Ақан серінің перизаттары
Қазақтың кеңдігінен кемдігі бар ма, шіркін! Соңғы асым етін қонағына сақтап, сұрағанға аузындағысын жырып беріп, өзі аш жүруге әзір мұндай мәрт халық бұл жалғанда жоқ та шығар. Алты күн дым сызбай ашқұрсақ жүрсе де жүгін арқалап балп-балп күйіс қайтарып тарта беретін нағыз нар сияқты ғой, нар сияқты. Біздің ауылда сондай бір Алпысбай деген нар азамат болды. Өзі он саусағынан өнер тамған ісмер әрі әйдік етікші еді. Сол өнерімен сонау аштық жылдары бүкіл әулетін асырап аман сақтап қалды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында да сол өнері кәдеге асып, әскер жасынан асып кеткеніне қарамастан облыс орталығындағы майдангерлерге киім тігетін артельге шақыртып алынып, еңбек жауынгері ретінде шеберханада жұмыс істеді. Кеудесін оққа тосып, отқа кіріп, қан шешіп жүрген сарбаздар үшін тон пішіп, етік тікті. Отбасын қалаға көшіріп алып, төрт-бес баласымен пәтер жалдап тұрды.
Кейін асүйінде жалғыз басты иесі жататын бір бөлмелі пәтерде тұрғанда Көкшетау қазақ орта мектебінің жетінші сыныбында оқып жүрген мен келіп сығылыстым. Алғаш тұрған үйім жайсыздау болған соң әкем өз ауылмыздың адамы ғой деп мені осы кісілерге әкеп орналастырды. Өзінің төрт баласының үстіне былтыр тұрмысқа берген қызының қайын сіңлісі, бір жамағайынның педучилищенің бірінші курсында оқитын баласы және бар. «Саркеніңнің сабақ қарауына қиындық туады демесек, алтау сыйған жерге жетеу де сыяды ғой. Біздің үйге қойсаң қой, өз балаларым не ішіп, не жесе, ол да соны ішіп, соны жеп жүре береді ғой» депті отағасы әкеме.
Бір ғажабы, Алекең мен бәйбішесі Бәну апа өз балаларынан талымды кем көрген жок. Қайта үйелмелі-сүйелмелі екі ұлына менің ұқып-тылығымды, ұсынақтылығымды, оқуға деген ынтамды үлгі етіп, өнеге ғып отырады. Үш сынып төмен оқығанымен, үлкені менімен түйдей құрдас, екіншісі екі жастай кіші, тай-құлындай тебісіп бірге жүреміз, бір төсекте жатамыз. Кейде қонақ көбейіп кеткенде үшеуіміз де есіктің аузына ысырылып қаламыз.
Ал қазақтың үйі қашан қонақсыз болған. Бұрын аудан орталығы болған Көкшетау қаласының төңірегіндегі ауылдардан керек-жарағын іздегендер күн құрғатпай ағылып келеді де жатады. Қазіргідей автокөлік жоқ, ат жегіп келгендердің көбі қорасы кең осы үйге қисая кетеді. Сондықтан, қара қазан оттан бір түспейді. Ет асып, самауыр қойып, бауырсақ пісіріп бәкене бойлы өзі қолтоқпақтай ғана Бәну апаның ертеден қара кешке дейін қара жанына бір дамыл жоқ. Кейде кіші қызы Шәмшия әлі қолқанатқа жарай қоймаған шешейді қарадай аяйсың. Бірақ қонақты құт көріп, онсыз отыра алмайтын қазақ мұны бейнет емес, міндет деп біліп, ондай еңбекті елеуші ме еді!?
Алпекең аршын бойлы, атан жілікті, атпал азамат болатын. Көбіне жұмыстан келген соң да дем алмай, қолқа салушылардың бұйымтайын орындап, әйелдердің сәнді туфлиі мен шоңқайма етіктерін үйде тігетін. Кейде оның шалт қимылы мен шалымдылығына, шебер өрнектеріне таңданып, қасында ұзақ отырып қалатынмын. «Етікшіге жолама, сөзі тиер өзіңе, бізі тиер көзіңе» дегенді елемей, өнеріне зер салып, ден қойғанымды ұнататын ол «қолыңның епсектігі тәп-тәуір, кәне, мына бастаманы сен қайып тігіп көрші» деп ара-тұра маған да жұмыс беріп қоятын.
Зәуде бір мойны талып шаршағанда орындығында отырып еңсесін тіктеп, екі қолын екі жаққа жайып жіберіп шалқайып, қайта қаздия қап:
- Кәне, Кенжеболат мырзаның мирасқоры, бірдеңе оқышы, тыңдап бір тынығайын, - дейтін ара-тұра. Тілегін екі етпей, «Ер Тарғын» немесе «Қобыланды батыр» жырларынан үзіндіні заулата жөнелетінмін. Кейде қонақ келгенде (келмейтін күн сирек) ас піскенше әңгіме-дүкен құрып, «мына мырзаның ұрпағы батырлар жырын нәшіне келтіріп, жақсы оқиды» деп, мені сарнатып қояды. Үлкендердің жақсы оқиды екенсің деген мақтауына мәз болып, мен бейбақ содан бастап өлең-жырларды іздеп жүретін болдым. «Алпамыс», «Қамбар батыр», «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» тәмамдап, жаңа жарық көрген «Ақ-бөпе», «Құралай сұлу» сияқты дастандарға шықтым. Құрдасым Қуаныштың өлең-жырмен жұмысы жоқ, ал інісі Жұмағат басы қазандай боп, көзі бажырайып, құлағы қалқиып, әңгіме біткенге ұйиды да отырады.
Бір күні қолыма Айтбай Хангелдиннің жеке кітап боп шыққан «Ақан сері - Ақтоқты» дастаны түсіп, кешкісін қонақтарға соны оқып бермеймін бе. Көбі Ақан ағаңның көзін көрген, сөзін тыңдаған, сәнін қызықтап, әнін тамашалаған қариялар гуілдесіп, әңгіме күбісін гүмп-гүмп пісе жөнелгені ғой.
- Осы Ақан-агаңның перінің кызымен жүрді дегені не сөз? - деп қалды бір қонақ.
- Тек, перісі не, перизат емес пе! - деп түзетті оны екіншісі.
- Жарайды, перизат болса перизат болсын, ал серінің сонымен көңілдес болғаны шын ба, өзі?
- Ақан-ағаңмен қадірлес құттыбай Әділ балуан бірде әзілдеп серіге:
- Ақан-ай, бұрынғыдай өңің жоқ па?
Ылғи ойда жүресің, дөңің жок па?
Бар дейді бір басыңда үш перизат,
Ағаңа кемпірінен жөні жоқ па? - дегенде, сері жұлып алғандай шалт жауап қайтарып:
- Арғы атаң Малбағар батыр екен,
Әдағаң әрбір істен қапыл екен,
Қазақтың қара ақымағы қайда десем,
Жиылып Құттыбайда жатыр екен, - деп қатты шамданыпты деген сөз бар. Соған қарағанда әлгі сыбыс сәнқой сал, сырбаз серіні көре алмайтын күншіл өңездердің өсегі болуы да мүмкін, - деп сәл кідірген келесі қария сөзін әрі қарай сабақтап: - Бірак біз көрген Ақан-ағаңның өзгелерден оғаш бір мінезі болатын. Күндіз қонақта мәжіліс құрып, шешіле сөйлеп, көсіле кеңесіп, ара-арасында ән салып отырысты қыздырып отыратын сері күн батқан соң түскен үйіне қонбай, көл жағасына, не орман арасына барып түнеп келетін. Сонда мінген атына ілесіп жүретін төрт-бес саяқ соңынан қалмай ере жөнелетін. Кейбір сумаң сөзділер сол саяқтарды көзге көрінбей перінің қыздары мініп жүреді деп сыпсыңдасатын. Меніңше, кірпияз кісі иіс-қоңысы бар басқа біреудің төсегіне жатқаннан гөрі таза ауада, табиғат аясында түнегенді қалайтын болса керек. Жарықтық және жанындағылармен тізелесіп отырмай, арада орын қалдырушы еді ғой. Сонысын да сөз қылып, екі жағында екі перизат отырады екен деп өсектейтін. Әйтпесе, оның перизатын көрген тірі пенде жоқ.
-Жо-жоқ, кейінірек көрген бір кісі болыпты, - деп әңгімеге үй иесі Алпағаңның өзі араласты. - Ұмытпасам, аты Әбіш болуы керек. Сол шамасы мына сары балаға нағашы да боп келетін шығар, - деп маған бір қарап қойды да, әңгіме тиегін ағытты.
Оның айтуынша, төңкерістен төрт-бес жыл бұрын Ақан-ағаң өмірден озғаннан соңғы алғашқы жаз аяғы болса керек. Ел жайлауға көшіп жайғасқан соң қыстауға қайтып келіп, төрт-бес жігіт қол шалғымен пішен дайындап жатады. Бір күні жанындағы жігіттер көрші ауылдағы бір ойын-тойға кетіп, Әбіш дала қосында жалғыз қалады. Балуан тұлғалы батыр жігіт қанша батыл болғанымен әлде неден жүрегі секем алып, іргеде сүйеулі тұрған балтаны қосқа ала кіріп, басына жастанып жатады. Әлден уақыта көзі ұйкыға бара бергенде құлағына жоқтау сняқты бір сыңсыған әуен келеді. Ізінше шолпының сыңғыры естіледі. Жігіт ағасы жасындағы сақа азамат орнынан атып тұрып, ошақтағы отты қайта тұтатады да, балтаны тізесінің астына басып, шарта жүгініп отыра қалады. Әлгі әуен сәл саябырлап, шолпылардың сыңғыры жақындай түседі. Бір мезетте қосқа «Кеш жарық!» деп басында жалт-жұлт еткен сәукелесі бар, зерлі қара мақпал қамзол киген, желбіреуікті торғын қара көйлегі бақайына түскен жасы қырықтар шамасындағы бір әйел кіреді, соңында өзінен әжептәуір кіші бір бикеш пен үріп-ауызға салғандай, ай десе аузы, күн десе көзі бар бір бойжеткен ілесе кіреді.
Әлбетте тылсымдалып қалғандай тіл-аузы байланып сөйлей алмай қалған арыс азамат тақымындағы балтаның сабына қолы тигенде:
-Тіфэ, кет пәлекет, шығыңдар кәнекей! - деп айғайлап жібереді.
-Сабыр, батыр, сабыр ет. Әуелі тізе бүгейік те. Біз жатың да, жауың да емеспіз сенің, - деп кексе әйел босағадағы текшелеп қойған отынға бөксе басып, жанына бойжеткен мен бикешті жайғастырады.
-Әбіш-жан, сөзіме құлақ сал, мен ағаңның аманатын орындағалы келіп отырмын, - дейді бейтаныс әйел.
-Ағаң кім?
-Ақан-ағаңцы айтамын да. Сол сері ағаңның жандай сүйген жары -перизаты мен боламын. Мынау менің сіңлім, ағаңның балдай тәтті балдызы, ал анау Ақан-ағаңның жалғыз қызы, асылдың тұяғы, алтынның сынығы. Жарықтық өмірден өтерінің алдында осыны елімнің бір атпал азаматына қос деп аманат етіп еді. Сол аманатын орындағалы, көзімнің ағы мен қарасындай осы қарғашымды өзіңе қосқалы әкеп отырмын.
-Жоқ, үйлі-барандымын.
-Әйелің болса, өмір серігің шығар, мынау көңіл серігің болар. Тым құрыса жаныңа шақырып, қарындасың ғой, маңдайынан иіскеші.
-Жоға, жоғалыңдар! - деп Әбіш тізесінің астындағы балтаны жұлып алып, маңына жолатпай отырып алады. Осындай салғыласумен сүт пісірім шілде түнінің де көбесі сөгіліп, таң білінейін деді. Таң біліне:
-Жарайды, айтқанға сенбедің ғой, сенбегенің-көнбегенің.
Бейтаныс әйел орнынан түрып қасындағы екеуіне иек қағып, қостан шыға берді. Ізінше Әбіш те орнынан тұрып, сыртқа шықса, әлгі үшеуі ізім-ғайым, үшті-күйлі жоқ...
-Содан әлгі Әбіштің екі көзі қызарып кетіпті. Бертін елірме сырқатқа шалдыққан дейді сабаз, - деп әңгімесін аяқтаған Алпағаң тағы да бір уәж айтты.
-Ақан сері өмір есігін ашқан «Кеңащы» ауылы Жақсылық қарауылдың Малтабар, Шұңғырша деген екі баласының ұрпақтарынан тұрады. Ақанның Ақтоқтыға қосыла алмаған себебі, олар аталас: Малтабар балалары. Жеті атаға толмаған соң, қосылуына рұқсат болмаған. Ал Әбіш - Шұңғырша, Ақан серінің қызын Шұңғырша жігітіне қосудың шариғатқа еш қайшылығы жоқ.
Алпағаңның Әбішті маған нағашы деуінің жаны бар. Шұңғыршаның Байсарысынан Шахаман, Сарбас, Сарт туады. Сарбастан - Ұлтай, Ұлтайдан - Қоянбай, Көшімбай. Қоянбайдан Әбіш те, Көшімбайдан менің нағашы атам Әділәлі тарайды. Барлығын бұрынғыша Қоянбай ауылы атайды. Бала тұрмай жүргенде маған ырым қылып, түпкі нағашы атамның атын қойған.
Жаз айларын бала күнімде ұдайы нағашыларымның ауылында өткізетінмін. Аталарының атын атауды обалсынып, ауылдың барлық әйелдері мені «Саркен» деп еркелететін.
Сонан да ма екен, әлгі оқиға маған балалармен баурайынан бала күнімде жидекті көп теретін Жарағаштың қойнауында өткендей көрінген. Жарағаштың бауырында тұрып, ен шалқар Қоскөлдің шетсіз, шексіз айдынын тамашалаушы едім.
Ашаршылықтан бір жыл бұрын осынау айдын шалқар дария екі сағаттың ішінде жоқ болып кетіпті. Көлдің ортасынан бір аппақ бұлт аспанға атылды да тұрды деседі көзі көргендер. Жұрт оны көлге айдаһар түсіп, жұтып қойды деп аңыз етеді. Зайыры, жер жарылып, барлық су жер астына сарқылса керек. Көл табанына көкорай шалғын шөп шығып, сол шүйгінде мал жайылып жүргенін кішкентай күнімде өзім де көргенмін. Ұлы Отан соғысы басталатын жылы қар көп болып әрі күрт еріп, Қоскөлге су қайта түсті, бірақ бұрынғы арнасына толған жоқ. Жағасына жарым шақырымдай жетпей қалды. Бұл да бір табиғаттың тылсымы ғой.
Жарағаштың бауырында болды деген жұмбақ оқиға да сондай тылсымның бірі шығар. Бірақ, менің қиялшыл көңілімнен таң бозара қостан шығып, сағымға сіңіп кеткен үш перизат ұзақ уақыт шықпай, құпиясын ашқызбай-ақ қойып еді. Түйткіл түйінін араға қырық екі жыл салып, сексенінші жылдардың соңында ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев ақталғаннан кейін тапқандай болдым. Ақан ағасына дарыны да, жалыны да, өрлігі де, серілігі де ұқсас сөз зергері Мағжан ел аузынан сыршыл сері ақынның өлең-жырларын жинап, бір ізге түсіріп, жанжақты зерттеп, зерделі еңбек жазған ғой. Сонау қырық жетінші жылы жеткіншек бала күнімде ауыл ақсақалының аузынан естіген жоғарыдағы оқиғаны елу жылдан кейін ғана ақталған ұлы ақынның Ақан сері туралы очерк-эссесінен ұшыратқанымдағы сезімімді айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Сонда қарапайым етікшінің құйма-құлақ зерделілігіне қайран қалғанмын. Эсседегі оқиға Алпағаңның аузынан естіген әңгімемен егіз тамшыдай ұқсас екен.
Перизатты көрген кісінің есімі де тура өзі. «Шұңғырша қарауыл Әбіш деген жігіт шөп шапқалы қыстауға барып, іңірдегі шошалада балта қайрап отырады, - деп жазады эсседе. - Ортада от бықсып жатады. Шошаланың іші қара көлеңке. Бір мезгілде жел шыққандай, қыстаудың желкесіндегі қалың қайынның жапырақтары сылдырлағандай болады. Желмен ашылғандай ақырын ғана есік ашылып кетеді де, үйге үш әйел кіреді. Алдыңғысы денелі - бәйбіше, екіншісі орта жастағы әйел, үшіншісі - талдай нәзік талдырмаш бір қыз. Үшеуінің де жүзінен сорғалап сәуле төгіліп тұрғандай. Киімдеріне көз тоқтамайды. Үшеуі де қолдарымен жүзін тасалай беретін тәрізді. Келіп, босағаға отырысады. Әбіш қалтырап тоңғандай, тісі сақылдап, «Құлһуалланы» оқи бастайды. Мұсылман пері құраннан қаша ма, үш әйел отыра береді. Біраздан соң бәйбіше сары інгендей ыңыранып сөз бастайды. «Шырағым, Әбіш, танымаған соң сен бізді жатсынып отырған шығарсын. Мен Қорамса атаңның үйіндегі шешеңмін. Мынау - Ақан-ағаңның үйіндегі жеңгең, анау - менің кіші балам. Таза жүретін мұсылман адамға бермек ойым бар еді. Үй-ішіміз болып, сені ұнатып, саған қосқалы келіп отырмын», -дейді. Бәйбіше соңғы сөздерді айтқанда, сұлу қыз сыландаған аққудай керіліп, күлімдеп қояды. Әбіште зәре-құт жоқ. «Әлһәммудиләдан», «Құлһуалладан» қайран болмаған соң, жандармен тізесінің астындағы жатқан балтаны алып ұмтылады. Сол уақытта үш әйел күбір-күбір сөйлескендей болып, судырлап үйден шыққандай көрінеді».
Зер салып, зерделей қарасаң, сол сарын, сол оқиға. Жалғыз ғана айырмашылығы үлкен перизаттың Ақанның емес, әкесі Қорамсаның бәйбішесі болуында. Асылы, мұның ақын-әнші, сал-серілерді өсек қылып, жын-сайтанның жетегінде жүрген жандар деп білетін надан жұрттың шайтанмен шатыстық серінің өзіне ғана емес, тұқым-тұғиянына тән деп Ақан-ағаңды мұқату үшін әдейі ойдан шығарған өсек-аяң екенінде дау жоқ.
Мағжан да мұны тап басып, сырын дәл ашатын секілді. Оның жазғанына қарағанда, Ақан қырыққа аяқ басқанда, сұлулықтың асығы -жарынан, көңілінің де, өмірінің де пырағы - тұлпарынан айырылып, тірлік айдынында ән салып жүріп, аққу қанаты қайырылып, жүйрік жаны ой дариясына шомып, жарасымы жоқ былық, былапыт тұрмыстан безгенде, жан-сырын ұға алмай, жұмбағын шеше алмай, халық оны алып барып періге балайды. «Бірақ халық соқыр сезіммен кешегі ерке серісі -Ақанының саф асыл болмысына кір жаққысы келмей, жанды заттағы сұлу періге апарып қосады» деп тұжырады әділ таразы сындарлы сыншы, сұңғыла ақын (Мағжан Жұмабаев шығармалары, Жазушы, 1989 жыл).
Шынында да, еркін де ерке өсіп, сән-салтанатты күйттеп, ғұмыр бойы әсемдік пен әдемілікті мұрат тұтып өткен сейдін көңіл сері ақын күйбеңі көп күйкі тірліктен өзі аңсаған саф асыл сұлулықты таба алмай, оны қиял әлемінен, басқа бір тылсым тірліктен іздеп шарқ ұрғаны айдан анық. Осы бір оғаш көрінетін оқшау мінезін өзінше жорып, жұмбақ жанын түсінбеген жүрт оны әдеттен тыс тірлік ортасында көргісі келіп, қайдағы бір қиял қызы - перизаттарға телігені рас. Бәлкім, бұл өз серісі қайда жүрсе де, қызыққа шүйгіп, жұмбақ болса да тек сұлулықтың ортасында жүрсін деген арманның да жемісі болар. Серінің өзі де тек сұлулықты ғана сүйіп өткен ғой.
Мейлі, қиял болса қиял болсын, ал сол қиялдың бір қанатында серінің кіндік қаны тамған жерде туып өскен, өткен ғасырдың басында ғұмыр кешкен, өмірде нақты болған атпал азамат Әбіш Қоянбайұлының жүруі бір қызық емес пе. Әбіштің кіндігінен жалпы төрт ұл, үш қыз тарайды. Ұлдары: Қасымғали, Әшімғали, Ахметқали, Молдағали бертінге дейін болды. Қасымғалидан - Қалтай, Әшімғалидан - Тоқболат, Ахметқалидан - Жасұлан, Молдағалидан - Жанболат бастаған үш-төрт ұл бар. Олар өсіп-өрбіген, немере-шоберелердің өзі жүзге жақындап қалған шығар. Демек, Қоянбайдың Әбіштен тараған ұрпақтарының өзі ақар-шақар бір ауыл. Олардың осылай өсіп-өніп, өркен жаюына Ақаңағаңның аруағының да шарапаты тиген шығар, сірә. Тән өлғенмен жан өлмей, жарқын рух жасай бермек қой, әсілі.
Ақтаев С. Ақан серінің перизаттары // Мағжан. – 2015.- № 2 (18). – 123-129 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |