Ақан сері Қорамсаұлы – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында 1843 жылы туып, сол ата мекеніндегі Бұлақ басы, Құлагер құдығы деген жерде дүние салған.
Ақан сері алғашқыда ауыл молласынан сауат ашып, сонсоң Қызылжардағы Уәли медресесінде (1856-1859) оқыған.
Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақан өмірінде өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтотыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтотыға арналған.
Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір-салт оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алайкөк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-ақ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махабаттың жарқын айғағы.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айырықша ықпал еткен.