екен. Марқұм Қорамсаның өзі перімен айналысқан адам екен. Қорамсаның өзі де бірнеше күндеп, айлап ешкімге тіл қатпай, үйден шықпай, бұқбанау жасап аулақ отырып алатыны бар екен. Сол уақытта оның пері жары келеді екен. Ақанға пері қызын қосқан оның пері шешесінің өзі екен. Осылардың бәрі құр "екен" ғана емес, ап-анық нәрсе, көзбен көрген де кісі бар...
Шұңғырша қарауыл Әбіш деген жігіт күзді күні шөп шапқалы қыстауға барып, іңірде шошалада балта қайрап отырады. Ортада от бықсып жатады. Шошаланың іші қара көлеңке. Бір мезгілде жел шыққандай. Қыстаудың желкесіндегі қалың қайыңның жапырақтары сыбдырлағандай. Қораның төбесіне жапқан қамыстар судырлағандай, сырғауылдар сықырлағандай болады. Желмен ашылғандай ақырын ғана есік ашылып кетеді. Үйге үш әйел кіреді. Алдыңғысы денелі, ұлғайған; бірі -бәйбіше; екіншісі орта жастағы әйел; үшіншісі -талдай нәзік, талдырмаш бір қыз.
Үшеуінің де жүзінен сорғалап сәуле төгіліп тұрғандай. Киімдеріне көз тоқтамайды. Үшеуі де қолдарымен жүздерін тасалай бергендей. Келіп босағаға отырысады. Әбіш қалтырап, тоңғандай, тісі сақылдап "құлқуалланы" оқи бастайды. Мұсылман пері құраннан қаша ма, үш әйел отыра береді. Біраздан соң бәйбіше сары іңгендей ыныранып сөз бастайды. "Шырағым, Әбіш, танымаған соң сен бізді жатсынып отырған шығарсың. Мен - Қорамса атаң үйіндегі шешеңмін. Мынау - Ақаң ағаң үйіндегі жеңгең, анау - менің кіші балам еді. Таза жүретін мұсылман адамға беруге ойым бар еді. Үй-ішіміз болып сені ұнатысып саған қосқалы келіп отырмын",-дейді. Бәйбіше соңғы сөздерді айтқанда, сұлу қыз қағынған аққудай күлімдеп, керіліп қояды. Әбіште құт жоқ, зәре жоқ. "Әлхәмдіден", "құлхуалладан" қайран болмаған соң Әбіш жандәрмен тізесінің астында жатқан балтаны ала ұмтылады. Сол уақытта үш әйел күбір-күбір сөйлескендей болып, судырлап үйден шыға жөнеледі. Әбіш оттың басында талып қалады. Есін жиған соң ауылына қайтып, ауруға айналып, өмір бойы шала естілеу болып қалады...

Жоқ, жалғыз Әбіш емес, басқа да көрушілер болған. Ақанның қыстауының сыртындағы тоғайдан өткенде перілердің шулап, сақ-сақ күліп, ойнап жатқанын талайлар-ақ естіген. Шөбектің немересі - Жаңалы мырзаға да сол перілердің біреуі қара мысық болып келіпті-міс деседі. Бұл еміс-емісті қоя тұрып, Ақан ұйыктап жатқанда алысырақ тұрып қараса, әркім-ақ оның перімен жатқанын көруге болады. Ақан жатқанда көрпенің астында ылғи екеу болып жатады екен...
Міне, Ақан қырыққа аяқ басқанда, сұлулықтың асығы Ақан жарынан, тұлпарынан, сұнқарынан айырылғанда, өмір айдынында ән салып жүзіп бара жатқан қу қанатынан қайырылғанда, Ақанның жүйрік жаны ой дариясына шомып, сұлулығы жоқ, былық тұрмыстан безгенде, халық оны ұға алмай, Ақанның жұмбақ өмірін шеше алмай, оны алып барып періге балайды. Бірақ халық соқыр сезімімен кешегі ерке серісі - Ақанның сұлу тұрмысына кір жаққысы келмей, жанды затты сұлу періге апарып қосады. Жұмбақта сұлу: таппаса да, шешпесе де сұлу.
Дұрыс, Ақанта пері иеленіпті деген сөзді әдейі таратушы, өлімсіреп тұрган өсекке әдейі жан беруші, жел берушілер де болған. Әсіресе "қалың Қарауылдың қыдыр орнаған ордасы" - Шөбек балалары. Перғауынсыз Мұса бола ма? Бірақ Мұсанын өзі перғауынға соқтықпаса, перғауын Мұсаға тиер ме еді? Тағы бірақ маңайындағы перғауындарға соқтықпаса, Мұса - Мұса болар ма еді? Қарауылдың сөз білем деген ерлерін, әсіресе, көршісі - Шөбек балаларын Аканға қас қылған - ұлы тілі. Шынында, Ақанның тіліндей ұлы тіл сирек болар. Тиген жерін удай ойып жібереді-ау... Ақан бір жерде отырып, Шөбек немерелері туралы мынау өлеңді айтады:
Тас мұрыны - Бегалы,
Сары тоқалы - Сердалы,
Іскен басы - Сералы,
Қотыр ауыз Мұқанәлі,
Көнтек ауыз Нұралы,
Бос сорпағы - Баялы,
Ералы, Жаналы, Сайдалы –
Сауытбектің сарала иті сықылды,
Енеңді ұрайынның балалары...
Боқтыбай айтқандай, пәлі-пәлі...
Мынадай сөзді естіп отырып, Шөбектің көп баласы қалай намыстанбас, қалай Ақанды қорлап, өсек таратпас?
Қысқасы, Ақан туралы өсектің тарап кетуіне алдымен оның мінезінің жаттығы себеп болса, екіншіден, оның ащы тілі де қосымша болған. Қалайда, қазақ баласының шешені, сөз тапқыры Ақанға ешкім -досы да, қасы да- бетіне келіп, ісің жат-ау. саған пері иеленіпті деғен сөз бар деп айтуға бата алмаған. Достары түгіл, қастары да алдында "Ақан аға" деп жорғалайды екен.
Осылай жұмбақ өмірмен Ақан елуге таянып келе жатады. Сұлу өмір жарқ стіп, нажағайдай өте шыққан. Өткен күн қиял туғызған ертегі сықылды. Көп ішінде көпке ұқсамайтын бір өзі, көп ішінде жалғыз. Қалың Қарауылдың ішінде жанын ұққан жан жоқ. Жұбатарлық досы жоқ, жаралы жанын жазарлық жары жоқ. Әлдеқайда бетпақ шөл, бетпақ шөлде жалғыз жол... Сол жолменен жалғыз жан табанын таска тілдіріп, мандайын күнге күйдіріп кетіп бара жатқандай; қайдан шыққанын, қайда бара жатқанын, не үшін бара жатқанын өзі де білмейді. Тілек жоқ, үміт жоқ, мақсат жоқ. Түннен қараңғы, қорғасыннан ауыр ой ғана бар.
Осындай күйде келе жатқан Ақан кәріліктің босағасынан бұрылып кетіп, қайтадан өмірдің сұлу жолына түспек болады. Оймен уланып семген, қайғының қары қарып сөнген жүрек тағы тіріле бастайды. Елу жыл жасап талай күйіп болған, талай есін жиған жүрек тағы отқа, махаббатқа, жарға ұмтыла бастайды.
Махаббат іздеп тағы аласұрып, шарқ ұрады. Қанды көз қыран қияға қонып, қиянға қарай бастайды. Ол күнде қалың Қарауылдың ішінде аты ауыздан түспейтін үш ару бар. Шөбектің немересі - Ұрқия, аға сұлтан Шыңғыстың немере қарындасы, Абылай тұқымынан Жүсіп төренің қызы -Жамал. Сұлулыққа қырағы Ақан үш сқлуды қиядан көреді де, қанатын қағынады. Жүйрік жүрек үш аруға да шеңгел салғасы келеді. Үзілген үміт жалғанғандай болып, Акан тағы махаббатты жырлай бастайды. Үш аруға "Үш тоты" деп ат қойып, өлең шығарады. Бірақ бір нәрсеге байланбай жүрек тұра алмақ емес. Біраздан кейін Ақан ықыласы үш арудың біреуіне ауа бастайды. Ол ауғаны - Жамал. Он алты жаста-ақ. Жібек желден жаратылғандай ару, Жиреншеден тәлім алғандай шешен, Едігеден бата алғандай данышпан. Қалайда Ақан Жамалды осылай сипаттайды. Осы жас Жамалға Ақаның жүрегі байлана береді. Жүйрік жүрек бір бастаса, не сүйіп қосылмай, не қосыла алмай күйіп, күлден кебін кимей тоқтай ма, Ақан бара-бара жас Жамалды біржолы берік сүйеді. "Үш тотының" ішінен "қалқа бала" деп Жамалды бөліп алады. Бұл сүйгенін:
Қыздарды мен не қылам қылаң-сылаң?
Қалайша ғашық отқа сабыр қылам?
Жаңартқан өмірімді қалқа бала,
Басы - жұм, ортасы - мим, аяғы - ләм,
- деп жұртқа өзі жария қылады. Кірсіз махаббат көптің көңілін не қылсын?!
Өмірде екі сүю болмайды дейді жұрт. Жұрт не демейді? Өзіндей болмағаны үшін Ақанды "пері соқкан" дейді. Жұрт аспанға өрлеген жанды, жиһанды құшпа? болған жүректі есалаң дейді. Жұрт жүйрік жүректі мойнына құрық түссе, құлағы салпиып тұра қалатын мұжықтың мәстегі болсын дейді. Жұрт желден жүйрік жүрекке мойныңа түскен бұғалықтан бұлқынып шығам деуші болма деп, шіріп қалған шындықтан сабақ береді. Жүйрік жел ұшпай тұра ала ма? Жүйрік жүрек құшпай тұра ала ма? Жүрек сүю болмаса салқын, бос қуысқа айналмай ма? Жиһанда жалғыз мәңгі нәрсе - махаббат емес пе, өлген махаббат екінші түрде екінші түсте қайта тірілмек емес пе?!
Ендеше, Ұрқияны сүйген Ақанның Ұрқия өліп, көп жыл өткен соң Жамалды сүюінде де ешбір таң нәрсе жоқ. Кім біледі. Ақан жас Жамалдан тіріліп келген Ұрқияны көрген шығар... Қалайда, Ақанның Жамалды сүюі барған сайын артай береді. Жасы елуден асып, кәрілікке барып қалған Ақан іштен сүйіп, іштен күйеді Сырттан өлең шығарып жүргені болмаса, Жамалдың өзіне білдірмейді. Екі жастын арасы қыс пен жаздай болған соң, бұл сүюдің пайдасыз екенін ойлап күйінеді Жамал жүректі құр өртейтін әйел болып туғанша, ұл болып неге тумады екен деп назаланады.
Тал бойың Кұлагердің сағағындай,
Тамағың піскен алма сабағындай.
Қаз мойын, мөлдіреген қарақат көз,
Иегің ителгінің тамағындай.
Ішінде өз жұртыңның еркелейсің,
Айдынның ақ қайраны, шабағындай.
Осынша жүрегімді жандырғанша,
Ұл болып тусаң нетеді, қарағым-ай?.. –
дейді Ақан. Бірақ, қалың оттай жүректе заулаған махаббат сыртқа шықпай тұр алмайды. Дүниеде күшті нәрсе екеу-ақ кой: өлім, һәм махаббат. Адам өзген айналып өтсе де, өлім мен махаббатты айналып өте алмақ емес. Ақан озін канша тыймақшы болса да, сол күшті махаббаттың күйдіруімен өзіне-өзі ие бола алмай сүйгенін ақыры Жамалға білдіреді.
Бұраң бел, жазық мандай, сүмбілден шаш,
Тартылған бойың сымдай, қиылған қас.
Ақ жүзің түстік жерден көрінеді,
Секілді жарқырайсың бриллиант тас.
Сипатың жұмақтағы Хорылғайын,
Көрген жан Жамалыңа болады мас.
Сайраған қапастағы тоты құссың,
Білмейді қадірінді бұл күнгі жас.
Айтуға тура түйреп жасың кіші,
Сыртыңнан иемдеймін, ей, қарындас.
Тау-тасты шабыт қылған ақиықпын,
Болмайды сені ойласам ішкенім ас.
Жорытқан түс секілді жіберейін,
Бүл сөздің пайымын біл де, түндігін аш...
Алдыңа далбай тастап шырғаладым,
Шабытқа келе алмасаң, кылғаның қас, -
деп жазады Ақан. Бір ғана емес, көп жазады. Желдей екпінді албырт жастай, өрт болып жанған жүректен шыққан жалынды өлеңдер жазады. Бірақ қанша есті болғанымен, жас Жамал Ақанның жанын қайдан ұға алсын?! Оның сүттен таза махаббатына қайдан баға бере алсын? Кім біледі, баға берген де шығар-ау, бірақ жұрттың сөзін аттап өтіп, елуден асқан адаммен қалай өмірін қоса алсын? "Қара қазақтың", "жабайы адамның" қызы болса, бір сәрі. Жүсіп төренің қызы мұны істесе, төренің сүйегіне біткен таңба емес пе? Қалайда Жамал Ақанға жылы жауап бермейді. Жамалдың бұл мінезі Ақанның өзегін тіпті өртейді. Махаббаты бұрынғыдан мың есе күшейеді. Ақан Жамал маған жылы жауап бермеген екен деп өкпелеп ғашықтығын тоқтатпайды. Шынында, ғашықтық деген алып-салмалы қолдағы нәрсе емес қой. Жамалдың сүюін білдірмеуіне көзі жеткен соң Ақан іштен сүйіп, іштен күюге айналады. Күн-түн күңіреніп, өлең шығарады. Ән шығарады. Ақанның Жамалға қатты ғашық екендігі, оған арнап ылғи өлең де шығаратындығы, Жамалдың ол ғашықтыққа ілтипат қылмауы жұртқа жайылып кетеді. Замандастары ұшырасқан жерде мысқыл қылыңқырайды. "Ақан-ау, қыз саған мойын бұрмайды, осы ғашықтықтан не пайда?"-деседі екен.
Осындай сөздерге Ақан: "Менің ғашық болуым үшін оның ғашық болуы шарт та екен, ғашықтық бір нәрсеге байланып жүре ме екен?" - дейді. Ғашықтықты дұрыс ұғу деген осы болады ғой. Не керек, жоғалтқан тәңірісін кәрілік босағасында қайта тапқан Ақан, сол тәңірге таза ниетті құл болып табынуға арланбайды, қажымайды. Сүюден-күюден, күндіз-түні күңіреніп махаббатты толғаудан толмайды. Барған сайын махаббат тереңдей береді. Сөйтіп жүргенде жас Жамалдың ұзатылатын шағы болып қалады. Жамал ұзатылады. Алыстан көрінсе де көңілге медеу болып жүрген Жамал енді жоғалады. Мал берген жабайы күйеу сұлу Жамалды меншіктеп алуға келген. Жамал танысып жүр, айдынның дөңіндегі суылда ойын-той, айдынның қара толкындары арасында қанаты сынып, құс төресі аққу отыр. Аққу әлдеқайда алыста алтын сәуле көреді. Ескі күші есіне түсіп қамылады, қағынады. Көтеріліп кетуге дәрмен жоқ. Жырлайды да, жылайды жылайды да, жырлайды. Алдағы алтын сәуле оған ілтипат қылмай, созылып, күлімдеп өз жолына баражатыр. Соңғы минут, сәуле жоғалып барады. Тұңғиық тойдын. Құтырған толқын. Жаралы аққу. Қалған барлық күшін жиып ұмтылады, алайда жоқ, толқын күшейгендей. Хал біткендей. Сәуле сөніп бара жатыр. Енді Аққудың аузынан жыр төгіледі. Мұнды үн құйылады. Өлім мен өмірдің үні. Үзіліп бара жатқан жүректің жыры... Жамал ұзатылардағы Ақанның шығарған "Сырымбет" әні -сол өліп бара жатқан құс төресі кудың әні. Біздің зарлы әндеріміз көп. Бірақ "Сырымбеттей" терең зарлы ән сирек болар. Жердің жүзіндегі мұң, адам баласының барлық зары сол "Сырымбетке" жиналғандай. Жамал ұзатылатын күндерде Ақан күндіз-түні күңіреніп, "Сырымбетін" шырқайды да жүреді. Ақан түндерде "Сырымбетті" шырқағанда, кім ғана жыламаған, қалың Қарауыл жылаған. Жас пен кәрі жылаған, әсіресе, нәзік жанды жас Жамал жылаған...
Аулың қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
А-а-а-ау, сәулем.
Қарындас-ау енді есен бол...
Бидайыққа лайық қалқа бала,
Бөктергіге қор болып барасың да...
Аулың қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Дариға, қайырылмадың, калқа бала,
Жүректің енді ем жоқ қой жарасына...

Алтын қайық жарасар күймесімен,
Назым тартпас бұлбұл құс сүймесімен.
Қоскөл жаққа таныса киіп барған
Бешпетіңді бер, қалқа, түймесімен.
А-а-а-ай... сәулем.
Қарындас-ау, енді есен бол...
Сырымбет тауы-Жамалдың әкесі Жүсіп төренің қонысы. Ақанның Жамалға ғашықтығы жүйрік жүректің соңғы соғылуы. "Сырымбетті" Ақан жырларының ең соңғы сұлу жыры деуге болады. Жамал ұзатылған соң Ақан тұңғиық қайғысын құшақтап, қалың елдің ішінде жалғыз қалады. Ақанның мұнан соңғы өмірі сырттан гүлсіз, үнсіз, жырсыз, түрсіз өмірге айналады. Бұрынғы жат мінездері, тіпті жат, ұғымсыз түрге кіреді. Бірақ, дариға, жүйрік жүректің қайғымен жылынып, сөнгенін, терең жанның оймен уланып өлгенін кім ұққан?!
Ақан алпыстан асқан кезде, қазақ даласына қара шекпендердің қаптап келе жатқанын айқын көріп, жақсы жерінен айырылған соң елдің кедей болғандығын, елдің алды қараңғы екендігін жырлай бастайды. Әсіресе, қара шекпендер Ақанның ата мекені Қоскөлдің желкесіндегі Сарыкөлге қол салғанда, Ақан ылғи жүректен шығатын жырларымен қазақтың жерін жоқтай бастайды. Ақанның соңғы өмірі жырмен жер жоқтауға. Сарыкөлді іздеуге жұмсалған деуге болады. Бірақ қанша ізденсе де, Көкшетау мен Қоскөлдің арасын жүре-жүре жол қылса да Сарыкөлді өзіне қалдыра алмаған. Сарыкөлге мұжық қаласы түскен. Туған жері мұжыққа кеткен соң, Акан 50 шақырым жердегі Сасықколдегі бір күйеуіне көшіп барады. Сол күйеуінің қолында алты алашқа аты шыққан Ақан сері сүлу жырларымен, зарлы әндерімен, әсіресе басқа адамға үйлеспейтін жат мінездерімен аты шыққан Ақан ауырып, жетпіс жасында, 1916 жылында дүниеден қайтады. Сөйтіп, аласұрған ұшқан жан, шарқ ұрған жүрек, жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді, ірі жүрек сұлулық іздеп, өмір бойы отболып заулап жанған жүрек- мәңгі мұзға айналады... Ақанның жат мінездерін,өмір бойы тәңірі көріп сұлулыққа табынуын көз алдыма алып келсем, менің есіме Англияның ақыны-ОскарУайльд келіп түседі. Оскар өмір бойы сұлулықты жырлаған, жалпы жұрттан сері деген лақап алған. Жұрт оны де сері деген. Сол серілігі үшін абақтыға жапқан... Ақан да сұлулыққа табынған. Алты алашатан сері деген ат алған. Бірақ Ақанның сұлулыққа табынуы тереңірек. Ақанның өмірінің жұмбағы түйіндірек. Мұның өмірі – мұң мен зар. ЕгерАқан Осқар Уайльдтай өнерлі елдің ішінде туса, бұл тілекке жауап табу қиын. Мұндай тілекке жауап іздей бастасаң, еліңнің заулаған оттай баяғысы, қап-қара түндей кешегісі, жалпылдаған жындай бүгінгісі, қара тұман келешегі көз алдыңа келіп, Ереймен тауының бауырында өлген Құлагердің басын кұшақтап күңіреніп отырған Ақан серінің қасіретіндей жаныңды терең қасірет билеп алып кетеді...
Ақан сері сөздері
«Ақан серінің сөзінен өмірі сұлу" деп біз Ақанның өмірін жазған макалада ескерткенбіз. Алайда, оқушыға Ақан туралы аз ба, көп пе қоғамдық ұғым беру үшін Ақанның сөздерінің мінезін білдіріп, түрлерін көрсетуці керек деп білдік.
Тағы бір ескертетін нәрсе - біздің қолымызға Ақанның барлық өлендері түскен жоқ. 1922 жылы жаз бірер ай әдейі Ақанның сөздерін жинамақ үшін Көкшетау оязын аралағанымызда, Ақан өлендерінің қорлы болып жиналған жерін ұшырата алмадық. Әркімнің аузынан бір-екі ауыздан жиюға тура келді. Жалғыз-ақ Шыңғысұлы Қоқыш ақсақал мен Самыратұлы Қазыдан біраз жазылған өлендер ала алдық. Қазының айтуына қарағанда, бұл өлендерінің бірталайы Ақанның өз қолымен жазылған болса керек. Сонда да біздің қолымызда Ақанның 3-4 жүз ауыздай өлеңі бар. Аз да болса осы өлендері бойынша оның ақындығын шолмақпыз.
Жалпы жолға қарсы болса да, Ақанның сөздерін мағына жағынан тексермес бұрын, біз Ақанның тілінен бастамақшымыз. Бұған себеп — Ақанның тілінің таза еместігі. Қазақ ақыны Ақанның ана тіліне араб, фарсы, орыс сөздері көп кіріп кеткен. Оның мағына жағынан, әсіресе, сурет жағынан сұп-сұлу өлендерінің тілдері шұпшұбар. Ақан бұл шұбар жолға өзі қалап түскен емес, оны заман қуып түсірғен.
Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз. Ақан - заманның баласы. Ол заман, өткен тоқсан тоғыз, жүзінші жылдар, қазақ даласын оңтүстік пен солтүстіктен екі албастының келіп басқан заманы. Біреуі - Бұқардан ишандардың, қазіреттердің, молдалардың, халфелердің шаңырақтай сәлделеріне, күпілерінің күйектей етектеріне жабысып келген мұсылман албастысы. Екіншісі - болыстардың знак, мөрлеріне, тілмаш, "учительдердің" қақиған картоздарына, сымпиған шалбарларына оралып келген албасты. Ол дәуір - осы екі албастының кесірінен елдің өмірі іріп-шіріп, тілінің тарғылданған дәуірі. Ол дәуір халфелердің:
Фараухун уә райханын әнфісәкә сәнің,
Болғанда хуснул уәжи абиз тәнің,
деп тілмәштардың:
Көйлегің сексен теңге серо-бурый,
Дамбалың московский материя, -деп учительдердің:
Милая, тебя вижу, қырындаймын,
Без ответ все таки ұрынбаймын, -
деп қыздарға хат жазатын дәуірлері. Ақан қазақ тілінің сол тарғылданған дәуірінде өмір сүрген. Оның үстіне өмірден соққы жеген Ақан сопылық, дін жолына түсіп, жан тыныштығын табамын деп жүріп Бұқардан оқып қайтып, талай елдің күнге шейін көзін аштырмай кеткен көкшетаулық Науан қазіретке шәкірт болған. Ақанның тілінің тарғыл болуының себебі -осы. Оның тарғыл тіліне ең ашық мысал мынау өлең:

Хат жаздым қағаз алып қалам, сия,
Көптен-көп сәлем айттым, гүл Назия.
Тағырифін тамам қылып танығандай,
Ділмардан ділмар керек шаһбазия.

Хат жаздым қағаз алып қалам, сия,
Шери зат дұхтарсаһи Гүлнаһия,
Әр нақыш мәдахымды түсінерсің,
Діл араи, діл хафзаи Гүлнаһия.
Сәдәфтің шашыраған жәуһәри сіңірә,
Көңілімнің зәһрэсіне салған ұя.
Гәсуа дарин секілді бинт махбул,
Кісәния секілді кінәзия.

Көптен-көп поклон айттым, скажия,
Сырымды кімге айтамын, сізден зия.
Именной, искренный ескеріңіз,
Хорошенко, сестра, сватия.
(Құдаша, қарындас дегені ғой). Мынау шұбар тіл үшін, әрине, Ақанға ракмет айтарлық еш нәрсе жоқ. Бірақ Ақанның сол тарғыл тілді өлеңдерін адам ұғып оқыса, тегінде суреттеуге шебер Ақанның сол тарғыл тілмен де суреттей алғандығын көруге тиісті. Ақан бір өлеңіңде Қалқа баласына былай дейді:
Тағрифін тамам қылып жеткізе алмас
Қамыстар болса - қалам, бахыр - сия.
Мынау құранның құдайды суретгеген сөзімен ақын Ақан Қалқа баласын сұреттегені ғой.
Тағы ақын Ақанның молдадан үйренген мұсылмандықпен, арабша үйреніп мода болғандығымен қалай пайдаланғанын мынау суреттеуі шешіп береді. Ақан Қалқа баласын былай суреттейді:
1. Қасың қара қаламның сиясынан,
Қолың нәзік өзеннің миясынан...
2. Ақша бетің үстіне нәркес көзің
Ақ қағаз нүктесіндей нонға тартқан...
3. Сымбатыңды қарасам, қалқа бала,
Мнн секілді "машайық" шыңға тартқан...
Мінсіз басың машайықтың мемі секілді, бұраңдаған бойың мемнен соң бұрыңдаған машайықтың шені секілді деген ғой. Мынадай суреттер екінің бірінің-ақ қолынан келетін нәрсе.
Онан соң Ақанның өлең ұйкастыруына да молдалықтың "шарапаты" тимей қалған емес, сол жолда Ақанға,әсіресе, әсер қылған - атышулы "Мұхаммадия" болған. Мұсылманша оқығандар біледі, "Мұхаммадияның" өлеңдері ылғи ұйқас қуып кетеді. Мысалы, бір өлең я-ға ұйқастырылса, сол өлең бір-екі бетке созылса да я-ға ұйқастырылады да отырады. Ақан өлең ұйқастырғанда көбінесе осы «Мұхаммадияның» жолына түскен. Бұлай ұзақ ұйқастырудың өлеңнің сырт сұлулығына пайдасы болғанымен, лайықты сөз табылмай қалып, мағынасы аз сөз кірім кету қаупі де зор. Ақанның да ұзақ ұйқастырылған өлеңдерінде осы себептен мағынасы аз сөздер әжептәуір орын алады. Бірак өлең ұйқастыру ауданының кеңейюі көзінен қарағанда, Ақанның бұл тәжірибесін онша мінеуге болмайды.
Қысқасы, қазақ тілінің қуғын көрген дәуірінде өмір сүрген Ақанның тілінің тарғыл екені рас. Бірақ тарғыл тіл шын Ақанның тілін тұтықтыра алмаған.
Ақын Ақан шәкірттің қағаз-сиясынан, молданың мың-бейнетпен, қауырсын қаламын сықырлатып жазатын "н" харпінен, жазаласа ишанның машайығынан, құранның аятынан өзіне керек суретті жасай білген.
Енді Ақанның сөздеріне мағына жағынан келгенде оның өлеңдерін беске бөлуге болады:
1. Сықақ.
2. Ғашықтық.
3. Айтыс һэм мақтау.
4. Сопылық.
5. Қазақ қайғысы туралы өлендер.
Бұл бөлімдердің сықақтан басқасы Ақанның өмірінің түрлі дәуірлеріне байланған.
Бұл туралы Ақанның өмірін жазған мақлада айтып өткен біз. Жалғыз-ақ сықақ -Ақанның сүйегіне біткен сипаты. Ақан өмір бойына өзінің көңіліне ұнамаған адамды сықақ қылып, іліп тастамай қойған емес. Ілетін орны келгенде пәленше-түгенше деген атына, затына қараған да емес. Қарауылдың ақсақалдары осы күнге шейін Ақан десе, алдымен оның улы тілін есіне түсіреді.
Тілінің уының күшті екенін Ақан өзі де білген.
Қағысқанды қыламын под надзором,
Патшаның мизамындай мен де сотпын, - дейді Ақан.
Достыққа баға бере алмай, сыртынан өсек жүргізгені үшін Жүсіп деген белгілі бір төреге Ақан былай дейді:
Жүсіп-ау, төрелік жоқ баяғыдай,
Дәрежең қара қазақ аяғындай.
Досыңды дұшпан көріп ғайбаттайсың,
Мінезің әзәзілдің таяғындай.
Жүсіп-ау, неше мысқал басыңда ми?
Айдаған мал, үстіңде тііулі үй.
Қиямет таразыны құрған шақта,
Айса, Ермек, Тортай болады би,

Мәңкүр-нәңкүр бесеулеп ұрған шақта,
Көтіңнен шығады ғой сонда бір қи.
Майын мінген аттай қып қайтарасың,
Күңшеңнің арқасынан шығармақ ши.
Қарауылдың белгілі Шөбегінің немересі - қотыр ауыз Мұханәлі деген Ақанды періге үйленген деп жамандап өлең шығарады. Ақан оны білмейді.
Күңше - Жүсіп төренің катыны. Айса, Ермек, Тортай - қарсы партиядағы адамдар. Күңше сол тұқымнан болса керек.
Бір жерде осы өлеңді ести салып, сөздің ыңғайынан кім шығарғанын біле қойып, Ақан айтыпты:
Адамды сырттан ғайбат жарамайды,
Ғайбатсыз ақамақ аса тарамайды.
Мына өлеңді шығарған ақымақтың
Аузына жағар ма еді қара майды.
Бір жиында Ғалиянұр деген бір ноғай молда Ақанмен айтыспақ болады. Ақан ноғайдың орақ мұрнына тие сөз бастайды. Ноғай «мен орақ болсам, пайғамбар да орақ мұрын болған» десе керек. Сонда Ақан:
Мұхамбет - құдай досы, пайғамбары,
Пайғамбарды көрген жоқ жұрттың бәрі.
Пайғамбардың сипаты сендей ме екен,
Орақ мұрын, шегіркөз, ақжал сары, -дейді.
Ақанның ғашықтық өлеңдеріне келсек, басқа өлеңдерімен салыстырғанда оның шеберліп сонда көрінеді. Сері Ақанның мұндай өлеңге шебер болуының әрине, таңы жоқ. Ғашықтық өлендерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық иіс аңқып тұрғандай, ұсатусыз, суретсіз сөз жоқ деуге болғандай: Оралдың мен ақиық қырандағы,
Сен сәулем - қызыл түлкі қияндағы.
Қия тас қиынына кетсең-дағы,
Қамшылап қанатымды бұрам-дағы.
Қия тас қиынындабекінсең де,
Тәуекел майданында тұрам- дағы.
Асыл зат, алқызыл гүл қарындасым,
Сәудің саясында Иран-дағы.
Есілдің құба талы, шынарым-ай,
Алдымнан майысып шық бұрал-дағы.
Көріндің қордай болып жұмақтағы.
Өткірсің нар кескендей қынаптағы.
Сөзіңді ешбір жанға ұстатпайсың,
Қалбырға құйып қойған сынап-тағы.
Жігіттің ғашық болған пірі едіңіз,
Аспанда үшып жүрген сіз ақ тұйғын,
Екіден үшке жеткен түлегіңіз.
Сұқсырдай су ішінде мекен етіп,
Iлінбей қармағыма жүр едіңіз.
Көрініп қолға түспей жүрсің, қалқа.
Қай жерде мекен еткен түнегіңіз.
Түн қатып, түнегіңнен ұшқанымша,
Үзілмес, сірә, сізден күдеріміз.
Жұмысым көңілімдегі бітер еді,
Артылса ақ төсіңе білегіміз...
Ақанның ғашықтық өлеңдерінің ішінде көп жерге тарап кеткені, - Ақ көйлек өлені. Бұл - Ақанның ең сұлу өлеңінің бірі. Ту басында жүз бір неше ауыз өлең болса керек, бәрі "Ақ қөйлек" деп басталған.
Бір ауызы:
Етегі ақ көйлектің ілмеленген,
Қастарың харіф мәттей сүрмеленген.
Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа.
Іш-бауырым ғашық отпен тілмеленген...
Мынау өлеңдеріне қарағанда, ғашықтыкқа Ақанның көзқарасы мен жәй бозбаланың көзқарасы арасында артық айырма жоқ сықылды. Алайда ғашықтыққа, тереңірек қараған адам ол ғашықтықты «ақ төске білектің артылуы», артылмауымен ғана байлап қойған емес. Бұл - Ақанның өмірінен белгілі. Екінші, мынау өлеңдерінде ишара бар:
Кісідей өкпелеген мойның бұрмай,
Білдің бе кемшілік деп ғашықтықты?..
Жоқ болса айтар сөзің жұбайыңа.
Жүрейін, амалым не, өз жайыма.
Обалың, айнымасам, маған емес,
Жараткан жақсы кылып құдайыңа.
Сен сүймей кетсең де, мен сүйе бермекпін. Сені мендік болғаның үшін емес, жақсы жаратылғаның үшін сүйемін деғені ғой.

Ақанның айтыс һәм мақтау өлендері туралы еш нәрсе деуге мүмкін емес. Мұндай өлендері менің қолыма түспеді. Жұрттың айтуына қарағанда, бірнеше ауызбен де, жазысып та айтысқанға ұқсайды. Өзгесін жеңді, бірақ Орынбайдан жеңілді деседі. Орынбайға Ақан былай дейді (Орынбай жиында әйелдер отырған үйге кіріп шықса керек):
Ореке, сөз бастайын, жолың қисаң,
Мүрит боп ең ғой пірге, сен, Зейнолла ишан.
Жаңа тағы өңкендеп қол тапсырдың,
Шулаған, ақ сәлделі бұл қай ишан?
Сонда Орынбай қарттың:
Ақыл - аста, күш - атта, сом - малдыда.
Ақыл, айла болмайды жоқ-жарлыда.
Парыз, уәжіп баршасын тамам қылып,
Жалғыз-ақ әйел деген сөз қалды ма? –
деп Ақанның ораза, намазға салақтығын бетіне басып, тоқтатып кетті деседі.
Ақанның сопылық туралы өлендері де менің қолыма жөнді түспеді. Алайда серілік пен сопылықты қоса білген, намаз, оразаны жанының тілеген уақыттарында ғана атқаратын Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған, сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек болған десек, құрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз. Бұл пікірге алдымен Ақанның өмірі күшті дәлел болса, мынау өлеңі де ишара қылады:
Дүниенің қызығын кешіп өтіп,
Тәттіліктің алмадық еш ләззатын.
Пәраудигар сопылардың жолыменен
Құдайға құлшылықта ғибадатым.
Айырушы Алла бар, не ғамал бар,
Адамның ішкі сырын, зайыр, затын.
Енді Ақанның қазақ қайғысы туралы өлендеріне келсек, оның сері Ақан болуымен бірге жаралы елдің шын азаматы болғандығы сол өлеңдерінде көрінеді. Дүрыс, бүл өлеңдер таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас теру жағынан басқа өлендерінен көп төмен. Бірақ бұл төмендікті оның ойлы азаматтығы жуып кете аларлық. Ақан бұл өлендерінде елдің қайғысын көре білген. Сол қайғының себебін табабілген...
Ақан соны жырлайды. Жерінен айырылған елдің көзінің жасы көл болғанын айтады.
Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,
Соятын крәсиянға лақтай боп.
Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,
Шетке шығып қалдық қой брактай боп...
Қор болып крәсияның табанында,
Қалайша күн көреміз дәурен кешіп?
Темір айыр, ақбалта қолдарында,
Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп...
Қасиетті ата-баба зиратының
Үстіне егін салды, жайлап есіп.
Тірі түгіл, өлінің көрін алып,
Бұлайша іс қылады ерегісіп.
Қай дума, комиссия болса-дағы,
Бұған закон сұраймыз төрелесіп.
Жетпіс екі миләттә жол бар ма екен
Сүйекті, дінді қорлау тепкілесіп?
Құдайдан кітап келген халық болса,
Іс қылмас айуандарша көрді тесіп.
Россия патшасының мизамында,
Мұндай іске "Інжілде" закон нешік?
Бұларға патша мизам білдірмеп пе?
Надандықпен қыла ма гуілдесіп?..
Қазақтың мұндай күйге түскенін Ақан ә дегенде жергілікті әкімдердің надандығынан, қаралығынан деп біледі.
Патша алыс, жете алмаймыз Петербурға
Және де сегіз санат алыс қия, -
дейді. "Ақ патша", сегіз санат қазақ даласындағы мынау зомбылықты білмей отыр ғой, білсе олар аяр еді дейді бала елдің бала ақыны.
Мал өсірген халықпыз егін екпей,
Аз жерге сыя алмаймыз сызғандай-ақ.
Шеттен келген төрелер норма қылгақ
Қазақ жайын білмейді жалғыз қарап.

Петербурдан шафқатты санат келсе,
Патшадан жарлық алып құдай қалап.
Қазақ үшін қайғырып жылар еді,
Ол мейірбан ер болса ұялмай-ақ.
Қойдан қоңыр не қылған халық еді деп,
Көз жасын қайтар еді тыя алмай-ақ.
Есті Ақан ұзамай-ақ мынау аққөңілдіктен құтылады. Бәленің басы Петербордағы "патша ағзамда" екенін біледі. Енді Ақан Петербордан жай мархабат күтудің орынсыз екенін ұғып, "ақ патшаға"' баяғы жеріңе тимеймін деген уәдеңнен тайдың деп, қыр көрсетіп, өкпе айтады. Мұндай қырлы өкпеден де еш нәрсе өнбейтінін біліп, үкіметке, тіпті бізді аямай-ақ қой, өз мемлекетіңнің пайдасын ойлашы. Өзің үшін қазақ жерін, казақ малын құртпағаның пайдалы ғой, - дейді. Мұндай негізгі пікірге ол күнде екінің бірі-ақ ие болған шығар.
Пара-пар крәсиянға тең болмадық,
Тартылып қай жараға ем болмадық?
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға дем болмадық?..
Сексен бес жыл болыпты поддандыққа,
Қайырсыз патшамызға - ел болмадық.
Құр мен қоян секілді алуға оңай,
Қай жұртқа аңқаулықпен жем болмадық.
Қазақ малы азайса, халқың азар,
Қалайша бай-көпестер дүкен жазар?
Патшалық дүкендердің бәрі көмір,
Сөзімнің дәлеліне салсаң назар.
Қазақ малы кемісе, бәрі кемір,
Ірбіт, Мәскеу, Мәкәрші - күллі базар.
Сиыр, қой, жылқы, қылы, май, терісі,
Фабрикте асыл пұлды жүннен тозар.
Шолақ мәстек, қу бөшке крәсиян
Қазактың байлығына бермес ажар.
Сендер үшін қазақ малы азайды деп,
Фабриктер крәсиянның шашын күзер.
Зираттың тақтайларын ұрлап алып,
Айуанша қараңғыда қазып мазар...
Үстіне егін шықса қырқып алып,
Аузына не түскенін итше қажар.
"Біз солдат патшаға бердік" дейді,
Омырауға салады өңкей ожар.
Қай жауды әскер беріп мұқатыпты?
Соғыста солдаттары жүреді азар.
Күллі халық кәсібі қазақпенен,
Қисап неге қылмайды думашылар?
Пайдасы крәсияннан кейін бе екен
Қазақтың қайран малы көлге жүзер?
Әскерге де ат керек, тамақ керек,
Данышпандар қисапты қылса сезер.
Жер-суын, баққан малын алдыңыз да.
Қазақтан бұл уақытта болдың безер.
Дариға, дертті заман келгеннен соң,
Қаламға жөн қалмады тізгін тежер...
Газет-журнал оқымаған, пікірлі азаматтың бетін көр деген надан Науанның шәкірті-Ақанның мынадай пікірге келе білгендігі шынымен тамаша, өз миымен шаруа түрлерінің арасындағы байламды көре білген Ақан, не десең ол де, тым-ақ жабайы жан емес.
Соңғы кезде Ақан патшаға көшіп кетеміз деп қоқан-лоқы қылады. Өзі шынында да құтсыз қоныстан ауу керек дегең пікірге келеді.
Бостаншылық берсе егер басымызға,
Патшамыз мархамат қып ризаласып.
Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп,
Тынышты жай іздер ек арып-ашып...
Ақанның сөздері осы. Соңғы өлендерінің мағынасы дұрыс екені даусыз.
Ілгегі өлендерінде бірталай сұлу сурет бар екені рас. Сонымен бірге соңғы өлеңдерінің тілі тұтқыр, барлық өлеңдерінің тілі тарғыл екені рас. Осы өлендерді шығарған Ақанның өз өмірі жалпақ елге жат болғаны, жұмбак болғаны тағы рас. Бұлардың бәрінің себебі Ақанның өмір сүрген дәуірінде. Ол дәуір - Нуһтың толқындары арасында қазақтың қайығы қалтылдап батып бара жатқан дәуір. Ойы - тұман, тілі - тарғыл, жаны да жасыған, тілі де жасыған. Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ Ақан сықылды бірен-сараң сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірімен ереуіл жасаған, оның өзінің - сері, жолдасының - пері атанғаны осыдан. Тұманды дәуірдің ұлы-Ақанның тілінің таза болмауы тағы осыдан. Ақанның барлық кемшіліктерінің үстіне бір сұлу сипаты-елдің сол дәуірдегі өмірін өлеңдерімен, әсіресе, өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек.
Біздің міндетіміз- өткеңді аударып, ішінен көрнекгілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың "ескісіз жаңа болмайды" деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру.
Сөз соңында Ақанның сөздерінің тегіс жиналмағандығын ескертеміз. Көкшетаудағы Біләл жолдас жинауға кіріссе дұрыс болар еді.



 Жұмабаев М. Ақан сері  // Әдеби көркем көпшілік журналы. 2009. - № 2. – 3-21 с.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий