Құсайынов, С. Шал ақынның арнауы [Мәтін] /С. Құсайынов //Солтүстік Қазақстан.- 2018.- 8 қыркүйек.- Б. 5
Өткен ғасырдың 1967-1969 жылдары қазақтың күйші-композиторларының өмірі мен шығармашылығын зерттемек болып қазіргі Шал ақын ауданына қарасты бірқатар қазақ ауылдарын араладым. Жолым түсіп, Кеңес ауылында болдым. Түскен үйім шешем Қайыржан Болатқызының нағашысы – Нұрқанның шаңырағы. Сөзге сараңдау, біртоға кісі болса да хал-жағдайымды сұрап жатыр. “Сендер күйді жаңаша тартасыңдар ғой. Біздің тартысымызда біраз өзгешелік бар. Не десек те, біздің домбыраны қолға алуымыз да, күйді жеткізіп тартуымыз да ерекше”, – деді ол сөз арасында.
Нағашымның бұл әңгімесінен кейін өзім ерекше ықыласпен орындайтын бірнеше күйді тартып, сосын домбырамды оған ұсындым. Алғашында алғысы келмеді. Қоймай қолқалағанымнан кейін бетімді қайтаруға ұялды ма, әлде домбыра үніне делебесі қозды ма, жуан, кәрі саусақтарымен жобалап, шерте бастады. “Домбыраңның пернесі көп екен, маған бағына қоймас”, – деді де аспабымды сәлден кейін өзіме қайтарып берді.
Өнерлі ақсақалдардың, көпті көрген жандардың ғақлиялы әңгімелерін көңілге тоқығанды жақсы көретін мен домбыраның керексіз полутон пернелерін қысқартып, нағашыма “тартып көріңіз” дегендей ишара жасап, қайта ұсындым. Қолы үйренгеннен кейін білетін күйлерін тартып беруін өтіндім. Нағашым сырт көзге қаталдау көрінгенімен, көңілжықпастық мінезі бар еді, “Әй, жиен-жанай, біздің күйіміз ескінікі ғой, сендердің талғамдарыңмен сәйкес келмес”, – деді де Тарғыл бұқаның “Шөккен нар”, “Терісқақпай”, “Көк жорға” күйлерін нақышына келтіріп орындап берді. Домбыраның қоңыр үнінде құдірет бар ғой. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Оның үстіне көнекөз қарттардың орындайтын шығармаларында оқиға желісі, адамның ішкі үні тұнып тұрады емес пе?!
Нағашым менің домбыра үніне ұйыған күйімді бұзғысы келмеді ме, сәл ойланып отырып “Шал ақынның арнауы” атты күй тартты. Адамның Шал деген де есімі болады екен-ау деп ойланып қалдым ішімнен. Нағашым менің ойымды оқып қойғандай былайша түсіндіріп берді: Шын аты – Тілеуке. Жас кезінде өлең-сөзге үйір болып, үлкендердің әңгімесіне де жиі араласады екен. Содан да болар, жастау жеңгелері әжуалап, оны Шал деп атап кетіпті. Содан кейін ел арасында Шал ақын атанған. Оның Күлімжан есімді балдызы болған деседі. Ол ақылына көркі сай болыпты. Қазақтың сол кездегі кез келген баласы сұлуға арнап екі ауыз өлең шығара білген ғой. Шал ақын Күлімжанмен айтысқан деген дерек бар. Домбыраны қолына алып, осы күйді тартып отырады екен. Бұл күйді нақты кімге арнап шығарғаны белгісіз. Анығы сол балдызы Күлімжанмен айтысып отырғанда дүниеге келген.
Нұржан нағашым тартқан күйді сол жолы үйреніп алдым. Жігіттің жас қызға деген сезімін домбыра үнімен жеткізген күйді кейінірек өзім де тартып жүрдім. Арада біраз жыл өткеннен кейін нотаға түсірдім. Жұртшылық Шал ақынды Абылай ханның замандасы, төкпе ақын ретінде ғана таниды. Өз өлеңдерін домбырамен жырға қосқан Шал ақынның күйшілік өнерінің болғандығына күмән келтіруге болмайды. Осыдан елу шақты жыл бұрын нотаға түскен “Шал ақынның арнауын” оқырмандар назарына ұсынуымның негізгі себебі – өз заманының алдаспаны болған Тілеуке Құлекеұлының шығармашылығын өсіп келе жатқан жас ұрпақ білсін деген ниет қана.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |